Антихибакуся

әңгіме

Пернебай ДҮЙСЕНБИН

26.11.2021, 13:00

727

Оңтүстік-батыстан қарашаның ызғырық желі іш тартып, ышқына соғады. Қаратаудың қарлы жотасымен жөңкіген қап-қара қою бұлт алай-түлей сапырылысып, алапат қозғалысқа түскен.

Сағынбек жаурайын деді. Жұқалтаңдау көне күртешесінің әр тұсынан өткен өткір жел денесіне тікендей қадалады. Қолымен бетін қалқалап, мойнын ішіне тығып, алқа-салқасы шығып қираған үйдің ығын паналады. Жаураған қолын демімен үрлеп, жылытқан болды.

Көшенің қарсы бетіндегі сұрғылт ғимаратқа көз салды. Төбесіндегі көгілдір жалау жел екпінімен барынша керіліп, желпілдеп тұр. Ол аз-кем тұрды да, соған қарай беттеді. Ауыр темір есікті ақырын ашып, ішке енді. Айналаға көз салды. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз мұның үсті-басын тінте қарады.

– Күте тұрыңыз! Іште адам бар. Сырт киіміңізді шешіп, іліңіз.

Сыпайы сөйлегенімен, үнінде салқындық бар. Қою кірпік жамап алған көзін аударып-төңкеріп, қабырғадағы айнаға біраз қарағыштады.

Әлден соң бастықтың бөлмесінен адам шықты. Арғы жақтан емен-жарқын үнмен қоштасқан үн естілді.

Есіктен толық денелі, домаланған адам шығып келе жатты. Екі езуі екі құлағына кеткен. Дөңгелене біткен беті жып-жылтыр екен. Бұған қиғаштай көз тастап, мынау қайдан келді дегендей таңырқай қарады. Хатшы қыз бұған бұрылып:

– Кіріңіз, – деді.

Сағынбек ішке енді. Кабинет төріндегі бастық әлдебір қағазға басын төмен салып шұқшия қарап қалыпты. Сәлден кейін басын баяу көтерді. Босаға тұста тұрып қалған мұнымен ерін ұшымен салқын амандасты да, отырыңыз деген ишара жасады.

Естілер-естілмес қана үнмен:

– Шаруаңызды айтыңыз, – деді. Сағынбек қапелімде абдыраңқырап қалды.

– Жұмыс іздеп жүр едім. Әйелім қайтыс боп… Екі балам..., – деген сөзі үздік-создық, жасқаншақ шықты. – Біреуі төртте, үлкені бір оқиды. Бастық ыңыраныңқырай, қос саусағымен үстелді тықылдатты. Суық үнмен естілген саусақ дыбысы мұның сыздай ауырып жүрген жүрегін түйгіштеп өткендей болды.

– Мамандығың бар ма?

– Агроном едім. Бірақ қазір өзіңіз білесіз ғой...

– Иә, иә, білеміз ғой, – деген бастық үнінде аз-кем мысқыл ұшқыны қылаңытқандай. Сағынбекке солай сезінді. Іштей қате айттым ба деген күдік сана төрімен жүйіткіп өтті.

– Қазір қала ішінде кез келген қара жұмыс болса да болар еді. Ұзап кете алмаймын. Екі балам тым жас болып тұр.

Бастық бұған бір қарады да, көзін төмен салып кетті. Томпақша біткен көзін жұмып алған. Мұрын астынан міңгірлеп:

– Бізде сіздің мамандығыңыз бойынша жұмыс жоқ. Бізге керегі техникалық инженер. Қазір бір жермен хабарласып көрейінші, – деді. Сөйтіп телефон тұтқасын көтеріп, әлдебір нөмірді терді.

– Баке, саламат па? Мен Құбашпын ғой. Ар жақтан: «Ә,ә… білдім. Қалайсың? Бәрі жақсы ма?» – деген дауыс сампылдап естілді.

– Жақсы, жақсы. Мынадай бір бұйымтай болып тұрғаны.

– Иә, иә, айта бер.

– Алдымда бір азамат отыр. Әйелі дүние салыпты. Екі бала қалған. Олар өте жас көрінеді. Сол жігітке отыншы, сушы, қарауылшы. Әйтеуір кез келген жұмыс болса… Ар жақтан: «Құбеке, садағаң кетейін, барлығы бос емес. Штаттан тыс ештеңе істей алмаймын ғой», – деген үн естілді...

Сағынбек орнынан ауыр көтеріліп, ілби басып сыртқа шықты.

Аспан бұрынғыдан да сұстана мұнартып тұр. Бар жапырағынан айырылып, сидаланған боз терек ызғырық желмен аласұра шайқалады. Жел өтіне қарсы ұшқан қос қара қарға қалбалақтай келіп, терек басына қонды. Бір-бірімен жарыса, мазасыздана қарқылдайды. Екеуіне еріксіз назар салды да, Сағынбек бетін аударып әкетті.

Ауыр басып, базар басына келді. Айналаға барлай қарап, аз тұрды. Қол созым жерде тұрған көне «Жигули» көлігінің жүргізушісі жарықшақтанған даусымен:

– Байқадамға! Байқадамға бір адам! – деп айқайлап тұр. Мұның қасына аяғын әлтек-тәлтек басқан біреу тоқтады. Бет-аузын жүн басып кеткен. Сауыс-сауыс бас киімінен ереуілдеп, түтеленіп шыққан шаштары көптен тарақ көрмеген. Күлкілдеген беті көгіс тартқан. Үстінен қолқаны қапқан күлімсі иіс әңкіп тұр.

– Әй, бауырым, мұсылман баласысың ғой, бес-он тиын қайыр қылшы, – деді.

Сағынбек бұған аз-кем шақ қадала қарап тұрды да, кілт бұрылып кетті. Соңынан әлгінің: «Өй, шешеңді...», – деп ысылдай шыққан үнін естіді.

Сонадай жерде КамАЗ машинасы тұр екен. Аузы-мұрнынан шыға ұн тиелген. Екі жігіт түсіруді енді бастаған тәрізді. Қаптал тұстағы қойманың іргетасына көлбей қойылған жалпақ тақтаймен екі жігіт ішке тасымалдап жүр. Біреуі әлсіз, шынжаулау көрінді. Бойы аласалау, аса толық денелі, бадырақ көз қара әйел қолындағы қағазынан көз ала бере, әлгілерге айқайлап қояды.

– Түп-түзу етіп жинаңдар!

Сағынбек қалт етіп кідіріп, сәл аял қылды. Тәуекел деп әлгі әйелге тақанды.

– Саламатсыз ба, замандас!

Ол бұған алая қарады. Ағы мол, қарасы аз көзі мұны ішіп-жеп барады. Бұл кекештеңкіреп:

– Көмектессем бола ма? – деді. Ол сәл ойланыңқырап тұрды да:

– Әй, Сейдахан, машинаның үстіне шықшы, – деді тапал бойлы қараға. Ол бұған ала көзімен ата қарады. Сөйтті де машинаға құлықсыздау көтерілді.

Қара әйел бұған иегімен нұсқады. Сағынбек не істеу керек екенін айтпай түсінді.

Ұн түсіріліп біткенде қара саны қырқылып, иығы салдырап қалды. Бүкіл жон арқасы, тұла денесін тер жуып кетті. Қоймаға жиналып жатқан ұн қатары биіктеген сайын мүлдем қиын екен.

Жұмыс біткен соң әйел:

– Түстен кейін ешқайда кетіп қалмаңдар! – деп екеуіне тақанды. Ол бүйірі тырсылдап, бұлтиған әмиянынан мың теңге алып, бұған немқұрайлы қалыпта ұсынды. Екеуіне екі мыңнан берді.

Сағынбек әйелге қарады. Әйел бұған қарады. Екеуінің көзі тіктесіп қалды. Оның жанарында кінәмшілдік ұшқыны ойнады. Әйел көзінде көнсең де осы, көнбесең де осы деген зіл запыран бар.

Сағынбек кілт бұрылды да, кете барды. Ұзап шыға бергені сол еді, қалай үлгеріп келгені белгісіз, кішігірім будканың тасасынан бірге ұн түсіріскен екеуі шыға келді. Алдын кес-кестеп тұра қалды. Денелісі:

– Екіншілей біздің жолымызды кесетін болма! – деді де, мұны қабырға астындағы талма тұстан аямай бір-ақ соқты. Бұл ішін басып, бүк түсіп отыра бергенде, тапалы иық тұстан шірей тепті. Сағынбек бір бүйірлей сылқ етіп құлап түсті...

Ауыр басып үйіне келді. Есікті ашып, ішке енді. Жеті жасар, төрт жасар екі ұлы жүгіре басып, алдынан шықты. Екеуін бауырына басып, маңдайларынан иіскеді. Қолдарын бетіне басты. Мұздап қалған екен.

– Не әкелдің, әке?

– Қазір, қошақандарым! – деді. Ескі газетке оралған буманы ашты. Тауықтың мұздатылған қос саны мен кеспені, нанды алды. Үйде газ таусылғалы қай заман. Ақ кірпіштен оймыштап, ирек сайға спираль салған плитаны токқа қосты.

Қуырылған еттің иісі үй ішіне таралды. Танауды қытықтаған жағымды иіс көңілсіз үйдің қоңырқай ажарын нұрландырып өткендей. Осы бір сәтте үлкен ұлы әкесінің белінен құшақтап:

– Әке, мұғалім апай жаңа жылға бес жүз теңгеден әкеліңдер деп жатыр, – деді.

Сағынбек бала сұрағын жауапсыз қалдырды. Табаға шыжғырылған тауық еті мен кеспені араластырып, қозғай берді. Баласы әкесінен сұраулы жүзін аудармай біраз тұрды. Естімеді ме дегендей аңтарыла қарады. Осы үнсіздікті есікті үдемелетіп, қатты қаққан үн бұзып жіберді. Сағынбек ашқысы келмеді. Бірақ тарсыл үдеп барады. Ақырын ілби басып барып есікті ашты.

Көзілдірікті әйел екен. Қолында бір жапырақ қағаз бар. Сағынбек қағазға шұқшия қарады. Үнсіз сазарып тұрып қалды. Шықшыты шиыршық атып, әрлі-берлі қозғалақтай берді. Пәтер ақысы, жылу, сулардың жиынтығы 78 мыңнан асыпты. Соттан шақырту қағазы. 23 желтоқсан күні сағат 15-ке шақыртыпты.

Көгілдір түсті журналды ашып, алдына тосты. Саусақ ұшымен нұқып, қол қоятын тұсты көрсетті. Сағынбек тілі байланғандай, жүзі күреңітіп қаламсапты ұстаған күйі тұрды да қойды. Әйелдің жүзіне меңірейген кейіпте көз тастады. Ол аз-кем кейігендей үнмен:

– Қолыңызды қойсаңызшы! – деді.

Бұл біраз үнсіз тұрды да, қолын сүйкектетіп қоя салды. Әйелмен қайыр-қош айтыспастан кілт бұрылып кетті. Балаларға тамақ беріп отырып, Сағынбектің қабырғадағы Жансая екеуінің үйленгендегі суретіне көзі түсіп кетті. Екеуі құп жарасқандай. Бір-біріне иық түйістіріп түсіпті. Айнала дүниеге шат көңілмен қарап қалыпты.

Ол жанарын тайдырып әкетті. Алқымына лықсып жас тірелді. Жұбайы үзілер алдында мұның жүзіне қарағыштай берген. Алқын-жұлқын соққан кеудесіне сырыл ене бастағанда:

– Ендігі күнің не болар екен, ә? – деп даусы дірілдей күрсінген. Қос тамшы ащы жас көз кемеріне аунап түсті де, кірпігіне ілінді. Оның жас толы жанарына көзі түскенде, бұл өзін қоярға жер таба алмай, қозғалақтай берген-ді.

Сағынбек ертесіне тағы да үш-төрт жерге соғып, тамырларын басып көрді. Еш жерден екі қолға ұстар күрек табылмады. Қажып қайтты. Осындайда бір туған бауыр болса ғой. Тағдыр мұны жалғызілікті етіпті. Бір әкеден – бір өзі. Әйелін шығарарда жиналған жұрттың қарамы да сырт көзді қоңылтақситындай етті. Екі қолын төбесіне қойып безіп кеткісі келген. Мына екі бала кәдімгідей қолбайлау болып-ақ тұр.

Аудандық білім бөліміне барды. Интернат жайымен сөйлесті. Мұның жазған арызын шұқшия оқыған білім бөлімінің меңгерушісі әр сөздің астарынан сыр тартқандай үндемей ұзақ отырды.

– Мына оқу жасындағысын орналастырудың бір жайын табармыз-ау! Ал оқымайтын баланы интернатқа орналастыру еш мүмкін емес. Заң солай. Басым екеу емес. Мүмкін, балалар үйіне өткізерсіз, – деп мұның жүзіне сұраулы пішінмен көз салды.

– Екеуін бір-бірінен ажырату қиын болып тұр ғой.

Меңгеруші қос қолын қос қанатына жайып:

– Оны өзің шеш, інім. Үлкеніңді бүгін жатқызам десең, қазір нұсқау беремін. Әлгі балалар үйі облыс орталығында ғой. Сөйлес десең, облыстық бастықпен сөйлесейін, – деді баяу үнмен.

Сағынбек орнынан сұлқ көтерілді. Екі ұлын бір-бірінен ажыратуды көз алдына елестете алмады. Күн сайын қыңқылдап, анасын сұрайтын кішісінің мазасыз қалпын ойласа, өзін қоярға жер таба алмайды. Көше бойлап, ауыр басып, жүріп келе жатты. Әйелінің төркіндері ойына келді. Сонау Ақтөбенің шеткері аудандарының бірінде. Оның әкесі мен шешесі ертеректе дүние салып кеткен. Тек жалғыз ағасы бар. Балалы-шағалы. Сонда да болса тәуекел етіп, сөйлесу бекетіне мойын бұрды.

– Әлау, әлау! Мен ғой, Сағынбекпін.

– Ә, амансың ба?

– Аман, аман, қалайсыздар?… Мұрат аға қайда, Сәнді тәте?

– Темір жолында ғой. Олардың тірліктері сол. Ылғи қарбаласта. Жиендер қалай?

– Жүріп жатырмыз. Сол жиендеріңізге байланып. Тірлік жасайын десем тұсаулы аттай титығым құрып тұр. Бұл жақта жұмыс жоқ. Қаңыраған үйлерді қаусатып жатыр ғой. Үлкенім сабақтан келген соң екеуін қамап, кувалда балғамды алып, сол жақтан темір-терсек жинаған боламын. Өлместің қамы ғой. Әбден титықтатты. Соған сіздерге..., – деді де, кілт тоқтап қалды.

Телефонның арғы жағында үнсіздік орнады. Әлден соң барып:

– Соған сіздерге айтайын деп едім..., – деп әрі қарай сөйлей алмай тосылып қалды. – Сол жиендеріңіз жазға дейін сіздерде болса деп едім.

– Енді отағасы келсін. Айтайын. Сырт тірлікті шешетін сол. Бізде де бала-шаға баршылық екенін білесің ғой, – деді сабырлы үнмен.

Ақтөбе жақпен үш күннен соң хабарласты. Жағымды хабар алды. Енді пойызға билет алу керек.

Шағын қала шетіндегі шөбере туыс болып келетін ағайының үйіне барды. Қос қабатты үйі қалың кірпіштен өрілген биік дуалмен қоршалыпты. Қоңырқай қызғылтым түспен әрленген темір есігінің өзі де өте еңселі екен. Қақпа есігінің қоңырауын жасқаншақтай басты. Құлпырма үнді қоңырау үніне ілесе аула ішінен айбарлы иттің абалаған арсылы естілді. Қоңырауды тағы басты. Бір кезде әудем жерден самарқау үн естілді. Жеңіл аяқ киімінің тырп-тырп еткен үні естілді.

– Бұл қайсың, ей?

– Мен ғой, аға! Сағынбекпін.

– Немене, таң азаннан дабырлатып. Астыңнан су шықты ма?!

Есікті ашты. Тор ішінде аласұра шабаланған итіне жат деп жекіді. Кең кеуделі, сіңірлі сирақты ит темір тордың қабырғасын қаусатып шығардай одан сайын өршеленді. Ол мұның жүзіне құлықсыздау көз тастап, ұсынған қолын салғырт алды. Есікті жапты да, үйге бет алды. Сағынбек оның соңынан сылбырлау ерді. Сыртқы есікке тақала бергенде:

– Аға, ішке кірмей-ақ қояйыншы.

– Е, неге? Жай ма? – Ол бұған қайырыла қарады.

– Жай емес аға. Келініңіз қайтыс болғанын білесіз ғой.

– Е, білем ғой. Айтпақшы, қайырлы болсын. Мен Алматыда жүр едім.

– Сол екі балам қиын болып тұр. Екеуі де тым жас. Соларды нағашы жұртына апарсам деп… Өзім не Алматы, не Астана жақтан жұмыс қарастырсам деп отырмын.

– Жақсы, барғаның дұрыс.

– Соған балаларды Ақтөбеге пойызбен апаруға қарыз берсеңіз. Жата-жастана қайтарамын ғой.

– Өй, қарағым-ау, тап қазір менде соқыр тиын да жоқ. Көріп тұрсың мына үйді салу да оңай болмады. Әне бір тендерлерге қатысам деп азды-көптісін шып-шырғасын шығармай соған сақтап отырмын, – деді жылаңқы үнмен.

Ағасы көзін төмен салған күйі кілт бұрылып, есікті тарс жапты. Сарт еткен үн Сағынбектің кеуде тұсын солқ еткізгендей. Ол аз-кем тұрды да, биік текпішекпен аяғын бір санап, екі санап, әлеміш өрнекті тақтатас төсенішке табан тигізді. Аузынан ақ көбік шашырап, аласұра шабаланған иттің арп-арп еткен ызғарлы үні құлағының жарғағын жарып жіберердей.

Сағынбек үй маңындағы шағын скверге келді. Орындыққа сылқ етіп отыра кетті де, қолдарын оның арқасынан асыра тастап, аспанға шалқалай қарады. Ызғырық желдің екпіні бетке ұрады. Көк жүзін торлап алып ұбақ-шұбақ сапырылысқан сұрғылт бұлттардың мазасыз қалпына көз тастады. Тап солардай ұйқы-тұйқы аласұрған, запыран татыған ойлар санасын торлап алды. Не істеу керек деп, безек қаққан ойлар миын сұққылап, тағат таптырар емес. Іш тарта ауыр күрсінді. Орнынан созалаңдай ауыр көтеріліп, үйіне беттеді.

Ол түнімен төсекте дөңбекшіп жата алмай шықты. Әрі аунақшыды, бері аунақшыды. Үй салқындап кетті. Сырттан гулеген суық жел ашпалы-жаппалы терезенің ағаш жақтауының бір тұсынан иненің жасуындай саңылау тауып, сыңси жылаған сыбызғының әуеніндей үн шығарып тұр.

Денесі салдырап, қос қары сырқырап, қорғасындай ауыр тартыпты. Бүйрек тұсы соңғы күндері кәдімгідей түйнеп, батымды ауырып жүр. Қалада қаңырап, алқа-салқасы шыққан сұп-сұр үйлердің бетон қабырғаларын қаусату да оңай емес. Зілмауыр батпан балғамен соққылағанда, миыңа шейін зырқ-зырқ етіп шайқалады. Өрге сүйрер өгіз күшіңнің тауы шағылып жүрген шағы да осы кез. Өзекті жалғар жалғыз тал корек үшін сұр бетонның қойнынан мызғымас қоныс тапқан арматура темірмен жан берісіп, жан алысқандай күй кешіп жүргеніне де бірталай болды. Ылғи бір тәуекел тірлік.

Қиыс кетсең, сом балғаны есепсіз сілтесең, аранын ашқан ажал семсері отап түседі. Осыдан апта шамасы бұрын жүзі таныс бір жап-жас жігіт бетон қабырға астында қалып, қаза болды. Бұл тосын қайғылы оқиғадан соң екі күндей жұмысқа шықпай тайсақтап жүрді. Шағын қаланың бір тұсында он алты жасар бала темір-терсек, түрлі-түсті бағалы сым жинап жүріп, токқа түсіп, өртеніп өліпті. Осындай денені түршіктіріп, жанды шошынтқан сан-сапалақ оқиғалар өзі жүдеп, рең-репеті кетіп жүрген Сағынбек секілділерге оңай тиіп жүрген жоқ. Көпке дейін көз ілмей, өз-өзінен мазасыз күй кешуі соңғы кездері жиілеп барады.

Денесі ашылыңқырап қалған кішкене ұлын қымтады. Ол ыңырси аунап, мұның мойнынан құшақтай беріп: «Мама, мама, бері жатшы», – деп ұйқысырай сөйледі. Кеуде тұсы ине сұққандай шым етіп, шаншып кетті. Алқымына жас тығылды. Үлкен ұлына назар салды: пысылдап, басын кеудесіне тығып алыпты.

Сағынбек басын көтеріп алды. Сең соққан балықтай есеңгіреп аз-кем отырды. Қос қолымен маңдайын сындырып жіберердей сығымдады. Сана төрін бөлекше бітімді буылдыр сағым тұмшалағандай. Басы зеңіп, біраз отырды. Терезеден сыздақтай түскен таңғы сарғыш сәуле көне тумбочка үстінде жатқан газетке түсіпті. Түнде жатар алдында оқыған бір мақаланың мазмұны ойынан шықпай қойды. Жапондарда өмірден мүлдем түңілген адамдардың өзіне-өзі өлімге қиюын «хибакуся» деп атайды екен. Есіне үш-төрт ай бұрын Серікбай деген жігіттің бес қабат үйдің үстімен барынша жүгіріп келіп секіріп, қаза тапқанын естіген. Көргендердің айтуына қарағанда, үй іргесінен он бес метрдей жерге түсіпті. Тағдыры Сағынбектікіне тым ұқсас. Айналып келгенде, бәрі –  жоқшылық, бәрі – өмір қыспағы.

Осы бір оқиға мен «хибакуся» сөзі Сағынбектің ойынан түннен бері еш шықпай қойды. Тәтті көрсе төбеде шырқ айналып, айналсоқтаған арадай ызыңдаған мазаң ой сана төрінен еш кетпей қойды. Тіпті екі-үш рет өз-өзінен «хибакуся» деп күбірлеп жібергенін де аңғармай қойды. Көз алдына Серікбайдың етегі желбіреп, ажал аранына өзін-өзі лақтырған сәттегі көмейінен шырқырай шыққан ащы дауысы құлағына жеткендей әсерде жатты. Көзі әрең ілінді.

… Бес қабат ұзын үйдің төбесінде тұр. Ең шетінде Серікбай тұр. Ол бұған күлімсіреп қарайды. Үстіндегі желбегей шапан желмен желпілдейді. Қолын бұлғап, бері кел, соңымнан ер дегендей шақырады. Бұл тосырқап, жасқаншақтап тұр. Серікбай қолын жиі бұлғап, бұған айқайлайды.

– Болсаңшы тез! Немене, қорқасың ба?! Ойға алдың ба? Тайынба! – деп намысын жанып тұр. Бұл әлі бір шешімге келе алмай, абдырап тұр.

Сағынбек кеудесін толтыра ауа жұтты да, кері қарай үш-төрт аттап жүгіруге оңтайланды. Сөйтті де зор екпінмен ызғи жөнелді. Тап сол сәтте, қайдан шыға келгені белгісіз, қос қолын құс қанатындай жайып, Жансая Сағынбектің жолын кес-кестеп тұра қалды. Үстінде баяғы тойда киген аппақ көйлек, ақ жамылғысы бар. Жүзі жып-жылы, жылушырай күлімсіреп тұр. Екпінін еріксіз басып, Жансаяға кеуде тірей, кілт тоқтады. Жансая жымиған қалпы: «Тоқта! Қайда асығып барасың?» – деп жұп-жұмсақ қолдарын мұның өрекпіген өкпе тұсына төседі. Сағынбектің өн бойын нұрлы шуақ шомылдырып өткендей. Қарысып қалған жақтары жұмсарып, шиыршық атқан бұлшық еттері бұлаумен бусанғандай босап сала берді.

Тәтті түсті әлдекімнің есікті ақырын тықылдатқан үні бөліп жіберді. Жайлап тұрып, есікке мысықтабандай жақындады. Бойын күдік биледі. Сот шақыртуы ойына оралды. Жұмсақ тықыл қайта жалғасты. «Ашыңызшы! Сізге телеграмма бар еді», – деген нәзік үнді қыздың даусы естілді. Есікті ашты. Қыз жасқаншақтай ішке еніп, ұзынша журналды ашып, алдына тосты. Қол қойды. Жеделхатты жеделдете оқып шықты. «150 мың теңге жібердім. Балаларыңды мектептен есептен шығарып ал. Осы жақтан жұмыс орныңды дайындатып қойдым. Қарызыңнан құтыл. Есептен шығып, жолға шығыңдар. Мұрат». Сағынбек есік алдына сылқ етіп отыра кетті.

Тегтер: проза поэзия ақын пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Төреғали ТӘШЕНОВ 18:01
ҚАҢТАР. ҚАРА ҚҰЗҒЫН
Бифат Елтаева 25.01.2022, 14:28
Жанат Бақыт: «Қазақи киімді тек наурыздың 22-сі күні киетін әрекетіміз ұнамайтын»
Думан Рамазан 25.01.2022, 10:36
ТОР (әңгіме)
Ғарифолла ЕСІМ 20.01.2022, 16:06
Ойлан, қазақ!
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 18.01.2022, 16:08
Қаза тапқан сарбаздардың ордені ата - анасына табыс етілді.
Сайт әкімшілігі 14.01.2022, 14:20
Бір Алла дегеніне сеніп қалдық – Тұрсынбаеваның тренингіне қатысқандар өкініп жүр

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48