«Ақбурыл құзды жартасым...»

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ

27.07.2021, 14:15

588

Кешегі зулап өткен күндер мен бүгінгі басымыздан кешіп жатқан күндердің қайсысы жақсы? Кейде солай сұрақ қойып жатсақ орынсыз ба? «Ау, кешегі күндер, мәселен, 1960-1970 жылдар – қызыл Кеңес өкіметінің дәуірлеп тұрған заманы емес пе? Ол қалайша қазіргі тәуелсіздікті  еншілеген еркін күндерімізден жақсы бола алады?» деуі де мүмкін баз бір оқырманның. Мұндай қарсы сұрақтың жаны бар болғанымен, мына өмірде бәрі де тарихи және салыстырмалы бағаланады. Иә, нақ осылай: қайсыбір уақыттың да сымбаты мен сыр-қырын, оның бергені мен тергенін тарихи өз кезеңі өлшемі мен өресі тұрғысынан және өзінің алдындағы, артындағы кезеңмен салыстырып таразыласақ, ақиқат пен әділдіктің ауылынан алыс кетпесіміз анық.

Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының: «Бүгін – кешенің баласы, ертеңнің анасы» дейтіні бар. Демек, кешегі кеңестік күндерсіз бостан бүгініміздің жоқтығын айтпағанда, кешегінің ішіндегі айқын жақсы күндерді қалайша жамандай аламыз?! Айталық, біз, әдебиетке 1970 жылдары келген қуатты да қатары мол бір буын өкілдері, сол кездегі ең еркін және ең жақсы газет – «Лениншіл жас» шапанынан шықтық десек, жалған емес бұл. Бізді былай қойып, бұл басылым осы жылдары еңбекке, билікке араласып ел тағдырын шешкен, болашақ бітімін мүсіндеген тұтас-тұтас толқындарды тәрбиеледі десек, титтей асыра айтармыз ба? Сол кездері-ақ кем дегенде миллион адам оқитын, таралымы 300 мың дана жастар газетіне бір эссе, очерк шықса, оның жас жұмысшы немесе оқымысты кейіпкері ертеңінде-ақ байтақ Қазақстан білетін ұнамды, атақты адамға айналып шыға келетін. Әйтпесе «Лениншіл жас» бетіне шағын бір суреттемең, екі-үш өлеңің жарық көрсе, көп ұзамай-ақ күллі ел танитын жас қаламгерге, ақынға айналып шыға келетінсің. Басқаша айтқанда, асып кетсе ауылың ғана шырамытатын бозбала болып төсекке жатып, ертеңінде ұйқыдан күллі ел танып-таңданатын жазбагер, ақын болып оянатынсың. Бұл артық-кемі жоқ шындық. Өз басымнан мысал келтірсем, 1965 жылы сәуірде №52 «Красная звезда» орта мектебінің 11-класс оқушысы менің (Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы) «Лениншіл жастың» жоғары класс оқушыларына арналған «Өркен» бетінде «Әзіл», «Қос жанар» атты қос өлеңім жарияланды. Осыдан кейін аймақ, аудан түгіл, айналадағы қатар жатқан екі-үш ауыл «ақын» деп атап кетті. Мен мұны әдетте алыстағылардан гөрі туған ауылың, жақын ағайынның мойындауы қиын екендіктен айтып отырмын. Жалпақ Қазақстан көлемінен топырлап хаттар жеткенін былай қойғанда, Өзбекстанның Тамды ауданындағы бір құрбы қыздан да «Бақыт, танысайық...» деген шынайы хат келді.

Бұдан байқалатыны – сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің ел, халық алдындағы сұмдық беделі, үлкен абыройы барлығы. Ал мұндай абырой-бедел қайдан келеді?! Әрине, таралымының көптігінен. Екіншіден, ең бастысы – газеттің өтірік айтпайтынынан, шындықты жазатынынан, сөзі мен ісі бір жерден табылып, қалың ел қамы үшін күресіп, халық мүддесін қорғайтынынан. Әрине, бұл уақыт алып қағанат – Кеңес Одағы ауқымында жылымыққа кезек тиіп (ұлт қайраткерлеріне еркіндік тимесе де), көпшілік қауым үшін мамыражай кезең орнаған уақыт еді. Міне, осыны елшіл журналистер басқарған «Лениншіл жас» мүмкіндігінше мол пайдалана алған-ды. Әсіресе Шерхан Мұртазаев, Сейдахмет Бердіқұлов бас редакторлық жасаған жылдар аталмыш жастар басылымы үшін ғана емес, халықтығын сақтап қана қалмай, алаштығы ояна бастаған қазақ үшін қымбат, көп-көп мәдени-рухани игіліктерді иеленуге жеткізген кезең болды.

Елі үшін еңіреп туған ер Шерхан ағамыздың кейде реті келіп тұрғанда айтатын бір қанатты сөзі бар еді: «Жүз қойды бір арыстан басқарса, жүз қойдың бәрі арыстанға айналады, ал жүз арыстанды бір қой басқарса, жүз арыстаның түгел қойға айналады». Мына тіршілікте бұл қалыпқа сыймайтын жағдайлар да ұшырасатын шығар, десек те, көбіне-көп Шерағаң айтқан жағдайдың қалтқысыз орын алатыны өмірдің шындығы ғана емес, заңдылығы да болса керек. Сондықтан да алып та абыз Абайымыз: «Единица – жақсысы, не болады өңкей нөл», – деп амалсыздан айтқан болар. Жалпы, қандай бір адамды да қалыптастыратын – терең білім, тарихи-рухани таным, шын ұлттық-адамгершілік тәрбие. Осы себептен де бүгінгі батыстың «біз тек ақпарат береміз, саясат-идеологияда шатағымыз жоқ; оны қалай қабылдап, қорытынды шығару – оқырманның өз еркінде» деген ұстанымы екіжүзділіктен басқа ештеңе емес. Бүгінде өздерін әлемнің қожасы сезінетін олар «қарамағындағы» халықтардың белгілі бір ұлы мақсат-мүддесі болмағанын, соңдарынан мұрнын тескен тайлақтай салпақтап ергенін қалағандықтан осылай айтады. Міне, сондықтан олар қызу жүргізіп отырған жаһандану идеологиясы – ең қатерлі, арамза идеология. Мына дүниеде иесіз жер, ауасыз кеңістік, бос сана болмайды. Ендеше бүгінгі біздің – баспасөзшілердің кешегі мол таралым, қаламақы, «Лениншіл жаста» дәуірлеген дәуренге жете алмай, «төртінші билікті» толық қуатында пайдалана алмай қалуымыз бүгінгі билігіміздің дәрменсіздігіне қоса, жаһандану ықпалына жұтылып отырғанынан десек, жаңылыса қоярмыз ба?!

Жасасын «Лениншіл жас!» Кеңестің құрсаулы жамылғысын жамылып отырса да, түзу сөз айта алған, «халықтың тілі, көзі мен құлағы» болып, бүгінгі тәуелсіздікке жетуімізді дайындасқан аталмыш басылымның 1960-жылдары жарқылдауына, жалындауына алғаш қосшы, кейін басшы болып зор үлес қосқан қалам және қоғам қайраткерлерінің бірі – Қалдарбек Найманбаев. Ол осы газетте алғашқы талпыныстарын жариялап, тұсауын кесті де, көп ұзамай-ақ қаламы ұшталып, әуелі спорт саласындағы майталман журналистердің біріне айналды. Әлемдік деңгейдегі волейбол шебері, көшбасшы ойыншы, қазақ спортының көрнекті жетекшісі, отыз жасында-ақ орда құрған Октябрь Жарылғасыновты алғаш елге танытқан, саңлақ спортшының өзгеде жоқ, өзінде көп қайталанбас озықтықтарын тауып, төл болмыс-бітімін жарқыратып ашқан – өрімдей жас журналист Қалдарбек Найманбаев. Алты әлемге (құрлыққа) мәшһүр балуан, Азия жарыстарында жарқылдап көзге түскен жеңімпаз, даңқты Қажымұқанның лайықты ізбасары Әбілсейіт Айханов. Алып ел – КСРО додаларында қақыратып топ жарған, орысшыл орталық алдын орап, талай жолын кессе де, төрткіл дүние боксшылары бәсекесінде ауыр жұдырығымен, үздік техникасымен жалпақ жамағатты мойындатқан саңлақ боксшы – Әбдісалан Нұрмаханов. Осы қос батырдың да «бағын жандырып», халыққа таныстырып, қаламы арқылы қазақтың екінші есімдері болуына қол жеткізген – жап-жас Қалдарбек Найманбаев.

Баспасөзде жақсы журналист болып еңбек етудің бір ғажап артықшылығы – қалың елге газетіңді, әйгілі кейіпкерлеріңді  танытып қана қоймайсың, сол газет пен самдағай кейіпкерлерің сені де мәшһүр етіп, даңқ биігіне самғатады. «Лениншіл жастың» арқасында Қалдарбек атақты журналиске айналды. «Лениншіл жастың» арқасында әйгілі қос саңлақ туралы жазғандары деректі хикаяттарға жалғасып, «Даңқ тұғырында» атты тұңғыш кітабы кіндік кесті. Дүниеге Қалдарбек Найманбаев деген талантты жас прозашы келді.

Жарқын жазғанымен ғана емес, жұртпен тіл табысқыш, пысық, іскер, жақсы дос, жолдас, адамгершілігі мол, көпшіл, елгезектігімен де көзге түскен Қалдарбек жастар газетінде екі-үш жыл өтер-өтпес басшылар қатарына қосылды.

«Лениншіл жас» газетінің жауапты хатшысы.

«Лениншіл жас» газеті бас редакторының орынбасары.

Мұндай мансапқа іліккен ол жақсылығы өз басынан артылып, ізінен ерген, ҚазМУ-дың журналистика бөлімін жаңа бітірген, бітіруші жас талапкерлерді жарылқай бастайды. Бірінші басшы еместігіне қарамай, талай жас жігіттің жазғанын жарқыратып жариялап, «Лениншіл жасқа» жұмысқа тұруына жәрдемдеседі, тіпті талай жасты таланынан танып, қызметке қабылдап та жібереді.

Бір күні мынадай қызық болады. Сол уақыттағы бас редактор Шерхан Мұртазаев екі апта мерзімге шетелге, жаңылыспасақ Египет Араб Республикасына, сапарға кетеді. Арада екі-үш күн өткен соң ба, редакцияға топырлап бір топ жас кіріп келеді. Өздері 12-14 адам. Шамасы, талақтарында биті бар, көңіл көздері ашық жастар. Бәрінің «Лениншіл жасқа» журналист болып жұмысқа тұрғылары бар. Қалдарбек ағаларына кіріп, көмек сұрайды. Талапкер інілерінің меселін қайтарғысы келмеген Қалдарбек көңілшектігі де жоқ емес, оларға жаны да ашиды. Содан ол бәрін түгел алдына шақырып алып:

– Біз онда былай етейік, – дейді ол. – Мен бәріңді жұмысқа қабылдайын. Жақында босаған біраз орын бар, бірақ бас-басыңа жетпейді. Сондықтан жарты жалақымен және бір ай сынақ мерзімімен жұмыс істейсіңдер. Кімдер жақсы еңбек етіп, журналист бола алатынын көрсетсе, солар қалады. Ал басқаларың босайсыңдар. Келістік пе?

– Келістік, – дейді жастар бәрі бірдей жамырай құптап.

Өтініштерін жазады. «Лениншіл жасқа» жарты жалақымен орналасады.

Арада біраз уақыт өтеді. Бас редактор сапардан соң қызметке оралады. Бұрынғы әдетімен кабинетінен шығып, қызметкерлер бөлмелерін аралайды. Сәлемдесіп кірсе, көретіні – кілкіндей бейтаныс жастар. Таңданып қарайды Шерағаң. Бастықты танымайтын олар да бұған одырайып қарайды. Сабырлы, маңғаз Шерағаң ләм деместен шығып кетіп, креслосына жайғасып, орынбасарын шақырады.

– Ау, Қалеке, мен басқа редакцияға кіріп кеткен жоқпын ба деп қалдым ғой. Өңшең бөтен жастар неғып отыр? Түсіндірші...

– Шәке, өзіңізге мұны әлі айтып, түсіндіріп үлгермеппін ғой. Жағдай былай болды, – деп, өздерінің не істеп, не қойғандарын баяндайды.

Қабілетсіз қаламгерлерге қатал, ал жақсы журналист бауырларына жұмсақ, мәрт Шерағаң:

– Дұрыс екен. Көрейік онда, – дейді де қояды.

Көріп отырғандарыңыздай, Қалдарбек қажет жерде батыл, шешімтал, тәуекелшіл де. Кейін жұмысқа қабылданған әлгі топтан талантты журналист-қаламгерлер ғана емес, талай көрнекті қалам, қоғам қайраткерлері де шыққан еді.

«Лениншіл жастағы» жемісті жұмыстан соң, ол «Білім және еңбек» журналына бас редактор болып бекітіледі. Ары қарай көп адам арман еткенмен, бақ қонған бір-ақ адамның қолы жететін шығармашылық жемістері, ірі қызмет белестері, үлкен мансап биіктері. Кеңес өкіметі кезінде осы жазушылық жеңіс, қызмет-мансап биіктерінің біреуі ғана бұйырса, сол адам өмір мен өнерден ойып алған орнына сәйкес атақ-абырой иеленіп, мәңгілік есте қалдыруға лайық саналатын. Өйткені ол –мемлекет қайраткері, шығармашылық тұлға. Бұл әділ де, дұрыс та еді. Біз бәрін түгелдеместен, басты-басты бірнешеуін ғана алға тартайық.

«Жалын» баспасының бас редакторы, директоры.

Қазақстан жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, бірінші хатшысы.

«Таңертеңнен түске дейін», «Қоштасқым келмейді» тәрізді классикалық повестердің, «От пен ойын», «Көктөбе» атты шынайы да шоң романдардың авторы.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары.

Бұл лауазым-атақ, қызмет-еңбектердің аттарының өзі заттарын, тарихта – болашақта ұмытылмай қалған, қалар ұлағатты хаттарын айғақтап тұрғандықтан, көп таратып жатпай-ақ қоялық. Қалағаң жылдар өткен сайын кеңейіп, тереңдеп, биіктеп, зорая өсе түспесе, сәл де: бір құрағы өліп, бір шырағы өшкен жоқ. Отызында өз ордасын құрды, қырқында талай қамалды алды. Елуінде әдебиеттің бір беліне, әлеуметтің (елінің) еріне айналды.

Бұл тұрғыда кіндік кесіп туған жерден, өсіп-өнген, қанат қағып ұшқан елден, Алла тағала жаратқанда бойға біткен тектен алғаны, тұңғыш шығармашылық ұясы – «Лениншіл жас» газетінің тәлім-тәрбиесінен сойға салғаны көп көмектесті. Әрине, «Асық Атада оқыған орта мектеп, Қазақтың мемлекеттік университеті берген терең білім, түбегейлі білік өз алдына. Жоғарыдағы келтірілген мысалдағыдай, ағаға інілік, жас әріптестерге жағалық жалғасып, талай-талай талантты ақын-жазушылардың тұсауын кесті, шідерін шешті. Бағын жандырды, бабын қандырды. Бұл күндері де Қалағаңнан қамқорлық көрген, соңына ерген жазушылардың  өздері бір лек, әйтеуір, тобыр емес, қазақтың қарымды қаламгерлеріне айналған шандоз шоғыр.

Қайраткерлігіне көшсек, қайта құрылған, қоғам құбылған күндерде әдебиетке еп болып, әлеуметке сеп болды. Кітап шығаруды құлдыратпай сақтады, ел мен елбасы сенімін ақтады.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар. Республика президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туысқан Түркияға бірінші сапары. Бұл елдегі түрік бауырлардың кіндік атажұрт елбасысы Н.Назарбаевты қызу қарсы алғаны  жақындықтың нышанын аңғартқан. Бұған қоса, осы елді мекендейтін 30 мыңдай қазақтың аяғы жеткені аэропорттан табылып,  егемен елдіктің сүйіншісіне ақсарбас шалып, Түркияның әуе қақпасы алдында-ақ Назарбаевпен қуаныштан жылай көрісіп құттықтауы зор мерекеге ұласқан еді. Сондағы қандастарымыздың алғашқы және негізгі жүрекжарды тілегі – Қазақстанда бас қосу болды.

Н.Назарбаев ертіп барған мемлекеттік делегация мүшелеріне, басшы-қосшы нөкерлеріне бұрылып:

– Қане, кім жер жүзі қазақтарының тұңғыш басқосуын өткізуді ұйымдастырады? – дегенде, көбісі үнсіз қалып, мемлекеттік министр түгіл, мемлекеттік қызметкер де емес, жазушы Қалдарбек Найманбаев жалғыз өзі бастама білдіріп:

– Тұңғыш құрылтайды өткізуді Қазақстан жазушылар одағы қолға алады, – деген ұсыныс-тілек жасаған еді.

Міне, бұл жас мемлекеттің елдігін қолдап, тәуелсіздік мүддесін қорғап жасалған батыл қадам, анық қайраткерлік көрініс болатын. Содан, әрине,  президенттің тікелей тапсырмасымен, үкіметтің тікелей көмегімен Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы 1992 жылғы қыркүйекте дүрілдеп өтті. Отыздан аса елден қазақтар келді. Олар туған жер топырағын басып, көздерінен қуаныш жасы төгілді. Қасиетті Түркістанды көрді. Ұлытауды аралады. Енді осынау қарым-қатынас үзілмей жалғасып, дами түсуге тиіс қой. Сондықтан да алғашқы ұлы ұлттық жиын-той қорытындысында тарихта бұрын болмаған мүлде жаңа мекеме-ұйым – Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Оның құрметті төрағасы президент болса, тікелей жұмыс істеп, жұмыр жер бетіндегі 43 елде тұратын қандастармен тікелей қарым-қатынас орнатып, жан-жақты мәдени-рухани байланыстарды жүзеге асыратын тікелей бастық –  төрағаның бірінші орынбасары болып Қалдарбек Найманбаев сайланды.

1992 жылдың қыркүйек айының соңынан өмірден кенеттен өткен 2004 жылдың 22 қыркүйегіне дейін – 12 жыл бойы ол осы ауыр да абыройлы міндетін кәміл атқарды. Бұл ұлтқа қажырлы қызметтің, тыңнан түрен салып, мол жемісті, тәуелсіздігімізді нығайта түскен жеңісті еңбектің нәтижесі. Қалдарбектің өз мемлекетімізді айтпағанда, алуан алыс та жақын шетелдердегі 5 миллионнан астам қазақтарымыз үшін ең белгілі және қадірлі арқа-тірек – ЕКІНШІ ҚАЗАҚҚА айналуы еді. Осы орайдағы оның әуелі жоқтан бар жасаған, алыс және шетелдердегі елеп-ескеруге ең мұқтаж 5 миллионнан астам қазақ үшін ең қажет және жан-жақты қамқорлық жасаған ұйымды құрып, қалыптастырған күллі қам-қарекеті жүрек жомарттығы, Қажымұқан қайраткерлік, еңбек ерлігі десек те, артық айтпаспыз. Бір жыл емес, тұтас 12 жылға ұласқан, алғаш инемен құдық қазған, содан танысып-табысқан халық қазақтың тәуелсіздік тарихын «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрекпен» (Абай) жазған ғанибет ғұмырбаяны… Осынау ғибратты да шуақты ғұмыр жалғаса түспей, кенеттен үзілгені өте өкінішті. Десек те, қанағаттанып, қанаттанарың – осынау өнегелі де өшпес өмірдің әрбір сәті, сағаты – қиын да қызық қыр, сындарлы да сұлу сыр, жақын да жұмбақ жыр. Бұлардың бәрі түгіл, басты-басты сымбат-сипаттарын, ғибрат-қымбаттарын танып, тарқату үшін бір мақала аз, шоң том – монография керектігі көп дәлел тілемес деп ойлаймыз. Сондықтан қысқа да нұсқа келбеттік кескін-лебізімізді түйіндегенде осы бір олқылығымыздың орнын сәл де болса толтыру үшін Алаштың ақиық ақыны Тұманбай Молдағалиевтің төмендегідей –«Қалдарбек ініме ескерткіш» деген қайтыс болғаннан кейін жазылған өлеңіне жүгінгім келеді:

«Биігі Қазығұрт па, Талғар ма еді,

Інімнің бұлт жамылды самғар көгі.

Бауырындай көретін туған жұртын

Халқымның өтті өмірден Қалдарбегі.

Қазақтың қасиетті бір баласы,

Күтетін ойда атасы, қырда анасы.

Құлады шауып келе жатып үнсіз,

Тұлпардың, шын тұлпардың тұлғаласы.

Жұлдызы мәңгі жанар арман көктің,

Елді іздеп теңізден де, таудан да өттің.

Дүниенің қай жерінде қазақ болса,

Қалды ізі сол жерлерде Қалдарбектің...

Іздейді Шымкентің де, Алматың да,

Заулайды болашаққа мәңгі атың да.

Басады көкірегіне ұрпақ соны,

Ел сүйген ұлы еңбегің қалды артыңда».

Ұлы ақынымыз Тұмағаң осылай деп айтса, бәрі тап рас. Халқы ұмытқан жоқ. Көп іздегеніне куәміз. Алайда бізде елге бас, барлық қаржы-қаражатқа ие билік деген құдірет те бар. Өкінішке қарай, осы биліктегілерге тіріде кімдер өлі, өлілерде кімдер тірі, тірірек екенін біліп-байқайтын ес кірмей отыр. Бірақ дені сау болса, бүгінгі ел басындағы жаһандық дерт – тәжвирустан мерт болып кетпесе, ештен кеш жақсы, әлі де айығып, есін жинар, елдік жасауға кірісер деп үміттенеміз.

Бәрібір қам көңілімізге бекем бір медет – шетелдердегі қалың қандастар Қалекеңді – Қалдарбек Найманбаевты қазір де қатты іздеп отырғаны. Сондықтан да шығар, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кейінгі тізгін ұстағандары – Талғат Мамашевтің күллі тірлігіне көңілі толмағандықтары өз алдына, «Төраға – елбасының бүгінгі орынбасары Зауытбек Тұрысбеков аман ба, не істеп жатыр?» деген сұрақ қоюлы. «Өткенді ұмытсаң, кешегіге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атар», – деп жазған-ды кезінде әйгілі Расул Ғамзатов. Толағай Қалдарбек Найманбаев халқына, елге жасаған мың да бір ұлы да ұлағатты істерінің жүзден де бірін қайтармай, билігіміз надандығын танытып, осылай тарта берсе, бүгінгі «жарты құдайлардың» көмусіз қалатынын айтып көріпкелдік көрсетпей-ақ қояйық. Алдарына келсін. Ал «Жас Алаштың» Қалдарбегі, қазір Бас Алаштың – аман да адам қазақтың Қалдарбегінің – жері, елі аман болса, жасай береріне күмән келтіре алмаймыз. Осы себепті де екінші бір ізбасқан інісі, Моңғолиядан көшіп келген мықты ақын (ол да бүгінде бақилық) Ермұрат Зейіпханның мына бір өлмес, өрт жолдарымен мақалама нүкте қояйын:

«Қасіретімді қалай жазамын,

Елесің дертке ем бе еді?

Қалекем-ау деп қазағың

Күңіренді қырық үш елдегі.

Ақбурыл құзды жартасым,

Құлағаны естілді-ау...

Қымтанып топырақ торқасын

Жасымыз сіңген ашқылдау.

Жүректі кім бар жылытар,

Өзіңдей боп кім көрінер?!

Қалекесін қалай ұмытар,

Оралған ел мен еру ел».

Егемен Қазақ елі кемеліне келмек түгіл, әлі Ақ Ордасын (Алтын Ордаға айналдыру – алдағы міндет) тігіп, құрып болған жоқ. Ортасы толған жоқ. Нақ сондықтан да қазіргі күнімізге де бір Қалдарбек Найманбаев керек болып-ақ тұр. Алыптар мен арыстарға келгенде «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деген мақал жарамайды, өйткені миллион тірі тышқаннан бір «өлі» арыстан артық. Абайға сенсек, соңында өлмеген сөзіне қоса, ұлы ісі (өзі), өшпес ізі (көзі) қалған Қалекең қалай қатардан қалады?! Жоқ, ол тірі. Тірілерден тірірек қана емес, ісі – өзімен де, ізі – сөзімен де – ірі. Мәңгілік тұлға.

Тәмат тәмам.

Тегтер: проза поэзия ақын пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әлімғазы Дәулетхан 14:00
Шыңғысхан кім?
Жарлы БАЙҒАНИН 11:00
«Желтоқсанға» араша немесе солтүстікке сапар
Сайт әкімшілігі 10:00
Бақұл бол, Бақытгүл...
Қуаныш ТҰНҒАТАР 16.09.2021, 11:30
Көсемсөздің көкжалы
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 16.09.2021, 10:30
Қазақтілді балғындардың қиялы шектеліп тұр
Әділбек ЖАҚЫП 16.09.2021, 09:30
Абылай мен Кенесары

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39