Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстайық

10.10.2017, 10:00

4570

Сулейман Демирел атындағы университеттің профессоры Ілияс Әйтімбеттің 2017 жылы тамыз айында «Жас Алаш» газетінде жарияланған «Санамыз қай тілде сөйлейді?» деп аталатын мақаласында жоғары оқу орындарындағы үштілділік мәселесі туралы тұшымды ойлар, дәлелді дәйектемелер айтылып, ғылыми негізге сүйенілген тұжырымдар жасалыныпты.

Автор: «Сапалы білім – қандай тілде болсын қойылатын негізгі талап, ал тіл – сапалы білімді мәдени-рухани, жан жүрекке, сезімге, сол арқылы сананы жандандыратын, оған ұлттық нышан беретін құдірет», – дей келіп, бұл байлауының ақиқаттығына белгілі америкалық әлеуметтанушы Дж. Массионистің ғылыми еңбегін көлденең тартады. Ол еңбек бойынша адамдар әлемді тілдің мәдени призмасы арқылы қабылдайтын көрінеді, яғни жеке бір идея нақты қандай тілмен айтылғанына байланысты түрліше қабылданады. Сондықтан, шынында да, әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді өзге тілде жүргізу анау айтқандай аса пайдалы нәрсе емес.

Біздің мемлекеттік тіліміздің тарихы тым тереңде. Сақ, ғұн дәуіріндегі «Ер Тоңға», «Шу батыр», «Атилла», «Көк бөрі» сияқты айтулы жәдігерлерімізді былай қойғанда, V-VIII ғасырларда тасқа қашалған «Тоныкөк», «Күлтегін», XI-XII ғасырларда Жүсіп Баласағұн мен Қожа Ахмет Ясауиге ақыл-қуат берген, XIII ғасырда Құл-Ғалиды, XIV ғасырда Сейф Сарайиды, XVI ғасырда Бабырдың үздік прозасын қалыптастырған,«Ер Едіге», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» қаһармандық эпостарын жасаған біздің түрік тілі тарихтан белгілі мың жарым жыл бойы рухани өзегіміз – жан-жүрегіміз ретінде үздіксіз жасап келеді.Өз заманында қазақ өмірінің бар саласын сынаған, жеріне жеткізе тұқыртқан Абайдың өзі тіліміз туралы ой қозғағанда кілт өзгеріп сала береді. Қабағы ашылып, дидарына қан жүгіріп, көзі шырадай жанып шыға келеді.«Алыстан сермеп,Жүректен тербеп,Шымырлап бойға жайылған.Қиуадан шауып,Қисынын тауып,Тағыны жетіп қайырған.Толғауы тоқсан қызыл тіл,Сөйлеймін десең өзің біл», – дейді.Және:«Өткірдің жүзі,Кестенің бізі,Өрнегін сендей сала алмас.Білгенге маржан,Білмеске арзан,Надандар бәһра ала алмас», – дейді.Кіді сыншы Абай қазақ тілінен мін таба алмай осылайша таңырқайды. Бабаларымыздың VIII ғасырдағы тасқа қашалған жырын қараңыз.

«Түрік бұдынын ел қылған,Төресін жөн қылған,Билігін берік тұтқан,Бастыны жүгінткен,Тізеліні шөгерген,Білге қағандар екен,Алып қағандар екен.Әкем Елтеріс қағанды,Апам Елбілге қатынды,Тәңірі төбесіне тұтып,Жоғары көтерген екен»....«Мен, тәңірі текті, тәңірі сипаттыТүрік Білге қаған.Түрік жұрты үшін түнде ұйықтамадым,Күндіз отырмадым,Қызыл қанымды төктім,Қара терімді сықтым,Ісімді, күшімді бердім,Жарақты жау келтірмедім».Бұл жырды талдаған, көп білетін біздің ұстаз айтатын:«VII-VIII ғасырлардағы Англияда, Франция мен Россияда осындай көркем сөз, сырлы сезім, терең ой, отаншыл нұсқа бар ма? Тілінің, әдебиетінің үлгісі түгіл, өздерінің аты жоқ», – деп.Орта ғасырдағы Қазтуған, Доспамбет, Жиембет толғауларының тіл көркемдігіне еріксіз таңырқаймыз.«Бұдырайған екі шекелі,Мұздай үлкен көбелі,Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,Адырнасы шайы жібек оққа кірісті.Айдасы қойдың көсемі,Сөйлесе қызыл тілдің шешені,Ұстаса қашағанның ұзын құрығы,Қалайылаған қасты орданың сырығы.Билер отты би соңы.Би ұлының кенжесі,Буыршынның бұта шайнар азуы,Бидайықтың көл жайқаған жалғызы,Бұлт болған айды ашқан,Мұнар болған күнді ашқан.Мұсылман мен кәуірдіңАрасын өтіп бұзып дінді ашқанСүйінішұлы Қазтуған», – дейді XV ғасырдағы Қазтуған.Ал осыны студентке, қазақ баласына ағылшыншаға аударып қалай оқытуға болады? Аудардың екен дейік, қазақ баласы тап өз тіліндегідей қабылдай алар ма? Мазмұнын түсінер, студенттің екпінді, әуезді, үнді, көркем сөзден алар сырлы сезімі қайда кетпек? Жүрегіне жеткізе аламыз ба?Ұлы Абай біз бүгінгі күні қаузап отырған бұл мәселені XIX ғасырда шешіп кеткен.«Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.Тоқтаулылық, қалыпты шыдамдылық,Бұл қайраттан шығады, білсең керек.Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,Сонда толық боласың елден бөлек.Жеке-жеке біреуі жарытпайды,Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек.Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,Тулап қайнап бір жүрек қалады әлек,Біреуінің күні жоқ, біреуінсізҒылым сол – үшеуінің жөнін білмек».Тағы не дейік? Абайдан асырып не айтуға болады?

Біз де ағылшын тіліне қарсы емеспіз. Ағылшын тілі – дүниенің кілті. Бұған сөз жоқ. Бірақ оны қазақ баласына ана тілінің есебінен игерту мүлде қате нәрсе. Жоғары оқу орнындағы ағылшын тілі сабағының сағат санын еселейік, ағылшын тілінен сабақ беретін оқытушы, профессорлардың мәртебесін үстем қылайық, бірақ Ілияс Әйтімбет әріптесіміз атап көрсеткендей, студенттерді сезімсіз, жүрексіз роботқа айналдырмайық. Абай атам айтқандай, оларды «толық адам» қылып тәрбиелеуге ұмтылайық. Профессор І.Әйтімбет дұрыс жазған, кейбір жоғары оқу орындарындағыдай ағылшын тілін игеруді даңғаза науқанға айналдырмай, айрықша бақылауда ұстау керек. Министрлік тарапынан да, жоғары оқу орындарының әкімшілігі тарапынан да бұған қатаң талап қойылуы тиіс. Себебі студенттің дұрыс білім алуы – ең басты мәселе.

Жұбаназар Асанұлы,С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің доценті

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жақсылық Қазымұратұлы 16.09.2023, 13:50
Әлем әдебиетін оқыту орыс әдебиетінен бас тарту ма?
Есей Жеңісұлы 16.09.2023, 11:57
«Барыс» Қазақстанның командасы емес
Сайт әкімшілігі 16.09.2023, 09:45
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеу кезеңін жеңіспен бастады
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 15:10
Жәнібек Әлімханұлы «Канелоны» жекпе-жекке шақырды
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 11:55
Екі ресейлік спортшы Қазақстан азаматтығын алады
Сайт әкімшілігі 12.09.2023, 16:45
Роналду Қазақстан құрамасының Солтүстік Ирландияға қарсы ойынын көрген (фото)

Аңдатпа


  • Әлем әдебиетін оқыту орыс әдебиетінен бас тарту ма?
    16.09.2023, 13:50
  • Ақтөбеде терроризмді насихаттады деген күдікпен 2 адам ұсталды
    16.09.2023, 13:15
  • Алматыда Астана алаңы мен Сәтбаев көшесінің бір бөлігі жабылады
    16.09.2023, 12:52
  • Ет туралы ертегі
    16.09.2023, 12:33
  • Біздің қоғам шындықтан қорқады
    16.09.2023, 10:55