Арман Қани: Біздің ел екі теңіздің ортасындағы көл сияқты

Жарас КЕМЕЛЖАН

23.09.2021, 10:02

1222

      Тәу етер Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Аз да, көп те емес. Отыз жылда жеткен жетістігіміз, кетірген кемшілігіміз де бар. Танымал ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Арман Қанимен әңгіме-сұхбатымыз кемшіліктерді айта отырып, өткенге баға бергендей болды. Әңгіме арасында бүгінгі күннің өзекті тақырыптары да қамтылды.

– Мемлекеттік тілге қатысты да соңғы уақытта көңіл көншімейтін әңгімелер айтылып жатыр. Отыз жылда орнынан тік тұра алмаған қазақ тілі қазір тіптен жер бауырлап қалды. Павлодар бұрыннан қазақшаға зәру қала еді, мына жағдайдан соң еңселеріңіз түсіп қалған жоқ па?

– Қазақ тілінің проблемасы Павлодарда ғана емес, Нұр-Сұлтан мен Алматыда да,  өзге қалаларда да бар. Солай бола тұра, кеңестік кезең мен қазіргі егемендік кезеңдегі тілдік ахуалдың  арасы жер мен көктей. Айталық, біз жасөспірім шағымызда  көпшілік орындарда, қоғамдық көліктерде қазақша сөйлей алмайтынбыз. Бәсең үнмен өзара шүйіркелессек те, өзге ұлт өкілдері   жекіріп, дереу орысшаға көшуімізді   талап ететін. Қарсылық көрсетсек, қол жұмсаудан  тайынбайтын. Осылайша көшеде де қолдануға  жарамсыз болып қалған  «жабайы» тілді мемлекеттік мекемелерде пайдалану қаны сорғалап тұрған ұлтшылдық көрінісі саналатын. Керісінше,  қазақ қазақпен орысша сөйлессе,  мәдениеттіліктің белгісі есептелетін.

        Павлодарда  30-дан астам  жалпы білім беретін оқу орындары болса, солардың арасында  бір мектеп пен бір мектеп-интернат қана қазақша оқытты.  Қазақ балабақшасы мүлде болған жоқ. Қазақша атауға ие көшелер мен дүкендердің саны бір қолдың саусағының санына  жетпейтін.  Облыс көлеміндегі елді мекендердің атаулары негізінен орысша еді. Қазіргі жағдай тіпті басқаша. Егемендіктің 30 жылдығындағы оң өзгерістерді   жоққа шығару  біреулер үшін тиімді шығар. Бірақ  азды-көпті жетістіктерге тоқмейілсісек, тоқырауға ұшырайтынымыз  және рас.  Түрлі деңгейдегі  әкімдіктер мен қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыс атқарса, елеулі нәтижеге қол жеткізер еді. Айтпақшы, қылышынан қан тамған Кеңес өкіметі кезеңінде түспеген еңсеміз енді егемендік кезеңінде түсе ме?!

– Бұрын қазақ тіліне күйініп, тәуелсіздіктің кейбір түйткілдеріне күдік келтіріп, сыни ойлаушы едіңіз. Соңғы кездері ой-пікіріңіз өзгерген сияқты. Сырт көз ретінде бізге Павлодардағы бас көтеретін аз қазақ, оның ішінде қоғам белсенділері мен тіл жанашырлары арасында бақталастық бардай көрінеді. Әлде араларыңызда әлдеқандай түсініспеушілік бар ма, қалай? «Сексеуілді сексеуілмен жарады» дегендей, қазақ тілінің жаулары сіздерді өзара қырқыстырып қойған жоқ па?

Қазақ тілі мәселесін әу баста Алаш қайраткерлері көтерді. М.Горбачевтің «қайта құру» реформасынан кейін зиялы қауым  тіл мәселесін қайта қолға алды. Нәтижесінде қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе  берілді. Академик ғалымдардың бастамасымен жер-жерде «Қазақ тілі» қоғамдары құрылып,  тіл саласындағы сірескен сеңді бұзды. О бастан тіл тағдыры үшін күрес қасиетті іс  еді. Қазіргі кезде даурықпа даңғазашылар тіл мәселесін  өздеріне қара пиар жасаудың құралы қылып алды. Тіл жанашырларының  кейпіне енген «Атың шықпаса – жер өрте» деген ұстанымдағы   дәлдүріштердің  дені орысша оқыған, балаларын  да  орыс мектептерінде  оқытқан. Сол себепті  қазақша сауатты  жаза да алмайды, қазақ тілінде таза сөйлеуге шорқақ. Өз балаларына  қазақша сөйлеуді үйрете  алмаған, ұлттық тәрбие бере алмаған  әлдекімдердің  өзге ұлт өкілдерінен қазақша сөйлеуді талап ететінін қайтерсің. Мемлекеттік тіл туралы заңды жетілдіру жөніндегі ой  бұлардың үш ұйықтаса түсіне кіріп шықпайды.  Бар білетіні – тіл проблемасы төңірегінде  жанжал, айқай-шу шығарып,  сол істерін ерлік есебінде  интернет желілері арқылы тарату, сөйтіп,  өздерін жарнамалап ұпай жинау. «Әуелде тамаша ән еді, пұшық айтып қор қылды» дегеннің кері келіп, шынайы тіл жанашырлары  әлгілерден кейін тіл мәселесін көтеруге ұялатын халге жетті.  Бұл екі топты өзара бақталас  деп пайымдау кейінгілердің ар-намысын қорлау  деп білемін.  

– Арман аға, жастарға тәрбиелі әңгіме болсын, осыдан 50 жыл бұрынғы қудалауды айтып беріңізші. Алдыңғы және орта буын сіздердің «Жас ұлан» ұйымын құрғандарыңызды және сол кездегі батылдықтарыңызды жақсы біледі. Соңғы буын бейхабар. «Жас Алаш» газеті барлық өңірге таралатын басылым болғандықтан, бүгінгі жастар сіздердің мемлекетшілдік рухтарыңыздың қандай болғанын білсін деген едім. «Жас ұлан» қалай құрылды, мақсат-мүддесі не болды, тергеу қалай жүрді, ұйымдағы ұл-қыздардың кейінгі тағдыры ше? Осыларды таратып айтып берсеңіз.

– «Жас ұлан» 1969 жылы Павлодар қаласындағы №3 мектеп-интернаттың ұлтшыл оқушылары құрған жасырын ұйым болатын. Олар сақтық шараларын ойластырып, астыртын әрекет етті. Атап айтқанда, жасөспірімдер арасында егемендік идеясын  насихаттады, жұртшылықты отаршылдық езгіге  қарсы бас көтеруге шақырған үнпарақтар  таратты. Әйтсе де көп ұзамай, ұйымды мемлекеттік қауіпсіздік комитеті әшкерелеп, мүшелерін түгелдей қолға түсірді.

      Тергеудің соңы жазалау шараларына ұласты. «Жас ұландарға» жалпы мектеп жиналысында, комсомолдар жиналысында, ата-аналар жиналысында, педагогтар кеңесінде, қалалық комсомол комитеті бюросында моральдық-психологиялық  соққы берілді. Одан соң, «жас ұландардың» әрқайсысына ұйымдағы қызметі мен іс-әрекетіне қарай түрлі жаза қолданылды. Мысалы, ұйымға жетекшілік еткенім үшін  мен мектептен шығарылдым, «ұлттық саясат мәселесіндегі өрескел саяси қателіктері үшін» деген айыптаумен  комсомол қатарынан да шығарылдым. Мектеп әкімшілігі оқу үлгерім табеліме тәртібі «3» деген баға қойды да, мінездеме сұрамау жөнінде маған кеңес берді. Осындай әдіспен білім алу құқыма қол сұғылды. Баспасөз бостандығыма  да шектеу қойылды. «Совет өкіметіне қарсы шыққан, КГБ-ның қара тізімінде тұрған адамның өлеңдерін обкомның газетіне жариялау саяси қателік» деп  танылды.

       Ұйым белсенділерінің үстінен атышулы 58-баппен қылмыстық іс қозғалғанын, «жас ұландарды» тергеу барысын  КСРО-ның бас прокуроры Руденконың өзі қадағалап отырғанын біз өткен жылы   облыстық мұрағаттағы  құпия  құжаттарға қол жеткізгенде ғана білдік. Кезінде біздің тағдырымызға Қазақстан компартиясы ОК  I хатшысы Д.Қонаев араша түсіпті деген сыбысты құлағымыз шалған еді. Сол хабар шындық секілді. Қалай болса да,  компартия көсемі Лениннің 100 жылдық мерейтойы және  «Жүз ұлттың планетасы», «Достық лабораториясы»  атанған республиканың 50 жылдық мерейтойы аталып өтетін 1970 жылы кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын саяси іс-әрекеттері үшін бас бостандығынан айыру, жалпы, Кеңес өкіметіне, компартия басшылығына абырой бермейтін іс болар еді. Біз  сол кезде  сотталудан аман қалсақ та, қоғамның өгей баласы сияқты күн кештік.

      Кеңестік қоғамда «Жас ұлан» ұйымы жөнінде айтуға да, жазуға да тыйым салынды. Әйтеуір,  еліміз егемендікке ие болған соң ғана іштегі мұң-шерімізді тарқатып, еркін тыныс ала бастадық. Өкінішке қарай, үзеңгілес серіктеріміздің кейбірінің маңдайына тәуелсіздігіміз жарияланған ұлы күнді  көру бақыты жазылмапты. Бұдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын, он бес-он алты жасында тәуелсіздікке қол созған  жас ұландар  бұл күндері талай шырғалаңды бастан өткеріп, әбден ысылған, 67-68    жастағы  кәнігі  «гвардияшыларға»  айналып, ұлы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойын жұртшылықпен бірге тойлағалы отыр.

     – Сіздер қиын-қыстау кезде қазақ мектебі үшін, әрі-беріден соң, қазақтың тәуелсіздігі үшін ешқандай қауіп-қатерден қаймықпай, ұйым құрып, жас болсаңыздар да, бас көтердіңіздер. Ал қазіргі жастар тәуелсіздіктің қадіріне шынымен жетіп жүр ме? Мұны сұрағаным, бұғанасы қатпаған, ақыл-ойы орнықпаған жастар шетелге оқуға, сол жақтағы жайлы тұрмысқа кетуге әуес. Неге?

    – Еліміз егемендікке қол жеткізген соң, алдыңғы толқын ағалар белбеуін босатып, арқаны кеңге салды. Кейінгі толқын інілер тәуелсіздік жолында батыр бабаларымыздың қаншасы шаһит болғанын біліңкіремегендіктен, ұлы құндылығымыздың қадір-қасиетін парықтай алмайды. Қазіргі нарықтық қоғам жағдайында жастардың ой-санасын ғана емес, жалпы, қоғамдық сананы материалдық құндылықтар қызықтыра бастады да,  рухани құндылықтар екінші қатарға ығыстырылды. Тіпті мектеп оқушыларының өздері шетелдік сапалы ұялы телефондар  ұстауды ұнатады. Жоғары оқу орындарының қартаң профессорлары қолына үлкен  портфельдерін ұстап жаяу жүрсе,  олардың жанынан жап-жас студенттер шетелдік көліктерімен зу өтіп өте шығады. Ал экономикасы дамыған, өркениеті өрбіген  шетелдерде оқитындары ондағы жайлы  жағдайға бой үйреткені соншалық – елге оралғысы келмейді. Өйткені мықты аға-көкесі жоқтар  мұнда жалақысы жоғары қызметке орналасу  өте қиынға соғатынын біледі. Әсіресе аста-төк тоқшылықты қалайтын қыздар өздері оқып жатқан елдің ауқатты азаматтарына тұрмысқа шығып, сол жерде тұрып қалудың амалын қарастырады.   

       Біздің қоғамды жайлаған жемқорлық, парақорлық, рушылдық індеттері де жастардың елге деген ынтызар көңілін суытатыны белгілі жайт. Егер біздің мемлекет шын мәнінде дамыған өркениетті  елдердің алдыңғы қатарына қосылса, шетелдерде  оқып жатқан өзіміздің  ұл-қыздарымыз Қазақстанға оралатын күнді тағатсыздана  күтер еді. Олар түгіл, Ресейге, Украинаға, Германияға, тағы басқа  елдерге  көшіп кеткен бұрынғы отандастарымыздың өздері қайтып оралар еді. Амал қанша? Шерағам айтатын, «бір кем дүние» бұл.

     – Иә, Арман аға, қазақ даласын қазаққа толтыра алмай отырғанда бұл шынымен «бір кем дүние»… Теріскейде отырған соң, сізден сұраған жөн шығар, «Еңбек» бағдарламасымен оңтүстіктен солтүстікке бағытталған көшке бес жыл болды. Бірақ әлі күнге дейін осы бағдарламаға жұрттың көңілі толмайтындай. Бір жерде берілген үй сапасыз болса, тағы бір өңірде жергілікті әкімдік көшіп барғандарға жұмыс тауып бере алмаған. Жерсініп кеткендері де аз көрінеді. Өзіңіз көріп жүрсіз ғой, бұл бағдарламаға не жетіспейді? Қайтсек теріскейді аз уақытта қазақыландырамыз?

– Кеңестік кезеңде  тың игеру науқаны жылдары солтүстік облыстарға Ресейден, Украинадан  жүз мыңдаған өзге ұлт өкілдері жіберілгені, оның үстіне сол республикалардан комсомолдық екпінді құрылыстарға  комсомолдық жолдамамен  он мыңдаған құрылысшылардың  да жіберілгені белгілі жайт. Сөйтіп,  Кремль санаулы жылдар ішінде тың өлкесі тұрғындары арасында орыстандыру саясатын сәтті жүзеге асырды.  

       Рас, қазіргі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін бір кезде әскери қуаты дүниежүзі халқын үрейлендірген қызыл империяныкімен салыстыруға мүлде келмейді. Тұрғын үй тапшылығы проблемасы солтүстік өңірлерде шешімін тапқан жоқ. Жалақысы жоғары жұмыс орындары  да тапшы. Дегенмен біздің  өлкеде игерілмеген жер мен латифундистердің иелігіндегі құнарлы жер аз емес. Соларды қайта қарап, оңтүстіктен көшіп келетін диқан ағайынға ұзақ жылға  жалға беру және  өзге де жеңілдік белгілеу мәселесі қарастырылса олардың бұл жақты жерсініп кетуіне қолайлы болар еді.

      Теріскей тұрғындарының  өсімі баяулап, өзге елдерге қоныс аударушылар санының артуына байланысты, жалпы, тұрғындар санының азаю факторы ескеріліп,  онда тұратын  көпбалалы отбасыларға  материалдық-қаржылық  қолдау көрсету жөнінде  арнайы заңдық актілер қабылдау қажет. Сондай шаралар солтүстіктегі  қазақ санының артуына оң ықпал етеді. Саннан сапа шығады ғой.  

– Биыл тәуелсіздікке 30 жыл толады. Осы қастерлі күнді Павлодар, Петропавл атымен қарсы аламыз ба? Облыс атауын ауыстыруға жергілікті қазақтардың өзі бір мәмілеге келе алмай жатыр дегенді естіп қаламыз. Біреулер Павлодарды Ертіс деген дұрыс десе, тағы біреулері Кереку атауымен атағанды жөн көреді екен. Осы екі өңірдің атын ауыстыруға шынымен кім немесе не кедергі?

– Осы екі қаланың атауын ауыстыру мәселесі көтерілгеніне әлденеше жыл болды. Бірінші президент пен премьер-министрдің атына республиканың зиялы қауымының атынан ашық хат та жарияланды. Одан өзге, түрлі ұсыныстар айтылған  өтініштерге де қол қойдық.  Тәуелсіз  орыстілді басылымдармен пікірталасқа да түстік. Өз басым Павлодарды Түркі қағанаты кезеңінен бері қолданыста жүрген ежелгі атауы Кереку атауын заңдастыруды қолдаймын болмаса Ертіс атауына ауыстыруды да жөн көремін. Бірақ біздің іс-әрекеттерімізден еш нәтиже шыққан жоқ. Соған ашынғандықтан шығар, 2008 жылы «Патшазаданың есімі» атты өлең де жазғанмын.

– Тарихшылар мен өлкетанушылардың пайымдауынша, ХVІІІ ғасырдың бас кезінде Н.Коряков деген біреу Ресейдің Тара қаласынан  қазіргі Павлодар қаласы орналасқан жерге келіп, қоныс салған көрінеді. Кейін 1720 жылы  орыс әскерлері тұрғызған форпост Коряковтың құрметіне Коряковский аталыпты. Кереку  болса –  Коряковтың қазақша нұсқасы көрінеді. Осы қаншалықты қисынды?

–Коряков деген адам бұл өңірде мүлде болмаған,  ойдан шығарылған аңыз кейіпкері. Тарихи бұрмалауды  тарих ғылымының докторы Жамбыл Артықбаев  әшкерелеп, шындықтың басқаша екенін ғылыми негіздеп дәлелдеген. Жерлес ғалым орыс картографы, географы және Сібір тарихшысы әрі жылнамашысы Семен  Ремезов 1699-1701 жылдары құрастырған «Сібірдің сызба картасын» («Чертёжная книга Сибири») Омбыдан алдыртып, талдау жасады.  Онда қазіргі Павлодар қаласы орналасқан жер  «Коряков Яр» түрінде картаға түсірілген. Одан соң Коряковский фортпосының   Коряков Яр  деген жерге салынғанын айғақтайтын деректер тапты. Егер  карта дайындалған ХVІІ ғасырда  өңірді  орыстар қоныстанбағандықтан, орысша атаулардың болуы мүмкін еместігін  ескерсек, «Коряков Яр» сөзінің төркіні  – «Кереку жар»   екенін  байыптаймыз. Ал  «Кереку» – Махмұд  Қашқаридың (1029-1101)  «Түркі тілдерінің сөздігіне» енген «үй», «кереге» деген мағына беретін көне түркі сөзі екені белгілі. Жалпы айтқанда, «Сызбада» қандай да бір орыс адамының құрметіне қойылған географиялық атау ұшыраспайды. Барлығы да  қазақ тіліндегі немесе көне түркі тіліндегі топонимдер екені және олардың орысша бұрмаланып немесе сөзбе-сөз аударылып берілгені байқалады.

       Кереку – орта ғасырларда  қазіргі Павлодар қаласының орнында  салынған байырғы қоныстың атауы, Коряков – сол Кереку атауының   орысша бұрмаланған нұсқасы. Ал  бұл өңірге еш қатысы жоқ Павел патшазаданың аты қойылған қалаға келешекте әлгі тарихи атауы қайтарыла ма, әлде жаңа атау қойыла ма, бұл басқа әңгіме.

      Әуелдегі әңгімеме оралайын. Патшазада Павелдің құрметіне қойылған қала  атауын ауыстырудан гөрі Астана атауын ауыстыру оңай болды. Павлодардағы Тәуелсіздік даңғылы атауын Нұрсұлтан Назарбаев деп өзгерту жеңілірек болды. Мұның сырын енді түсінген сияқтымын. Біздің бірінші, екінші президентіміз Кремльдің ашу-ызасын тудырып алмауды ойлайды-ау, шамасы. Екеуі де  «жыланды үш кессең  де, кесірткелік әлі болады» деген қазақ мәтелін  қаперде ұстайтын сыңайлы. Украина мен Грузия президенттері саяси ойды жалаң  патриотизм сезіміне жеңдіріп еді,  соңы не болды? Республика жерінің бір бөлігінен айырылып қалды. Әйтеуір, Қазақстан ондай шығынға ұшыраған жоқ. Бірақ  қатердің әлі тарқамағаны  анық.

       Орыстар соңғы үш ғасырда өзгелерге үстемдігін жүргізген империялық ұлт ретінде өмір сүрсе, қазақтар солардың ыңғайына көнген бодан ұлт ретінде бүгежектеп күн кешті. Бұл ащы шындық. Қандастарымыздың арасында орыс тілін қарым-қатынас тіліне айналдырған, Павлодар секілді орысша атауларды, жалпы, патшалық, кеңестік кезеңдерден қалған рәміздерді, тарихи мұраларды  құрметтейтін жерлестеріміздің көптеп кездесуі соның белгісі.

       Біздің билік осы жағдайды  біле тұра, тіл саясаты мен ономастика саясатының  пәрменділігін арттыруға бармайды, ұлтаралық кикілжіңді тудырып алудан қауіптенеді. «Орыс әлемінен» сақтанады. Басты мақсаты – қайтсе де мемлекеттілікті қорғау.

       Орыс кінәздары мен патшаларының  өздері күрделі тарихи кезеңдерде  елдікті  сақтау мақсатын көздеп, Алтын Ордаға  алым-салық төлеуге көнді, түріктермен, жапондармен, немістермен сәтсіз шайқастардан соң әскери, саяси, экономикалық тұрғыдан мемлекетке тиімсіз шарттарға қол қоюға мәжбүр болды. Бұл ұтылыс уақыт өте келе  үлкен ұтыстарға айналып, жоғалтқандарының орны  он есе мөлшерде еселеніп толықты. Соңғы үш ғасырды  басқыншы елдерге қарсы  соғыс, көтеріліс, қарсылық, наразылық, толқу, бодандық  жағдайында өткізіп,  саны азайып,  сапалық құрамы әлсіреген ұлттың  қайтадан қуатты ұлтқа айналуы үшін егемендік кезеңінің  30 жылы жеткілікті ме? Әй, қайдам...

       Біздің ел екі теңіздің ортасындағы көл сияқты емес пе? Екі алып империяның арасындағы халқының саны Қытайдың бір қаласы – Шанхай тұрғындарының санынан да әлдеқайда аз, жер көлемі үлкен, жерасты, жерүсті байлығы ұшан-теңіз ел үшін қауіп қайдан демейік. Оқтын-оқтын жер дауын көтеріп отырған Ресей саясаткерлері анау… Балқашқа дейінгі жер Қытайдың байырғы жері еді деген сөзді жас ұрпағының санасына құйып отырған Бейжің мынау… Олардың айтқан сөзін қалт жібермей тыңдап, мақұлдайтын ресейшілдер мен қытайшылдар арамызда жүр.

– Болашақта тәу етер жалғыз киеміз – тәуелсіздігімізді сақтау біздің елге  қиындыққа соқпай ма?

– Бұл сұрақ Ақорданың ішінде отырған ақ жағалы ұлықтарды ғана емес, қараша үйде тұрып жатқан қатардағы қарапайым азаматтарды да ойландыруға тиіс.  Қазақстанымыздың көк туы заңғар  биіктен мәңгілік желбіреп тұруын қаласақ, көзсіз ерлікке бармай, салиқалы   саясатты ұстануымыз қажет деген пікірдемін.

 – Ашық әрі еркін әңгіме-сұхбатыңызға рақмет.

Тегтер: Тәуелсіздік Егемендік пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бекболат ТАСБОЛАТҰЛЫ 22.10.2021, 15:44
Ескерусіз қалған ерлік
Жарас СӘРСЕК 22.10.2021, 10:16
Құрышпын деп жүргенің құрып кетсе-қайтесің?
Жарас ШӨКЕ 22.10.2021, 09:03
Боксшы қыздар нені бөлісе алмай жатыр?
Сайт әкімшілігі 20.10.2021, 18:56
Айман Алдаш зерттеулеріндегі терминология және аударма мәселелері
Фархад ОМАРБЕКОВ 20.10.2021, 15:17
Қожанасыр. Қожа – ғасыр
Бифат ЕЛТАЕВА 20.10.2021, 14:00
Әлеуметтік желіде «жалдамалы жазбалар» көбейіп барады

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31