Әсия Ыдырыс: «Аула чемпиондарынан» Әлем чемпиондары шығатынына сенім мол

Бифат ЕЛТАЕВА

15.11.2022, 13:40

1619

Маңғыстау облысында «Аула чемпиондары» атты әлеуметтік жоба қолға алынды. Атаулы жоба қазіргі таңда тұрғындар үшін маңызды жобалардың бірі болып отыр. Яғни ашық алаңда футбол, волейбол, баскетбол секілді спорт түрлерінен тегін жаттығулар өткізіліп, жоба аясында қала, ауданаралық жарыстар жиі өткізіліп тұрады. Ал ең қызығы ауладағы тұрғындарды спортқа баулу үшін арнайы жаттықтырушылар бөлінген-ді. Аталмыш жобаны қолға алып, жүзеге асырып келе жатқан кәдімгі қазақтың қарапайым қызы десек, бірі сенсе, бірі сенбес. Ол дзюдо және самбо бойынша халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы, білікті педагог-жаттықтырушы, «Біздің ауланың чемпиондары» жобасының авторы Әсия Ыдырыс. Бүгінгі сұхбатта оның спорт саласында атқарып жүрген ауқымды істерімен оқырман қауымды толығырақ таныстыруды жөн көрдік.

–  «Аула чемпиондары» жобасы туралы қысқаша таныстырып өтсеңіз. Жалпы чемпиондарды дайындайтын жобаның жұмыс істеп келе жатқандығына қанша уақыт болды?

— «Біздің аула чемпиондары» жобасының шығу тарихына  келсек, бұл жоба ең алғаш рет Ақтау қаласында ашылған болатын. Содан кейін 2017-2018 жылдар аралығында жобаның іске қосылуына мәслихат сессиясымен біраз кеңесе отырып, 2019 жылдан бастап жоба жұмыс жасай бастады. Мәслихат шешімінің арқасында облыс әкімдігі қалаға қарасты 24 шағын ауданның алаңында жұмыс істеуге келісім берді.

Бастапқыда алаңды бізге тек жаттығу өткізу үшін берген болатын. Сол үшін де 2020-2021 жылдары  жаппай  пандемия уақытында бізге бөлінген ақшаны қайтарып алды. Бірақ біз бұл қиындыққа мойымай, тоқтап қалмай, онлайн форматта жаттығулар мен конкурстар өткізіп жүрдік. Одан бөлек,  осы уақытқа дейін теңіз жағалауында да зейнеткерлерге тыныс алу жаттығуларын тегін өткізіп, алғыстарын алып жүрміз.

Жалпы «Біздің аула чемпиондары» жобасы оңай жүргізіле салатын нәрсе емес. Бастаған еңбегіміз жемісті болуы үшін көп тер төгу қажет. Сол үшін де жобамыз басталмай жатып, тоқтап қалмас үшін ауладағы әрбір үйдің есігін қағып, ата-аналарға жобамызды таныстырып, балаларын салауатты өмір салтына баулуға бірлесіп, атсалысуына үндеу жасадық. Тәжірибе ретінде балаларды аулаға шығарып, жаттығу жұмыстарын көрсетіп едік, ата-аналардың да, балалардың да қызығушылықтары ояна бастады. Осылайша аз уақыттың ішінде біздің жобамыз танымал болып шыға келді.  

Қазіргі таңда «Біздің аула чемпиондары» жобасы бойынша ауладағы жаттығу жұмыстарынан бөлек, жыл сайын үлкен жарыстар өткізіп келеміз. Атап айтсақ, биыл тамыз айында Ақтау қаласы бойынша 15 шағын аудан теңіз жағалауында қазақтың ұлттық ойындарынан облыстық үлкен көлемде жарыс өткіздік. Оған Шетпе, Мұнайлы, Бейнеу, Жаңаөзен, Форт-Шевченько және аудандардан балалар қатысты. Жарысты пайдалана отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді де жөн санадық. Яғни қазақтың ұлттық ойындары арқан тарту, асық ату және жеңіл атлетикадан жарыстар ұйымдастырып, жағалауға киіз үй тігіп, қазақы нақышта жасалған бұйымдарды қойдық. Осылайша, бір оқпен екі қоян аттық десек те болады. Жарыстың арқасында қазіргі жас ұрпақтың ұлттық нақышымызға, киіз үйлерге қызығушылықтары жоғары екенін байқадым. Балалардың сол кездегі киіз үйлерге аң-таң болып, қуанғанын көріп, төбем көкке жеткендей болды.

— Аталмыш жобаны ұйымдастырудың тиімді жақтары қандай, тоқтала кетсеңіз?

— Бұл жоба біріншіден, ата-аналар үшін қолайлы болып отыр. Неге десеңіз, қазіргі уақытта ата-аналардың көбі таңнан кешке дейін жұмыста жүреді. Ал балаларының үйде немен айналысып жатқанынан бейхабар. Балаларын қосымша сабақтарға беруге барлық ата-ананың жағдайы да, әрі-бері тасып жүрулеріне уақыттары да жете бермейді. Осыған орай, біздің жобамыз ата-аналар үшін үлкен көмек болып отыр. Ата-ана балаларын әрі-бері тасып жүрмейді, әрі тегін. Балалар өз ауласына жүгіріп шығады да, жаттығуға кірісіп кетеді. Әр аулаға балаларды дайындайтын арнайы мамандар бөлінген. Жаттықтырушы мамандар балаларды кәсіби тұрғыда спортпен шұғылдануына бағыт-бағдар беріп, олардың барлық қауіпсіздігіне жауапты болады.

-  «Біздің аула чемпиондары» жобасының негізгі міндеті қандай?

— Нақты айтқанда, біздің басты міндетіміз – балаларды спортқа және салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу болып саналады. Сонымен қатар біз балаларды спорттық жаттығуларға баулып қана қоймай, олардың өзін-өзі ұстауына, тәрбиелі жүрулеріне көңіл бөлеміз. Әр жаттығудың барысында балаларға бір-бірімен ұрыспау, төбелеспеу сияқты қарапайым нәрселерді айтып, барынша тату болып өсуіне септігімізді тигізіп жүрміз десек артық емес. Бос уақыттарын құр өткізбей, барлық күш-жігерлерін спортқа арнау керектігін түсіндіріп жүреміз. Әр айдың соңында балалардың спортқа қатысып жүргендегі нәтижелерін білу үшін үлкен жарыстар өткізіп тұрамыз. Бұл жарыстар ата-аналар мен балаларының арасындағы тығыс қарым-қатынасты орнатуына да септігін тигізіп отыр. Себебі ата-аналардың жұмысбастылығының кесірінен балаларына жеткілікті түрде көңіл бөлулері сиреп кетті. Сол себептен біз спорттық жарыстар өткізіп, ата-аналарын балаларын қолдауға келулерін сұраймыз. Ал ата-аналар сөзімізді жерге тастамай, бір сәт жұмысынан тыс уақыт тауып келеді. Жарыс соңында балаларының алға озып, жеңіс тұғырынан көрінген сәттегі ата-аналардың жүзіндегі қуанышты көріп, мақсатымыздың орындалып жатқанына шүкір етеміз.

-  Жобаның ашылғанына біраз уақыт болған екен. Осы уақытқа дейін «Біздің аула чемпиондарының» ішінен біраз чемпиондар шығып жатқан шығар?

— Әрине, жетістіктеріміз өте көп. 2021 жылы «Біздің аула чемпиондары» жобасы бойынша өзіміз 73 мерекелік спорттық шаралар ұйымдастырдық.  Оның ішінде мастер кластардан бастап, футбол, волейбол, асық ату, баскетбол, гандбол, эстафеталық ойындар, брейкданс, жеңіл атлетика және қазақтың ұлттық ойындарынан жарыстарды әрбір шағын аудандардың  алаңдарында кезекпен өткізіп, балаларды ынталандырып келеміз. Ол спорттың түрлерін атап айтатын болсақ, волейбол, баскетбол, футбол, ганбол, эстафеталық ойындар, брейкданс, жеңіл атлетика және қазақтың ұлттық ойындары бар. Көбіне балалардың қызығушылықтары футболға басым екенін байқадық. Сол себептен әр жаз сайын футболдан жарыс өткізіп, барлық аудандар бойынша жоғары деңгейде өтуін қадағалаймыз. Жарыс соңында жеңімпаз командаға ауыспалы кубок пен дипломдар, медальдар табыстап марапаттаймыз. Ынталандыру барысында демеушілер арқылы арнайы сыйлықтар жасап, қуантамыз. Жарыстан озып шыққан балаларды республикалық жарыстарға да қатыстырып жатырмыз. Көбісі спорттық жарыстардан жүлделі оралды. Алдағы уақытта «Біздің ауланың чемпиондарының» ішінен әлем чемпиондары шығатынына сенімім мол.

— Жоба бойынша қызмет ететін бапкерлер не болмаса нұсқаушыларды қалай таңдайсыздар? Яғни спортқа икемі бар кез келген адамды бапкер ретінде қабылдайсыздар ма әлде өз ісіне машықтанған мамандарды таңдайсыздар ма?

Әрине, көбіне жобаға дене шынықтыру және спорт мамандығының студент түлектері мен жұмыспен қамту орталығынан мамандар аламыз. Тіпті көбісі алғашқы тәжірибелерін осы жобадан алды десек те болады. Жалпы жоба бойынша 80-ге тарта маман жұмыспен қамтамасыз етілді. Болашақта қолына диплом алған жас мамандардың басқа салаға кетіп қалмай, өз мамандығы бойынша жұмыс істеуіне де үлкен мүмкіндік деп білеміз. Сондай-ақ жаттықтырушылардың балаларды спортқа қызығушылықтарын ояту үшін түрлі жаттығулар мен әртүрлі спорттық ойындармен ойнатуын қатты қадағалаймыз. Бапкерлердің жұмыс тәжірибесін арттыру мақсатында, жылда аулалар арасында байқаулар өткізіп, ең үздік нұсқаушыларды анықтап отырамыз. Бұл жаттықтырушылардың өзінің мамандығына деген қызығушылығын арттыруы арқылы болашақта көптеген спортты жанына серік еткен жастарды тәрбиелеп шығаратынына септігін тигізеді деп ойлаймын.

Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Тегтер: спорт футбол хоккей ақпарат дерек ұйымдастыру. Олимпиада

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16