Аспандағы әуез

Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ

07.10.2021, 13:41

957

Неге сені ұнатам, неге, неге, сары күз,

Көңіл шіркін жетті ме кенереге, сары күз,

Таусылмас деп жүргенде алаңғасар бәріміз

Опа бермес өмірді орталаппыз, сары күз.

Ұрттап-ұрттап өмірден шала мас боп қалыппыз,

Сүйтсек, айналайынды несиеге алыппыз...

Бұлықсыған бұла күн буырқанып өтті ме,

Қос самайға із тастап жастық шағым кетті ме,

Айтшы, айтшы, сары күз, қайда кетті сол күндер,

Қайырылып қарасаң, біреу бар ма көрдім дер?

Шағылмай-ақ тауымыз, сынбаса да сағымыз,

Сағындырды-ау сол жылдар, сарала бақ, сары күз.

Жапырағы сарғайып, қызарып тұр шоқтайын

Жол жағалай жарыса сап түзеген көп қайың.

 Шөп ішінен сары мысық шыға келді үсті кір,

Салбыратып мойынын тістеп апты құсты бір.

Күздің сәні – сары тоғай, сары тоғайды көрмек пе:

Көлеңкесі ақ бұлттың баққа кірді еңбектеп.

Таудан түскен қар кешіп таңғы ауаның сызын-ай!..

Мөлт етті ме бір тамшы, тоңазыған күзім-ай..

Көз жасыңды қайтейін, сарала күз, сал дәурен,

Көңілім бос менім де, өңім суық болғанмен.

… Саржайлауға шықсам да, шығатын-ақ шағымыз,

Неге сені ұнатам, неге, неге, сары күз?..

Тұманды кештің әуезі

Бауырымдап түскенде бұлттар шыңнан көксерек,

Бауырдағы қалаға ауыр тұман шөксе кеп.

Ауыр тұман шөксе кеп аударылып бөктерден,

Ауық-ауық дым бүріксе аусар ауа көк белден.

Кеш батқанда кеулеген қою тұман өзі артық -

Жарқыраған фонарьдың екі көзін бозартып.

Бағаналы көшенің баған-баған шамдары

Боз тұманға оранса, адыра қап арманы.

Күнің қайда еңселі нұр төгетін кешегі,

Сәулесі жоқ фонарьдың маңдай соры бес елі...

Төңірегің боз тұман, жоғалтқанда бояуды

Жалғызсырап қосылар жанды егілткен жаяу мұң.

Жалғызсырап қосылса жанды егілткен жаяу мұң,

Сең қозғалып, дариға-ай, сені еске алам, аяулым!

Сені еске алам, аяулым, үнсіз ғана егіліп,

Мына жалған дүние не түсінер, не біліп!..

Тарам-тарам жас шықса, тас көкірек ашылар,

Қоңылтақсыған көңіл тыншығар да басылар.

Сезімімді ұғар ма: күзгі кештің сыз демі

Қарып екі бетімді әлденені іздеді.

Бір уақытта...  шіркінім сырлы әлемге құмар ма:

Жанды егілткен сол бір мұң кетті-ау сіңіп тұманға.

Содан бері, ғажап-ай, сырлы сезім оянды:

Тұман түссе, болғаны, еске түстің, аяулым.

 АҚ ЖАУЫНДЫ ӘУЕЗ

Cор қайдан:

Жапыраққа сарғайған

Аяқ сүртіп кіріп келді жүдеу Күз,

Ұялғаннан сонда сол Жаз сап-сары боп қол жайған,

Шімірікпей біреуіміз...

Әй, кезбе,

Іздесеңші жайды өзге,

Іздеп жетер мұратына ел, жаным,

Көк пен жердің арасынан өрмек құрып сол кезде

Тік шаншылды ақ жауын.

Отырып,

Рұқсат сұрап өтініп,

Күзден бата ап кетті Жазым кезіп қыр,

Тағы да әуе толқынында екі езуі көпіріп

Буфатория бөжіп тұр.

Бақ білген:

Қайран әлем тәтті үнмен

Қалбалақтап қанатында құстардың,

Аңқылдаған  ақ жауыннан бір әуезе таптым мен,

Сол шіркінге құштармын.

Бер шыдам,

Қайран көңіл тыншыған,

Жыла, жыла, беу, қонағым, біз екеуміз құрдаспыз,

Жапырақтар дірілінде өмір тұрса тыншыған,

Күркілдейді дімкәс Күз.

Жаңбыр леп

Күмбір де күмбір, күмбірлеп,

Күпті көңіл жадыратты ойымды,

Әуесінен күздің түсті әуезелер бір-бірлеп

Шымырлатып бойымды.

Өр басын

Ұрламасын, ұрласын,

Сарғайған Жаз әлі-ақ келер жарқылдап,

Жауын тоқтап, жасын сүртті сонда жүдеу құрдасым,

… Ал дүние салқындап.

Желді күнгі әуез

үууілдеп

үу-уі үу-уі үууілдеп

үуілдейсің нені жоқтап, қайран жел

сарыуайым сарын салып сақарада түр үрлеп

сандал таудан, сайран бел

еңселім,

уайым емес, жел сенім

әкелмей ме, қайталанған жәйт неше

бұ жалғанда екі туып бір қалғаның мен сенің

неге келдім әйтпесе!..

сол жаққа

алып кетші сол жаққа!..

жел-ағатай, мені жалғыз тастама

мен сенбеймін алдамшы күн, арзан өмір, оңғаққа

сеніп қалсам – масқара...

асқарым,

асыққан жел – асқақ үн

әлденеге шөлдеп келеді қу өмір

жер бетіне жерік күндер — қас-қағым сәт, қас-қағым

сол сәттерді сүйе біл

әуез деп

әуезе, әуез, әуездеп

самал желге жанымды ашып тастадым

үуілінен ырғағы мен уәзінін және іздеп

тауып алдым асқағын

өмірлім,

нені ұға алдың, не білдің

апырай, ә, сенейін бе шынында:

сабасынан ақтарылған асқақ мына өмірді

сүргендеймін бұрын да

жай табар

көңілімде байтақ ән

жолаушы боп келдік, сәулем, екеуміз

екеумізге жолығу жоқ жер бетінде қайтадан,

қайта нұр боп кетерміз

жек көрме

салауат айт өткенге:

кешіппіз-ау бақыт суын ең тұнық

сені жоқтап екі көзім өксіп-өксіп кеткенде

жел де жетер ентігіп.

… ал содан соң...

...құржаңдап

нұржан, нұржан, нұржандап

жел-бауырым омырауымнан аймалар

тұңғиығында көк аспанның өзім сүйген бір жан бар

деп көңілім жай табар

таңғалсын:

мына адамзат аңғарсын

тек өзіңнің бар екенің, еңселім

...өмірден тыс, уақыттан тыс сен барсың ғой, сен барсың –

көңілімді жұбатпай ма сол сенім?!

............................... .

өмірімді уатпай ма сол сенім...

АСПАНДАҒЫ ӘУЕЗ

...ұзақ түн...

салоны ұшақтың

алқынған көңілді тұсап мың

сезімді жасаулап асыққа ұзаттым,

ұзақ түн

салоны

ұшақтың, әлемі

аспанның түннен де әдемі!

сыңсуын айтқанда сезімім әуелі

нау еді...

арман-ай

шіркінді алдамай

көңілге сенбей-ақ алғадай

берсемші, батамды, беу, бағын байламай

әй, бала-ай...

жолықтық,

көңілдің жарықтық

емес пе қонағы, жаңа ұқтық,

аз күндер өткізді сезімім сауық қып...

соң ұқтық

сақтар ма

дәл со бір шақтарда

түнге де қой дейтін дәт бар ма:

көзінен мөлт етіп бір жұлдыз аққанда

бақтарға

жалғанда

ұғатын жан бар ма

қанаты ұшақтың талғанда

жүк болмай, шіркін-ау, ұшар ма ем арманға –

сол жанға

асықтық

мұң шіркін жасық қып

ұшақпен жетпессің, рас, ұқтық

сезімдер қосылса, қос көңіл нәсіп қып

...ғашықтық

ұсақ мұң

жөні ме ісі ақтың:

ақ таңға асыққан ұшақты

 жеткізбей жүйткіген не деген ұзақ түн!..

… жаным-ау, ұзақ тым

КӨҢІЛДЕГІ ӘУЕЗ

көңілде көктер көктем бүршік атып

өңімде – қыс

өшсе де қайран көздің күншуағы

өкінбеңіз

із қалмасын дей ме екен өткен күннен

қар қылаулап

құс тістеген сары мысық көктемді де

қарғып алмақ...

сарыуайым ішің жеп, сыртыңды алып

неніңді ұқпақ

кенезесі кеппейтін шіркін уақыт

өмірді ұрттап

шықты тұман аузынан тар шатқалдың

жер бауырлап

ықыласы көңілдің шаршап қалды

жалғанды ұрлап

қар құйып қағанағы қарқ болды

сауға сұра

… талайсыз тағы бір құс келіп қонды

тал басына.

ҚАРЛЫ ӘУЕЗ

күшіктеп

айға қырау түсіпті

ішін тартып ұлығанда ақ боран

қалбатаудан қаба жауып қарға тықса үсікті

сары майдай сақтаған

 қар жауып...

қаба жауып, қар жауып

иендегі жетім ауыл бұйығып

төрт бұрышқа қашты бейуақ жарқ еткенде шам жанып

қыршынынан қиылып

бораны

ұйтқығанда жол, әні,

жол емес-ау, ақжал таулар қонады

терезенің сыртында шындық жүрсе шарпысып

телевизор қызыл сөзге толады

жел үрлей

ат құлағы көрінбей

жетім ауыл жәутеңдейді бейшара

қоғам шіркін кеудесі зор, қысыр жеген бөрідей

не амал бар, не шара

дұрыстап

дәрі берсе уыстап

деп ойлаған шеше байғұс әбігер

күйіп-жанып жатыр бала қос өкпеден тыныстап

жапанда жоқ дәрігер

айдала

қайда, қайда, қайдалап

бұрыштағы бейуақыттың қос өкпесі сырылдап

шытыр-шытыр от жанады пеш көмейін аймалап

ал түтінін түн ұрлап

әлдилеп

дүлей боран дүниеге қарды үймек

жентек-жентек қардан жетім жас парлап

арсы-арсы қу бұтақтар қол жаяды зар илеп

бедірейген аспанға

қар жауып

қаба жауып, зар жауып

не болды екен сол ауылдың күні, айтшы, ау, жаным

… біле алмадым, әй, бауырым,

біле алмадым ол жағын...

Тегтер: проза поэзия ақын пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.10.2021, 18:56
Айман Алдаш зерттеулеріндегі терминология және аударма мәселелері
Фархад ОМАРБЕКОВ 20.10.2021, 15:17
Қожанасыр. Қожа – ғасыр
Бифат ЕЛТАЕВА 20.10.2021, 14:00
Әлеуметтік желіде «жалдамалы жазбалар» көбейіп барады
Бағдат МОМЫНОВА 20.10.2021, 00:00
Қазақ баспа нұсқалары тілін алғашқы зерттеуші ғалымның бірі – профессор Б.Әбілқасымұлы
Сайт әкімшілігі 19.10.2021, 10:30
«Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
Жарас КЕМЕЛЖАН 19.10.2021, 08:39
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ: Тақымы таққа жабысқан шенеуніктерден театрға қаржы бөлдіру – ерлік

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31