Асқар Наймантаев: Жастардың тілімен айтқанда «өтпей қалдық»

Бифат ЕЛТАЕВА

17.08.2022, 18:11

2618

Кезінде қазақ әзіл-сықақ театрын әзілімен дүрілдеткен, халықтың ойындағысын астарлы әзілмен жеткізе білген актерлардың бірі – Асқар Наймантаев. Ол бүгінде көгілдір экраннан көрінбесе де, театрлардың отын өшірген жоқ. Яғни, бірнеше кішігірім театрларды ашып, шәкірт тәрбиелеп жүрген жайы бар. Осы орайда, актермен өнер жайында әңгімелескен едік.

— Асқар аға, сіз ашқан «Хан тәңірі», «Қара дала» театрларының жұмысы қалай болып жатыр.  Бірден екі театрды ашу қиын болмады ма?

— «Хан тәңірі» мен «Қара дала» театрлары ғана емес, «Қаракемер балалар театры» да бар. Бұл театрды 2015  жылы ашқан едік. Үш театр да заман талабына сай, облыстық мәдениет басқармасының алға қойған міндеттерін де мүлтіксіз орындап, шығармашылығы шыңдалып, кәсіби деңгейі де өсіп келеді. Райымбек, Ұйғыр ауданы, Еңбекшіқазақ ауданы басшылары да бұл театрларға ерекше көңіл бөледі. Амал жоқ, штат мәселесі шешімін таппай келеді. Оған аудан басшылары кінәлі емес, бюджет жоғарыдан бөлінеді. Театр ұжымымен бірге аудан әкімдері де жоғарыға қол жайып отыр. Ал бұл театрлардың қойылымдары тек аудан, облыс емес, Республика халқын бір емес бірнеше рет елең еткізгенін қазағым жақсы біледі! Германияның Франкфурт на Майне қаласында өткен халықаралық фестивальдің Гран-при және Бас жүлдесін иеленді. Мәскеуде өткен халықаралық фестивальдің де бас жүлделерін алды. Қысқасы, театр ашуға дарынды ұрпақ туылған қазақ ауылы дайын болғанымен, үкіметіміз дайын болмай шықты. Мен жалпақ әлемге жар салып, екі театр ашқанымда дүр сілкінген өнерлі жұрт жер-жерден театр аша бастады. «Хан тәңірі» мен «Қара дала» театрлары ашыларда Алматы облысы бойынша 6-7 театр болған. Бізден кейін бір айдың ішінде 23 театрға жетті! Демек, бұл уақыт талабы. Біз тамырын дөп бастық. Ауылды жерде дарынды жас көп, өнер колледжінде оқыған жастар өріп жүр. Жуырда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды жұмыспен қамту жайлы тағы да мәселе көтерді. Завод, фабрика ашпасақ та, аудандық мәдениет үйінен театр ашып бердім ғой. Енді сол өрімдей жас таланттарды тентіретпей, сандалып жүрген асабалар армиясын көбейтпей, штатын берсе қайтеді?! Халықтың рухани дамуына да үлес қосатын өнерпаз мемлекетімізге керек емес пе сонда? Былтыр парламентте үлкен жиын болып, осы сұрақты сол арада да айтқан едім, «ду» қол соғып, жабыла жарылқайтын болып қалған. Жыл өтті, қыңқ еткен үкімет көрмедім...

«Екі театр ашу қиын болмады ма?»  дейсің, әрине оңай емес, екі жыл бойы Алматы – Нарынқол, Алматы Шонжы, Алматы – Қаракемер деп жаяу- жалпы салпақтау кімді болса да қажытады. Мені алға сүйрейтін біріншіден; Нарынқолда әке-шешем істеген театрды қайта аштым, қара шаңырағымды қалпына келтіргендей болған соң оны тастап кете алмаймын. Екіншіден, намыс бар ғой! Бастаған істі аяғына дейін жеткізіп, театрлардың «Халық театры» деген атағын қорғатып, оң-солын танып, осы театрларды ары қарай жетелеп кететін бір азамат дайындап, қолына табыстап кетпекпін.

— Қазіргі таңда сатираның жайы қалай?

Қазіргі сатира менен ақыл сұрайтын жағдайда емес, тәуба! Сатира қазір құлашын кең жайған, сахна мен әдебиетте емес, журналистердің мақалалары да сатирамен сөйлеп тұр! Тек сахнада сатира көрінбей барады. Өнер болудан қалып барады. Өткір сатира емес, біреуді әжуалау мен келекеге толып кетті сахна...

— Тағы бір мәселе, осы уақытқа дейін әзіл-оспақ театрлары бәсеке түрінде қарқынды дамыды. Ал қазір әзіл-оспақ театрлары көп өнер көрсетпейтін болды. Бұны әзіл-оспақ театрларындағы шығармашылық дағдарыс дейін десек, сатира жанрында жазып жүрген жазушылар әлі де көп. Соған қарағанда басқа себеп бар сияқты ма, қалай?

— «Әр заманның өз әзілі бар» –  дейді білгіштер. Қазіргі қысыр сөз қуған жастардың тілімен айтқанда «өтпей қалдық». Осыған сеніп, төрт жыл бұрын «Қызық кәнсертпен» ел алдында шыққан кезде, залда отырған жастарды көріп мен де үрейлендім басында. Сөйтсем, оным бекер болып шықты. Тіпті өзім айтудан жалыққан, баяғыда орындап кеткен әзілдерім бүгінгі көрерменге су жаңа болып әсер еткеніне таңдандым. Жас ұрпақ менің бұрынғыларымды естімеген екен ғой! Тек көрерменге айтарым, бізді телевизордан іздей бермей, тірідей көруге тырысыңыз. Сахна өнері тірі өнер. Телеарналар көшірмені көрсетеді.

— Кейінгі кезде телеарналардан әзіл-оспаққа құрылған жастардың бағдарламалары көптеп шығып жатыр. Оған қандай баға бересіз?

— Кейінгілерді көп қарай бермеймін, күле де қоймаймын. Олардың нашарлығынан емес, біз езу тартар тақырып болмағандықтан. Көпшілігі баяғы біз айтып, ойнағанымызды тонын айналдырып қайта көрсетіп жатады. Амал қанша...

— Олай болса, сіздер тарапынан жастарға айтар кеңестеріңіз бен көрсетер бағыттарыңыз болу керек шығар...

— Өнер адамы өмірді көре келе жас болсын, ересек болсын бағдарын өзі тауып алады. Сахнаның заңы солай. Қазір әзілдің айналасында кәсіби емес өнерпаздар жүр. «Актер шеберлігін» оқымай-ақ талай актерыңнан алдамыз»  дейді. Онысы рас. Экран арқылы танымал болған соң мақтануға қақысы бар. Бірақ ол ұзаққа баратын жетістік емес. Білімсіздік бір күні жолын кеседі. Себебі, кәсібі сахна өнері болмаған артистерді көпшілік көріп жүр ғой, алғаш көрінген бір образда, бір бейнеде қалып қояды. Өзгермейді. Бірқалыптылық күндердің күнінде көрерменді де жалықтырады. Сондықтан оқу керек, іздену керек. Өмірде болмаса да сахнада өзгеру қажет. Көрермен кейде «Апырмай, баяғы «Тамаша» керемет еді!» деп жатады. Соны айтқан адамнан «Сол «Тамашаның» несін аңсайсыз?» деп сұрасаң, актерлық ойын мен жасалған кейіпкерді, жақсы шыққан, есте қалған образды айтады. Ал қазіргі көрермен «Бәленше былай деді, түгенше сөзбен сойып салды» деп, тек сөзді мақтап, сөзге, әжуа мен келекеге күледі. Образ, жаңа кейіпкер жоқ, күлмекке жақсы қысыр сөз көп. Кәсіби, өзін-өзі сыйлаған актер сахнада ешкімді мазақ етпейді. Пародия деген әжуалау емес. Пародия – айна қатесіз ұқсастықпен бірге ар-намысқа тимейтін достық әзіл. Айта берсек әңгіме көп, білімсіз ештең?????????

-  «Тамаша» әзіл-сықақ театры кезінде дүрілдеп тұрған еді. Көрерменнің көзінен кеткен театр жайлы толық айтып берсеңіз?

— Дүниенің бәрін жекешелендіру науқанының кезінде Ұлықпан Есенов ағамыз «Тамаша» ойын-сауық отауын жекешелендіріп алған. О баста, «Қазақстан» арнасынан басталған бағдарлама кейін «Хабар» арнасына көшті. «Тамаша» театр емес, ол телевизиялық бағдарлама. Онда жұмыс істеген ешқайсымыздың еңбек кітапшамызда «Тамашада» істеді деген мөр жоқ. Қатысқан кезде жасалатын келісімшарт қана. Ұлықпан ағамыз өмірден озған соң жеке дүниесі мұрагері, қызы Әлияның қолына көшті. Ол біраз ізденіс жасап, әртүрлі форматта «Тамаша» жасап көрді. Бірақ болмады. Сонау бір жылдары Ералхан Әбішев екеуміз «Тамашаны» сатып алуға да талпындық, келіспеді. Сонымен «Тамаша» жаңа жол таба алмай тоқтап тұр.

— Кейбір театрлар қойылымды әжептәуір әзілмен бастап келеді де,  соңын қойыртпақтатып, ақыл айтумен, не жылататын музыка қойып,  ал кейбірі дінді көп насихаттап жатады. Яғни көрермен күліп емес,  жылап шығатындай жағдайлар көп. Соған қарағанда, сатира сахнасының стилін әркім өз қалауынша өзгерте беретін секілді ме, қалай?

— Жоғарыда айтып өткендей сахналық бағыт-бағдарын әр театр өзі таңдайды. Иттің де, мысықтың да театры бар әлемде. Уағыз айтса да, трагедия ойнаса да өз таңдаған жолы сол. Біреуге ұнамағанымен өзгелерге жағымды. Көретін көрермені бар. Сұранысы болып тұрғанда ондай театрлар өмір сүреді. Негізгі мәселе – сұраным тоқтаған кезде ол театрлар тонын өзгерnіп, көшке ілесе ала ма?

— Ал жеке өміріңізде қандай жаңалықтар болып жатыр?

— Жеке өмір дейтін елден жырақ жүргенім жоқ, әр басқан қадамым көз алдарыңда, өнер мен өмір араласып кеткен менде. Өнердегі жаңалық өмірдегі де жаңалық.

— Қоғамда сізді не нәрсе толғандырады?

— Әділетсіздік, өтірік айтқан дөкейлер, байлықтың үстінде отырған ағайынның қайыршы тірлігі, шұрқ-тесік жолдар, қайсыбірін айтайын...

Қазіргі кезде аудандық мәдениет бөлімдерін қысқартып, оны спорт, тіл, мұрағат, кітапхана сияқты бөлімдермен бірге ішкі саясат бөліміне қаратып қойды. Ішкі саясат деген онсыз да шаруасы шаш етектен болып жатқан бөлім еді. Дін істері дегеннің өзі-ақ ішкі саясатыңның басын мүжитін үлкен мәселе. Өнер мен әдебиет ұлттық идеологияға қызмет етеді ғой, дегенмен мәдениет деген аудан көлемінде елеулі орны бар, көтерер жүгі орасан, көптеген қызметкері, мәдениет үйі, ауылдық клуб сияқты ғимараттары бар, отын-суы бар, біраз оркестр, ансамбль, театры бар ауқымды мекеме ғой. Ішкі саясат бөлімінің кейбір басшысы өнерді дұрыс ұға да қоймайды. Бір ауданда агроном, бір ауданда мұғалім, бір ауданда тіпті өз жұмысын түсінбейтін, әйтеуір аудан әкімінің орынбасары болсам деген кресло қуған біреу отыруы мүмкін. Солай болып та жатыр. 2012 жылы үкімет мәдениет саласын дәл осылай қысқартып, бір жылдан кейін қайта бөлген еді. Осы жолы да сол қателігін қайталап отыр. Мойындай қоюға қу көкірек пен менмендік жібермейді. Көресіні ешкіммен ақылдаспай шешім қабылдайтын тоңмойындардан көріп келеміз. Бір кем дүние...

— Бір сұхбатыңызда әншілердің түрін көргім келмейді депсіз. Әншілерден не себепті көңіліңіз қалды?

— Ол жақсы әншіге айтылған сөз емес. Әйгілі театр режиссері, марқұм Болат Атабаев ағамыз «Сахнада айтып тұрған әнінің мазмұнын, айтар ойын білмейтін, үстілеріне жылтыр киім киіп алып, «Мені көрдіңдер ме?» деп жүрген әншісымақ көбейіп кетті, құрсын!» деп отырушы еді. Шынымен де кейбір әншінің түріне қарамай, әнін тыңдаған дұрыс. Көзінде мазмұн жоқ, айтып жатқаны өкпе ме, наз ба, сағыныш па, ашу ма белгісіз, әйтеуір сахнада сәнді көйлек киіп, өзгелерден аумайтын макияж жасаған әншінің түріне несіне қызығасың. Әнін тыңда, ұнамаса өшіре сал. Бітті.

— Алдағы уақытта театр, өнер саласына жаңалық енгізу ойыңызда бар ма?

— Театр өнері жаңалыққа мұқтаж емес, адалдыққа, тазалыққа мұқтаж! Өнер сауда-саттық орталығы жасаған жылпостардан арылуға мұқтаж. Осыған Сіз болып, біз болып атсалыссақ қой шіркін! Осының өзі – үлкен шаруа?

Осыған орай, айтарым, Алтынбек Сәрсенбайұлы биыл 60 жасқа толар еді. Осы мерейлі күнге арнап «Хан тәңірі» театрына «Біздің Алтынбек» атты қойылым әзірленуде. Қазір сонымен айналысып жатырмын. Кез келген сахналық қойылымға қаржы керек. Мен өзім там-тұмдап концерттен түскен қаржыны осындайға жұмсап, үлкен театрлардан көне киім, декорация сұрап, жоқтан бар жасап жүрміз. Біздің елде өнерге қаржылай көмек көрсете қоятын серілер аз. Үкіметтің өзі штатын қимай отыр ғой. Кімге өкпелейсің? Барына базар.

Сондай-ақ «Біздің Алтынбек» спектаклімен «Хан тәңірі» театры қараша айында өтетін Д. А. Қонаевтың туғанына 110 жыл толуына арналған облыстық фестивальге қатысады. «Қара дала» театры осы мамыр айында, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай қойылған Нартай Сауданбекұлының «Аманат» атты тарихи драмасымен осы фестивальге қатысады. Ол шығарма Әлихан Бөкейханның Бутырка түрмесінде жатқан кезде, өмірінің соңғы сәттерін баяндайды. Ұлттың қамын ойлаған, елден ерек туған осы екі тұлғаны сахнаға шығару көкейде жүрген арман еді. «Аманат» көктемнің соңғы күнінде жүзеге асты. Енді Алтынбек Сәрсенбайұлы туралы бұйырса, қыркүйек айында жарық көреді.

— Жастарды сахна өнеріне оқыту жайы қалай болып жатыр?

— Біраз жыл бұрын балалар мен жастар үшін «Актерлық шеберлік» өнерін үйретпек болып жеке мектеп аштым. Кейіннен ол «BILTE AKADEMY» деген алты айлық мектепке айналды. Карантин басталғалы тоқтап қалдық. Ақылы оқу да, мына қымбатшылық та қиын. Жеке ғимаратым жоқ, жалға алу маған да тиімсіз болды. Күзде қайта қолға алсам деп едім, мына театрлармен қатар алып жүру қиындау болар… Мәселе онда емес, Т. Жүргенов атындағы академияда биыл «Конферансье» атты кітабым шағады. Одан басқа да екі кітабым шағатын болды. Конферансье (қазіргілер «жүргізуші» деп жүр) бесаспап актер. Ол ешқандай жүргізуші емес! Жүргізуші қолынан табақтай қағазы түспейтінін, сөзін жатқа білмейтін қазіргі заман «жүргізуші сымақтары» Конферансье көнеден келе жатқан мамандық. Ол сөзге шешен, көрерменді уысында ұстай алатын білімді, аяқ астынан ойлап тауып, қиындықтан шыға білетін талант, әнші, биші, сыйқыршы, керек болса акробат, жонглер, қысқасы, сахна өнерінің бар саласынан хабардар адам! Міне, осындай дара актер оқытып шығарсақ деген арманмен бірнеше шет елдік оқу бағдарламаларын ақтарып, Астанадағы «Шабытқа», Т. Жүргенов академиясына бірнеше рет ұсыныс жасадым. Ескі сарынмен оқытып үйренгендер қабылдай қоймады. Арасында жаңашыл топ та бар еді, олар идея өздерінен шықпағасын өзгенікін қайтер дейсің...

Іштен тынып жүрген сол...

— Қазіргі қымбатшылық кезеңде театрдың жалақысымен ғана күн көру қиын емес па?  Әлде қосымша кәсібіңіз бар ма?

— Соңғы сұрағыңа жауап берсем мені «ақымақ, жынды» дейтіндер де, «өй, жарайсың!» дейтіндер де табылады. Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында ұстаздық еттім. Жалақым 0,25 ставка бойынша 45 мың теңге. «Хан тәңірі» мен «Қара дала» театрларын ашқаннан осы жылдың ақпан  айына дейін сол 45 мыңмен ғана өмір сүріп келдім. Оның өзі ары-бері жолмен, темекіме кетті. Өнер академиясы артық сағат тауып бере алмады. Сондықтан олармен қош айтыстым. Нарынқол аудандық мәдениет үйінің директоры Еркін бауырым «Аға, театр ашып, сенделіп жүргеніңіз біздің де қабырғаға батып жүр, үкімет штатын бергенше бізде күзетшінің бір орны бос, сізді соған тіркейін» деп, жақсылық жасады. Айлығы 50 мың теңге екен. Көлденең табысым осы...

«Хан тәңірі» театрын ашқаныма қатты қуанған жерлес, меценат Серік Сұлтанғали ағамыз театрға «Газель» микроавтобусын сыйлады. Кейбір таныстарым «Сол Газельді өзің алып, бір жеңіл көлікке ауыстырып алмадың ба!?»  деп сөгеді. Ондай ой миыма келмепті. Үш жылдай болды, жаяумын. Карантинге дейін жол апатынан мойным сынып, бес ай жатып қалдым. Одан кейін карантин… Әртістер қауымы саусақ сорып қалдық қой. Сол кезде көлігімді сатып жіберіп едім. Енді мына қымбатшылықта қол жетпей қалды...

Шілде айында облыс екі театрға «Режиссер» штатын берді. Көлікке жетпесе де күн көруге болады. Жоқшылық жомарттың қолын байлайды, екі жыл бұрын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының желісімен фильм түсіріп едім, сосын тағы бір комедия түсіргенмін, қаржы жетпей олар да жарыққа шықпай тұр. Бір «жарылқаушылар» болып еді, хабарсыз...

Сырымды айтсам жасырмай,

 Жағдайым менің осындай...

— Сұхбатыңызға рақмет! Аман болыңыз!

Тегтер: өнер руханият тылсым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Ерзия ЕРСҰҢҚАР 23.09.2022, 11:00
Мәдениет саласына мән берілуде
Нақыпбек Сәдуақастегі 22.09.2022, 11:24
Әділеттілікке жүгіну – адамгершілік белгісі!
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ 22.09.2022, 10:13
Жұмекеннің рухы
Жамал ҚАМАШ 21.09.2022, 10:24
GGG-нің Канелоға әлі жетпеді
Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ 20.09.2022, 15:54
Ұлықтау
Жамал ҚАМАШ 15.09.2022, 12:51
Нар тұлғалы Нұрмаханов

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41