Асыл ағалардың алдында

немесе үлкендердің үш тілегі

Берікбай ҚАДЫҚОВ

04.11.2022, 12:09

2725

   ...1998 жылдың қоңыр күзі. Алматыдағы құда бала Бауыржан үйленіп, тойына бардым. Той Панфилов саябағындағы «Жұлдыз» мейрамханасында дүркіреп өтіп, оның қонақтарының ішінде Қазақ университеті филология факультетінің оқытушы, профессорлары да болды. Өйткені, аталған жоғары оқу орнын аяқтаған Бауыржан осы жерде аспирант еді.

     Қызық-думан басталған кезде байқадым, қадірлі меймандардың арасында анадайдан аймаңдайы жарқырап, ұлы ұстазым – Зейнолла Қабдолов отыр екен. Содан кезегім жетіп, маған сөз тигенде, жас жұбайларға деген ізгі тілегімді айта келе Зекеңе де арнайы тоқталдым. Яғни, ол кісіден сабақ алғанымды, өзі оқытқан әдебиет теориясынан емтиханды «беске» тапсырғанымды, оның жорналшылық жолда көп көмектескенін жіпке тізгендей тегіс баяндап шықтым. Сол сәтте қадірлі профессордың мен жаққа басын көтере назар салғанын да анық аңғардым. Бірақ шындығы сол, бойымда кішкене кезімнен қалмай келе жатқан ынжықтығым бар болатын, сондықтан сөзден соң ұстазыма жақын барып сәлемдесуге жарамадым… Бірақ келесі күні кездестік ғой!

  … Иә, тура ертеңінде Бауыржан Қызылорда қаласына аттанатын болып, екінші теміржол вокзалына інім Қайратқа (туған қайнысы) ілесіп мен де бардым.

        Жас аспиранттың зерттеу тақырыбы қазақ халқына қалтқысыз қызмет еткен нарком Темірбек Жүргеновтің өмірі мен еңбегі екен де, ал жетекшісі тамаша әдебиетші ғалым Зейнолла Қабдолов болып шықты. Бауыржан ұлтымыздың тұғыры биік тұлғасына арналған ғылыми конференцияға шақырылыпты, тойдан соң тіке жолға шыққаны соған байланысты көрінеді.

 … Бір уақытта қарасақ, Зекеңнің осы жақты бетке алып, асыға басып келе жатқанын көрдік. Сөйтсек, ол кісі аспирантын аталған алқалы жиынға ақ жол тілеп шығарып салуды да өзіне парыз санапты.

    Сонымен Бауыржан Иманғалиев (бүгінде Л.Гумилов атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты) кетті, біз қалдық. Айтқандай, ол пойызға мінерде Қайраттан профессорды көлігімен тұратын жеріне дейін апарып салуды өтінген-ді. Ал інім болса, «жұмыстан кешігіп қалдым, ол кісімен сіз бірге барыңызшы» деп, бұл міндетті маған тапсыра қойған.

   Көлік үстінде Зекең тойдағы тілегімді есіне алып, университетті қай жылы бітіргенімді, кімдермен бірге оқығанымды, қазір қай жерде істейтінімді сұрады. Сөйтіп, ұстаз бен шәкірт ретіндегі әңгімеміз кәдімгідей жарасып қалды.

   Үйінің жанына жақындағанымызда ол: «Әкеліп тастадың, рақмет. Енді түс, ішке кір, саған бір кітабымды сыйлайын», – дегені. Ұялсам да артынан асыға ердім. Дәл қазір есімде жоқ, Алматы кейін көп өзгеріп кетті ғой, әйтеуір тура орталықта, бұрынғы өртеніп кеткен балалар мен жасөспірімдер театры маңында тұрады екен. Өз басым сонда бірінші рет білдім, кешегі кеңес өкіметі кезінде осындай халыққа еңбегі сіңген, әрі шынайы шығармашылық адамына үкімет тарапынан кең, жарық, жайлы пәтер берілетінін. Бірінші қабаттағы (кейіннен  ол кісінің коттежд үйге ауысқанын білемін) құтты мекеніне енісімен Зекең төрдегі кабинетіне едел-жедел бастай жөнелді. Сондағы кітап сөресі жанында мол пішілген денесімен тұтас бұрыла қарап, аласы көп мейірімге толы аялы көзін тура маған қадап: «Сен өзің «Менің Әуезовымды» оқып па едің?», – деген сұрақты төтесінен қойғанда, шынымды айтсам, қатты сасып қалдым. Құдай ұрғанда, ол кітапты әлі көрген де жоқ едім. Не дейін?! Тек «Журналдық вариантын ғана оқыдым», – деп күмілжіңкіреп жауап беріп, өтірікті соғып жібергенім есімде...

   Сондағы «Әуезов» («Менің Әуезовым» соның ішінде) деген кітабындағы қолтаңбасы мынау еді, «Қадірлі інім Бекенге! Шын жүректен, ақ тілекпен – З.Қабдолов.9.11.98»

   Сөзі де, өзі де, жан дүниесі де сұлу Зейнолла ағайдың ақ ниетті ақ тілегі маржандай тізілген кітапты анда-санда қолға алып, ойпырым-ай, жазуы да сұлу екен-ау деп ойлап қоямын. Ол жеке кітапханамның қақ төрінде тұр.

***

...2010 жылдың көгілдір көктемінде Қаскелең қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепте майдангер, Қазақстанның халық жазушысы, ұлтымыздың көрнекті қаламгері Әзілхан Нұршайықовпен кездесу өткізілді. Мен басқосуға Қарасай аудандық «Заман жаршысы» газетінің қызметкері ретінде қатысқан едім.

    Бұрыннан туындыларын өзім өте сүйіп оқитын жазушымен осы жолы тікелей жүздескеніме, шынында да қатты қуандым.

   Бұл кезде ол 88 жаста болатын. Сондағы қатты таңғалғаным, Әз-ағаң тоқсанға таяп қалса да, өзінің қарға бойлыҚазтуғандай дегенге келіңкірейтін ықшам дене бітіміне (осындай бойымен-ақ қан майданның қақ ортасында жүріп ерлік көрсетті, одан оралған соң жүрдек қаламын, жүйрік ойын қатар жегіп, жүздеген тамаша, шырайлы шығарманы дүниеге әкеліп, тағы да ерлік жасады ғой) сәйкес, жеңіл қимылдап, жақсы жүріп тұрады екен. Сахна төріне қойылған орындық пен үстелге қарамай, ары-бері жайлап аяңдап-ақ ә дегеннен әдемі әңгімесімен жиналғандарды бауырындай баурап алды. Оқушылар мен ұстаздар ел-жұртқа ерекше қадірлі қарапайым мінезді аса қарымды қаламгердің әсерлі сөзін ұйып тыңдады.

      Артынан жиналғандар тарапынан қойылған көптеген сұраққа Әзекең өзіне тән айрықша ұқыптылықпен, дәлдікпен, әрбір сауалға адастырмай алып келген мәселенің бүге-шегесіне дейін қалдырмай, ұғынықты тілмен жауап бергеніне де көпшілік разы болды.

    Сонымен қатар, алғашқы бүр жарған сүйіспеншілік сезімін, соғыс соқпақтарында басынан кешіргенін, мәңгілік махаббат жолындағы күресін, адамгершілікті сақтауға байланысты тіресін, бәрін-бәрін байыпты баяндап, ибалы, инабатты, адал, арлы қазақ қыздарының бейнесін көркем кестелеген «Махаббат, қызық мол жылдар» романы мен ерлік пен елдікті көкке көтерген, батылдық пен батырлықты, қаһармандық сияқты асыл қасиетті ардақтаған «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогының жазылу тарихын асықпай айтып берді.

 Артынан сыйлы қонаққа мектеп басшылығы (директоры Гүлсім Исаева еді) ыстық ықыласымен шай берді. Сол жерде сөз арасында мен Әзекеңе (ол кісінің Алматыда жасақталған атақты 100-ші атқыштар бригадасы құрамында соғысқанын білемін ғой):

 «Сіздің Мойынқұмдағы қандыкөйлек қаруласыңыз, омыртқасында жүрген снаряд жарықшағын отыз жылдан кейін бір-ақ алдырған Дүйсен Асанбаев жақында қайтыс болды», – деп едім, ардагер жазушы: «Апыр-ай, ә, Дүйсенді жақсы білемін ғой, құрдас едік. Майдандасымның иманы жолдас болсын!» – деп, екі алақанымен бетін сипады.

          Кездесу соңында Әз-ағаң оқушыларға, ұстаздарға қолтаңбасын қойып, кітаптарын сыйға тартты. Ал мен 2008 жылы «Өлке» баспасында басылған өзінің «Мәңгілік махаббат жыры» кітабын ұстатып едім, ол кісі қысқа да нұсқа: «Берікбай! Сізге сәлем 15.04.2010» деп жазып берді.

***

...2010 жылдың қара суығы бойды қалтыратқан қарашасы болатын. Ол кезде Қарасай аудандық «Заман жаршысы» газетінің редакциясы аудан әкімдігі ғимаратының бірінші қабатында отыратын. Бір күні бөлмеме (мен бас редактордың орынбасары едім) аяқ астынан университеттегі ұстазым, филология ғылымының докторы, профессор Сұлтанғали Садырбаевтың кіріп келгені! Атып тұрып, құрақ ұша қолын алдым. «Мына әкімдікке бір шаруамен бас сұғып едім, бірақ қай жерде де міндетті түрде редакцияға соға кететін әдетіммен өздеріңе кіріп шығуды жөн көрдім», – деді ол кісі (сондағы менің санамда қылаң берген ой: мынау қызық екен, редакцияда екі-үш бөлме бар, неге басқаларға емес, тура мен отырған жерге келді? Бұл да бір жаратқанның өз пендесінің миына құяр ішкі түйсігінің ықпалы ма екен?) ілкі алдында асықпай сөйлеп.

    Мен де өз тарапымнан шынайы ниетімен біраз жалпақтап (ұлағаты мол ұстазымның бірі ғой), өзімнің оқытқан шәкіртінің біріне жататынымды, ауыз әдебиеті туралы дәрістерін қызыға тыңдағанымды, Сүйінбайдың шөбересі екенін де жақсы білетінімді атап айттым.

     Сонда Сұлтанғали ағай, отыз-отыз бес жылдан соң қалай есінде сақтасын, бірақ осындай үлкен жерде отырған мені, әй, бұл тегін адам емес-ау деп ойлауы әбден мүмкін деп болжаймын, жанындағы профессорлық сөмкесін көтеріп жүрген көмекші жігітке былай деп бұйыра сөйледі: «Ал ана кітаптың бірін, былай деп жаз» деді де астына өзінің қолын қойды. Ол тілек мынадай еді: «Қадірлі, талантты інім Берікбай Қадықовқа профессор Сұлтанғали Садырбайұлы.17 қараша 2010 ж.

    Ұстазымның маған сыйлаған кітабы, сөйтсем, 2010 жылы қазақтың тамаша, керемет жазушысы Роллан Сейсенбаев басқаратын «Халықаралық Абай клубы» аясында шығарылған Сүйінбай Аронұлының «Өлең сөздің жарық жұлдызы» атты жинағы екен.

***

      Қайран қасиетті қазақ сөзінің қаймағын алған, ұлттық әдебиеттің абыройын асырған асыл ағалар-ай!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16