Аударма бюросы ма, әлде тамыр-таныстық па?

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының жұмысы жайлы бірер сөз

Мырза КЕНЖЕ

13.10.2020, 09:37

842

Өткенде Мемлекет басшысы «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының басшысы Р.Кенжеханұлын қабылдады. Кездесуде егжей-тегжейлі не айтылғанынан хабарымыз жоқ. Десек те, мемлекет басшысының Р.Кенжеханұлынан бірқатар мәселе бойынша есеп алып, болашақта атқарылуы тиіс нақты тапсырмалар бергені анық.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз президенттігі тұсында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ұлттық бағдарлама қабылдап, ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңіріп, бағыт сілтеді. Осы бағдарламада «отандық мәдениеттің БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт» екені атап айтылды.

Рухани жаңғыру бағдарламасы негізінде дүниеге келген жаңа құрылымдардың бірі әрі бірегейі – Ұлттық аударма бюросы отандық әдебиет өкілдерін өзге елдерге таныстырумен бірге әлемнің үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аударуға қызу кірісіп кеткені бәрімізге белгілі. Осы орайда, күдік-күмәнға толы бірқатар сауалдың көкейімізден кетпей жүргенін жасырғымыз келмейді.

Біріншіден, елімізде кәсіби аудармашылар мектебі әлі қалыптасқан жоқ. Бұл бағытта осы уақытқа дейін мамандар даярлайтын ешқандай оқу орны да құрылған емес. Аудармашыларға жөні түзу қаламақы төлеу мәселесі де бір ізге түспей келеді. Ұлттық аударма бюросы осындай басы ашылмаған мәселелердің қалыңдығына қарамастан, жауапты міндетке асығыс кірісіп кетті.

Екіншіден, аударылуға тиіс әр оқулықтың идеялық тұғырнамасы мен біздің республика саясатына сәйкестілігін анықтайтын аса білікті ақылдастар алқасының құрылғанынан хабарымыз жоқ. Құрылған болса, ел болашағы үшін жауапты тұлғалар тізімі баспасөз беттерінде жарияланып, кең көлемде талқыға түсуі тиіс еді.

Үшіншіден, әлемнің алты тіліне аударылу сияқты жауапты міндет –әдебиетшілер мен ғалымдар, сыншылар талқылауына ұсынылмастан, бір ғана Жазушылар одағындағы екі-үш басшының өзімбілермендік шикі шешімімен қалыңдығы кірпіштей-кірпіштей екі том антология аударылып, дүбәра-дүмбілез мазмұнда дүниежүзіне таралып кете барды.

Енді осы орайда – бірер мысал. Қолымызға тиген Ювал Ноаһ Хараридің «Адамзаттың қысқаша тарихы» деген кітабын біраз парақтап көрдік. Кітап орыс тілінен аударылған. Аударған сауатты аудармашылар санатынан саналып жүрген – М.Ізімұлы. Әдеби редактор – Қ.Серікқызы, жауапты редактор – Қ.Сімәділ. Екеуі бір адам, яғни Қарагөз Сімәділ. Бір кездері аудармашы М.Ізімұлының шәкірті болған Қарагөз ұстазына қалай редакторлық жасасын? Аудармаға редактор ретінде ешкімнің қол тигізбегенін алғашқы парақтарды ашып, оқи бастағаннан-ақ аңғаруға болады. «Қашыр» деген тілімізге сіңіскен атау «мула» күйінше кеткен. Қабылан иә болмаса, ілбіс деген аң атауы «теңбілшер» деген жаңаша терминмен берілген. Тізе берсек, мұндай мысалдардан аяқ алып жүре алмайсың. Сөз қайталаулар, шұбалаңқы, ұзақ, түсініксіз сөйлемдер өріп жүр. Аударма бюросының басшысы әдеби редакторлық пен жауапты редакторлықты бір адамның мойнына жүктеген де, ешқандай корректорлық түзетулерсіз кірпіштей қалың кітапты өндіріске жіберген. Кітапқа пікір жазған екі адамның біреуі – Ұлттық аударма бюросы басшысының әкесі К.Матыжанов. Енді біреуі – Х.Әбжанов. Екеуінің де жоғарыдағы шәкірт-редактор сияқты кітаптың бетін ашып қарамағаны бесенеден белгілі.

Осындай оңбаған оспадарсыздықты «Қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясы» антологиясынан да байқадық. Қос антологияға барлығы 61 автор енгізіліпті. Прозадан – 30, поэзиядан –31. Прозаиктердің жартысы (15 автор), ақындардың жартысынан көбі (16 автор) «орта жүз» өкілдерінен іріктеліпті. Осы арада еріксізден осы шығарылымға жауапты тұлғалардың да орта жүз өкілі екенін еске аласың. Тізімді іріктеп, шығармаларды аудару жұмысымен айналысқан – Қазақстан Жазушылар одағы. Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Тәкен Әлімқұлов, Оспанхан Әубәкіров, Жұматай Жақыпбаев т.б. көптеген классик саңлақтар «ұмыт қалған», бәлкім қасақана енгізілмеген. Поэзиядан А.Елгезек, Б.Қарағызұлы, Н.Бердалы, Т.Ілиясова, Ә.Дәулетбаева, Е.Жүніс сияқты есімін әлем жұртшылығы түгіл қазақтың өзі толық біле бермейтін қасқалар іріктелген де, М.Ақдәулет, Ә.Қайран, Ғ.Жайлыбай, Н.Оразалин, Ж.Бөдеш, Ж.Ерман, Р.Ниязбек, Қ.Бегманов секілді бүгінгі нағыз танымал ақындар ескерусіз, елеусіз қалған. Екі томдағы есімдер тек туған жылдары бойынша тізбеленген демесең, өзге ешқандай критерий, екшеу заңдылықтары мүлдем сақталмаған.

Шығармалардың көлемдері де әртүрлі, мазмұндарына жеткілікті мән берілмегені көзге ұрып тұр. Г.Салықбаева мен Т.Әбдікәкімұлының авторлық аңдатпаларында қос автордың Мемлекеттік сыйлық лауреаттары екені де ұмыт қалыпты. Бұдан асқан жауапсыздық бола ма?!

Орысша басылымның баспагерлері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы М.Тәжин мен комиссия хатшысы А.Балаеваға алғыс айтыпты. Алғыс қыруар қаржыны дүбәра жобаға негізсіз жұмсап отырғаны үшін айтылған ба сонда?.. Бюджет қаржысының желге ұшуына бірден-бір мүдде танытып отырған Жазушылар одағы мен Ұлттық аударма бюросы басшылары қашан, кімнің алдында жауап береді?!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әбдіқадыр ДӘУІТБЕКОВ 22.10.2020, 10:42
Ежелгі герман тайпаларының тілі мен тарихындағы түркілік іздер
Сайт әкімшілігі 22.10.2020, 10:36
Алтын адам жазуының құпиясын ашқан ғалым
Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК 22.10.2020, 10:21
Қанас көлі мен Тувалар туралы
Сұлтанғазы ҚОҚАБИ 22.10.2020, 09:38
Доп ойнаған тозбайды
Әділбек ЖАҚЫП 20.10.2020, 10:30
Біз кімге ұқсап барамыз?
О.Т.Айдаров 20.10.2020, 10:26
Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең - істің бәрі бос

Аңдатпа


  • Қымбатқа түскен «ноу-хау»
    22.10.2020, 10:52
  • Д. Ахметов: «Азаматтың қазасына себепкерлер жазасыз қалмайды»
    22.10.2020, 09:42
  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16