Әуезов мұрасы: ғалымдар көзімен

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

29.09.2022, 12:45

1760

Кешегі тәуліктен бері Абай облысының орталығы – Семей қаласында ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған ауқымды шаралар легі жалғасып жатыр. Жазушының биылғы туған күні ел өміріндегі елеулі оқиғаға айналған Абай облысының құрылуымен де тұспа-тұс келгендігін атап өткен жөн.

Ең алдымен облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев бастаған жергілікті атқарушы билік өкілдері, ақсақалдар, зиялы қауым және қала қонақтары М. Әуезов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Бұдан кейін жазушы құрметіне арналған рухани оқиғалар легі Семейдің бірқатар мәдени орындарында жалғасқанымен, ең ауқымдысы Шәкәрім университетіндегі «Мұхтар Әуезов және ұлт өркениеті» атты халықаралық ғылыми конференцияның маңызы зор болды. Университет ректоры Бауыржан Ердембековтің басшылығымен конференцияны ұйымдастыруға жан-жақты мән берілгендігі байқалып тұрды.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн түрде арнайы құттықтап, әлем таныған Әуезов шығармашылығының мән-маңызын атап өтті.

«Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы және Мұхтар Әуезовтің шығармалары арқылы сомдалған қазақ әдеби тілі – тіл тазалығы Семей топырағында сақталғаны белгілі. Сондықтан да ұлттық құндылықтар мен рухани іс-шаралардың Шәкәрім университетінде насихатталуы заңды әрі маңызды іс»,-деді министр С. Нұрбек.

Тағылымы терең жиында сөз алған белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақов жазушының ең сүбелі шығармасы – «Абай жолының» әлемдік деңгейде кеңінен насихатталуы, оны қазақтың ұлттық мұрасы ретінде танытуға елдік деңгейде назар аудару қажеттігі туралы кеңінен ой толғады. Ғалымның М. Әуезов шығармашылығын зерттеуде көп еңбектенгені әдеби-рухани ортаға кеңінен мәлім. Бұл жолғы жиында ол Мұхтар Омарханұлының аудармашылық өнеріне де кеңінен тоқталып, алдағы атқарар істердің де аз еместігін тілге тиек етті.

Әуезов мұрасына ғана емес, күллі қазақ халқының руханиятына деген құрметін ісімен дәлелдеп келе жатқан Түркиядағы  Кастамону университетінің профессоры Орхан Сөйлемездің де жиын төрінен табылғаны қатысушы қауымға ерекше әсер қалдырды. Түркиялық ғалымның Қазақстанмен рухани-мәдени байланысы кеңінен қанат жайғалы көп жылдар өткен екен. Ол Әуезов шығармашылығына ғылыми талдауын «Көксеректің көзімен Мұхтар Әуезов» тақырыбында баяндама жасауымен танытты. Сондай-ақ, профессор Арап Еспенбетов «Мұхтар Әуезовтің бір мақаласы хақында», доцент Жандос Әубәкір «Мұхтар Әуезовтің даралығы», С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры Айжан Қартаева «Мұхтар Әуезов мұрасындағы түркі әлемі» тақырыптарында ғылыми тұжырымдарын ортаға салды.

«Мұхтар Әуезов өзі пір тұтқан рухани ұстазы, асыл тұлғасы Абай Құнанбайұлы туралы «Ақындықтың әбілхаят суын ішкен, өлімді жеңген, мәңгі тірлік тапқан Абай» деп баға беріп, құрметі мен сүйінішін көзі тірісінде ұлттық жадқа сіңіруге тырысып, әйгілеп кеткен еді. Абайтану ғылымының негізін салған Мұхтар бұл сөзімен Абайдың хакімдігімен қатар оның қазақ халқының дүниежүзілік өркениетке үкілеп қосар үлесін де дөп танып, өнер мен әдебиеттегі құнарын білдіріп, тұтас елдің рухани өрлеу жолы «Абай жолы» екенін әйгілі роман-эпопеясы арқылы паш етті. Бір ғұмырдың еншісіне осыншалық алып шаруа тиесілі болыпты» деді Шәкәрім университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков.

Алаштың алтын бесігі атанған Абай облысының топырағындағы айтулы той бүгін жазушының туған жері Абай ауданында жалғасып жатыр.  

Тегтер: тұлға естелік парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Зинаханым КҮНЕШҚЫЗЫ 11:24
Жерім деп өткен ер еді...
Темірғали КӨПБАЙ 10:52
Қойшының түсі
Гүлзира СЕРҒАЗЫ 30.11.2022, 08:47
Раушан сарыны, қобыз зары, аққу сазы
Сайт әкімшілігі 29.11.2022, 15:41
Мәскеуде "Қазақстан аруы-2000" байқауының қатысушысы өлі табылды
Бифат ЕЛТАЕВА 29.11.2022, 10:09
Дарынды балалар – жарқын болашақтың бастауы
Сайт әкімшілігі 28.11.2022, 22:34
«Orda zhekpe-zhek Championship-1» халықаралық кәсіпқой түрнирі өтті

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43