Ауышу

Светқали НҰРЖАН

23.11.2021, 11:20

799

                             «Тағы да үкімет ауысыпты ғой...»

                                                        Көршімнің хабары

Көрші бала, не дей алам саған мен? –

Санаулы едіонсыз-дағы алар дем.

Көңіліңе ап қаласың-ау, – десем-дүр:

«Мазалама ондай көр-жер хабармен!..»

Шынында да, ол – емес маған түк қызық,

Не ойнамайды іш-бүлік пен бұт-бұзық?!

«Ойнаймын» деп, жіберді олар Рухын

Баяғыда-ақ Ібіліске ұтқызып!

Әрі жүрсін!

Бұл да сол бір «кәрі жыр»,

«Король» – «мәңгі»!

«Пидалар» да әлі жүр.

Иесі ауыссын, есі ауыссын, ай, біліш,

Несі ауыссын, маған енді – бәрібір!

Төс ауыссын, мейлі, безді бөксеге,

Бас ауыссын, мейлі, жезді өкшеге!

Бастарынан миы ауысып кетсе де,

Астарынан қиы ауысып кетсе де!

Маңдайынан көзі ауысып кетсе де,

Таңдайынан сөзі ауысып кетсе де,

Борбайынан безі ауысып кетсе де –

Күні біткен «ойынды» енді көксеме!

Жоқ бұлардан алар менің «жалақым»,

Бар бұлардан алар менің ар-ақым!

Ар-ақымды алатыным – ақиқат,

Күтем талмай соғар сәтті сағатым!

Менің әлі отым алда жанатын,

Менің әлі көшім алда баратын.

Сәтті күту – бар құлшылық, тағатым,

Соған ұшу – қырқылғанша қанатым!

О, ол сағат!

Ол сағат па?

Ол сағат –

Соғады ертең, өтіп көктен қанша қат!

Кетпес пе екен тар жүрегім жарылып,

Қас-қағымда қонған шақта сонша бақ!

Оянады Жан-Алланың досы бар,

Жүсіптер мен Әсһабул-Кәһф қосылар!

Жармен ойнап, армен ойнап келгеннің

Жалғыз сәтте ойындары осылар!

Ең бастапқы өңін тауып ғалам кең,

Ерендердің көші өтеді даламмен!

Оған дейін, көрші бала, сен мені

Мазалама мұндай көр-жер хабармен!..

МАҚШАР МАЙДАНЫ БОЛАДЫ.

             ХАЛ НЕ БОЛМАҚ?..

Маңдайға көрдік бәрін бұйырғанның,

Фәнидің күйігін де, сыйын да алдым.

Бар қайғы енді қалған:

не болармыз –

Мақшардың майданына жиылған күн?..

Барлық жан үйше қирап құйын соққан,

Аптаптың астында-дүр миын шаққан...

Қырық жыл «шаһуат-жаңбыр» құйғаннан соң,

Тірілмек «әджбз зәнаб»* – құйымшақтан.

Жан-Алла, қысқан шақта қаһарыңыз,

Нендей дәм болмақ ертең татарымыз?..

Жылан боп әр тамшысы шағар ма екен

Шайтанмен ішкен талай зәһарымыз?

Бір ноқат қоса алмассың бәз ұғымға –

Байлаулы басымыз тұр қазығында.

Үзер ме ұнжырғаңды зілман тас боп,

Жасаған қиянатың – мазұлымға?!

Әркімді қисап алмай құрға қоймас,

Берер-дүр куәлікті шынға – бой-бас.

Қаныңның әр түйірін өртер ме екен:

Жалған сөз,

айтқан ғайбат,

қылған ойнас?

Қаға алмай кірпікті де, қасыңызды,

Қай жерге түкірерсіз насыңызды?

Тығатын қуыс таппай қиналарсыз

Әйелдің әуреті бар басыңызды.

Жасаған қарамайды бой-басыңа,

Есеп бер – қылмысыңа, ойнасыңа.

Көрінбей қылдай күнә қалмақ емес,

Алланың шағылған шақ айнасына...

Шен де бар, шекпен де бар – шығандадың,

Еліріп етек көрсең тұра алмадың.

Жататын жасқа жеттің, қоймаймысың,

Үміт қып фазылынан бір Алланың?!

Қарамай кәртәміші, жасына да

Ойнасшыл болып кетті осы қала...

Дегенмен,

айна алдына барған кезде

Бір рет қарап қойшы басыңа, аға...

-------------------

«Аджбз занаб»* – қиямет таңы атқанда Адам ұлы құйымшақтағы «әджбз зәнаб» атты клеткадан сүлде боп тіріліп, ұлық-сотқа бармақ.

       ТҮНДІ ӨРТЕУ

Айтақтап қоғам Құдайға кектілерді ақыр,

Анық-ты басқа түскені бар сынақ.

Тапа тал түсте көшеде тепкілеп жатыр,

Тақасы жүрегімізді жаншылап.

Кінәсі барлық: «Құдайға жылайсың, – дейді, –

Осынау азат та ғажап қоғамда!..»

Деп едім: «Адам өмірді бұлай сүрмейді...» –

Ес жисам, жатыр екенмін «моламда».

Құдай ұрғанша көзінен жас шықпағанға,

Әңгілер есептейді өзін «ермін» деп...

НӘН-жендет келіп көзіме тас тықпағанда,

Кетер ме ем жанар жасымен мен гүлдеп?!

Босатты тағы тергеушім сан «сұрақ» беріп,

Белгілі барлығы жұртқа былай да.

Қан-шылақ көміп көзіңді, сансырап келіп,

Қарғам-ай: «Жылайық, – дейсің, – Құдайға!..»

Күндіз жыласаң, көр-көздер көріп қалады –

Діл қара, тілдері қызыл, тісі аппақ.

Түнде жылашы – тербетіп өлік-қаланы,

Ағаңның өлімтігін құшақтап!..

Тіктелер кеудем, уа, бәлкім, бүктеген көрден,

Жүрме тек өлімтігімнен жеркеніп.

Таң атып кетуі мүмкін ғой күтпеген жерден,

Қара түн – КӨЗ ЖАСЫМЫЗДАН ӨРТЕНІП!..

                                                  

                                                

                      МУЗА

Іздеп сені шықтым тағы сапарға,

Муза, саған шайыр біткен құрбанбыз:

Ай астында, қар үстінде – жапанда,

Мұнар киіп, жалаңаяқ тұрған қыз...

Сенем Айдан есеріне тәтті леп,

Кеудемдегі қызыл гүлді солдырмас:

Сендік нәзік мұңды күлкі, пәк тілек,

Жанарыңның түбіндегі мөлдір жас...

Батыс бетте сиынады саған шын,

Медет тілеп бар ақын.

Ал сен жырдың періштесі боларсың,

Түнге малған аппақ қан-қан қанатын?..

Ей, жалғыздың жебеушісі – мұңды құс,

Мен де жәбір көріп жүрмін жыртқыштан.

Құдайдан-дүр бұл бір іс,

Қанатыма дұға жаса бұлт құшқан!

Қаңғып кеттің тұрағың боп қара түн –

Жеркендіріп жезөкшелер бөксесі.

Қансырайды менің жүрек… қанатың –

Жендеттердің езіп нәлді өкшесі.

Олар біздің қайғымызды ұғар ма?! –

Сені іздеймін… өзіңде-дүр бар үміт...

Тұр екенсің Ай астында – шығанда,

Жалаңаяқ, қарлы перде жамылып.

Сенің сәулең Ай лебінен тәттірек,

Қанды… жуып, жанды жуып болдым мас:

Сендік нәзік мұңды күлкі, пәк тілек

Һәм кірпігің қымтап тұрған мөлдір жас…      

    ТӘУЕКЕЛ

Ер жүрегі – жетім,

Дос жүрегі – метін.

Достан қиянат көрдім,

Қастан зиянат шектім,

Сынды сүйегім,

Жұлынды етім!..

Іс басталды шетін,

Мынау төнген не түн?..

Бетін берген жалған,

Көрсетті енді к… н!

Күзелді түбітім,

Үзілді үзеңгі-үмітім –

Танып қойып… ниетін!

Мейлі, өкінбе, өкін,

Жан – жалын, тән – отын!

Нұр-оймен шайылды бетім,

Үреймен шайылды жүрек,

Өшті қара тотым!

Жақты ібіліс отын,

Тақты «айыбын» «сотым»!

Қалмады – жан маңда,

Жалғызсың – жалғанда,

Жау – қара қоқым!..

Қорғап қалуға тиіссің –

Дүниенің ең шетін...

Бекін!..

ИТАЯҚПЕН ҰРУ

   Жанақ Жұбан қарттың рухына

… Нән қара қой аяқасты айныды,

Басқа түгіл, танымайды қозысын.

Аларып ап екі көзі қайғылы,

Шырқ айналып иіскей беред өз ішін.

Қайғы емес-ау, қара дерт бар көзінде,

Дыбысы жоқ.

Мылқау қара құлыптай.

«Бұл не пәле, бар қайғысы – өзінде?!» –

Жапал бала күйзеледі түк ұқпай.

Келе жатыр ботасына аңырап,

Желін сыздап бозаңдағы боз іңген.

Тірі жетім қозы кетті маңырап,

Енесінің жат түрінен безінген.

… Дертке дәру табылатын қайдан да,

Бұл да бір сол бала күнгі хикаят:

Коңсы шал кеп деді:

«Қойың – «айналма»,

Тауып әкел көне жиде итаяқ».

Сан бөрбасар несібесін айырған

Алып келдім итаяқты шапқылап.

Қоңсы атам да құр емес-тін зайырдан,

Күпісінің түрді етегін қаққылап.

«Мына шалға жеңдірер ме бұл індет?..» –

Осы ойларға беріледі балақай.

Қария тұр бір дұғаны күбірлеп,

Арасында деп қояды:

«Алақай!..»

Барып кенет, тұрған қойды мәңгіріп,

Итаяқпен салды дейсің қақ бастан!..

… Сен жасай бер о, қазақы мәңгілік,

Күллі дерттің тін-тамырын тап басқан!..

Сол-ақ екен, демде індеттен айыққан,

Дауа тапқан қырдың көне қартынан

Қара қойым – түскен қойдай ғайыптан,

Шапты аңырап қозысының артынан!..

… Көшті жылдар.

Қалды итаяқ жұртымда...

Енді ел бағам… –

Қайғысы аспас өзінен,

Шаруасы жоқ – ұрғынында, ұлтында

Кіл «айналма» нән қазаққа кезігем.

Тіл баттасқан, жан уа ділін тат басқан

Без саппастан! –

Ол өзіне жауығад!

Салғым келіп кетеді-ай бір қақ бастан,

Сол баяғы итаяқты тауып ап!..

...«Тіріл!» деген болыпТәңір үкімі,

«Алла-Һайлап!..» аяқталғай хикаят:

Түске еніп жүр сол қариям күпілі,

Жұртта қалған көне жиде итаяқ...

    

             ЕРТЕК ТЫҢДАУ

                            «От ішінде ботаң жанып жатса да,

От ішінде Отан жанып жатса да,

Ешкім келіп сөндірмейді өртіңді!»

                                                                           Ескі өлеңнен

Отыз жыл оттағаның – «ғажап ертек»,

«Ертекші», қараң батсын!

Маза бер!

Кет!

Жасаған, «ертекшіге» жаза бер тек!

...Қыс болса-ақ біздің Отан жылынады,

Бес-бестен сәби өртеп!

ҚАЗАҚ ӨРТЕП!

Үнінен бес сәбидің көк теңселіп,

Барады шыңдар шөжіп, кенттер шөгіп...

Жатқанда пеш түбінде «ертек» тыңдап,

Құдай-ау, қанша сәби кетті өртеніп?!.

Сол жалын теңізді «әрлеп», түзді «көркеп»,

Барады жүзді шарпып, ізді де өртеп.

Күллі ертек жақсылықпен аяқталад,

Тек қана олай емес – біздің «ертек»!..

Улейді аузымды ашсам зарық кәлам,

Өртейді тағы кімді табыт-қалаң?

Өзге жұрт алса азаттық – бейішке енед,

Мен неге қадам бассам – тамұқтанам?..

Лаулайды қара табыт жалыны ұшқан,

Ұшқыны мұз көздерге шағылысқан.

Шайтанның шаласынан от шашады,

Тығылған тақ-табытқа кәрі мыстан!

Көрермін кімді жақын, кімді дұшпан,

Мен неге құр қаламын күллі ырыстан?..

Көз салсам түнгі аспанға,

Қол созады

Сәбилер ӨРТ ІШІНДЕ шыңғырысқан!

Қол созар, ал оларға Отаны жоқ,

Отаны кетті әркімнің тоқалы боп!

… Бөрі жүр Бозжырада, білемісің,

Боздаған Ай астында бота-жүрек?..

Құзында Ай мөлиген тұл даладан,

Шығады сәби үні іңгәлаған.

Қарашы –

бес сәбиді көремісің,

Шынысын ӨРТТІ АСПАННЫҢ тырналаған!

Сол үннен құлақ басып қашты керең,

Соқырдың кірпігінде жас түтеген!

Жылаған қазақ үнін естімеске,

Құлағын тоқал отыр – тас бітеген!

Әнеки, жұлдыз бықсып, кеш кіруде,

Шапшиды өрт! –

Үнін, қарғам, естідің бе?

… Ей, сәби-қазақстан, жатырмысың,

Тағы да «ертек» тыңдап пеш түбінде?..

                                     

                                              

                                              

         ТОЗАҚТЫҢ ТҮТІНДЕРІ

                            «Келмейтін бетіне адам қарағысы,

Іші мен сырты бірдей қара кісі.

Боқ бермейтін жуан ит секілденіп,

Келеді көрінгенді талағысы».

                                               Несіпбек Айтұлы

                           

Ай да анау – сұрау белгі,

баратып бұлтқа шүміп,

Жаббарға сұрау берді – жүрегім лүпілдеді:

«Кетті ғой сыртқа шығып –

түтіндері...

Тозақтың іргетасы бүтін бе еді?..»

Қарашы, шынында да, ғажапқа ана,

Мүсірке, бейбақтарды мазақтама.

Жүр екеу – түте-түте түтінденіп,

«бешбармақ», «қостырнақты» – ТОЗАҚҚАРА!

Ізінен өрер сынды күллі «қызық»,

Қоштайды, қолпаштайды түрлі бұзық.

У жұққан әр «бармақта» «қос тырнақ» бар,

«Кездесед аса сирек – бұл құбыжық»*!

Кеудеңде жүрек болса жырып тынбақ,

Көрден де қазып алып ұрып тұрмақ!

Осал жау деме оларды,

Екеуде бар

Тісінен у саулаған 40 тырнақ!

Жүрегі – сөнген майшам...

Без боп қарып,

Әзелде көрсетпеген маздап бағыт.

Әркімге ит боп сосын үріп кеткен,

Бір кезде АҚЫН БОЛА жаздап қалып...

----------------------------------------

       ТАҒЫ ДА ҚАРАСАЗДА

                            «Жағасында жылғаның бұзылған там...»

                                                                                  М.М.

Болғанда талқы-тағдыр еңсемді имек,

Самғаттың қиялымды келсем күйреп.

Қылаңжал Хантәңірінің шоқтығындай,

Еңсемді көтересің, Елшенбүйрек.

Болмай ма ер көдек те батыр аңғал,

Батырдың сауытындай жатыр аңғар.

Мен саған сусап келдім, Ойқарағай,

Мен сені аңсап келдім, Шәкірамбал.

Кетуші ед жазы қырдың желі де ертпей,

Теңсінбей тазығырдың белі көрттей.

Жаңғыртты сеңіректей шыңдарға ұрып,

Айғайтас сағынышымды менің өрттей...

Дүр етсе таутан шың мен тотан аспан,

Сықылды құлын тулап, бота қашқан.

Қиялды қай қиырға жетелерсің,

Шалкөде, Кетпен, Шибұт, Шоқанасқан?..

Бірге ойлап Отан жайын, отау қамын,

Жадқа алдым жұмаққоныс атауларын.

Ақынның кіндік қаны тамған жұртқа

Шеше сап сауытымды жеті аунадым.

Көзімнен кәусар моншақ кетті саулап,

Жаттым мен таудан ақ құс, көк түс аулап.

Дір етіп жағадағы бұзылған там,

Қарасу бұлқынғаны-ай жетпіс аунап.

Шыңдағы шырша шулап тастарға өскен,

Мына әлем болып кетті астан-кестең.

Құздардың ортасында тұрмын жалғыз,

Адасып қалған ұлдай қашқан көштен...

Қашқан көш оралар ма қайта айналып,

Айғайтас көрсетер ме, пай-пай, бағыт?

Келемін қаңғырып шын...

жаңғырып шың,

Барады жүрегімді АЙҚАЙ қарып!..

                                     

         МЕНІҢ ТІЛІМ

Дертім қалың,

қашаннан сертім мәлім,

Өзекте өшпес білесің өртім барын.

Тұран-ғалам патшасы – ұран-далам,

Мен тілінде сөйлеймін Ер Тұңғаның!

Шырақ керек көкірек мешітінде,

Құлақ керек бұл үнді есітуге.

Осы тілде гөйлеген Мәді-шәнүй,

Еділ патша сөйлеген осы тілде!

Осы тілде сайраған не бір дастан,

Осы тілдің сәулесі көңілді ашқан.

Эллада мен Мысырдың пергаменті

Менің ұлы тілімнің мөрін басқан!

Түрмесі – арам, есі – ауан, мүрдесі – адам,

Менің ұлы тіліме күлме, есалаң!

Шырақ жағып сөнбейтін,

қара тасқа

Тоныкөктер өлмейтін жыр қашаған!

Ол жырларды кеткен дүр жаттап аспан,

Ол жырлардың сесінен жалт та қашқан!

Осы тілде Қожа Ахмет хикмет толғап,

Хан Шыңғыс та «Жосығын» хатқа басқан!

Есіңе тұт Қорқыт пен Оғыз ханды,

О, олардан суда да көп із қалды.

Осы тілде Сыпыра, Асанқайғы

Толғау айтып түзеткен тоғыз ханды!

Қажет емес басқа орын, басқа қорым,

Жат дұшпанның жүрекке баспа мөрін.

«Жеті жарғыны» жаттаған осы тілде,

Қасым хан да хаттаған «Қасқа жолын».

Бұл тіл керек жүректен сыр қазарға,

Бұл тіл керек түнектен нұр қазарда.

Қауырсынын Ай-шамға суарған-ды,

Абай менен Шәкәрім жыр жазарда!

Жүргендер бар бұл тілден безгісі кеп,

Жат тілменен жаһанды кезгісі кеп.

Жанталасты НӘН жендет осы тілді

Өкшесімен отыз жыл езгісі кеп!

Езгісі кеп, тұл қылып тастамақ боп,

Бар тіл, күллі дінге есік ашты әлек боп.

Тасқа көктеп кететін езген сайын,

Уа, біздің тіл –

БАСҚА ДІЛ, БАСҚА МЕКТЕП!

Өз тіліңнің мұрасын жатта, бала!

Жатқа бола жан кешіп таппа мола.

Осы тілмен күйдіргін көмейіңді,

Көкірегіңді сүйдіргін Хаққа ғана!

Асты бейіш бұл тілдің, үсті кеніш,

Таба алмайсың өлсең де ізсіз өріс.

Шашады ертең бұл тілде жаһанға жар,

Ер Мәдінің сардары – 313!

Іріңге еріп барасың, білімге ермей,

Жаратқанның хақ жарық нұрын көрмей!

Сорлап қалма – АҚИҚАТ ТАҢЫ АТҚАНДА,

МЕНІҢ ҰЛЫ ТІЛІМЕ ТІЛІҢ КЕЛМЕЙ!

                  

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ 01.12.2021, 09:10
Қазақ философиясындағы дара тұлға
Индира БІРЖАНСАЛ 30.11.2021, 18:08
Жастармен бірге тыныстайтын басылым

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00