Азамат. Ғалым. Дос

Тілекқабыл РАМАЗАНОВ

27.10.2020, 04:29

663

Біз таныс болғалы 45 жыл парағы аударылыпты… Салмақтаған жанға аз уақыт емес. Оны бір адамдай білемін десем артық айтпағаным. Қазақтың ғұламасы Әлкей Марғұлан ағамыздың «білеміз… білген соң айтамыз дағы...» деген қанатты сөзі бар еді, сол секілді ғалым-ұстаз Бекет Зинешұлы жайлы мен де біраз нәрсе білемін. Оның 1978 жылы Атырау облысы, Махамбет ауданындағы орта мектеп интернатты үздік бітіріп, 1983 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетін тамамдағаны, жолдамамен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне (ол кезде Гурьев педагогикалық институты болатын) оқытушылық қызметке жіберілгені, онда, ол әртүрлі лауазымдық қызметтер атқарғаны, кейіннен өзі бір кезде оқыған білім ордасы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ізденуші және аспирант болып жүріп, кандидаттық, соңынан докторлық диссертация қорғағаны, доцент, профессор ғылыми атақтарға қол жеткізгендігі, басқа да ғылым-білім саласындағы биік-биік шыңдарды бағындырғаны жайлы санамалап айтып шығу, бір мақала аясында мүмкін емес. Оның үстіне ақпарат құралдарында оның математикалық мектебі, ірі ғылыми еңбектері, ұстаздығы жайлы талай айтылып та, жазылып та жүр. Мен, тек Бекет Зинешұлы Кенжеғұловтың адамдық, достық қасиеттерінен, ғалымдығына қатысы бар мен көрген жайттардан бір үзік сыр бөліскім келді...

Жетінші сыныпта оқып жүрген кезім. Он бес жастағы бозбала шақ. Күрестен облыс орталығы Гурьев қаласында жарыс өтеді дегелі мектептегі күрес үйірмесіне қатысушылардың дегбірі кеткелі қашан. Олжа алып қайтудан бәрінің дәмесі бар. Межелі күні орталыққа аттандық. Жарыс қала шет жағындағы «Жилгородок» аталатын ықшамауданға орналасқан, спорт сарайында өтті. Одақ көлемінде өтіп жатқан жарыстардың бірі. Күрес додасы басталды. Әркім өз жас ерекшелігіне, салмағына қарай сайысқа түсіп жатыр. Өз қатарластарым арасынан көрші Махамбет ауданынан келген тапалтақ бойлы, тығыншықтай, шикіл сары бала бірден көзге түсті. Қарсыластарын бірінен соң бірін ұтқаны өз алдына, өзін еркін ұстауы, шалт қимылы, бұлт-бұлт еткен бұлшық еттері, бәрі-бәрі, жас палуанды топ арасында өзгелерден еректеу көзге сүріндірді. Спортшыға тән, қорғасыннан құйып қойғандай сымбатты денесіне сол жерде сүйсінбеген көрермен кемде-кем шығар. От шашқан өжет көздері қайсарлықтың терезесіндей жарқырайды. Бойға сыймаған бұла күш-қайраты кірпінің түгіндей тікірейген шаштарынан-ақ көрініп тұр. Шикіл сары тау халқынан басқаның біреуін шыдатпады. Астына салып, алып ұрып, жеңістен жеңіске жетумен келеді. Соңғы айналымда таулы Кавказдың тумасы, шешен бе, дағыстандық па, әйтеуір біреуімен қайтадан белдесуге шықты. Нағыз күрес енді басталғандай. Екеуі де айла-тәсілді жақсы меңгерген, беріспейді. Кавказдық еңгезердей палуан түр-тұрпатымен, өзгелерді мысымен басады. Оны елейтін сары жоқ. Арыстанның азуына ат байлағандай ғып мытып ұстап алған, әлгі алпамсадай дәуді қимылдатпайды.

Осы сәтте тәкәппар аварлардың бір әпсанасы ойыма оралды. Олардың дәстүрінде, қалыңдық таңдауда жігіттер тобы бір қызға таласып қалған жағдайда, бөріктерін аспандата лақтырып, сынға түседі екен. Қалыңдық ішінен өзі таңдаған жігіттің ғана бөркін қалдырып, қалғанын терезеден қайтып лақтырып жібереді. Көп ішінен өзі жақсы көрген адамының бөркін қалт жібермей табу қыз үшін де үлкен сын. Бірақ «мықтыны бөркіне қарап тани алатын» әйел заты нағыз ер азамат құдіретін ішкі түйсігімен сезінсе керек. «Шіркін-ай, сол бақ сынасатын көп жігіттің ішіннен мына біздің қазақ жігітінің де бөркін айнытпай тануға болатын шығар» дедім ішімнен. Өйткені ешкімнен беті қайтпаған мынау алпамсадай таулық жігіттің апшысын қазақтың тығыншықтай шикіл сары жігіті қуырып-ақ жіберді. Намысқойлығы соншалық, қолының шыққанына да қарамастан, арпалыс белдесуді жеңіспен аяқтады.

Мынадай қатарласыммен мен танысуға асықтым. Жарыс бітерге жақын ретін тауып кездесіп:

– Сәлем! Қалайсың? Менің атым – Тілек, – дедім, қысқарған, сыныптастар атайтын атымды айтып, қолымды создым. Бас-аяғыма сынай, төңкеріле қараған ол, таңырқаса да таңданысын жасырмай:

– Бекет, – деді.

Біраз үнсіздіктен кейін:

– Қайдан келдің?

– Теңізден.

– Мен – Махамбеттен...

Міне, бұдан әрі таныстығымыздың жібі жалғасып, әңгімеміздің арнасы тоғыса жөнелді. Екеуміз күрестен мықтыларды түгендедік, кімнен кейін кім шығатынын есепке қойдық. Бала қиялы қайда жетелемейді. Сөйлесе-сөйлесе келе, екеуміз де осы шаршы алаңды бағындыратын батыр болып оралатын болдық. Ауылымызға қайтқанға дейін дос болып бірге жүрдік. Кетерде қимай қоштастық.

Екеуміз тұратын екі аудан арасы 300 шақырымға жақын, тікелей қатынас жоқ. Бүгінгідей қалта телефоны түгілі үй телефоны да ауылдарға енді таратылып жатқан кез. Байланыс тек хат арқылы. Мектепте жүріп хат арқылы хабарласып тұрдық. Уақыт өтіп жатты. Таңдаған жарың мен

досыңды кездестіру бір Жаратқаннан деген рас шығар. Тәңірім екеумізді жиі-жиі кездестіре берді. Мен сияқты ол да физика мен математиканы жақсы көреді екен. Әрі мектепті үздік оқып жүріпті. Екеуміз аудан көлеміндегі олимпиадалық жарыстардан озып шығып, облыстық, республикалық додаларда жиі кездесетін болдық. Біз үшін спорт пен сабақ бірінші кезекке шықты. Енді досыммен тағы да кездесу үшін қалайда келесі жылы болатын олимпиада жарысына алдын ала дайындық жасап, сабақты бұрынғыдан да жақсы оқуға күш салдым. Жарыстардан қалмадық. Спорт пен оқу додасына бірдей қатыстық. Сөйтіп жүріп, онжылдықты бітірер кезде алдымызда жоғары оқу орнын таңдау жол айырығы тұрды. Мен оған бір жағы бізге жақын Мәскеу мемлекеттік университетіне баруға үгіттедім. Ал ол қазақ орта мектебін бітіргендіктен, орысшаға шорқақтау екенін айтып, Алматыға, Қазақ мемлекеттік университетіне барғысы келетінін айтты. Сөйтіп жүргенімізде, оныншы сыныптар арасында физика-математикадан республикалық олимпиададан Семей қаласында жарыс болып, мен жүлдегер атандым. Ол кезде талантты, талапты балаларды ел арасынан таңдап, іріктеп, көзге түскендерін өздеріне тартып отыратын қырағы ел азаматтарының бар уақыты ғой. Сол жарыстағы әділ-қазылар алқасының төрағасы, Ленинградтан келген жас ғалым, бір кездері ҚазҰУ қара шаңырағының ректоры болған, академик ағамыз Төлеген Қожамқұлов жарыс соңында мені шақырып алып, бүгінгі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика факультетіне оқуға келуге кеңес берді. МГУ-ге барам деген кішкене күмпілдеген кеудемді байқады ма, онан сайын қызықтырып, кетерінде: «Келсең, конкурссыз қабылдатамын» дегенді де бұрылып бара жатқан маған, артымнан айқайлап, айтып қалды.

Үйге келдім. Менің оқу орнын таңдауым туралы бұған дейін де үй ішінде біраз әңгіме болған. Мен атамның қолында тәрбиеленген баламын. Әке-шешемді көп мойындай бермейтінмін. Үйге бірге келіп жүргенде Бекеттің ҚазГУ-ге барамын дегенін құлағы шалды ма, әлде шетке жібермей Қазақстанда қалсын деген ой ма, қайдам, әкем жарықтық та «қой, орыс жерінде не бар, елде оқысаңшы» дегенді бірнеше рет құлаққағыс қылған. Ал менің ішкі ойым қалайда Мәскеуге тарту еді. Бұйырмасқа ем жоқ қой. «Құланның қасуына, малтықтың басуы» демекші, осы сәтті күткендей, сап етіп, аяқастынан, Семейде кездескен Төлеген ағам мөрін бастырып, қолын қойғызып, менің конкурссыз Қазақ ұлттық университетінің физика-факультетіне оқуға қабылданатыным жөнінде қатынас қағаз жіберіпті. Сонымен, не басыңызды ауыртайын, әжем мен әкемнің айтқаны болып ҚазГУ-ге жол тарттым. Бұйырмас деген осы. Бұл бір жағы Бекет досымның іштей тілегі де шығар деп ойлаймын, кейіннен.

Талапкерлер дәргерлік комиссиядан өтуге келдік, қаптаған адам. Бір кезде қалың топтың арасынан Бекет досымды кезіктірдім. Екеуміз шұрқырасып табыстық. Мен аяқастынан өзгерген шешімім туралы айтқаныма Бекет досым жүрегі жарылардай қуанды. Енді екеуміз бірге оқып, бірге спортпен

айналысамыз деп шештік. Шын қуанғанды да Жаратқан тез көре қала ма, аяқастынан жоспарымыздың талқаны шыққаны. Көзінің нашарлығына байланысты, физикада приборлармен көп жұмыс істейтіндіктен, студенттің көз көру қабілеті жоғары болу керектігін айтып, дәрігер ол факультетке Бекетті комиссиядан өткізбей тастады. Бұл талапкердің физика факультетіне көз қабілеті жарамайды деген шешім шықты. Енді не істейміз, қуаныш су сепкендей басылды. Бекет математикадан да жақсы болатын, амалсыздан енді арызын математика факультетіне жазды. Сөйтіп, былай достығымыз ажырамаса да, мамандыққа байланысты екеуміз екі жолға түстік.

Кейде мен ойлаймын, сол кезде жолын қимағанда Бекет досым әлемге әйгілі физик болушы еді деп. Өйткені оның жастайынан ойлау қабілеті өзгеше болатын. Физикалық құбылыстар мен заңдылықтарды әрі сенімді, әрі түсінікті қылып жеткізетін. Бұл жерде қалай сөз қисынын келтірсе болар екен. Бекет қазақ халқының ойлау жүйесінде, сол мидың қабылдау деңгейінде түсіндіретін. Мынадай жағдай есімде қалыпты. Бірде бәріміз спорт жарысынан соң бөлмеге жиналдық. Мен кештеу келдім. Бекет ауыл балаларына ақ тер, көк тер болып физика заңдарын түсіндіріп жатыр. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші әңгіме, күресте айла-тәсіл қолдану кезінде, физика заңдылықтарын да ескеру керек дегеннен өрбісе керек. Резонанс құбылысын түсіндіріп отыр екен.

– Қараңдаршы, ана есікке, – дейді Бекет шыпшыған маңдай терін сүртіп жатып. Барлық назар кіріп келе жатқан бізде, – ілгіш тұмсығы иіліп жай тұр. Ал егер оның ішкі тербелісін тауып, әсер етсеңіз, ішкі тербеліс пен сыртқы тербелістің сәйкес келуінен резонанс пайда болады да темір ілгіш өзінен-өзі қозғалысқа келеді. Мәселен, түп-түзу салынған көпірді бес-алты адамның аяқ жүрісінің сәйкес келуімен-ақ құлатып тастауға болады. Сол сияқты қарсыластың күшін пайдаланып, өзің күш жұмсамаудың жолын қарастыруың керек.

15-16-лардағы Бекеттің күрес пен физиканы байланыстырып, қарапайым түсіндірулеріне біз сол кезде қайран болғанбыз. Ол өте көп оқитын. Әрбір құбылыстың сырын аңдитын. Табиғаттың біз білмейтін тылсым күштерін физикалық жолмен түсіндіріп, ғылым заңдылықтарымен шешіп беруге тырысатын. Физиканы қалай жақсы көрсе, математиканы да сондай жақсы көріп оқыды. Кейін біз студент болғанда бес бала бір бөлмеде жаттық. Біз бір ұйықтап тұрғанда, Бекең әлі есеп шығарып, таң атыратын. «Ей, жатсаңшы!» деген ескертпемізге, тісін ақсита бір күліп қоятын да есебін шығарып отыра беретін. Еңбекқорлығына, шыдамдылығына таңғалатынбыз. Бірге оқыған қала балаларының Бекетке келіп, есептерін шағартып алып жүргенін талай көзіміз көрді. Ол Ньютон, Коперник, Галилей, Эйлер, Риман, Колмогоров, Никольский сияқты басқа да әлем ғұламаларының кітаптарын алып оқып, жатпайтын. Егер де тұрмыс қамымен елге кетпегенде, оның үстіне 1990

жылдардағы тоқырау болмағанда ол әлемдік деңгейдегі ғылымның биіктеріне көтерілуші еді.

«Ашта жеген құйқа дәмі тоқта кетпес» деген қазақ, Балзия әпкеміздің сол кезде студент достарына дайындаған тәтті тағамының дәмі әлі күнге дейін тіліміздің ұшында. Бір жиын бола қалса топырлап, Бекең шаңырағына жинала қалатынбыз. Бекең жалпы сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Жап-жақсы дауысы бар. Ән салады. Бауырмашыл болумен қатар достарына адал, бір сөзді жан. Ептеп жанынан өлең де шығарады. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Туған нағашысы атақты дауылпаз, қазақтың ауызы дуалы ақындарының бірі – Хамит Ерғали. Біртүрлі шикіл сары түрі де сол Хамаңа ұқсап тұрады. Қағытпа, шақпа тілі тағы бар. Айтпақшы, шақпа тілі демекші, үйленгенде мен күйеуқосшы болдым. Балзияны әпке дейтінім, біз руласпыз. Оның үстіне олардың бір-екі жас үлкендіктері бар. Дос болсақ та досым көбіне сонысын «бұлдайды». Той өтіп, тағы бір бас қосқанда, кезінде бәйек болып үйленген Балзия апайымызға қарап:

– Мына, сенің қу інің мені алдап-сулап жүріп, тіпті күйеужолдас болып еріп келіп, апасын маған өткізіп алды. Әйтпесе, ешкімге өтпей қалар ма едің, – деп қалжыңдайды.

– Осындай тілдің артығын кесіп алып, бойыңның жетпеген жеріне жалғап қояр ма еді, – деп біз де жауап қайтарып жатамыз.

Дос демекші, достың да түрі көп қой. Бекет дос көңілін алыстан танитын, ішкі жан-дүниесін ұғатын өте сезімтал жан. Біз байқай бермейтін нәрселерді ол байқап отыратын. Дос көңіліндегі қайғы-мұңға ортақтасып, қуанышын бөлісе жүреді. Студент кезде жаңа шыққан «Әселім» әнін сонша жақсы көретінмін. Әлі күнге дейін көңілім құлазыған сәтте осы әнді тыңдап, дем аламын. Осыны байқаған Бекең кездескен кездерде өзінің сол қоңыр әдемі дауысына салып «Әселім» әнін тамылжыта орындап, көкіректегі шерді бір сыпырып кететіні бар. Дос болған бір басқа да, дос көңіліне қарау бір басқа. Осы көпшілігіміздің бойымыздан табыла бермейтін қасиет.

Бекеттің әкесі Зинеш ақсақал Ұлы Отан соғысының ардагері, көпті көрген, елге сыйлы жан. Аузының дуасы да жоқ емес. Бекет университет бітіріп, елге оралған кезде әкесінің айтқан сөзі әлі есімде:

– Бізге қарайлама, балам, – деген әке алысқа көз салып, – Орталықтың аты – орталық. Алматы – үлкен қала. Ғылым ордасы, оқымыстылардың жиналған жері. Сен сонда қал, оқуыңды одан әрі жалғастыр. Ауылдың күйбең тірлігі бітпейді, ғылыммен айналысу үшін алаңсыз болғаның жөн, – деген, тыңдап отырған бізге де қанат бітіріп. Сол сөз менің әлі күнге жадымда.

Елге қызмет етем деп, ауылында жүріп алған Бекең біраз уақытын өткізіп алды. Араға алты жыл салып Алматыға қайта оралды. Тұрмыс тауқыметімен әрі-бері шауып жүріп, ғылыми ізденіс жасау оңай болсын ба? Темірді қызған кезде соқ демекші, дарынды жас жігіт мол дайындығын дер кезінде жарата алмады. Ол дифференциалдық теңдеулерді шешуде алдына жан салмайтын. Ұстаздары профессорлар Ж.Тоқибетов, С.Айсағалиевтардың осындай білімпаз жас жігіттің аймақтағы жоғары оқу орнында қалып, жұмыс істеп жүргендігіне, жас таланттың өзін әлі де аша алмай келе жатқанына қынжылыс білдіргендерін талай естігенбіз. Өздері де осы КазГУ-де қалуға бірнеше рет кеңес берген. Менің ұлы ұстазым, академик Фазылхан Байымбетов ағамыз да «… осы сенің сары досың есепке құмар, ғылымда жарқын болашағы бар жігіт» деп отыратын. Бірақ, Бекең өзінің туған өлкесіне қарай ат басын бұрумен болды. Әлі күнге дейін ол өзі еңбек ететін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін басқа барлық жоғары оқу орындарынан жоғары қояды. Ыстығына күйіп, суығына тоңып аянбай еңбек етуде. Әріптестері арасында да үлкен беделге ие. Қызмет ететін университеттің айтулы ұстаз-ғалымы. Облыста оны білмейтін жан жоқ. Ол үп еткен желде ықтасын болар шөбі жоқ, ақтақыр, шаңы шығып жатқан Атырау өңірімен мақтанады. Туған жері туралы артық ауыз сөз айтыла қалса, ұнатпай, атойлап шыға келетіні тағы бар. Әйтеуір, елім деп соққан жүрегі ерекше жан. Оның біздерден артықшылығы да осы шығар.

Ол көп жыл бойы мұнай саласына қатысты математикалық есептер топтамасын шешумен айналысты. Әсіресе, Атырау өңірінде парафинді мұнай көп. Оны құбырмен тасымалдауда қиындықтар да көп кездесетіндіктен, онымен айналысатын кәсіпорындардың жұмыс өнімділігі ойдағыдай болмайды. Міне, осы мәселелер ғалымды әріден толғандырса керек. Ол өзінің білім-ғылымдағы күш жігерін біраз жыл осы салаға арнап келеді. Жеткен жетістітері де жоқ емес. Оның осы тақырыпта жазған бірнеше ғылыми мақалалары бар.

Ұстаз-ғалым жүздің үстіндегі ғылыми мақаланың авторы. Ұстаздық жұмыстан қол үзбей жүріп бір монография, жеті оқу құралын жазды. Ал шетелдердегі ғылыми журналдарда жарық көрген мақаласы қаншама.

Ол қоғамдық жұмыстардан да тыс қалмаған жан. Облыстық маслихаттың депутаты, Атырау облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі бола жүріп, бас бермеген талай даулы мәселелерді халық, ел мүддесінің пайдасына шешкені бар. Елге жасаған еңбегі елеусіз емес. Қазақстан Республикасы Президентінің алғысхаттарымен, құрмет грамотасымен марапатталды. Білім саласындағы Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгіні кеудесіне тақты. 2019 жылдың үздік оқытушысы. Жақында ғана өзі білім алған қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің атынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Жұбайы Балзия екеуі үш бала тәрбиелеп өсірген Бекең, биыл 60-қа толып отыр. Балалары ер жетіп, үлкені ұяға, кішісі қияға қонды. «Алпыс – тал түс» дейді қазақ. Отбасының ауыр жүгінен босап, енді дер шағына келген ғалым-ұстаздың әлі де бітірер шаруасы, тыңдырар істері шаш етектен. Жеткен жетістіктерін елі мен халқының қажетіне жарату жолында барын салып жүрген Бекеңнің әлі талай бекіністерді бағындырып, бекет салары сөзсіз. Ол әуелден жан-жағын тап-тұйнақтай қылып, қымтап ұстайтын, ғылымға адал, шәкіртіне мейірбан, досына жанашыр, елін сүйген, жерін ұлықтаған жан ғой. Сондықтан ол салған қамалдың қабырғасы биік, бекеті берік болары сөзсіз

Тегтер: ғылым білім тұлға азамат ғалым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 11:00
"Жабық тақырып жөніндегі ашық әңгіме"
Бифат ЕЛТАЕВА 23.11.2020, 14:38
Алтын адамның алтынын сақтап, бас сүйегін қайда жібердік?
Айжан БҮРКІТБАЕВА 20.11.2020, 03:30
Гиннесс рекордтарын жүзіммен жаулаған бағбанды мемлекет неге қолдамайды?
Сайт әкімшілігі 18.11.2020, 16:15
Серік Сәпиевтің әкесі қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 17.11.2020, 17:26
Жезқазғанда Алаша хан мен Жошы ханның кесенесі қараусыз жатыр
Сайт әкімшілігі 17.11.2020, 10:24
Қош бол, "Б"

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56