Азат қозғалысының өмірге келуі

Ермек МҰҚАНҒАЛИЕВ

25.11.2021, 15:20

582

Біз жиырмасыншы ғасырды ұлт-азаттық қозғалысының ғасыры дейміз. Осы ғасырдың 70-жылдарына дейін бұрын Батыс елдеріне отар болған Азия, Африка құрлықтарының халқы түгелге жуық ұлт-азаттық күресінің арқасында өздерінің азаттығына қол жеткізгеннен кейін Кеңес одағы деп аталатын алып империяға бағынатын халық та өз бостандықтары туралы ойлана бастады.

Әрине Кеңес одағы да бұрынғы Ресей империясының орнында құрылған империалистік мемлекет болатын. Бірақ коммунистер интернационалдық идеологияны пайдаланып: «Біз – әрбір республикалардың өз еркімен қосылған одақпыз, кез келген уақытта бұл одақтан шығуға әркімнің құқығы бар», – деп Конституциясына жазып қойды. Оған қоса социалистік қоғамда барлық адам ұлтына, нәсіліне, дініне қарамай, бәрі еркіндікте, теңдікте өмір сүреді деп үгіт-насихат жұмысын жүргізді.

Көп адам коммунистердің бұл сөзіне имандай сеніп, алғашқы кезде оларды қолдады. Соның салдарынан адамдардың шын ниетімен аянбай еңбек етуінің арқасында Кеңес одағының экономикасы аздаған уақыт ішінде қарқынды дамып, ауыл шаруашылығында, ауыр өнеркәсіпте, машина жасауда, ғылымда, білімде үлкен табыстарға қол жеткізіп, екінші дүниежүзілік соғыста фашист басқыншыларына қарсы тұра білді. Алайда Кеңес одағының коммунистік партиясы ішкі және сыртқы саясатта интернациональды идеологияның негізгі қағидаларынан ауытқып, дүниежүзіне орыстардың ұлы державалық шовинистік үстемдігін орнату саясатын жүргізуіне байланысты басқа ұлттардың қолдауынан қол үзіп, ақыры Кеңес одағы деп аталатын империя өз ішінен ыдырап, ең соңында күйреп тынды.

Кеңес одағының ойламаған жерден, аяқастынан ыдырауы, оның алғашқы іргетасының қалануынан бастап «жалған», «өтірік», «алдамшы» саясаттың негізінде құрылуына байланысты болатын. Сол кездегі билік басындағы саяси элита халықты жетпіс жыл бойы құр уәдемен алдап, қоғамда тотолитарлық жүйе орнату салдарынан өмір сүрді.

Горбачев өзінің «қайта құру», «демократия», «жариялылық» деп аталатын саясаты арқылы қоғамдағы шындықтың бетін аздап ашып еді, әр жағынан коммунистік идеологияның жалған, жасанды идея екені белгілі болды. Бірақ та ол идеяны «жүз пайыз жалған» деп айтуға болмайды. Себебі, оның ішінде қоғамда «әлеуметтік әділдік болуы керек және барлық ұлттар тең құқылы болуға тиіс» деген қағидалары халыққа пайдалы идея болатын. Осы идеясы үшін көпшілік қауым оны қолдап, қазіргі дүниежүзі бойынша көп елдерде еңбекші тап пен отар елдер «әлеуметтік әділдік пен бостандық үшін күресте» көп жетістіктерге қол жеткізді.

Бірақ Кеңес одағында ол идеяны коммунистік партия дүниежүзінде орыстардың ұлы державалық, шовинистік үстемдігін орнату үшін құрал ретінде пайдаланды. Соның салдарынан ол идея ХХ ғасырдың соңында халық арасында өзінің беделін жоғалта бастады. Горбачев билік басына келгеннен кейін коммунистік партияның беделін көтеру мақсатында «жариялылық» саясатын бастап еді. Кеңес одағындағы коммунистік партияның ондаған жыл бойы халыққа жасаған қылмыстарының құпиясы ашылып, ақыр аяғында «Кеңес одағы» деген алып империя күйреп тынды.

Оның күйреуіне себеп болған тағы бір оқиға – 1986 жылы 17-18 желтоқсанда Алматыда Қазақстанның басшысы етіп Кремльдің қойған адамына қазақ жастарының наразылық білдіріп алаңға шығуы еді. Бұған дейін Мәскеудің жүргізген саясатына ешбір республикада ашық қарсылық білдіру оқиғасы болған жоқ. Алматыдағы жастар қозғалысын Кеңес одағы күшпен аяусыз басып тастаса да, ол оқиға басқаларға үлгі болып, содан кейін осындай оқиғалар Бакуде, Тбилисиде, Вильнюсьте, Ригада жалғасын тапты.

Жариялылық саясатының салдарынан сол кезге дейін коммунистік партияның жүргізіп келген саясаты екіжүзді, жалған саясат екені белгілі болғаннан кейін барлық республикаларда ұлттық-патриоттық бағыттағы қозғалыстар пайда болып, жер-жерде «халық майдандары» құрылып, олар халықтың ұлттық санасының оянуына алып келді. Мысалы, сол кезде Украинада «Рух», Литвада «Саюдис» сияқты қоғамдық қозғалыстар құрылып, олар бірден коммунистік партияға өздерінің оппозициялық бағыттағы саясат жүргізетіндерін ашық мәлімдей бастады.

Бірақ та Қазақстанда бірден ондай саяси ұйым құруға адамдардың батылы жетпей әліптің артын бағып, әуелі тарихи ағарту жұмысымен айналысатын «Ақиқат» және мәдени этнографиялық «Жерұйық» сияқты бірлестіктерді құруларына тура келді. Бұған себеп 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін бірден саясатпен айналысуға жастардың жүректері шайылып қалған болатын. Дегенмен 1990 жылы Қазақстанда қоғамдық-саяси жұмыспен айналысатын «Азат» қозғалысы дүниеге келді. Оның пайда болу тарихы жөнінде осы қозғалыстың басы-қасында болып, оның дүниеге келуіне бірден-бір себепші болған, қазақ халқының патриот ұлы, алпысыншы жылдары Мәскеуде «Жас Тұлпар» ұйымын құрушылардың бірі Сәбетқазы Ақатай өзінің «Егемен Қазақстандағы» (24.02.1997 ж.) «Жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табады» деген мақаласында былай дейді: «1988 жылы «Азатты» бастамастан бұрын жан-жаққа көз тастадық: осы істі мойнына алып, жауапкершілігін көтеретін үлкендер мен ұлағаттылар табылып жатса, жолын кес-кестемейік деген салихалы ой болды. Тәуелсіздік алу қабырғалы қайраткер аға ісі деп ұғындық. Империя рухани ыдырауға түсті, «халық майдандары» қаптап кетті. Қазақ қана жым-жырт отырды, іс тым кешеуілдеп бара жатқан соң, әлеумет санасын балаң жастар мен содырлардың айтқаны бел алып кетеме деп қауіптендік. Бұл қауіп негізсіз емес еді. Нұрбақыт Қойшыбеков, Марат Шорманов үшеуіміз біздің үйге біраз уақыт жасырын жиналып жүріп, кеңесе келе «Азаттық» бағдарламасының жобасын жасадық та, тәуекел дедік. «Азат» деген атты Нұрбақыттың жан досы әрі әріптесі Шаймұрат Қожабеков ұсынды. Демек, «Азат» туғанда көптің ісі болып дүниеге келді. Көсем болу ойда жоқ. Мақсат – СОКП-ның отаршылдық бұғауынан азат болу, күллі қазақстандықтарды тәуелсіздік туын желбіретуге, дербес ел болуға үндеу еді. Халық қолдау көрсетті, қозғалыс жаппай сипат алды. Құрылтайда мен төраға болудан үзілді-кесілді бас тарттым, көп тең төрағалардың бірі болуды қаладым», – дейді.

«Азат» қозғалысының дүниеге келуіне Сәбетқазы Ақатайдың қосқан еңбегі өте зор еді. Себебі ол осы қозғалыстың әрбір облыстарда бөлімшесін құру үшін облыс орталықтарына, аудандарына сапар шегіп, онда ұлтжанды, патриот адамдардың басын қосып «Азат» қозғалысын құруға үгіттеді. «Азат» қозғалысының үн парағы «Азат» газетін шығаруға, Орал казактарының бүлігін әшкерелеуге, Семей полигонының жабылуына, Желтоқсан оқиғасының шындығын дүниежүзіне таратуға, ГКЧП күндері оған қарсы әрекет жасауда Сәбетқазының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Себебі ол қазақ деген халықтың ұлы патриоты болатын. Сол үшін ол аянбай еңбек етіп, соның азаттық алуына өз өмірін арнады. Олай дейтініміз: Сәбетқазы Ақатай жас кезінен қазақ халқының қамын ойлап, сонау алпысыншы жылдары, Кеңес одағы кезінде Мәскеуде оқып жүргенде Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан, Марат Сенбі т.б. ұлтшыл жастар «Жас тұлпар» деген ұйым құрып халық арасында ағарту жұмысымен айналысқан болатын.

«Азат» қозғалысы өмірге келгеннен кейін қазақ халқының санасын оятатын, оған өзінің тәуелсіздігі үшін күресуге үгіттеу үшін үгіт-насихат жұмысын жүргізу қажет болатын. Осы мақсатта 1990 жылы 12 қазанда «Азат» газеті жарық көрді, соның бірінші санында С.Ақатаевтың «Қазіргі әлеуметтік-саяси дағдарыс және одан шығу жолдары» деген мақаласы жарияланды. Ол мақала «Отаршылдық нәубет», «Демократия және диктатура», «Дағдарыстан шығу жолдары», «Біз нені көксейміз?» деген төрт тармақтан тұрады. Соның бірінші тармағында: «Дін мен тілден, мәдениет пен мінез-құлықтан, әдет-ғұрып пен ұлттық дәстүрден алжастыру Кремльде шешілетін мемлекеттік «аса құпия» іс дәрежесіне көтерілді. Заманының барында сауық-сайраншыл, дархан халық арызқой атанды, ішімдікке бет бұрды. «Қазақтың жауы қазақ бола бастады», – деген болатын. Бұл қазақтың ұлт ретінде рухани азғындыққа түскенін және оған Кремль кінәлі екенін көрсетеді. Осы мақаланың екінші тармағында: «Қасірет бейбіт күндері жалғасуда», «Патшаның зеңбірегі мен Қызыл комиссарлардың қанды қырғынынан аман қалғандар үстінен енді ядролық қару сынап, атамекеніміз радиациялық меңіреу шөлге айналуда», «Дағдарыстың бір жағы отаршылдық нәубет болса, екінші жағы аппарат өктемдігі екенін түсініп, дұрыс бағытқа түсерсіздер деп ойлаймыз. Сөйтіп, Қазақстан коммунистерін ортақ қимыл әрекетке шақырамыз» деген болатын. Үшінші тармағында: «Жер бетінен мүлде құрып кетпес үшін бас қосып, ақыл біріктіріп, күреске шығатын жаңа дәуір туды. Бұл – біздің соңғы мүмкіндігіміз, соңғы тұяқ серпуіміз. Егер осы жолы еркіндікке қол созбасақ, болашақта жоқтаушымыз табыла қоюы неғайбыл. «Бас сауғалаған жан сақтамайды, жағаласқан жан сақтайды! Біздің күресіміздің ешкімге, ешбір ұлт пен ұлысқа залалы жоқ. Біздің талабымыз – табиғи. Біздің ешкімнің құқығына, тұрмысы мен несібесіне қол сұққымыз келмейді. Біз тек жоғалтқанымызды қайтарсақ, ортайғанымызды толтырсақ деген ой жетегіндеміз. Біздің қаруымыз – ақыл-ой, парасат пен бейбіт наразылық. Демек, біздің күресіміз Құдай алдында да, адам алдында да заңды», – деген болатын. Ақатаевтың бұл мақаласында Қазақстанда «Азат» қозғалысын құрғандағы қазақ халқының алға қойған негізгі ұлттық мүддесі мен мақсатының басты принциптері көрсетілген.

Қазақстан – тәуелсіздік алар қарсаңында құрылған «Азат» қозғалысы ұлттық мүддені қорғап, тәуелсіздіктің принциптерін билік алдына қоя білген бірден-бір ұйым. Оның дүниеге келген күні 1 шілде 1990 жыл болатын. Ол Алматының Ленин атындағы алаңда 12 тамыз 1990 жылы Қазақстанның мемлекеттік егемендігін алу жөнінде митинг өткізді. Алайда ресми үкімет пен оған жағымпаздықпен қызмет ететіндер осы қозғалысқа қазақ интеллигенциясын, жастарды кіргізбеу үшін қолынан келген айла-әрекеттерін аямады. Олар республика жұртшылығын «бұл қозғалыс – ұлтшыл қозғалыс» деп қорқытты. Олардың бұл әрекеті өз жемісін берді: интеллигенцияның едәуір бөлігі, әсіресе ана тілін білмейтін қазақтар мен орыс азаматтары қозғалысқа мүше болып кірмеді. Орыс тілінде сөйлейтін азаматтардың қозғалысқа кіруі, сөйтіп Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күресуі, олардың азаматтық және патриоттық сезімін ояту қазіргі кезде аса қиын проблемалардың бірі болып саналады. Бұл – осы қозғалыстың келешектегі басты міндеттерінің бірі және қазақ халқының болашақта ұлттық болмысын сақтап, дамытудың басты кепілі.

1985 жылы КП Орталық Комитетінің сәуір пленумы Кеңес одағында қайта құру, демократия, жариялылық принциптерін іске асыру және 1988 жылы ХІХ Бүкілодақтық партконференция, 1989 жылы халық депутаттарының бірінші съезінде көп кемшіліктердің беті ашылғаннан кейін Балтық жағалауы республикаларында, Украинада, Грузияда, Молдовада және басқа республикаларда қоғамдық ұйымдар құрылып, оның көбі сол кездегі Кеңес одағындағы қайта құру қозғалысын қолдау мақсатында құрылса да, кейбір республикаларда, соның ішінде Эстония, Литва, Латвияда құрылған «халық майдандары» негізінен ұлттық проблемаларды көтерді. Соның ішінде адам құқығын сақтау, ұсақ ұлттарды ассимиляциялауға қарсы күрес, әрбір республикаларда жергілікті ұлттың тілін мемлекеттік тіл жасау, олардың мәдениетінің, салт-дәстүрінің дамуына қолайлы жағдай тудыру, олардың егемендігін мойындау сияқты талаптар қоя білді.

Қазақстанда «Азат» қозғалысы құрылғаннан кейін ақпарат құралдары арқылы билік алдына саяси талаптар қоя бастады. «Азат» газетінің 1991 жылғы қаңтардағы №5 санында оқырмандардың сұрауы бойынша Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының жарғысы жарияланды және болашақ егеменді Қазақ Республикасының Конститутциясының жобасы жасалды.

1991 жылы 17 наурызда ыдырап, құлауға айналған Кеңес одағын сақтап қалу үшін сол кездегі билік халыққа референдум өткізу туралы ұсыныс жасады. Бірақ та ол референдумда қойылған сұрақ – саясаттан онша хабары жоқ адамдарды шатастыру үшін әдейі бүркемеленіп, бұлдыр қойылған сұрақ болатын. Оны Қазақстан парламенті халыққа түсінікті болу үшін түзеткен болды. Сұрақ: «Сіз КСРО-ны тең праволы егеменді мемлекеттер одағы ретінде сақтау қажет деп санайсыз ба?». Ол референдумнан одаққа кіретін республикалардың кейбірі қатысудан бас тартты. Соның ішінде Балтық жағалауы елдері Молдава, Грузия, т.б. республикалар. Бірақ та Қазақстан, Орта Азия елдерінің көбі одақтың сақталуына 80-90 пайыз дауыс берді.

Қазіргі Ресей Федерациясының Ұлы державалық шовинистері бұрынғы Қызыл Империяның сақталуына көп адамдар «иә» деп дауыс берген деп дау айтқылары келеді. Референдум өткізудің алдында «Азат» қозғалысының ұстанған позициясы, референдумға қатысайық, бірақ та онда қойылған сұраққа «жоқ» деп дауыс берейік деп шешім қабылдаған болатын. Сол кездегі Кеңес одағы деп аталатын мемлекет өзін бейбітшілік сүйгіш, өз еркімен қосылған республикалар одағы деп санаса да, шын мәнісінде ол отаршыл Ресей империясының орнына келген, бар айырмашылығы атын ғана өзгерткен тотолитарлы империя болатын. Сол империяны күйреуден сақтап қалу үшін коммунистік партия референдум өткізді. Бірақ та шовинистердің шын ойын білетін республикалар оған қатысудан бас тартты. Алайда ұлттық саналары әлсіз, коммунистік интернациональдық идеологияға әбден уланып қалған Орта Азия халықтары одақтың сақталуына «иә» деп дауыс берді.

«Азат» газетінің 1991 жылғы №2 санындағы С.Ақатаевтың «Лучше жить врозь, как соседы, но в мире и согласии, нежели под одной крышей – в вечном раздоре» деген мақаласында: «Мы знаем, что трагедия теперь разыгриватся в других регионах. Пережитое нами в морозные дни декабря 1986 года повторилис в Тбилиси и Баку, а теперь в условиях приближенных и европейском», «мы не против русских, мы против злостной и ненавистной Империи. Не поддерживайте шовинистов и колонизаторов, какую песню они не напевали. Выходите из рядов Интерфронта и его комитетов, возглавляемых парткомами и КГБ. Обнажайте и его имперскую суть. У нас общая судьба, комитетчики и шовинисты прикрывается, якобы интернационалистическим понятием – «русскоязичное население». Они тем самым наводят тень на совесть народа Пушкина, Лермонтова и Толстого», – деген болатын.

1990 жылы бұрынғы Кеңес одағына қарайтын республикалардың көбі өздерінің егемендігін жариялап, декларация қабылдады. Бірақ та Қазақстан билігі бұл жөнінде сақтық жасап егемендік жөнінде декларация қабылдауға асықпады. «Азат» қозғалысы биліктен тезірек егемендік туралы декларация қабылдауды талап етіп митинг өткізіп, аштық жариялады. Алайда билік егемендік туралы декларацияны тек 1990 жылдың 25 қазанында ғана жариялады. Одан кейін де Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуіне шейін еліміз талай оқиғаларды бастан кешуіне тура келді.

1990 жылы 27-30 қыркүйекте Мәскеу қаласында Шығыс халықаралық құрылтайы өтті. Оған «Азат» қозғалысы атынан С.Ақатаев қатысып қайтты. 1990 жылы 26 қазанда Азаттық үйлестіру кеңесінің отырысында жаңа Конституция жобасын 1991 жылдың 1 қаңтарына дейін дайындау үйлестіру кеңесінің мүшесі Сейсенбай Созаққа тапсырылды. Ол жоба 1991 жылғы Азат газетінің 1 санында жарияланды.

1990 жылы 11 желтоқсанда Мәскеуде КСРО Жоғарғы кеңесінің басшыларының бірі Борис Олениктің ұйымдастыруымен бейресми демократиялық қозғалыс-ұйымдарымен байланыс жөніндегі КСРО Жоғарғы кеңесінің арнаулы мәжілісі болып өтті. Оған «Азат» атынан М.Есенәлиев қатысып сөз сөйледі. Ол өз сөзінде: «Біздің республикадағы орыстілді ағайындар не болса соған, байыбына бармай жатып-ақ байбалам салуға құмар-ақ. Құрудың аз-ақ алдында тұрған тілімізді сақтауға да, республикалық егемендігімізге де аза бойлары қаза болып, өре қарсы тұрады.  Ұлттық сана-сезіміміздің күрт оянуы оларға ұнамайды. «Азат», «Азамат», «Алаш» десе болды шеттерінен кірпіше жиырылады. Өзінің ұлттық салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін, ұлттық мемлекеттілігін, территориялық тұтастығын сақтап қалғысы келгені үшін олар кінәлі ме? Жоқ жерден бәле іздеп, бір-біріміздің жүйкемізді тоздырғаннан не пайда таппақпыз», – деген болатын.

Қазақстанда 1990 жылы 15 қыркүйекте Орал оқиғасы болды. Ол оқиғаның алға қойған мақсаты – сол күні Оралда орыс-казактарының ақ патшаға қызмет етуінің 400 жылдығын атап өтпекші болуы. Бұл жиынға Ресей орыс-казактарының бас атаманы А.Мартинов бастаған орыс-казактарының жер-жерден өкілдері қонақ ретінде қатыспақшы болатын. Мұның артында үлкен астарлы саяси мүдде тұрғаны белгілі еді. Олардың негізгі мақсаты – Қазақстан тәуелсіздік алған жағдайда Қазақстанның әр аймағынан ұлттық автономиялар құрып, республика жерін бөлшектеп, ақыр аяғында Ресей империясының бір провинциясына айналдырып Ресейге қосу болатын. Бірақ та Азат қозғалысының батыл әрекетінің арқасында отаршыл сеператистердің арам ойы іске аспады.

Қазақстанның 1991 жылы 16 желтоқсанда өзінің тәуелсіздігін жариялауға себеп болған оқиға 1991 жылы 19 тамызда Мәскеудегі бүлік болатын. Оған дейін Қазақстан билігі Кеңес одағының ыдырағанын қаламады. Олардың мақсаты жаңа одаққа қол қойып, империяны сақтап қалу болатын. Бірақ та одаққа кіретін республикалардың бәрі өзінің тәуелсіздігін жариялап, Қазақстан жалғыз жұртта қалғаннан кейін, амалсыздан 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялауға мәжбүр болды.

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 13:00
Пешене
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 23:09
Талас Омарбеков дүниеден өтті
Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14