Бабалар мұрасының жоқшысы

Сайт әкімшілігі

25.02.2022, 16:55

2671

ХХ ғасырдың 60-шы жылдары іргелі ғылыми ізденістерімен бірге, төл топырақтағы ғылым тарихына, ұлттық тамыр мен құндылықтарға айрықша мән берген Қазақстан ғалымдарының интеллектуалды шоғыры қалыптасты. Әбу Насыр әл-Фараби мұрасын зерттеу осы интеллектуалды қозғалыстың іргелі арналарының біріне айналып, отандық ғалымдар қауымдастығына үлкен серпіліс әкелді. Бұл ең алдымен бір топ ғалымдардың қазақ ғылымы тарихында әл-Фараби мұраларын зерттеу нәтижесінен туындайтын фарабитану ғылыми бағытының іргесін қалады.

Ауданбек Көбесов есімі – математик, педагог, ғылым тарихшысы ретінде фарабитану ғылыми бағытының бастауында тұрған фарабитанушы ғалымдардың қатарынан еді. Ғалымның фарабитанулық ізденістерінің алғы шартында «Развитие идей Архимеда в работах Насир ад-Дина ат-Тусси» (1963) тақырыбында Мәскеуде қорғаған кандидаттық диссертациясы, нәтижесінде «Фарабидің педагогикалық мұрасы» (1990) тақырыбында Ташкентте қорғаған докторлық диссертациясы тұрды.

Әбу Насыр әл-Фараби мұраларына қатысты ғалым зерттеулері қазақ ұлтының мүддесі мен ғылыми танымының кеңеюіне бағытталды. Фарабитанушының ізденістерінің нәтижесінде «Әл-Фараби» (1971), «Математическое наследие аль-Фараби»,  «Астрономия в трудах аль-Фараби» (1981), «Естественно-математическое наследие аль-Фараби», «Әл-Фарабидің ашылмаған әлемі» (2002), «Әбу Насыр әл-Фараби», «Әл-Фараби мен Абайды қатар оқығанда» тақырыбында жарыққа шыққан еңбектері мен көптеген ғылыми мақалалары адамзат ғылымының һәм оның соқталы арнасы түрік-қазақ ғылымының тарихын сүйетін көпшілік оқырман қауымға, мәселеге қызығушылық танытқан ғылыми аудитория ізденушілеріне арналды.

Бір өкініштісі, Ауданбек Көбесовтің әл-Фараби мұралары туралы еңбектерін арнайы талдау және зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру мәселесіне әлі күнге жіті мән берілмей келеді. Ғалымның фарабитану идеясының жүйеленуі мен өзекті идеяларының сабақтастығын қамтамасыз ететін сұраныстың да және олқылықтың орнын толтыруға арналған ізденістердің де жеткілікті деңгейде жүзеге асырылмай тұрғаны анық.

Фарабитану тобы және фарабитану мәселелері туралы

1968 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясы Философия және право институты жанынан (қазіргі Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Философия, саясаттану және дінтану институты) Фарабитану тобы құрылғаны белгілі. Ауданбек Көбесов Фарабитану тобының аға ғылыми қызметкері ретінде әл-Фараби мұрасын араб тілінен аудару және жаратылыстану саласына қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында топқа қосылады.

Ғалым сол кездері берген өзінің сұхбатында жаңадан құрылған Фарабитану тобының жұмыстары туралы: «Қазір жұмысты екі бағытта жүргізудеміз. Бірінші, әл-Фарабидің қоғамдық ғылымдар саласындағы еңбектерін жинап, зерттеу. Бұл топқа философия ғылымының докторы Ағын Қасымжанов жетекшілік етеді. Екінші, әл-Фарабидің табиғат ғылымдары саласындағы еңбектерін жинап, зерттеу», − дейді. Фарабитанушы топтың екінші бағыты бойынша, яғни әл-Фарабидің жаратылыстану ғылымдары саласындағы мұраларын жинақтап, зерттеу жұмыстарын жүзеге асырумен шұғылданады.

Ауданбек Көбесов Фарабитану тобының бірқатар ғылыми және ұйымдастырушылық мәселелерін шешуді ұсынады: біріншіден, әлем кітапханаларынан әл-Фараби еңбектерінің түпнұсқаларын жинақтау; екіншіден, әл-Фараби еңбектерінің қазақ тіліне аударылған толық академиялық жинағын шығару; үшіншіден, әл-Фараби еңбектері араб тілінде жазылғаны белгілі, өкінішке қарай, араб тілін білетін математик ғалымдар жоқтың қасы; төртіншіден, Фарабитану ғылымына әр алуан ғылым салаларында еңбек ететін мамандарды кеңінен қатыстыру.

Қазақстан фарабитануының советтік кезеңінде қойылған мәселелердің бірқатары бойынша жұмыстар атқарылғаны белгілі. Ауданбек Көбесовтің әл-Фараби еңбектерін әлемнің білім және мәдени мекемелерінен жинақтау, оларды аудару және толық академиялық жинағын баспадан шығару қызметінде атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Соның ішінде ғалымның әл-Фарабидің математикалық және астрономиялық көзқарастарының мәнін ашуда атқарған ізденістері туралы айту шағын болса да арнайы түсіндіруді қажет етеді.

Әл-Фарабидің математикалық және астрономиялық мұралары туралы

1966 жылдың тамыз айында Мәскеу мемлекеттік университетінде математиктердің дүниежүзілік конгресі өтеді. Конгреске шартараптан жиналған 5000-нан астам математиктер қатысып, баяндамалар жасайды. Жаһандық ғылыми іс-шараға Қазақстан ғалымдары да қатысады. Соның ішінде, Ақжан Машани мен Ауданбек Көбесов «Әл-Фараби және математика» тақырыбындағы зерттеу нәтижелерін көпшіліктің назарына ұсынады. Баяндамада әл-Фарабидің қазіргі қазақ топырағының тумасы, философ, математик екені, Евклид пен Аристотельдің математикалық көзқарастарын талдағаны және математиканың дамуына елеулі үлес қосқаны туралы айтылады.

Ақжан Машани мен Ауданбек Көбесовтің әл-Фарабидің көпқырлы мұрасының ішінде талдауды математикалық қолжазбаларынан бастауының астарында терең сыр жатты. Бір қарағанда мұны біріншісінің геолог, екіншісінің математик екендігімен байланыстырып түсіндіре салуға болар еді. Дегенмен, ХХ ғасырдың 60-шы жылдары әл-Фарабидің математикалық мирасына ерекше ден қойған еріктілердің ғылыми ізденістері тарихи материализм үстемдік құрған советтік қоғамда бірқатар артықшылықтарды ұсынғаны анық деп білеміз.

Шынында да, әл-Фарабидің математик және жаратылыстанушы ғалым сынды болмысын советтік қоғамға, соның ішінде академиялық қауымдастық назарына таныстыруда бірқатар мәселелер жатты. Біріншіден, ол уақытта қазақ халқының жадында әл-Фараби есімі мен мұралары туралы түсінік ұмыт болып, өше бастаған еді. Олқылықтың орнын толтырудың ғылыми негіздері табылды. Екіншіден, әл-Фарабидің ғылыми мұрасы арқылы ұлттың тарихи санасын жаңғыртуға, қазақ халқының ғылым тарихының іргесін қалауға даңғыл жол ашу еді.

Ауданбек Көбесов 1968 жылы Фарабитану тобы құрылғаннан кейін әл-Фарабидің математикалық көзқарастарын тереңінен зерттеуді қолға алады. Ғалымның байыптауынша, ХХ ғасырдың 60-шы жылдары ғылыми қауымдастықта әл-Фарабидің математик болғанынан хабары жоқтар басым, ал хабары барлардың сенімнен гөрі күдігі басым еді. Фарабитану тобының әлемнің білім және мәдени мекемелеріне жүргізген ізденістерінің нәтижесінде әл-Фарабидің математикалық мұралары жинақталады. Жинақталған мұралар орыс тіліне аударылып, 1972 жылы алғаш рет әл-Фарабидің «Математикалық трактаттары» баспадан шығады.

Әл-Фарабидің «Математикалық трактаттары» кітап болып басылғаннан кейін көп ұзамай Ауданбек Көбесовтің «Математическое наследие аль-Фараби» (1974) атты монографиясы жарияланады. Монографияда автор әл-Фарабидің ғылыми шығармашылығының математикалық қырын ашып көрсетеді, кемеңгер ойшылдың өз дәуірінің алдыңғы қатарлы математиктерінің бірі болғанын анықтап береді.

Ауданбек Көбесов әл-Фарабидің астрономиялық көзқарастары да әлі күнге ғылым тұрғысынан қарастырылмағандығы туралы мәселе қояды. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында Әбу Насырдың астрономиялық ізденістерінің мәнін ашуға талпыныс жасайды. Фарабитанушының ізденістері мен зерттеулері нәтижесінде «Астрономия в трудах аль-Фараби» (1981) атты еңбегі жарық көреді.

Фарабитанушы ғалым аталған зерттеуінде әл-Фарабидің байырғы грек ғалымдарының еңбектерін түсіндіріп қана қоймай, олардың кемшіліктерін көрсетіп, маңызды толықтырулар жасағанын дәлелдейді.

Түйіндеп айтқанда, Ауданбек Көбесовтің ізденістері әл-Фарабидің математикалық және астрономиялық көзқарастарын зерттеумен шектелмейді. Ғалымның фарабитанулық еңбектерінің басты мақсаты әл-Фараби жасампаздығының тұтас ғылыми болмысын анықтауға және еңбектерінің мәнін ашуға арналған.

Әл-Фараби мұрасы туралы ізденістер

Ғылым тарихын білу ғылымның болашағын болжау үшін маңызды. Бұл мән мәтінде, әл-Фарабидің жалпы мағынада ғылымның дамуына қосқан үлесін анықтау, оның ғылыми мұрасы мен мирасын тыңғылықты зерттеу аса маңызды уәзипа. Осы мақсатта 1971 жылы фарабитанушының «Қазақстан» баспасынан «Әл-Фараби» атты кітабы жарыққа шығады. Ауданбек Көбесов аталған еңбегінде әл-Фараби мұраларын зерттеудің маңыздылығы туралы бірқатар мәселелерді қояды. Олар:

Біріншіден, ғылыми қауымдастық (әлем ғалымдары) әл-Фараби мұраларын 1000 жылдан астам уақыт бойы ізденістерінің пәніне айналдырып, тынбастан зерттеп келеді; екіншіден, Әбу Насыр әл-Фараби Түркістандағы Фараб (Отырар) қаласында 870 жылдары дүниеге келген. Сондықтан Қазақстан ғалымдары үшін әл-Фараби мұраларын жинақтау, аудару, жариялау, зерттеу жұмыстарын жүргізу парыз; үшіншіден, әл-Фараби байырғы грек ойшылдарының ғылыми және философиялық еңбектеріне түсініктемелер жазды, келіспейтін тұстарын анықтады, ғылыми сабақтастық мәселесін арттырды; төртіншіден, әл-Фараби ғылымның сан-саласынан дербес, соқталы трактаттар жазып, ғылымның кемелденуіне аса зор үлес қосты, осылайша ғылым тарихынан ойып тұрып орын алды; бесіншіден, әл-Фараби еңбектерінің идеялық негізі орта ғасырлық яһуди философтарының көзқарастарында жалғасын тапты, ал яһуди философтарының еңбектері өз кезегінде батыстың орта ғасырлар мен Жаңа дәуір философтары көзқарастарының қалыптасуына ықпал етті; алтыншыдан, әл-Фарабидің бір топ еңбегі орта ғасырларда латын тіліне аударылды және ғұламаның кейбір еңбектері қазіргі күнге тек латын тілі нұсқасында жеткен; жетіншіден, латын тіліне аударылған әл-Фараби еңбектері тікелей және жанама түрде француз ағартушылық дәуірі философтарының идеялық көзқарастарының қалыптасуына ықпал етті; сегізіншіден, әл-Фарабидің ғылым мен философияға қосқан үлесі туралы жан-жақты зерттеулер толығымен логикалық межесіне жетті деп айтуға болмайды. Әл-Фараби мұраларын зерттеу әрдайым жалғасын тауып отырады; тоғызыншыдан, әл-Фараби мұраларын зерттеуде орталықтандырылған және жүйелі үйлестіру жұмыстарын жүргізумен шұғылданатын арнайы орталық қызмет атқаруы керек; оныншыдан, Аристотельдің логикасын тереңдету және байырғы грек философының саяси көзқарастарын жетілдіру әл-Фараби есімімен тығыз байланысты; он біріншіден, әл-Фарабидің физика-математикалық еңбектері әлі күнге академиялық тұрғыдан қолға алынбай, зерттелінбей келді.

Ауданбек Көбесов, фарабитанулық зерттеулерінде тізбектелген мәселелер кешенін толығымен шешуге ұмтылады. Кітап әл-Фарабидің ғылымда қол жеткізген жаңалықтарын қалың оқырман қауымға түсінікті түрде таныстыру мақсатын көздейді. Әл-Фараби мұраларын қазақ тілінде түсіндіруге басты назары мен көңілін аударғанын айтады. Әбу Насырдың ғылым тарихында алатын орны «Фарабидің ұстаздары», «Фарабидің ғылыми мұралары», «Фараби және музыка мәселелері», «Фарабидің шәкірттері» сынды төрт негізгі тарау арқылы жан-жақты сараланып көрсетіледі.

Әл-Фараби мен Абайды қатар оқығанда

Ауданбек Көбесовтің 1973 жылдың 6 шілдесінде «Қазақ әдебиеті» газетінде «Фараби – Дауани – Абай» атты шағын мақаласы жарияланады. Ғалым аталған мақаласында қазақ халқының ойлау тарихы мен сабақтастық мәселесін ғылым тұрғысынан тиянақтауға талпыныс жасайды. Мәселені шешу мақсатында әл-Фараби мен Абай дәуірлерін жалғайтын, мұраларын рухани-интеллектуалды тұрғыдан байланыстыратын ойшылдар шығармашылығымен дәйектеуге тырысады.

Фарабитанушы шағын және газет бетінде жарияланған мақаласында әл-Фараби мен Абай мұраларының үндестігін әл-Фараби – Әбу Әли ибн Сина – Жәлал әд-Дин әд-Даууани – Абай мұраларының рухани-интеллектуалды сабақтастық тізбегін құру арқылы дәлелдеуге барын салады. Дегенмен, ғалымның көңілінде фарабитану мен абайтану арасындағы жүйелілік мәселесі шешімін таппай, «ақтаңдақ» күйінде қалып қойғандай болады. Идеяны ғылыми негіздеу және дамыту мақсатында 2006 жылы «Әл-Фараби мен Абайды қатар оқығанда» атты зерттеу еңбегін жарыққа шығарады. Бұл кітапта әл-Фараби мен Абай көзқарастарындағы ғылыми-педагогикалық, поэтикалық, музыка туралы ой-толғамдар, діни-философиялық тамырластық пен сабақтастық зерделенген.

Әл-Фараби «Бағдат шаһарында»

Ауданбек Көбесовтің «Жұлдыз» журналының 1975 жылғы №9 санында әл-Фарабидің тарихи болмысы мен ғылыми мұралары көркем бейнемен сомдалған «Бағдат шаһарында» атты повесті жарияланады.

«Бағдат шаһарында» үш негізгі идея қозғалады:

Біріншіден, әл-Фарабидің адами және ғалымдық болмысы. Әл-Фараби ең алдымен дүние ісінен бойын аулақ салған тақуа және өзін мақтағанды сүймейтін жан иесі. Ғылымға берілген һәм ғылым жолына адал ғұлама. Айық ақылдың иесі. Мұны повесть авторы былайша суреттейді: «Оның күнделікті қарекеті өзгеріссіз, бір сарындас: күндіз бағбан, түнде қарауыл; бос уақыттың барлығын оқумен, жазумен, өзі ниеттес дос-жарандарымен сұхбаттасумен өткізіп, ырду-дырдудан бойын аулақ салуға тырысады; көбірек барғыштайтын жайлары – Бағдаттың батысындағы Һарун Рашид заманында салынған қазір бай-патша, хазірет-молдалар назарынан тыс қалған расытхана мен ескі кітапхана».

Екіншіден, Қорқыт ата мен әл-Фараби сұхбаты. Сұхбаттың негізгі мәні мен сыры Қорқыт атаның әл-Фарабиге қойған мынадай сауалымен айқындалады: «Орхон бойындағы сонау баяғы қағандар дәуірінде бабаларым мекендеген жерлерге саяхат жасаймын, қобызымды сөйлетіп сыр шертемін, есіттіремін, толғатамын, үйретемін, толғанамын, үйренемін. Ежелгі ғұлама Тоныкөк, хас батыр Күлтегін зираттарына тауап қыламын. Сенің олардың даналығы мен ерлігінен хабарың бар ма, әлде олар сен үшін грек пен араб, үнді мен парсы тарихының тасасында қалып қойды ма?...».

Көркем шығармада автор Қорқыт атаны басына қилы заман орнаған халық құндылықтарының жоқтаушысы және насихатшысы бейнесінде суреттеуге тырысады. Қария елу жыл жанында жүрген жан серігі Тоныкөк толғауларын болашағынан үлкен үміт күттіретін жас әл-Фарабиге мұраға қалдырады. Мұнда автор тарапынан әл-Фарабидің музыка өнері саласында жеткен жетістіктеріне Қорқыт атаның рухани ықпалы болған деген идеяны символдық тұрғыдан берілгені аңғарылады. Қорқыт атаның Түркістан топырағында «өзімізге көрісу жазбаса, онда рухымыз, арманымыз, жинаған ғылымымыз, өнеріміз тоғыссын» деп айтқан тілегінің астарында халықтық шындық пен арман жатқаны, рухани сабақтастық пен тамырластық идеясын тереңінен айғақтайтынын меңзейді.

Үшіншіден, әл-Фараби энциклопедизмі туралы жан-жақты мәлімет беріледі. Повесте философтың математика, астрономия, музыка, этика, медицина, діни, гуманистік көзқарастары көркем тілмен нақтылы оқиғалар желісімен жеткізу тиімді пайдаланылады.

Төртіншіден, дін мен ғылымның айтысы. Бұл автордың советтік идеологияның атеистік және тарихи материалистік сұранысын қанағаттандыру мақсатынан туындайтын повестің идеялық бөлігі. Дәуір заңдылығы бойынша айтыстың соңы діннің жеңілуімен, ғылым мен кең мағынадағы философияның жеңіске жетуімен аяқталатыны заңдылық еді.

Сөнбес жұлдыздар

1973 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан ғалымның «Сөнбес жұлдыздар» атты еңбегі 36000 тиражбен басылып шығады. «Қалың оқырман қауым бүгінгі таңда Шығыс ғұламалары және олардың баға жетпес мұралары жөнінде еміс-еміс сырттай ғана хабардар халде отыруы елеулі мін болып саналады… Осы олқылықтың орнын толтыру үшін азды-көпті өз үлесімізді қосу мақсатымен осы кітапты жазып, жалпы оқушылардың, жас өспірімдердің назарына ұсынуды мақұл көрдік. Мұнда әсіресе отандас ғалымдарымыз – Орта Азия мен Қазақстан атырабынан шыққан ұлы ғұламаларға баса көңіл бөлінетіні өзінен-өзі түсінікті», – деген жолдардан автордың кітапты жазудағы мақсұд-мұраты анық көрінеді. Еңбегінің әлқиссасын ежелгі ғылым мен мәдениет тарихына үңілуден бастаған ғалым мұсылман қауымы ғана емес, күллі адамзатқа білім мен ғылым нұрын шашқан «Бәйтүл-хикманың» хикметімен жалғастырады. Бөлімнің тақырыбы да мазмұнына сай кесек «Һарон Рашид Академиясы» деп аталған. Әрі қарай сөз болған әл-Фараби, Бируни, ибн Сина, Омар Хаям, Нәсір әд-Дин әд-Туси, Самарқанд жұлдыздарының ғылыми өмірлері мен жетістіктері тұтаса келе жас оқырманға тарихи тамырының тереңдігін ұқтырып, ғылым ғаламына құштарлығының ерте оянуына септескендігі хақ. Мыңдаған оқушыны ұшан ой, ұшқыр қиялға жетелеген осы һәм осы еңбекті негізге алған еңбектердің қазіргі таңда да өзектілігі сезіліп отыр. Ғылым ұстындарының өнегелі өмірі мен ғылымда тындырған келелі істерін оқушы қауымға жеткізуді ыжағаттылықпен орындаған Ауданбек Көбесовтің ісін жалғастыру ғылымның сан саласында ізденісте жүрген заманымыздың ғалымдары үшін де аса зәру міндет.

Қорытынды

Әбу Насыр әл-Фараби мұраларының мәні сан қырлы екені анық. Дәл сол сияқты Ауданбек Көбесовтің фарабитанулық ізденістерінің мәні де көпқырлы аспектілерімен ерекшеленеді. Ғалымның фарабитанулық еңбектерін арнайы зерттеу, талдау және жүйелеу жұмыстарын жүргізу ғылым тарихы үшін және әл-Фараби мол үлес қосқан ғылыми идеялар сабақтастығын жалғастыруда аса маңызды. Сондықтан, мақала авторлары болашақта Ауданбек Көбесовтің фарабитанулық зерттеулері туралы жан-жақты ғылыми ізденістердің өз жалғасын табатынына үміт артады һәм бек сенеді. Лайым солай болсын!

Әсет Құранбек,

философия ғылымының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

философия кафедрасының меңгерушісі

Самат Қайратұлы, PhD

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ 23.06.2022, 09:32
Саған деген сағынышымның жанарына қапты шық тұнып...
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ 22.06.2022, 14:05
Үрейлі үш күн
Сырымбек ЖАҚСЫБЕКҰЛЫ 17.06.2022, 10:09
Ит етінен жек көремін сендерді!
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ 16.06.2022, 15:15
Поэзияның ұлы аспаны
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 15.06.2022, 17:20
Әуезов әлемінің әсерлері
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 15.06.2022, 13:15
«Қайсардың» бағын кім байлап отыр?..

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33