26.05.2023, 13:36
3840
Адам болмысы ешқашан өзгермейді. Қоғам мен өмір ағысы әртүрлі формаға түсе беруі мүмкін. Бірақ мазмұн сол баяғы. Әдебиеттегі кейіпкерлердің ситуациясы әртүрлі болғанымен, диалектикасының ұқсас болуы соның көрінісі болса керек.
Мопассанның кезекті бір шығармасының бетін ашып, оқуға кірісе бергенде өмірлік интригаларға толы өсектерден құралған сюжеттерге тап болдым ба деп ойлап қаласыз. Алайда шығарманың ішіне енген сайын жазушы өзінің шеберлігімен, сюжеттік линиялардың адам ойламайтын қалтарыс, бұрылыстарымен, кейіпкерлерінің алабөтен мінезімен сізді таңғалдырады.
1885 жылы жазушының Франциядағы ІІІ Республика кезіндегі әлеуметтік-саяси өмірді кеңінен қамтыған «Сүйкімді дос» романы жарыққа шықты (Қазақ тіліне аударған – Бексұлтан Нұржеке-ұлы). Шығарманың орталық кейіпкері – Парижді бағындырғысы келген арманшыл жас жігіт. Бұл француз әдебиетіндегі дәстүрлі тақырып еді, алайда Мопассанның шеберлігі арқылы уақыт үніне ілескен туынды боп шықты.
Бұл романда әйелдер бейнесінің айрықша галереясы бар. Форестье, Вальтер, Марель ханымдар айла, ақыл жағынан бірінен-бірі өтеді. Алайда Дюруа деген жас жігіт солардың бәрін алдап соғып, тақырға отырғызып кетеді. Мансап, байлық жолында олардың істеген айла-шарғылары шынымен адамды таңғалдырады. Бәрін жоспарлы түрде жүзеге асыратын алаяқтар мемлекеттік лауазымдарда, газет-журналдың басшылығында болады. «Француз өмірі» атты газеттің иесі, саясат пен бизнесті ұштастыра жүргізетін алаяқ Вальтердің өзін алдап соғып, қызын алған Дюруа өз уақытының перзенті. Биік мансап пен байлыққа кенелу жолында тек әйелдердің әлсіздігін пайдаланған ол ауылдан қалаға келген бала еді. Алжирді жаулау кезінде соғысқа қатысқан унтер-офицер. Соғыстан кейін Парижге келгенде сыра алуға да ақша болмайды. Бірақ ойында биік мансапқа жетсем деген қиял бар еді. Оның терең білімі де, мәдениеті де жоқ еді, тіпті лауазымды адамдардың арасында танысы да болған жоқ. Тек Құдай берген сүйкімді жүзі бар еді. Оның түріне қарап, бульварлық романдардың кейіпкеріне бірден ұқсатар едіңіз.
Парижге келіп, не істерін білмей тұрғанда майданда бірге болған Шарль Форестье деген полктасымен кездейсоқ жолығып қалады. Ол «Француз өмірі» газетінде саясат бөлімінің басшысы еді. Соның себебімен газетке қызметке тұрады. Оның қолынан жазу келмейтін. Тек Алжирда соғыста болған оқиғасын қызықты ғып айтып берді. Сол кеште оған «Африкалық мергеннің бастан кешкендері» деген тақырыппен новелла жазу тапсырылады. Бірақ оны өзі жаза алмайды. Ақыры Форестьенің әйеліне ауызша айтып, сол қағазға әдемілеп түсіріп берген еді. Қашанғы біреудің әйелі жазып береді, кейін ақпарат жинайтын бөлімге ауысады. Журналист болып қызмет ете жүріп, Форестемен қонақта болып, ондағы әйелдердің тілін табады. Ақыры газеттің бас редакторы болып, кейін сол газетті басқарған Вальтердің қызын алып, үлкен байлыққа кенеледі. Осы байлыққа жетер жолда Дюруа қандай қадамға ғана бармады десеңізші. Бәрін тарқатып, асықпай айтайық.
Тұздық
Форестье ханыммен әңгімесі біткен соң Марель ханым Дюруаны қасына шақырды.
— Сөйтіп, сіз журналшылықта бағыңызды сынап көрмексіз бе? — деді ол күтпеген жерден.
Ол өзінің мақсаты жайында өзі де түсінбейтіндей бірдемелерді айтты да, іле-шала Вальтер ханыммен сөйлескен сөздерін оған да айта бастады. Бірақ бұл жолы ол мәселені жақсы меңгеріп, жақында өзгелерден естігендерін де өзінікі етіп, сеніммен сөйледі. Және сол сәтте әр сөзіне терең мағына беруге тырысып, өз көзін әйелдің көзіне үнемі қадай тұрып сөйледі.
Өз кезегінде Марель ханым өзін тапқыр санайтын және қызықты көрінгісі келетін әйелдердің табиғи ширақтығымен бірнеше анекдот айтып жіберді. Бірте-бірте ашыла келіп, бір кезде қолы жігіттің жеңіне тиіп те тұрды, әр нәрсені айта жүріп, кенет даусын кілт бәсеңдете қойды, содан екеуінің әңгімесі ішкіл жағдайға ауысты да кетті. Өзіне анық ықыласы ауған жас келіншектің қасында тұрғаны жігітті толқытты. Өзінің оған берілгендігін, біреулерден оны қорғай алатындығын дәл қазір дәлелдеп және өзінің жақсы қасиеттерін оның алдына жайып салғысы келгеннен шаршап қалған Дюруа оның әр сөзіне кешеуілдеп жауап қайтарып тұрды, ал ол кешігулер оның ойы басқада екендігін дәлелдейтін еді.
Кенет Марель ханым себепсізден-себепсіз: «Лорина!» — деп шақырды да, қыз қасына келген соң:
— Отыр осында, қызым, терезенің алдынан суық тиеді, — деді.
Дюруаның қызды үнсіз ғана сүйіп алғысы келді, сонда сол сүйістің бір бөлшегі оның шешесіне де тиесі болатындай көрінді.
— Сізді сүюге бола ма, мадмуазель? — деп сұрады ол сыпайы, әкелік мейірімді үнмен.
Қыз оған таңдана қарады. Марель ханым күле сөйледі.
— Жауап бер: «Бүгінше сізге рұқсат етем, мырза, бірақ бұдан кейін бұл қайталанбасын», — де.
Дюруа отырып, қызды қолынан ұстады да, қыздың толқынданған жұмсақ шашына ернін тигізді.
Шешесі қайран қалды.
— Қарай көр, қашпады! Ғажап! Әдетте ол өзін тек әйелдерге ғана сүйгізеді. Сіз бағындырып алғышсыз, Дюруа мырза!
Ол қызарып кетті де, қызды бір тізесіне отырғызып, үнсіз тербете берді.
Форестье ханым қастарына келді де, таңданғаннан ішегін тартып:
— Мен не көріп тұрмын? Лоринаны үйретіп алыпты! Міне, ғажап! — деді.
Сигарын езуінен тастамай Жак Риваль бұларға қарай жүрді, аузымнан әлдебір орынсыз шығып кеткен сөзге бола бар жағдайды бүлдіріп, бүгін жинап алған беделімнен бір сәтте айырылып қалмайын деп қорқып, Дюруа дереу қоштаса бастады.
Ол басын иіп, әйелдердің қолын абайлай қысса, еркектердікін қаттырақ сілкіді. Сөйтіп тұрып, қол қысысына Жак Ривальдің достық пиғылмен жауап қайтарғанын, Норбер де Вареннің дымқыл әрі суық қолы саусақтарының арасынан сусып өткенін, ал Вальтердің қолы суық, бос, жаны жоқтай, ұсқынсыз екенін, Форестьенікі толық әрі жылы екенін байқады. Досы құлағына сыбыр етті:
— Ертең сағат үште, ұмытпа.
— Жо-жоқ, сөзсіз келемін.
Бүгінгі табысына Дюруаның қатты қуанғаны соншалық, баспалдаққа келгенде, одан оның жүгіріп түскісі келді, төмен қарай екі баспалдақтан бір-ақ секіріп келе жатып, кенет үшінші қабаттың алаңқайындағы үлкен айнадан өзіне қарсы секіре жүгіріп келе жатқан мырзаны көргенде, өзін біреу қылмыс үстінде ұстап алғандай ұялып, тоқтай қалды.
Дюруа өз бейнесіне ұзақ сүзіліп қарады, сонан соң өзінің соншалық сұлу екеніне шаттанып, айнадағы бейнесіне күлімсірей қарады да, сонан соң оған дәл бір сыйлы кісімен қоштасқандай қолын көтерді де, құрметпен төмен иіліп тағзым жасады.
Романнан үзінді
Дюруаның жастығы мен сымбаты, адамдармен тез тіл табысуы әртүрлі әйелдермен жақындасып, достасуына оңай жол ашады. Қызы Дюруаны «Сүйкімді дос» атап кеткен Клотильда Марель бас кейіпкердің көңілдесі болады. Ақылды, ерекше талантты Мадлена Форестьені әйелдердің ішіндегі досына айналады. Бұл жандар Дюруаның тек достық, махаббат жібін жалғап қана қойған жоқ. Марель оның қаржылық қиындықтарда жүргенін естіп, ақырын ақша тастап кетіп жүрді. Басында оны алғысы келмесе де, ақыры оған да бой үйреткен жігіт, тіпті ақша күтетін кезге де жетеді. Ал Мадлена болса, оның карьера жасап, баю жолында бас кеңесшісі болады. Дюруаның журналистика саласында өсуі үшін «Француз өмірі» газетінің басшысы Вальтердің әйелімен танысу керегін Мадлена айтқан болатын. Вальтер ханыммен танысқан соң ол газеттің бөлім басшысы болып шыға келеді.
Парижге келіп, ойламаған жерден өмірі басқа арнаға түскен Дюруаның тіршілігінде әртүрлі оқиғалар болады. Жак Ривальдің үйіндегі қайырымдылық турнирі, Форесьтенің өлімі, оның қазасынан кейін ұялмай мұраға таласуы, тегін ақсүйектерше бөліп Дю Руа де Кантель деп өзгертуі – бәрі оның болжаусыз болашағы еді. Сонымен қатар француз қоғамындағы адамдардың рухани жұтауы еді. Олардың адамгершіліктен, ұяттан алыстап кеткені өмірлерінде соншалықты ондай ұғым да жоқ.
Дюруаны «Сүйкімді дос» деп адам бойындағы жасанды қылықтарды сезе алмайтын кішкентай ғана қыз атағанын айттық қой. Бірақ оның айналасындағы үлкен адамдар да оның шынайы болмысын тани алмайды. Міне, осы тани алмау барлық бүліктің басы әрі барлық жақсылықтың соңы болды. Романның негізгі тірегі де осы болмыс пен адам танымауда жатыр.
Лев Толстой «Өмір» романы мен «Сүйкімді дос» романын салыстыра отырып: «Алдыңғы романда автор сұрақ қояды. Неге ғажайып адамның өмірі құрыды? Бұлай болуының себебі не? Ал «Сүйкімді доста» Мопассан сол сұрақтарға өзі жауап бергендей болады. Өйткені қоғам бұзылған, адамдардың бәрі бұзылған» деп жазады.
Расымен, Дюруаның әрекеттеріне эмоциясыз қараған күннің өзінде оны түсіну қиын. Бір әйелден екінші әйелге, бір адамнан екінші адамға шапқылап жүгіре берудің, әрі үнемі пайда үшін өтірік айтудың ар жағында бір пәле болуы керек қой. Бірақ оған ештеңе болмайтындай. Ол бәрін жымдастырып, шебер ұйымдастырып отырады.
Оны ешқашан ұят мазалаған емес. Ол жұрт қандай, сондай болғысы келеді. Бірақ қалай болады? Ол жағын ешқашан ойламайды. Жұрт байыса, баю керек. Қалай болса да! Жұрт алдаса, алдау керек! Сатқын болса, сата салу да түкке тұрмайды.
Дюруаның өмірде жеткен «жетістіктері» әйелдерге деген махаббатымен азат емес. Бірақ оның әйелдерді «жеңуі» Бальзак пен Стендаль романдарындағы кейіпкерлер әрекетінен өзге еді. Егер Стендальдың Жюлен Сорелі үшін әйелді жеңу – байды, бағланды жеңу, қарапайым халықтың элитаға шығуы сияқты дүние болса, Дюруада бір ғана мақсат бар: өзін сату.
Марельден кетіп, Мадленге үйлену себебі – бұл неке пайдалырақ еді. Мадленнен Вальтер ханымға жақындаған кезде оның көмегінен көп үміт күтті, кейін оның қызы Сюзанна Вальтерге үйленгенде оның әкесінің жарты мұрасына ие болып, билікке бару мақсат болды.
Адамның өзін сатуы қандай аянышты. Тіпті жиіркеніш тудырады. Бірақ бұл сол уақыттағы француз қоғамының көрінісі еді. Қазір де ондай адамдар жеткілікті ғой. Бұл тек бір уақытта емес, әр кезеңде де адам баласының бойынан кездесе беретін әлсіздік сияқты.
Оның ешқандай азаматтық позициясы жоқ, принцип деген атымен ада. Сөйте тұра қоғамдағы белгілі, белді адам болғысы келеді. Бірақ оның өмірінде өзі табан тірейтін ештеңе жоқ. Барлық нәрсеге біреу арқылы жетуді ғана ойлап тұрады. Романның басты айтар дүниесі де – осы.
Жорж Дюруа – әлеуметтік тип. Ол сатылатын журналистік ортадан шықты. Бальзактық мансапқорлардың жалғасы, тіпті кей тұстарда олардан да асып кеткен. Бальзактың кейіпкерлері арсыздық алдында ойланып қалып, екіұдай ой кешіп барып, қадам жасайтын. Ал бұл ешқандай ойға алданбайды. Ойланбайды. Бірден арсыздық істей береді. Тіпті Сюзаннамен неке қиып тұрып та, бұрынғы көңілдесіне көзі түседі. Сонда екеуі де бәрі баяғыдай қала беретінін ұғады. Бұдан асқан қандай сатқындай болуы мүмкін?
Өмірде белгілі бір жетістікке жету үшін ештеңеден аянбайтын адамдар болады. Ұят, ар дегенді білмейтін жандар өз жандарын саудалауға дайын тұрады. Өлім де оны тоқтатпайды. Қайта сол қазаның өзінен пайда іздейді. Ондай жандардың типтік бейнесі әдебиетте баяғыда-ақ жазылып қойған. Ол – Жорж Дюруа.
Бұл роман реалист Мопассанның үлкен жеңісі болды. Бұл шығарманы тек жеңілтек еркектің өмірі деп қарамау керек. Бұл тұтас бір қоғамның кеселі. Сондықтан да «Сүйкімді дос» сол кезеңдерде көп адамға ұнай қойған жоқ.
Өзі өмір сүріп жатқан қоғамның аярлығын, биліктегілердің екіжүзділігін «Сүйкімді дос» романында аямай әшкерелеген жазушының дұшпандары көбейіп кетеді. Онсыз да жынданудан қорқатын жазушыны газет-журналдар бірінен соң бірі жазып, дертке шалдықтырады.
1892 жылдың 1 қаңтарында Мопассан анасының үйінен түн жарымында өз үйіне келіп, тамағын пышақпен орып жіберді. Бірақ өлмей қалған жазушы Париждегі жүйке ауруларын емдейтін ауруханада бір жарым жыл жатып, көз жұмыпты.
Мопассан өзінен кейінгі үлкен қаламгерлердің көбіне үлгі болды. Горький: «Бальзакты, Флоберді, Мопассанды оқыңдар, бұл Інжілді оқығандай маңызды» деген болатын. Лев Толстой болса: «Стендальды, Флоберді, Мопассанды оқыңдар. Олар формаға келгенде айрықша сезімтал, мазмұнның тұтастығын сақтай алады және қалай жазуды біледі» деді.
Мопассан өзі не ойлағаны қайдам, әйтеуір біз осы күні бұл романды оқығанда, ар мен ұят жоғалған кезде, адам қандай күйге түсетінін көреміз. Пайда үшін принцип демей-ақ қоялық, қарапайым адамдық қағидалардың өзінен аттап кететін адам баласының болмысы осы күні де өзгере қойған жоқ. Біздің елдегі президент, парламент сайлаулары кезінде әлеуметтік желінің бетін жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай бірдей посттар қаптап кеткенде осы «Сүйкімді дос» романы есімізге түскен. Дюруа – француз емес екен. Барлық елде «сүйкімді достар» бар. Сатылады, сатады, сатып алады. Бұл халықтың болмысына байланысты емес. Мемлекеттегі қалыптасқан саяси институттан туындайтын мінездер.
Мопассаннан қалған ақиқат – осы.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР