Бәйтерек

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ

01.11.2022, 11:25

1631

...Қыршын біткен тал еді,

Жапырағын жайқалтып,

Терек етсе Тәңірі етті.

Шалкиіз

          Алматы облыстық «Жетісу» газетінен «Қазақ әдебиетіне» секретариатқа келген кезім. Апталық басылым болғанымен қат-қабат жұмыс бас көтертпейді. Газеттің жауапты хатшысы, жазушы Тұтқабай Иманбеков, орынбасары ақын Қайырбек Асанов. Екі ағам да ұсақ-түйек көп істерге килікпейді. Он алты беттің макет-жобасы сызылып, әзір болғанда бас редактор Оралхан Бөкей үшеуі бірге қарайды, кейбір материалдың орнын ауыстырады немесе келесі санға қалдырады.

          Келген бетте менің көзіме үстел тартпасының бірінде проза, екіншісінде поэзия деп үлкен әріптермен жазылған қомақты қос пәпкі айрықша шалынды. Ондағы шығармалардың бәріне бас редактордың қолы қойылған, запаста жатқан дүниелер. Әлі сиясы кеуіп үлгермеген ақын-жазушылардың жаңа шығармаларын оқу рахат. Жұмыстан қолым босай қалғанда, бас алмай шұқшия қаламын. Сондай шақтардың бірінде көкшетаулық жас жазушы Жабал Ерғалиевтің «Қош бол, құлыным» атты дүниесі ұшырасты. Байқаймын, әңгіме желісі жетелеп барады. Тілі қою, иірімді. Тас жарған мөлдір бұлақтың дәмін татқандаймын. Асыл арманға ұласып, тек жүрек түкпірінде ертегі-елеске айналған балшырын балалық дәуренім, сонау-сонау шалғайдағы айхай ауылым, жазиралы жайлауда құлдыраңдап құйрығын шанши шапқан сүйкімді құлын, бастарын самал жел тербеген толқын-толқын көкорай шалғын, биебау, кеңсірік қуалай тәбет ашқан сапырылған сары қымыз, көзді былай қойғанда көңілден де самғап, әуелеп ұшқан қайран да, қайран ұлттық дәстүр мен салт, үкілеп үлгі етер үрдіс жасаураған жанарымнан кілкіген көгілдір сағымдай бұл-бұл ұшқандай. Жаным ашыды Серәлі қартқа.

«… Кемпірі сауылған саумалды үлкен ыдысқа құйып болғанша жас құлынды құшақтаған қалпынан бір айныған жоқ. Ендігі бір сәтте қарт қолынан босаған ақ бақай құлын күннің кешкі шапағына құйрығын шаншып шаба жөнелді. Қолына күмістелген ноқтаны ұстап әлі де өз орнында тапжылмай тұрған қарт жылқышы өз өмірінің соңғы құлынын ағытып жібергенін сезгендей, көзіне келіп қалған ыстық жасты ірке алмады...»       

          Осылай аяқталған бас аяғы жұп-жұмыр туынды маған айрықша әсер етті. Алыстағы әріптесімнің, талантты бауырымның қарымды қаламына риза болдым.  Сөйтіп, Жабал Ерғалиевтің сол әңгімесін газеттің алдағы нөміріне жоспарладық. Ол көп ұзамай, қазақ ақын-жазушыларының қара шаңырағы – Қазақ әдебиетінің» 1991 жылғы 7-ші маусымдағы санында «Саумал иісі» деген атпен жарық көрді.

          Ж.Ерғалиев осы әңгімесімен-ақ қазақ прозасына өз үні, өз соқпағымен нық қадам басып келді. 1994 жылы «Сөне көрме, жұлдыздар» деген әңгімелер жинағы жарық көрді.       

***

          Жазушының, 2007 жылы «Ұмай» баспасынан жарық көрген «Бұлтты күнгі толған ай» аталатын кітәбін оқып шықтым. Жинаққа бір хикаят, екі драма, он бір әңгіме енген.

          «Тұтқын» әңгімесінде «ұлы отан соғысы» аталған қан-қасап қырғынның тірі куәгері, қылшылдаған жас кезінде қиын күндерді басынан өткерген Қали қарт жүріп өткен жол – бұралаң мен шырғалаңға толы.       

          «… – Уһ, дүние-ай!.. Жаным-ай!...  

— Аға не болды? Қара терге түсіп жатырсыз ғой!.. Не болды?..»

          Сөйтсе, керуеттің қасына келіп, түнгі шамның қара көлеңке жарығымен үңілген бөлмелес серігі Шәкібай екен. Қиналып зорға жатқан Қалиға сұхбат құру да мұң. «Кел мына жерге отыр» дегенді ыммен білдіріп, бір тоқтап, бір демалып айтқан сөз ләмі төмендегідей: «мындағылар мені… мені… орыс моласына апарып жерлеп жүрмесін… Жастығымның астында жиған біраз ақша бар. Соған ақырет алғыз. Мешіттегі молдаларға хабар айтып, жаназамды шығарт. Ұғып ал, әуелім… Өз атым – Қалижан. Әкем – Уақбай… Уақбай баласымын… Қабір топырағы аяқ асты болмасын, басыма бір белгі қойғызарсың...»

          Германияның Флоссенберг қаласы маңындағы лагерьде отырған кешегі кеңес әскері жауынгерлерінің көрген күндері күн емес. Арып-ашып, күні бойғы ауыр жұмыстан қалжырап барып кешке ұшып жығылатын. Әгәрәки, сапта келе жатып сүрініп құласаң, қабаған иттерге талататын. Қаласа, табан астында атып тастайтын. Немістер үшін тұтқындағылардың өмірі көк тиын. Абырой болғанда, «азиат» болуы себепті қалталы банкир Генрих Штумф деген мырзаның тау аңғарындағы жекеменшік шаруашылығына ат күтуші болып барып, жаны қалды.

          Банкир немістің ат қорасындағы жұмыс лагерьдегіден көп жеңіл. Жатар орны, ішер асы дайын. Ауылда туып, жылқы баққан Қали шағын шаруашылықтағы шаруаны үйіріп-ақ алып кетті. Аз да болса көңілі орнығып, қарны тойып, екі беті жылтырап өңіне әр кірген. Штумф мырза орман арасындағы ғажайып мекенге әйелі, бала-шағасы, соңынан еріп қолпаштаған нөкерлерімен жиі келіп тынығып қайтады.

          Қожайынның үш қызы сымбатты жас жігіт Қалиды көргенде ауыздарын ашып, таңырқап тұрып қалған. Шетінен аққұба, ақсүйек, әдемі киінген сұлу қыздар Қали ат жегіп алып келген арбаға мініп, серуендеуге шығуға жүрексініп, тұрып қалған еді. Қыздардың аналары өз тілінде  сөйлеп, бірдеңелерді түсіндірген соң барып үшеуі де арбаға мінген.

          Генрих мырзаның үлкен қызы Эльза тұтқын жігітті үйірсектеп, Қалиды көрсе болды өн бойын көзімен ішіп-жеп, күлімсіреп, қылмыңдайтынды шығарды. Жас қыздың қос анары үстіндегі жұқа көйлекті керіп жіберердей «менмұндалап»  тұратын. Жігіт емес пе, сұлу қызға Қали да ара-тұра көздерін қадап қояды. Екі сіңлісі серуен жолды бір-екі айналып шыққаннан кейін-ақ, шаршадық деп, арбадан түсіп, үйлеріне кетіп қалып жүрді. Эльза арбадан түспейді. Ат айдаушы Қали Эльзаны одан әрі серуендететін. Серуен жолдың көзден тасалау бір тұсында Эльза келіп Қалидың жанына қатар отырып, делбені сұрап алып аттарды өзі айдайтын болды. Шын мәнінде басы тұтқын, сезімін ешкім тұтқындаған жоқ қой. Тақаса отырған қыз ыңғай берген бір сәтте… қызды қапсыра құшақтап, төсін төсіне басып, үлбіреген қызыл ерніне жабыса сүйгенін Қали аңдамай қалған. Эльзаның да күткені сол еді… бойын билей алмай талықсып жүре берді… Албырт жастардың сезім сырын білген  банкирдің шешімі сұмдық. Қызының абыройын ойлаған неміс әке тұтқын қазақты жар құшып, бала сүю бақытынан айырып, госпитальға апарып піштіріп тастаған.

          Қара ниет банкирдің қаныпезерлігі салдарынан он екіде бір гүлі ашылмаған жас қыз Эльза су жинағыш мұнараның басына шығып, секіріп өлді. Еркектігінен айрылған Қали өксікті ғұмыр кешіп, өмірі үйленбей өтті...

***

          Жазушы Жабал Ерғалиев оқушының аузына оңай ас ұсынбай, көкейіне тосын сауалдар ұялатып, жанын жаңа ізденістерге құлшынтады. Адамға адамнан жұмбақ ештеңе жоқ екендігін ұқтырады. Бұл сөзімізге – «Соңғы тұяқ» повесі дәлел.

          Кеңес одағы кезінде небір лауазымды қызметтер істеп, обком хатшысына дейін көтерілген, бүгінгі бизнесмен Тельман Ерденовичтің қуанышында шек жоқ. Өйткені Аралағаш ауылы мектебі бірге оқыған барша сыныптастарды кездесуге шақырып отыр. «Әп бәлем-ай, мені де бұлар мойындаған екен-ау» – деген бір ой көңіл түкпірінен қылаң берген.

          Тоқпейіл, нығыз, өзіне-өзі мәз Тельман кім? Оны біз хикаятты оқып шыққан соң бірақ білдік. Білдік те төбе шашымыз тік тұрды! Құдай сүйер қылығы жоқ екен бұл адамның. Соншама аярлық, екіжүзділік, іштарлық, нәпсіқұмарлық  қайдан шығып жатыр? Адам баласы неге шексіз зұлымдыққа барады? Шаруашылық басшысы бола тұра қарамағында қызмет істейтін  Жанатқа Тельман неге соншалық өш? Өйткені ол «менің атым жүре тұрсын, сенің атың тұра тұрсын» принципін ұстанған аяр, қызғаншақ адам. Тельман мен Жанат түйдей құрдас. Екеуі бір мектепте оқыған. Мектепте оқу оқығанда білімімен алдын орай берген Жанаттың бұл елдегі абыройы аспандап тұрғандығын естіп білген. Оның үстіне бұның орнына үміткерлердің біреуі осы Жанат еді.

          Тельман Жанатты бас мал маманы қызметінен шеттетіп, шаруашылықтың орталық қонысынан шалғай жердегі бөлімшеге меңгеруші етіп жібереді. Шаруасы шалқып, ынтымағы жарасқан елдің берекесін кетіруге бір адамның қыңырлығы жетеді екен. Тельманның өзімшілдігінен зәбір-жапа шеккен жалғыз Жанат емес. Аудан басшыларына жағыну мақсатында, ел-жұрттың қарсылығына қарамастан, шошқа өсіру ісін қолға алды. Бордақыда тұрған семіз өгізшелерді ет комбинатына өткізіп, сол қораға елу бес шошқа кіргізді. Оны бағуға Ресейдің Омбы қаласынан мекені де, тұрағы да жоқ қаңғыбас үш орысты алғызды.        

          Шошқалардың күлімсі иісінен Жәнипа кемпір ұшынып қайтыс болады. Аяғы ауыр Бәлекейдің келіні Ғалия түсік тастайды. Ел іргесі сөгіліп, берекесі қашқан кейбір отбасы туған ауылдарынан қоныс аударады. Манап қарт бастаған шалдар қарсылық білдіріп, жанжал шығарады. Ақыры бір күні шошқа қорасы өртеніп кетеді.

          Тельман бұған да тоқтамайды. Шошқа фермасын өртедің деп бес бересі, алты аласы жоқ Жанатты жапқызып, қылмыстық іс қозғатып, нақақтан-нақақ сегіз жылға соттатып жібереді.        

Директордың өз совхозының комбайншысы Жұмабектің әйелі Шолпанды: «Аға, аға деймін… Менің  аяғым ауыр! Естисіз бе, аға, менің аяғым ауыр!.. Қойыңызшы, Құдай үшін, қойыңызшы!.. Аяғым ауыр… аяғым ауыр...» деген шыңғыра шыққан жан дауысына қарамай зорлап, айдалаға тастап кеткенде ақыл-естен айырылып, жынданып кетеді...

Үйінде «ағылшын аристократтары мен Ұлыбританияның ханзадасы ғана ұстайтын асыл тұқым қаншық ит» (Тельманның өз сөзі. Т.Ә.)  ұстауы, жекешелендіру кезінде облыстың дүние-мүлікті жекешелендіретін мекемесінен ала келген мамандары мен соңынан еріп жүрген милиция қызметкерлері бар Тельман өзімнің үлесім деген малды жүк машиналарына тиетіп әкетуі… өзге де күнәлі істерін тізіп жазуға қолым жүрмеді…  

          Жан баласына жақсылық жасамайтын дүниеқоңыз, қарау, пасық адамның қазасы ит өліміне ұқсап, ақыры әйелі Зүлфия екеуі жол апатынан қайтыс болады...

          Повесть соңында әулеттен қалған соңғы тұяқ, Қазақстанның Сауд Арабиясы Королдігіндегі өкілетті елшісі Ерұлан, араб жігіттерінің демеушілігімен туған ауылында мешіт салуға кіріседі. Тиісті мерзімін өтеп, абақтыдан әлдеқашан босаған әкесі Жанатты өзімен бірге Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа  (с.ғ.с)  туған қасиетті Меккеге алып кетпек.

          Ж.Ерғалиев шығармаларында лиризмнен гөрі шиеленіскен драматизм, трагизм басым. Содан да болар, туындыларының сахнаға сұранып тұратыны. Тағы бір шеберлігі – шығармаларына орайлы, жақсы тақырып қоюында. Қараңыз: «Күн батқан шақта», «Зарығу», «Алтыншы бала», «Дариға, дүние-ай!», «Құмарлан», «Сөне көрме, жұлдыздар!», «Өттің жалған», «Үмітімді үзбей өтем», «Жаңбырсыз жаз», т.б.

***   

          Журналист, публицист, жазушы-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстан Республикасы парламенті сенатының V-VI шақырылым депутаты, парламенттегі сенаторлар кеңесінің мүшесі.

          1973 жылдан бері бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп келеді. Бұрынғы Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газеті редакторының орынбасары, Көкшетау қалалық «Көкшетау», Ақмола облыстық «Арқа ажары», «Көкшетау» әдеби-көркем журналының бас редакторы болды.  

          Қазіргі уақытта Ақмола облыстық «Арқа ажары» және «Акмолинская правда» газеттерін шығаратын «Ақмола-Тіршілік» серіктестігінің директоры. 1995 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Одақтың басқарма мүшесі. «Бұлтты түнгі толған Ай», «Құлпытастың көз жасы», «Жетім тағдыр», «Қас-қағым», «Жан шырылы», «Қилы жол» атты драмалық шығармалары еліміздің театрларында қойылып жүр. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры «Қилы жол» тарихи драмасын бес жүзден астам артистердің қатысуымен 2015 жылы қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шарада Тараз қаласының стадионында сахналады.

2015 жылдың қазан айында Қырғызстанда өткен V халықаралық АRТ-ОRDО театр фестивалінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры «Қас-қағым» метафизикалық трагедиясымен үздік спектакль аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды.

 «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

***

… Туған жердің құнарлы топырағынан нәр алып бой түзеген биік бәйтерек жетпіс жылды соңына қалдырса да, дініңе аптап шөлдің, нуына қыстың ызғарын өткіздіре қойған жоқ.

          Әлі де әуелеп, мәуелей бергей!

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16