Бақыт Әмірбек: «Ескі әндердің орны әрқашан бөлек»

Бифат ЕЛТАЕВА

20.05.2022, 14:08

2632

Қазіргі таңда дәстүрлі өнер саласында ән айтып жүрген жастар аз десек те болады. Ал эстрада мен дәстүрлі әндерді қатар алып жүргендер тіптен аз. Осы орайда, жаңадан танылып, ел алдында жүрген әнші Бақыт Әмірбекпен сұхбаттасқан едік.

— Бақыт аға, өзіңіз туралы, өнеріңіз жайында толығырақ таныстырсаңыз?

— Түркістан облысы Жетісай ауданында дүниеге келгенмін.  Сол туып өскен ауылымда мектепте оқып жүргенде-ақ өнер көрсетіп, көптеген қосымша үйірмелерге қатысып жүрдім. Кішкентайымнан елге танымал әншілердің әндерін тыңдап, соларға еліктеп, ән айтуға құмартып өстім. Тек ән айтып қана қоймай, көптеген іс-шараларға, КВН ойындарына да қатысып, белсенділігіммен көзге де түскен жайым бар. Ал қызметіме келсек, қазір Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жұмыс жасаймын. Бұл жұмысым да өнер саласынан алшақ емес, Қазақ ұлттық университетінің «Әл Фараби» телеарнасында басшымын. Әрі жеке ән жазатын студиям бар. Бос уақытымда өзіме де, өзгелерге де ән жазамын. 

— Сіз өнер саласында жүргеніңізге біраз болды. Бірақ үлкен сахналарға көп шыға бермейсіз. Бүның сыры неде?

— Үлкен сахнадан көріне бермеуімнің себебі, мемлекеттік жұмыс жасап жатқаннан кейін көп уақытым жұмысқа кетіп жатыр. Қазір уақыт та тығыз болып кетті ме білмеймін, бәріне үлгеру қиын болып кетті. Оның үстіне, отбасы мен жұмыс бар. Бәрін қатар алып жүру керек.  Бірақ «уақыт жетпейді» деп өнерден алыстап кетуге де болмайды. Бала кезімнен өнер адамы болғанды армандаған соң, арман-мақсатымды соңына дейін жеткізуге тырысамын.

Менің ойымша, нағыз өнер иесі боламын деген адам өнерін сахнасыз да дәлелдеуге болады. Өйткені қазір сахнаға кездейсоқ адамдардың оңай шығып кетуі де қиын. Сол себепті, заманға сай әлеуметтік желілер арқылы танылуға да болады. Өйткені жеке әлеуметтік парақшалар арқылы өздерінің өнелерімен елге танылып жатқандар өте көп. Мен де кейде әлеуметтік желілерге әндерімді жүктеп отыруға тырысамын. Шүкір, әндерімді тыңдаған халық жақсы тілектерін айтып, бағасын беріп жатады.

–    Сіз осыдан 4-5 жыл бұрын афроамерикандық жігіттермен трио құрған едіңіз. Қазір ол трио не себепті тарап  кетті? Сондай-ақ ұлты бөлек, тілі бөлек ұлттармен бірге өнер көрсету қиын болмады ма?

— Дұрыс айтасыз, төрт-бес жыл бұрын афроамерикандық қара нәсілді жігіттермен әндер жазып, сахналарға, тойларға шығып өнер көрсеттік. Өмірде барлық нәрсе уақытша емес пе? Уақыт өте келе, ол жігіттер елдеріне қайтатын уақыттары жетіп, тобымыз тарап кетті. Басында топ құрамыз деген ой болмады. Бұның бәрі кездейсоқ жай. Қара нәсілді жігіттер басында ән жаздырып жүретін. Кейіннен «бірге ән айтсақ қалай болады?» деп ұсыныс тастаған соң, бірге бірнеше ән жазып, орындадық. Ол әндер тек қазақ тіліндегі әндер болатын. 

— Өзге ұлтпен бірге топ құрып, жұмыс жасау қиын болмады ма, оның үстіне қазақ тіліндегі әндерді айтуды афроамерикандық жігіттер қалай айта алды?

— Әрине оңай болды деп айта алмаймын. Себебі қазақтың ұ,ү,і,ң, ғ секілді әріптеріне олардың тілдері келе бермейтін. Сол жағынан біраз қиындықтар болды. Бір әріпті үйретіп, тілі жаттықанша кемінде үш сағат кететін. «Қазақ тілін білмесең, ән айтуларыңның қажеті жоқ» деп талап қойған соң, үйренді. Сонымен ол жігіттер Абайдың «көзімнің қарасы», той әндерінен «Күміс құмған-ай», «Сен, сен» деген, әндер жаздық. Сол әндермен тойларда, сахналарда өнер көрсеттік. Кейіннен қара нәсілді жігіттер қазақ тілінде ән айта жүріп, тілімізді үйреніп алды.

–    Ән айтудан бөлек, ән жазатын өнеріңіз де бар. Осы уақытқа дейін танымал тұлғалардың әндерін жазған шығарсыз.

— Иә, шабыт келіп жатса, неге ән жазбасқа. Бірақ ән жазу керек екен деп те алабұртып әндер жаза бермеймін. Ән жазудың өзі бір ерекше өнер. Кейде керемет бір әсерлі ойға берілгенде әдемі әндер туындап жатады. Ән жазғанда бірінші өнерде жүрген достарыма тыңдатып көремін. Ұнап жатса, сол достарыма сыйға да тартып жіберетін кездерім болады. Ал әндерімді танымал әншілерден Өктем Алтаев, Өмірқұл Айниязов ағаларымыз орындап жүр.

–    Қазақ сахнасына, өнеріне қандай да бір заманауи өзгеріс енгізгіңіз келеді ме?

— Бұл сұраққа әзір нақты «былай жасай аламын» деп айта алмаймын. Оның бәрін уақыт көрсетеді. Бірақ қазір өзім орындап жүрген әндерім мен қара нәсілді жігіттермен бірге ескі халық әндерін жаңартып, орындаған болатынбыз. Өйткені ескі әндердің орны әрқашан да бөлек қой, әрі ұмыт қалып бара жатқан ескі әндерді, қазіргі заманауи тілмен жастарға қайта жеткізсек деген ниет те жоқ емес.

— Рақмет!

Тегтер: проза поэзия ақын пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ 23.06.2022, 09:32
Саған деген сағынышымның жанарына қапты шық тұнып...
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ 22.06.2022, 14:05
Үрейлі үш күн
Сырымбек ЖАҚСЫБЕКҰЛЫ 17.06.2022, 10:09
Ит етінен жек көремін сендерді!
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ 16.06.2022, 15:15
Поэзияның ұлы аспаны
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 15.06.2022, 17:20
Әуезов әлемінің әсерлері
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 15.06.2022, 13:15
«Қайсардың» бағын кім байлап отыр?..

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33