Бақыт Однайн: Әбілсейіт Айхановты пір тұттым

Жүсіп Хисымов

01.10.2021, 10:11

1050

       Тоқсан екінші – мешін жылы Баянөлгийдегі Наурыз тойына барғанымызда бізді қарсы алған азаматтар арасында ұзын бойлы, толық денелі, қызыл шырайлы жігіт алып тұлғасымен ғана емес, өзінің биязы мінезімен де өзгелерден ерекшеленіп тұрған-ды. Бұл өзіміз  бұрыннан атағына сырттай қанық болып жүрген әйгілі Бақыт балуан екен. Ол бірден әңгіме арқауын тұздықтап, қазақстандық балуандар  Ә.Айханов, Ж.Үшкемпіров, А.Бұғыбаев, А.Ғабсаттаров жөнінде әжептәуір хабардар екенін байқатты. Сөйтіп, Бақыт Однайн балуанмен арадағы әңгімеміздің әп-сәтте жарасып-ақ кеткені. Ол бір апта бойы қасымыздан бір елі қалмай, Моңғолиядағы қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігі, өнер шеберлері, спортшылары жайлы тебірене сыр шертті.

     Қой  жылының  жер бетін сары жапырақтар көмкерген алтын күзінде  Алматы қаласында президент жүлдесі үшін  қазақ күресінен халықаралық турнир өткен болатын. Сол жарысқа Моңғолия делегациясын бастап келген Бақыт  бауырымызбен кездесіп, сұхбаттасқан едім. Енді Баянөлгий аймақтық  олимпиадалық  комитетінің төрағасы Бақыт Однайн мырзамен арадағы әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

   – Балуандық өнерге қызығушылық неден басталды?

   – Ес білгеннен қошқар, бұқа сүзістіріп, айғыр таластырып, қыр қызықтарын тамашалап  ауылда өстім. Мектеп табалдырығын аттаған соң, аймаққа  танымал балуан Борбан, Әзікей, Нежікейлерге таңданып, олардың әр адымын  өлшеп, «осылардай атақты балуан болсам» деп  армандаумен жүргенмін.

Мектепте  Қажекберліұлы  Тәттіекей  ағай  күрес  секциясын  жүргізуші еді. 1964  жыл болатын. Екінші класта оқимын. Қымсына басып секцияға жазылдым. Менің күреспен айналыса бастағаныма қуанған  ата-анам  ою-өрнек  салынған күрес  киімін (моңғолша – зодог шуудаг) тіктіріп берді.  Мұнан соң  бұрынғыдан бетер қанат біткендей болды. Бір-екі жылдан кейін  алғашқы  табыстарға  қол  жеткіздім.

– Сіздің тұқымда балуандар болды ма?

  – Біздің әулеттен шыққан Ерікбай, оның баласы  Бежеш, сонымен қатар  Қажекпер аталарымыз заманында аты шыққан балуан болыпты. Өз әкем Однай  аймақ-аймақты аралап  жарысқа  түспегенімен,  аса қайратты  адам  еді. Жайлау тойларында замандастары Талғатбек, Әси, Қали балуандармен  талай күрескен.

   – Спорттық табыстарыңызға тоқталып өтсеңіз.

   – Еркін күрестен Моңғол елінің  төрт дүркін чемпионы, он дүркін күміс жүлдегері, төрт дүркін қола жүлдегері атандым. 1980 жылы АҚШ-тың Толедо қаласында өткен әлем кубогы додасында қола медальді  еншіледім. Ауғанстан, Сақа елдеріндегі  халықаралық турнирлерде  жеңімпаз атанып, Мәскеуде өткен «Ізгі ниет» ойындарында  төртінші орынға шықтым. Еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Моңғол күресінен мемлекеттік «Лашын» атағым бар. Ол жетістікті үш рет  қайталадым. 1992 жылы 38 жасымда қазақ күресінен спорт шебері атандым.

   – Күрестің бірнеше түрімен айналысқан екенсіз. Басқа спорт түрлерінен қалайсыз?

   – Мен  күреспен қатар,  волейбол мен қол добы сияқты командалық спорт түрлерімен  де айналыстым.  Қол добының бапкері Төлеген ағайымыз менен көз жазып қалғысы келмеді. Құрылыс техникумында оқып жүргенде  Моңғолия чемпионатына  қатысып, қола жүлдені еншілегенім бар. Ал 1974 жылы командамыз ел чемпионатында озып, мен үздік ойыншы  атандым. Сондай-ақ  үстел теннисі, дойбы, коньки, шахмат  сияқты спорт түрлерінен  әртүрлі деңгейдегі  жарыстарға қатыстым. Техникумда оқып жүргенде  командалық ойындарға қызығып, күреске шекеден қараған кезім де болды.  Оны  байқаған   дене тәрбиесі мұғалімі  Ғансұх: «Сен  күрессең,  тамаша нәтижелерге қол жеткізесің», – деп күрес секциясына ауыстырды.

   – Моңғолдар күресті ерекше бағалайтын халық екенін білеміз. Қай  күресте болсын моңғол жігіттерінің талайын  тізе  бүктірдіңіз. Сол сәттегі олардың  өзіңе деген  көзқарасы қалай болды?

   – Бұлар өздерін  шетінен балуанбыз деп есептейтін халық.  Әкесі өліп жатса да, жарыстан қалған емес. Олар үшін өзге ұлт өкілдерінен жығылудан асқан қорлық жоқ. Оның ішінде, әсіресе, ұлттық  күресін ерекше құрметтеп, оған  айрықша мән беріп, жан-тәнімен берілген. Талайының  менен жығылып, ызаланып,  ботадай боздап жылағаны көз алдымда. Бірақ спорттың аты – спорт. Артынан қайтадан достасып кетеміз. Мұндай  жағдайлар  мен көп танылмай тұрған кезде жиі қайталанатын-ды.  Атағым шығып елге танылған соң, көпшілігі  іштей ызаланып тұрғанымен, бұрынғыдай  еңіреп  жыламайтын болды. Дегенмен оларда  достық, тіпті  туыстықтан  гөрі  ар-намысты  артық қоятын әдет басым. Оған өзіңнің ұстамыңды  қалыптастыруың керек. Күшің сәл асып тұрса тең түстім деп, тең болсаң кем деп бағалауды заңды түрде қабылдаған жөн. Өңшең моңғолдың арасында  бұлардың  ұлттық  күресінен сынға түскенде әділетсіздік көрсең, тең түстім немесе жеңдім деп өзеуреудің қажеті жоқ. Әйтпесе келесі жолы жарыстан шеттетілесің. Осындай қыспақтың  бәріне төзуге, шыдауға, көндігуге тура келеді.

   – Кімдерді пір тұтасыз?

   – Әбілсейітті. Ол кісінің бой десе – бойы, күш десе – күші бар, екінші Қажымұқан ғой. Әбіл ағамды бәрінен бұрын атайтын себебім – оның қандай мықты балуандармен шайқасқанын көргенім. Даңқты ағамызды А.Медведь, Ш.Ломидзе (екеуі де КСРО-дан), А.Айик (Түркия), Х.Баянмөнх (Моңғолия), Г.Тахти (Иран), С.Мұстафов (Болгария) сынды атақтарынан ат үркетін дүлдүлдердің өздері сыйлап, құрмет тұтатын. Моңғолдық   Х.Баянмөнхтың да  орны бөлек. Өте еңбекқор жан. Тұлғасына сай мінезі де кең. Талай рет күш сынастық. Қарамағында, қамқорлығында болдым.  Ағалық ақылы мен ұстаздық  көмегіне ризамын.  Әлемнің бірнеше дүркін чемпионы  атанғанына қарамастан,  ешқашан көкірек  көтеріп көрген емес. 

   – Әбілсейітпен танысуыңыз және  арадағы  қарым-қатынасыңыз жөнінде не айтар едіңіз?

   – Қазақтың еркін күрес балуандары 1962 жылы Ұлан-Батырға келіп жолдастық  кездесу өткізіпті. Сонда Әбекең тәуекел етіп, моңғолдың ұлттық  күресінен де сынға түсіп, Моңғолияда аты аңызға айналған Түвдэндоржлардың өзін  балаша көтеріп  алып, жауырынын  кілемге тигізіп, қайтадан тұрғызып қойған көрінеді.  Үлкендерден естіген осы  ғажап  әңгіме маған маза бермей жүретін. Демек, Айхановты көру көптен бергі арманым еді. 1983 жылы Киев қаласында еркін күрестен әлем чемпионаты өткен болатын.  Менің  қазақ  екенімді естіген бойда  ұлтжанды ағамыз үлкен  басымен өзі келіп танысты. Бойым 186 сантиметр болғанына қарамастан, Әбекеңнің иығынан ғана келдім. Кейіннен Айханов  ағамыз Ауғанстанда  қызмет істеп жүрген кезінде аталмыш елдің балуандарын Ұлан-Батырда  өткен халықаралық турнирге  бастап келді. Сол жолы  күркемізде болып, дәм татты. Біраз әңгіме тыңдап, сырласқанымыз бар.

     Арада  бірер жыл өткен соң, Ауғанстандағы турнирге барып, бас бәйгені еншіледім. Сол жақта еңбек етіп жүрген Әбілсейіт ағам жүлдені өзі алғандай  шаттанып, жүрегі жарыла қуанды. Дәл сол күні Бабрак Кармал  үкіметі құлап, орнына Наджибулла  келген еді. Қала ішінде атыс-шабыс, үлкен сойқан  болып жатқандықтан,  ешқайда шыға алмадық.  Әбекең әуежайға келіп, мына жағдайға байланысты  үй  көрсетіп, дәм татқыза алмаған өкінішін  білдіріп, «Кәмеш жеңгеңнен Күлтай келінге» деп бір қорап сыйлығын  әкеліп, қимастықпен шығарып  салып қала берді.

       Сонан кейін әртүрлі  жарыстарда талай кездестім. 1990 жылы наурызда  Алматыға келгенімде Әбекең  ЦУМ-ның жанындағы үйіне шақырып, қой сойып, ақжарқын Кәмеш жеңгемнің қолынан дәм татқызды. Атымтайжомартша, сал-серілерше тұрады екен. Тағамдар мен сусын-шараптарды  арнайы арбамен әкеліп, әркім өзінің қалағандарын алды. Отырыста аузы-аузына жұқпайтын бір ақын жігіт асаба болды.  Ән шырқалып, күй төгілді. Әзіл-қалжың айтып тамаша отырдық.  Ағамыз ақтарылып әңгіме айтты, сырласты.

  Дастархан басында ағамыздың тек қана ұлы балуан емес, көп нәрседен хабары мол, тіпті  ақынжанды адам екенін де байқадым. Қасымдағы Қажымұқан бауырымның  әбден риза болғаны соншалық – Әбекең  шаңырағындағы сол  отырысты  күні  бүгінге дейін жыр ғып айтудан жалыққан емес. Тоқсан  екінші – мешін жылы  Алматыға  Дүниежүзі  қазақтарының   алғашқы құрылтайына барғанымда  Әбіл  ағамен  бірге  болып, бүкіл шараларға қатыстық. Сонан Әбекеңнің «Волгасымен»  Жамбыл  ауданының  Сүйінбай ауылындағы  Моңғолиядан келген  Баршагүл қарындасым мен  Нұрғажын  күйеубаланың  үйіне ескертпестен жетіп бардық. Әбілсейіт Айхановтың келгенін естіп, бүкіл көрші-көлем, кәрі-жасы бар, тайлы-таяғы қалмай жиналды.  Әбекеңнің төбе көрсетуі Сүйінбай ауылын тойға айналдырып жіберді.

   – Осыдан ширек  ғасырдай бұрын  атақты режиссер Сұлтан Қожықов  бір жарыста Моңғолиядан  келген ауыр салмақтағы қазақ жігітін кездестірдім дегені бар еді. Сол өзің емес пе?

   – Мен, әрине. 1981 жылы Тбилиси қаласында өткен жоғары дәрежелі халықаралық турнирге қатысқан едім. Қазақ екенімді білген соң, қуанып, күресімді көріп, қасындағы серіктерімен келіп танысты. «Ай, бауырым-ай!  Батырым-ай!  Моңғолда да бір мықты азаматымыз бар екенін көріп, құшақтайын деп келдім. Қазағымның атын шығарып, намысын жыртып жүрген бауырым, келші!» – деп ағынан жарылғаны бар Сұлтан ағамның. Сол жолы әйгілі режиссер ағамыз: «Қыз Жібек» арқылы халқымыздың салт-дәстүрі мен қазақ аруын таныстырдым. Ендігі мақсатым – Қажымұқан арқылы қазақтың тектілігін дәріптеу. Киноның әзірлік жұмыстары басталып кетті. Мүмкіндігің болса, сол фильмге қатыс. Ойланып, жауабыңды бер», – деп суреттерімді алып қалған еді. Бірақ Сұлтан ағаның аманатын орындауға мүмкіндік болған жоқ. Ол кезде Қазақстанмен арадағы байланыс қиын еді ғой. Әйгілі ағамызбен «Грузия» мейманханасында бір күн сұхбаттасып, бірге дәм татқанымды ең бақытты сәттерімнің бірі деп мақтан тұтамын.   Атақоныстан алшақта жүрген  қазақтарға деген  жанашырлығына риза болдым. Біздегі  салт-дәстүрді, тұрмыс-тіршілікті, білім, медицина, өнер, қызметке орналасу  салаларын сұрап, көбірек білуге тырысты. Қазақты өзге ұлт деп шеттетпей отырған моңғол  үкіметінің саясатына көңілі толды.    Көпті көрген  ағамыздың әңгімелерін тыңдай отырып, талай  шетелді аралап,  Қазақстанның небір табиғаты сұлу жерлеріне саяхат жасағандай әсер алдым.

   – Халқымыздың ән-күйіне деген ықыласыңыз қалай?

   – Бұл өнер саласына деген ықыласымды тілмен айтып жеткізе алмаймын. Аллаға шүкір,  қазақта  мықты композиторлар баршылық. Солардың  ішінде  әсіресе Біржан, Ақан, Мәди, Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Естайдың  әндерін  ұнатамын. 1988 жылы Өмнөговь аймағы орталығында үлкен той болып,  сонда 64 балуан күрестік. Ең ақырғы белдесуде мен сияқты «лашын»  Пурвээ екеуміз жығыса алмай арбастық, аңдыстық, алыстық. Екі сағаттай болды.  Күрес ұзап кеткендіктен, көрермендерді жалықтырмау үшін үрмелі аспаптар тобы ән әуендерін үздіксіз ойнаумен болды. Бір кезде өзіме таныс әуен шарықтай жөнелді. Тыңдасам – Абайдың «Көзімнің қарасы» әні. Содан  болдырған тұла бойымды намыс қысып, сергіп, серпіліп сала бердім. Бір қосымша сілкініс пайда болды. Әлі күнге дейін таңғаламын, сол әуен қуат берді ме, әлде сәті түсті ме, білмеймін, бірнеше сағат қарсыласқан балуанды  қаңбақ құрлы көрмей, кілемнен жұлып алып көтерген күйі  жалп еткіздім. 

   – Өмірде қатты өкінген кезіңіз болды ма?

   – Талай өкініш болды ғой. Бәріне уақыт емші деген. Бара-бара біразы жадыңнан шығады екен.  Осы күнге дейін  денеме инедей қадалып, кей кездерде  ойға орала кететін  бір өкінішімді ғана айтайын.  1978 жылы Үндістанға жарысқа жүретін болдық. Негізгі құрамда аянбай тер төгіп, даярлықтан өттім. Команда құрамына ешқандай күмәнсіз бекітілдім.  Белгіленген күні таңертең  әуежайға келсем, делегация басшыларының біреуі: «Сенің орныңа Цэрэнтогтох баратын болды. Ренжіме, келесі жарысқа қатысасың ғой», – деді. Сөйтіп, сенделіп әуежай алаңында қалдым да қойдым. Өзімді ешкімге қажетім жоқ адамдай сезіндім. Қайда барарымды, кімге мұң шағарымды білмеймін. Есеңгіреп қалдым. Аспан айналып жерге түскендей болды. «Атасына нәлет, бүйтіп қор болып жүргенше, бәрін таста да, елге қайт» деген ойлар екі бүйірімнен  қысып, тынысым тарыла түсті. Бірақ бұған дейін де талай  әділетсіздіктен «шыныққаным»  сабама түсірді. Бірақ  бірден үйге баруға  ұялдым, жүрегім дауаламады. Ақыры достарыма барып, бір-екі  күн жатып барып өзіме келдім.

   – Сағынышты сәттер басыңыздан көп өтті ме?

   – Сағыныш – тірі адам атаулыға тән қасиет. Сағынышқа душар болмайтын  жанды кездестіру мүмкін емес-ау, сірә. Мен жастайымнан діні де, тілі де өзге жандардың арасында  көп жүрдім. Сонда туған жерді, ағайын-туысқандарымды, достарымды сағынған сәттерім жиі болды. Әсіресе көктемгі кез, жаз жайлаудағы үйреншікті өмір сағындырмай қоймайды екен. «Шалқар» радиосынан қазақша хабарлар, ән-күйлерді тыңдағанда тұла бойың елжіреп ерекше күйге түсесің. Әсіресе әдеби, тарихи, спорт хабарлары ерекше қызығушылығымызды туғызатын. Үлкендер айтқан аталарымыздың кіндік қаны тамған  Қазақстан еріксіз ойға оралады.

    – Қазақтың  тектілігін  әлемге паш етіп жүрген  өзіңіз  жайлы  тереңірек білуге ынтық жандар көп-ақ. Енді  оқырмандар қауымына   алтын ұяңыз, отбасыңыз жайлы  айтып өтсеңіз.

    – Әкем  Ысқақұлы Одынайн  көп оқымаса да, замандастары арасындағы көзі ашық, көкірегі ояу жан болатын. Өкінішке қарай, саяси нәубеттің құрығына ілігіп, ол жақтан  денсаулығына ақау жамап оралды.  Ақталып  келгеннен кейін де  ел қатарлы қызметке тұрып,  отбасына ақылшы, қамқоршы бола білді. Анам  Асылқанқызы Күнішай  Моңғол  қазақтарынан  оқыған тұңғыш  дәрігерлердің  бірі  болды.  Жұбайым  Шайзадақызы  Күлтайдың  мамандығы – балалар дәрігері.  Отбасымызда  екі ұл, екі қызымыз  бар. Үлкен ұлым  Бекжан  еркін күреспен, қазақ күресімен  және моңғолдың ұлттық күресімен айналысты.  Моңғолия  біріншіліктерінде талай рет жүлдегер атанды. Сондай-ақ  Азия чемпионаттарында,  басқа да халықаралық  турнирлерде құрмет  тұғырына  көтерілді. Қазір бапкерлікпен айналысып, шәкірттер тәрбиелеуде. Ал кенже ұлым  Мәдіғайыр баскетбол, волейболмен айналысады.

    – Моңғол  жеріндегі қандастарымыз  шоғырланған Баянөлгий аймағының спортын  басқарады екенсіз. Бұл өңірдегі  дене тәрбиесі мен спорт  жұмысының деңгейі қандай дәрежеде?

   – Жалпы алғанда,  Моңғолияда 21 аймақ бар. Баянөлгийліктер солардың  арасында алғашқы ондықтан көрініп жүр. Бізде  олимпиялық ойындар бағдарламасына енетін спорт түрлерімен қатар, қазақ, моңғол ұлттық спорт түрлері жақсы дамыған. Бұл арада әсіресе қазақ  күресіне  деген қызығушылықтың күн санап артып келе жатқанын атап өткен жөн.  Соның нәтижесінде әлем, Азия чемпиондарының  қатары көбейіп келеді. Біздің балуандарымыз Грузия мен  Ресей сияқты күрес жақсы дамыған елдерден де озып, кейде Қазақстан құрамасымен де итжығыс түсіп жататын кездеріміз болып тұрады. Қазақ күресі балуандарын  ширек ғасырдан бері өзім баптап жүрмін. Қазір  өзімізде мамандар жеткілікті дәрежеде. Баянөлгийде тоғызқұмалақты дамытуда  Біләл ағайымыздың еңбегі зор. Қазір оның шәкірттерінің біразы жаттықтырушылық  қызмет атқарып жүр. Сонымен қатар асық ойыны – көпшіліктің сүйікті спорт түрлерінің бірі. Ал ат спортына деген ықылас айрықша. Аталмыш спорт түрінен  білікті  ат бапкерлері бар. Бізде аламан, дөнен, құнан, тай  бәйгелері өтеді. Жорға жарыс сіздердегідей айналмалы түрде өтсе, аламан бәйге тура жолмен жарысады. Аттар Түлбақкөлден жіберіледі де, Атойнақтан  тосып алынады. Аралары екі, үш, бес шақырымдық  әр төбеде төрешілер бақылайды. Ат спортын дамытуда  Бугат, Сагсай, Цэнгэл сұмындарының бапкерлері Қабдолла, Мәтей, Самархан, Тәуба айтарлықтай үлес қосып  келді.  Сондай-ақ  бүркітшілер қоғамы да халық  рухын көтеретін  жұмыстар жүргізіп жатыр.

    Үстел теннисі, дойбы, шахмат, баскетбол, волейбол, бокс, жеңіл атлетика,  күрес  пен шығыс жекпе-жектері түрлерінен жарыстар өтіп  тұрады.  Аймақ спортын дамытуда Мейрам  Тәттікейұлы, Байра Тоқсынұлын атап өткім келеді.

     Ұлттық спорт түрлерінің жарыстары  Наурыз мейрамында, Халық  революциясының  жеңген күні  – 11 шілде күні кең  көлемде өтеді. Оған басқа аймақтардан да спортшылар келіп, жарыс көрігін  қыздырады.

Тегтер: спорт футбол хоккей ақпарат дерек ұйымдастыру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 13:00
Пешене
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 23:09
Талас Омарбеков дүниеден өтті
Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14