Бейбіт САРЫБАЙ. Ерлан ағай мен Мәулен ағайдың сабақтары

Алақай, каникул!

Сайт әкімшілігі

02.06.2023, 17:18

4988

          Шіркін, жаз дегенің жақсы ғой. Қалтаңда көк тиының болмаса да жадырап жүресің. Жағаң жайлауда. Қыста, керісінше, қарның тоқ, көйлегің көк болса да бүрісіп бара жатасың.

Жазды әсіресе мектеп жасындағы балалар жақсы көреді, асыға күтеді. Өйткені бастарына бостандық тиетін мезгіл. Каникул! Бақандай үш ай! Ауылдағылар қалаға тартады, қалалықтар ауылды бетке алады. Мейлі, ешқайда бармай-ақ қойсын. Ауылында жүре берсе де керемет. Сабаққа бармаса болғаны. Қалағанынша ұйықтайды, асықпай тұрады, қолына ілінген киімді кие салады. Содан кейін ойынға шығады. Ауыл шетіндегі өзеннің суына шомылады.  Ештеңе істемесе де қызық. Ең бастысы сабақ оқымайды, мектепке бармайды. Каникул! Не деген тәтті сөз!

Каникул дегеннен шығады, балалардан бөлек каникулға шығатын бір ғана топ бар! Олар – депутаттар. Министр де, әкім де, басқалар да кезекті еңбек демалысына шығады. Әрқайсы әр уақытта, жеке-дара. Депутаттар ғана каникулға шығады. Жазда. Бөлек-бөлек емес, бәрі бірге кетеді, бірге келеді. Оқушылар сияқты.Ұқсастық бар, ә? Расымен ұқсайды.

Парламент дегеніңіз де үлкен мектеп. Мәжіліс – бастауыш класс, сенат – жоғарғы класс. Бірақ бұл жерде бастауыштағылар бәрі бірге және жоғарғы сыныптағылардың бәрі бір сыныпта оқиды. Екі сыныптың да өздерінің класс жетекшілері бар.

Тура мектептегідей, бастауыш сыныптың балалары елгезек. Шапқылап жүреді. Араларында өнерлілері де, спортшылары да бар. Танымалдар да солар.  Жоғары кластағылар өте-мөте салмақты. «Бұйырса бес жылда бітіреміз ғой, аттестатымызды алармыз» дегендей жүреді, айнаға қарап, шаштарын тарап.

«Мектептің» қасынан өтіп бара жатсаң бастауыш сыныптың класс жетекшісі Ерлан ағайдың даусы қатты шығып жатады. «Нартай, айқайлама! Ринат, залда жүгірмей жүр. Дәулет, сабақ кезінде телефоныңды ұстама, инстаграммнан шық. Мақсат, басқа мектептің балаларымен телевизорда дауласқаныңды қой. Ермұрат, сабаққа кешікпей келсеңші. Айдос, сен кітаптан бас алмайсың, кішкене қоғамдық жұмысқа да қатысып тұр. Ана өздеріңдей Ерлан мен Жанарбекке қарасаңдаршы. Оқу үлгерімдері де, тәртіптері де жақсы, қоғамдық жұмысқа да белсене араласады. Басқалар, сендер де кішкене сабаққа белсене қатысып отырыңдар. Ардақ, сен спорт мектебінен ауысып келген баласың ғой, жаныңдағылардан үлгі ал. Жигули, білмеген жерлерің болса Нұртайдан сұрап ал, ол көп жылдан бері оқып келе жатыр». Осындай ескертулерін, тәртіпке шақырғанына қарап отырып, «мұғалімнің жұмысы қиын деген рас-ау» деп ойлайсың.

Білмегендерін сұрап, талап етіп жататын да осы бастауыш кластың оқушылары. Жоғары сыныптың оқушылары салмақты ғой, шіркін. Олардың сынып жетекшісі Мәулен ағай да сабырлы. Сынып сағатында бір рет айтады, болды. Оқушылары айтқанын бұлжытпай орындайды.

Депутаттар интернаттың оқушылары сияқты. Бәрі бір жатақханада жатады. Таңда жатақханаларынан шығып, мектептеріне бара жатады. Кеште бәрі бірге қайтып келе жатады. Кешкі астарын ішіп алғаннан кейін аулаға шығып ойнайды. Анау терезеде Қарақат деген қыз тұрады. Тәртібі жақсы, үлгілі оқушы.

Бұл «мектептің» «оқушылары» ең таңдаулылар. Кәдімгі НЗМ, БИЛ мектептеріне қабылданғандай бәленбай мың талапкерлердің арасынан іріктелгендер. 

Жуырда бұлар да каникулға шығады. Ой, асыр салып ойнайды дейсің. Ауылдарына да барады, қалаға да барады, шетелге де шығады. Содан кейін бірінші қыркүйек күні бәрі парталарына отырады. Жаңа оқу жылы басталады. Ол күнгі сабаққа ұзын бойлы, ақ шашты ағай – директордың өзі қатысады...

***

Мөлдір әлем

          Бүгін мереке. «Халықаралық балаларды қорғау күні». Қызық, халықаралық балалар деген қандай балалар? Әлемдік жарыстарға қатысып шет елдерге шығып тұратын балалар ма? Иә, әрине, біздікі әзіл. Бұл – балаларды қорғаудың халықаралық күні екені белгілі. Яғни бүкіл әлемде тойланатын балаларды қорғау күні. Халықаралық әйелдер күні дегендей ғой. Қысқасын айтқанда балалардың мерекесі, яғни балалар күні.

          Осы күні көшеге шыға қалсаң «балаларды қорғау күні» емес, балалардан қорғану күні сияқты болып тұрады. Қыстың суығы мен көктемнің салқынынан, мектептегі қасаң тәртіптен зәрезап болып қамауда отырған балалар, көшеге бір сәтте төгіле салғандай. Бөгетті бұзып кеткен ағынды су сынды. Саябақтар мен көшелер, аялдамалар, ойын-сауық орталықтары балдырғандарға толып кетеді. Қарап отырып көзің тояды, көңілің көтеріледі. Жүректің түбіндегі мейірімді сығымдасаң да, қорыңдағы соңғы тиыныңды терсең де, балаңды қатарынан қалдырмай көшеге алып шығасың. Баланың әлемі мөлдір әлем. Былғанбаған. Өсе келе, бірте-бірте бүлінері сөзсіз. Қоғамға араласқан сайын бүліне түспек. Жарасхан ақынның:

          «Бал дәурен, балғын дәурен, бала дәурен,

          Алыстап, бірте-бірте барам-ау мен.

Жаныңды, сенің аппақ жүрегіңді,

Бұзумен, бүлдірумен, жаралаумен», –

деген жыр жолдары соның айғағы.

Баланы бүлдіруді ең әуелі өзінің ата-анасы бастайды. «Өйтіп айта сал, бүйтіп айта сал» дегеннен басталады бәрі. Сабақтан қалып қойса, ауырып қалды дейтін де ата-анасы. Әке-шешесі көзінше өтірік айтып тұрғасын ол бала қайда барады дейсіз? Әйтпесе, бала шындықты ғана айтады емес пе? Өйткені адам өтірікке оранып тумайды. Андерсеннің әйгілі ертегісіндегідей «Корольдің жалаңаш» екенін де бала айтады емес пе? Олар шындықты айтамын деп айтпайды. Бар болғаны өтіріктің не екенін білмейді. Өтірікті үйрететін біз – үлкендерміз. Шындықты айтады демекші, балалар аузымен айтылған шындықтарды, аңғалдықпен айтқан қызықтарды жинап-теріп көрелік.

***

         

Қайбір жылы сексеннің сеңгіріне шыққан туысқан апамыз қайтыс болды. Ағайынның қайғысына ортақтасып бардық. Әдеттегідей сыртта балалары жылап тұр. Топ-топ болып келіп жатқан ағайындар анадайдан дауыс салып келе жатқанда бұлар «анашым», «ардақтым», «аяулым» дегендей сөздерін айтып, дауыс шығарып жылайды. Келушілер жандарынан өте бере жылағандарын тоқтата қояды. Енді, әрине, аналары сексеннен асып дүние салғаннан кейін жер тоқпақтап жыламайтындары анық. Қайғыны сабырға жеңдірген жылас қой сол.

Солардың кезекті «ойе-бой, анашым» деген боздауларын кілт тоқтата қойғанындарын көрген төрт жасар қызым ана кісілердің бетіне қарап тұрып: «Мына кісілердің бәрі өтірік жылап тұр!» деп қойып қалғаны бар. Жылап тұрғандар өтірік жылағандары аздай, шыдамай күліп жіберді. Бала мойындатты.

***

Бұрынырақта сол қызымды балабақшадан алып келе жатқанымда бір қызық жағдай болды. Сол күні тәрбиешісі рәміздер туралы айтса керек. Ту, елтаңба, әнұран ілінген тақтайшаның бір бұрышында сол кездегі президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың да суреті ілініп тұрғаны сөзсіз. Қызым апайының айтқанынан ұққанын, әсерін менімен бөліскісі келді-ау деймін, бір кезде:

– Әке, Назарбаевтың заттарын бір сөзбен рәміздер деуге болады екен,–деді.

Мен қызыма түсіндіріп бердім.

«Рәміздер деген Назарбаевтың заттары емес. Ол – мемлекеттің, сол мемлекетті құраушы қазақ ұлтының, Қазақстан халқының ортақ құндылығы, қастерлі байлығы. Ол бәрімізге ортақ», – дедім.

***

Екінші сыныпта оқитын балам:

– Апай бізге «әй, тыныш отырсаңдаршы, бір емес екі мұғалім тұрмыз ғой», – деп ұрсады, екі жақтап сабақ түсіндіріп тұрғандай. Өздерінің әңгімелесіп тұрғандары есте жоқ, – дейді.

***

Өтірік деген де кейде көңіл үшін айтылады. Қадыр Мырза Әлінің өлеңіндегідей:

Тілеуіңді туысқа бере отырып,

Төсегінде өлерін көре отырып,

«Айығып-ақ кетесің», – деп ауруға

Аяғаннан айтасың бір өтірік!».

Балалар осындай зиянсыз өтірікті де айта алмайды. Бұрынырақта бір келіншектің айтқан әңгімесі еді. Сексендегі атасы бес жасар немересін еркелетіп, ойнатып отырып:

– Кейін сен дәу жігіт болғанда жұмыс істеп, ақша тауып, үлкен джип алып мені қыдыртасың, иә? –  депті. Сонда ана балдырған не деген дейсіз ғой.

  • Сөйтер едім, бірақ оған дейін сіз өліп қаласыз ғой, – деп жауап беріпті. Кінәлай алмайсыз.

***

Баяғыда ұялы байланыстың жоқ кезінде адамдар бірін-бірі үй телефоны арқылы табатын. Сондайда ғой телефон тұтқасын көтерген бала «Әкең бар ма?» деген сұраққа, «Иә, ұйықтап жатыр. Мені сұрағандарға жоқ деп айтыңдар» деп, баланы өтірікке осылай үйретеміз. Бірақ бала әлі де үйрене алмай жатыр. Уақа емес, өмір өзі-ақ үйретеді.

Кішкентай бала шәй үстінде әке-шешесінің көзінше үлкен ағасының ұрлығын жаппақ болып, өзінің берген уәдесіне адал екенін дәлелдегісі келіп: «Көке, сенің темекі тартқаныңды ешкімге айтпаймын, иә?» деген екен.

***

Кішкентай балаларға әкесінің қайтыс болып кеткенін айта алмаған үлкендер: «Папаларың  алыс жаққа кетіп қалды» деп сендіріпті. Арада күндер өткенде ең кішкенесі:

— Әкемді қатты сағындым. Ол қашан келеді? – деп қоймай қойғанында одан бірер жас үлкені:

– Ол келе алмайды, кейін біз өзіміз барамыз, – деп жұбатыпты.

Ауыр, әрине. Бірақ ақиқаты – сол.

***

«Алтын емел» ұлттық паркіне барып, «Айғайқұм», «Ақтау» сынды көрікті жерлерді көлікпен аралап жүргенбіз. Бәрі әдемі, бәрі жақсы, тек ойқы-шойқы жолдар шаршатып жіберген. Балаларға әңгіме айтып келе жатырмыз.

– Көрдіңдер ме, Қазақстан қандай бай? Шөл дала да, ну орман да, айдын көл де, биік шың да бәрі бар, – деп келеміз. Сол кезде жол шаршатқан кішкене қызым:

– Иә, бәрі бар. Тек соған апаратын дұрыс жол жоқ, – деді. Шындық.

***

Ойнақтаған он саусақ...

Қазақта «көресіңді көрмей, көрге кірмейсің» деген сөз бар. Ақиқат сөз. Шындығы – сол! Яғни маңдайыңа жазылған бақтың да, сордың да дәмін татасың. Қашып құтыламын деу бекершілік. Бұл өмірдің қуанышын ғана көріп, қиындығынан айналып өтсем деу де қисынға келмейді. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүре беру еш мүмкін емес. Жасаған жақсылығың да, жамандығың да алдыңнан бір шығады. Көресеңнің бәрін көруге тиіссің.

 Енді осындай бір сөз қоссам деймін. Бүгінгі күн, тап қазіргі уақыттың өзі тудырып отыр. «Естіріңді естімей өмірден өтпейсің». Тура солай болып тұр. Жасасын сөз бостандығы, жасасын демократия, жасасын әлеуметтік желі! Қазір адамдар кім туралы не айтқысы келсе де толық мүмкіндігі бар. Біреуге ашуландың ба, болмаса, аса қатты разы болдың ба, мархабат! Әлеуметтік парақшаңа кір де жаза сал. «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» дегендей, жақсыңның да жағасынан алсаң болады. Ойпыр-ай, мынау ұлттың ұлы перзенті еді-ау деп бас қатырма. «Мәңгүрт, сатқын, екіжүзді, нәпсіқұмар, ит, кеще» дейсің бе, өз еркің. Рас, қателескен шығар. Сол қателікті қателескен адамның деңгейіндегі келесі бір кісі айтуы, ескертуі керек шығар. Жоқ, оған біздің шыдамымыз жетпейді. Күтіп отыруға уақыт жоқ. Зығырданымызды басуымыз керек. Мысал үшін деп айтайық, әлдеқашан әлемдік деңгейге шығып кеткен Олжас Сүлейменов туралы аудан орталығынан әрі аспаған Елжас деген бала пікір айта беретін болған. Ойпыр-ай, осындай адам туралы сөз айтуға менің қақым бар ма деп жатқан кісі баласы жоқ қой, жоқ. 

Соның арқасында осы заман адамына өзі жайында кімнің не ойлайтыны жұмбақ емес. Баяғының адамдары ел-жұрт мен туралы не деп жатыр екен деп алаңдап жүретін. Жұмбақ еді. Мазасы қашқан кейбір кісілер айналасындағылардан «маған қатысты не әңгіме бар, халқым не деп жатыр» деп арнайылап сұрап жүретін. «Сіз туралы слух бар» дегенге елең ететін. Мен жайында емес пе екен деп. Қазір рахат, жазып, бұрқыратып, шырқыратып жатады. «Әй, байқамай қалма, сен турасында былай дедім» деп белгілеп кетеді.

Сөздің қысқасы сол, бүгінгінің адамы естірін естімейінше өлмейді. Бүгінгі қоғам бет-жүзіңе қарамай алғысын да айтады, қарғысын да жаудырады. Бір шетінен ол да жөн бе дейсіз. Адам өз қиялымен, өз ойымен жеке бір әлем жасап алып, өз образын өзі сомдап, алданып жүре бермей, бір уақыт әрқилы пікірлер арқылы өзінің қиялындағы болмысына өзгертулер мен толықтырулар енгізіп отырады.

Дегенмен адамды өзінен артық кім тани алар дейсіз? Артық мақтаулар айтылып жатса, өзіне лайық жеріне дейін қабылдап, артық кетіп бара жатқаны болса, ол көңіл үшін, иә болмаса жағымпаздықтың салдары деп електен өткізіп отырады емес пе? Ал негізсіз қаралау, көпе-көрінеу жала жабу болса, күйінеді. Жанына зақым келтіруі мүмкін. Сондықтан да адам туралы айтарда әркім абай болса екен. Әрине, бас әріппен жазатын Абай болу мыңның, тіпті жүз мыңдардың қолынан келмес. Жәй ғана абай болуға болады ғой. Баяғыда «екі елі ауызға төрт елі қақпақ» деген болушы еді. Қазір адамдар айтпайды, жазады. Сондықтан он саусаққа қандай қақпақ қоюға болады. Ойнақтаған он саусақ әркімде бар. Соны орнымен ойнақтататын ақыл мен сана, ар мен ұят бәрімізде бар ма? Әйтпесе, ақылды адамдар көзін жұмып, құлағын тарс бітеп, екі қолын төбесіне қойып безіп кететіндей қылық танытамыз кейде?

Жаңа құдаласқан екеудің бірі зағип екен. Қос жанарынан айырылып, айналасы қара түнекке айналғанына отыз жылға таяп қалса керек. Сол зағип адам құдасына осылай да осылай деп мұңын шағып: көзімнің көрмегеніне отыз жылға таяды, – десе керек. Сол кезде зағип жанды жұбатпақ болған жанындағы кісі:

 Оған бола өкінбеңіз, көре қоймадым-ау дейтін түк қызық жоқ,– десе керек.

Хәкім Абай айтқандай «қай қызығы татиды қу өмірдің, татуды араз, жақынды жат қыларға?».  

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жақсылық Қазымұратұлы 16.09.2023, 13:50
Әлем әдебиетін оқыту орыс әдебиетінен бас тарту ма?
Есей Жеңісұлы 16.09.2023, 11:57
«Барыс» Қазақстанның командасы емес
Сайт әкімшілігі 16.09.2023, 09:45
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеу кезеңін жеңіспен бастады
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 15:10
Жәнібек Әлімханұлы «Канелоны» жекпе-жекке шақырды
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 11:55
Екі ресейлік спортшы Қазақстан азаматтығын алады
Сайт әкімшілігі 12.09.2023, 16:45
Роналду Қазақстан құрамасының Солтүстік Ирландияға қарсы ойынын көрген (фото)

Аңдатпа


  • Әлем әдебиетін оқыту орыс әдебиетінен бас тарту ма?
    16.09.2023, 13:50
  • Ақтөбеде терроризмді насихаттады деген күдікпен 2 адам ұсталды
    16.09.2023, 13:15
  • Алматыда Астана алаңы мен Сәтбаев көшесінің бір бөлігі жабылады
    16.09.2023, 12:52
  • Ет туралы ертегі
    16.09.2023, 12:33
  • Біздің қоғам шындықтан қорқады
    16.09.2023, 10:55