Бейқамдық па, бейшаралық па?

Қоранбай ШӘКІРҰЛЫ

16.04.2021, 03:27

4550

фото ашық ақпарат көздерінен алынды

«Ана тілі» газетінің өткен жылғы 13-19 тамыздағы №32 санында «Мынау тұрған Абайдың суреті ме?» деген тақырыппен «Көркемдік құпиясы» айдарында мақалалар жарияланды. Негізгі мәселе – газет бетінде айтылғандай, сурет өнеріндегі, ескерткіштердегі бейнесіне қатысты. «Фотосуреті сақталған Абай бейнесін дұрыс салып жүрміз бе?» деп сауал қойылған екен. Жазушы Ғаббас Қабышұлы, ақын, аудармашы Дүкен Мәсімханұлы және суретші Тоққожа Қожағұлов өз пікірлерін білдіріпті.

  Бұдан бірер жыл бұрын Ғаббас Қабышұлы Абайдың бертіндегі мүсіні мен суретіне көңілі толмай, ұқсастық көре алмай, дабыл қағып, тіпті мемлекеттік деңгейде дерлік үлкен мәселе көтеріп еді.

Менің айтайын дегенім, тағы бір қазақтың тұлғасы, ақын, тарихшы, этнограф, шежіреші, аса білімді діндар ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ әдебиеті» газетінің 2020 жылғы 23 қазандағы санында жарияланған филология ғылымының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлының «Мәшһүр мұрасының мирасқоры» атты мақаласында басылған суреттері туралы.

Үстіңгі суретте Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының екі кісімен түскен бірден-бір жалғыз фотосуреті.

Мәшекең діндар адам болғандықтан, суретке түсуді қаламаған. Осы фотосуреттің тарихын білушілердің айтуы бойынша суретке түсуге көндірген. Ортада тұрған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының балдызы болып келетін Аллажар Әбдіразақов, сол кездегі Павлодар қаласындағы педагогикалық училищенің студенті және ауылдасы Әбдіразақ ақсақал, Мәшекеңнің сыйлас досы, ауылдасы. Ал төмендегі сурет кезінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының фотосуреті бар екенінен бейхабар, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті салған логотип сурет.

Мақаланың мазмұнына, авторына тағар кінәміз жоқ. Тек басылған суреттерге қарап «мына суреттер бір адамның суреті емес, әртүрлі адамдар»  деуге ешкім көңіл бөлмегеніне қапаланасың. Негізінде, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз суретін өлеңмен салған адам. Жуырда Мәшекеннің шөбересі Шарапиев Абай атасының интернет желісінде және әртүрлі ақпарат құралдарында тарап кеткен, ойдан шығарылған, Мәшһүр Жүсіпке таңылған келеңсіз әңгімелерге реніш білдіріп жазған шығармасында да көрсетіпті.

«Арғы атам Сүйіндік-ті, Күлік затым,

Мәшһүр деген бір лақап, Жүсіп атым.

Қой көзді, қыр мұрынды, орта бойлы,

Аққұба, бидай өңді қияпатым», – деп жазған.

  Міне, жоғарғы сурет сол өзі сипаттағандай. Ал астыңғы сурет жоғарыда айтылған ақын, аудармашы Дүкен Мәсімханұлы Абай бейнесін салған кейбір суретшілердің «100 шақты сан алуан шалдың бейнесіндегі», біреуі «қоңқақ танау», біреуі «табақ бет» дейтіндей ойдан шығарып салынған сурет Мәшһүр Жүсіп суреті деп газетте басылған. Дүкен Мәсімханұлының айтуы бойынша, Абайдың 100 шақты суреті, 50-ден астам мүсінінде «сан алуан шалдың бейнесі бар».

  Иә, өркениетті жұрт үшін солай болуы мүмкін, бірақ біз үшін олай болмай тұр. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жалғыз ғана өз суреті сақталған және бір ғана «өтірік» суреті бар. Сол «өтірік» суреті ақпарат құралдарында, әсіресе интернетте таралымында 10 сурет жарияланса соның тоғызы «өтірік» сурет. Көптеген мекемелердің дәліздерінде осы «өтірік» сурет ілінген. Тіпті кез келген жерде Мәшекеңе байланысты түрлі іс-шаралар өткізілсе осы сурет ілінеді.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының суреті осындай жағдайға тап болса, шығармашылығы одан да сорақы жағдайда, кім көрінген өз ойына келгенін айтып, «Мәшһүр Жүсіп  былай деген, былай істепті, мынадай болжам-жорамал айтыпты» дегендер толып кетті. Интернетте «Алдаспан» деген сайтында Інжу Орынбай деген біреу «Мәшһүр Жүсіп айтқан сиыр жылы келді...» деген мақала басыпты. Қысқаша мазмұны: «Мәшһүр Жүсіп өзінің қайтыс боларынан 10 жыл бұрын қабірін қаздырыпты, 70 жылдан кейін компартия құлайды, одан кейін 30 жыл елді ұры-қарылар билейді, сиыр жылы – 2021 жыл келіп бәрімізді жарылқайды», – деген іспетті өтірікті соғыпты. Ал осы қисынсыз әңгімені Қуат Ақметжанов деген біреу интернетте дауыстап оқып беріпті. Бір қызығы, басылған мәтінде Мәшекеңнің  өз суреті де, ал оқыған мәтінде «өтірік» суреті басылған. «Мені отырғызып жерлеңдер» депті», – деп сайрайды мәтінді оқыған сабаз. Осындай сорақылықтарға шыдамаған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөбересі, былтыр ғана атасы туралы «Ақиқат» атты кітап шығарған Абай  Шарапиев «Абай», «Алдаспан» сайттарында мақала жариялады.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз өмірінде патша заманында да, кеңес заманында да биліктен жақсылық көре қоймаған адам, біраз жылдарды қуғын-сүргінде өткізді. Ол кісінің еңбектеріне, жалпы, іліміне саяси сипат беріп әуре болмау керек. Қажет болған жағдайда елімізде жиі көтерілетін жер мәселесі туралы айтқылары келетіндерге Мәшекеңнің «Сарыарқаның кімдікі екені туралы» еңбегін алға тартса, қазақ жерінің қан төгіп алғанын дәлелдеген құнды куәлік болары хақ.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзін ешқашан да әулиемін деп атаған емес. Ал өмір жасынаң 73-ке келетінін Бұхар қаласында бір белгілі диуана айтқаны жөнінде өз шығармаларында жазған және осы туралы дін қайраткері Сәдуақас Ғылманидің естелігінде жазылған мәтінді шөбересі Абай Шарапиев интернетте жариялады. Мәшекеңнің ерекше қасиеттері, әрине, көп болған. Мысалы, қабірінің астынан тас шығатынын, әлбетте, өзі білген. Көптеген ғылым  саласынан түсінігі мол, геология, минерологиядан хабары бар ол кісі жер бедеріне қарап, таңдап алған төбенің топырағының адам денесінің бүлінбей сақталуына қолайлылығын да білген. Мәшекеңнің жұрт шулап жүрген, болжау-жорамалдары жөнінде айтатын болсақ, арнайы жорамал жасау үшін тырысып айналысқаны ешбір еңбектерінде де, өзін көрген адамдардың естеліктерінде де кездеспейді. Сол сияқты тағы бір Мәшекең болжауы деп айтып жүрген, 2021 жылы (немесе бұрынырақта 2013-15 жж.) қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныштық, тоқшылық заман болады деген жорамалды тықпалап айта беретіндерге айтарымыз, Мәшһүр Жүсіп еңбектеріңде, қолжазба жазғандардың еңбектерінде де ондай жорамал жоқ. Оны талай ықпалды, беделді азаматтардың арнайы іздестіргенін, таба алмағанын білеміз. Себебі Мәшһүр Жүсіп еңбектерінің әзірге жарыққа шыққан шығармаларының ішінде «Қазаққа қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болды» деген сөзі («заман болады» емес) Баянауыл сыртқы округін құрып, аға сұлтан Шоң Едігеұлы басқарып тұрған уақытта ұрлыққа тыйым салып, бір тоқтыны ұрлаған ұрыны бір көлдің басында атпен тартып өлтірді, сол көл «Ұрының көлі» деп аталды дейтін Мәшекеңнің осы аттас әңгімесінде. Ол заманда бар байлығы қазақтың малы болғандықтан, ұрлық тыйылған соң, жайма-шуақ заман болғаны рас болса керек. Сол кездегі Баянауыл сыртқы округінің жер көлемі қазіргі бір облыстың жерінен көп болған көрінеді.

«Болжам-жорамалдары Алдабергенов Төлепберген ақсақалдың қолжазбаларында сақталуы мүмкін» деген қауесет те шындыққа жанаспайтын сияқты. Кейінгі кезде Төлепберген қолжазбаларына ие болған адам архивке тапсырған болса, тауып алуға болатын шығар. Негізінен, Төлепберген ақсақалдың Мәшекең еңбектерінен алған біраз қолжазбалары Мәшекеңнің соңғы шығармаларына еніп, жарық көрді, кейбір Төлепберген ақсақалдың қолжазбаларының көшірмелері ауыл адамдарының қолында сақталған. Көлемді қолжазбалары Мәшһүр Жүсіп немерелері Төлебай ақсақал мен Сүйіндік ағайдан алынуы да мүмкін, Төкең осы кісілердің үйінде айлап, апталап жатып, әңгіме-дүкен құратын.

Төлепберген ақсақалда Мәшекеңнің дәрілік шөптер мен дәнді дақылдардың емдік қасиеттері туралы жазбалары сақталған болатын. Жазбалардағы кейбір ем-домдық шараларды орындау қарапайым адамдардың қолынан келмейтінін Төкеңнің аузынан талай естідік. Ол кісіде Мәшекеңнің шала сауатты молдалар жайлы, сараң байлар туралы, өз аталас туыстарының арасындағы ерсі мінездерді қатал сынаған әңгімелерінің көшірмелері жинақталған еді.

Алланы аузына алмайтын, аруақты танымайтын, обал-сауапты білмейтін, өздерінше «данагөй» ұрпақ жетілді. Кейбір әсіредіндар, бейпіл ауыз біреулері «зиратында насыбай болған» дегенді естіп, Мәшекеңді кінәлауға дейін барыпты. Біріншіден, насыбай жолаушыға арналған. Отын, тұз, ыдыс-аяқ т.б. жол жүріп, шаршап келген адамға керекті жағдай жасау шаралары үшін жасалған нәрселер. Екіншіден, Мәшекең өмірінің соңғы жылдары денсаулығының нашарлауына байланысты намаз оқуды, басқа да діни рәсімдерді жасауды тоқтатқан адам. Үшіншіден, Мәшһүр Жүсіп туралы сын түгіл, жай пікір айту үшін «ол кісінің өмірі мен шығармалары туралы не білемін» деген ой болу керек. Ол кісінің өмірінің 15-16 жылдай мерзімі басқаларға құпия болып келеді, сол уақытта қайда болды, қайда оқыды, қандай білімді игерді, қандай ғылымды меңгерді деген сауалға жауап таба алсаң құба-құп. Ал беталды бейпіл сөйлеп, қасиетті аруақты адамның наласына қалуға болмайды. Ел арасында Мәшекең зиратын бұзған және бұздырған адамдардың оңбай мерт болғандары туралы жиі айтылады.

Мәшекең өзін әулиемін деп атамағанымен, жұрт талай таңғаларлық істерді ол кісінің атымен байланыстырады. Ол кісінің көзі тірісінде бір орыс әйелі бала сұрап келгенде арабша жазылған «ішірткі» деп атайтын қағаз берген көрінеді. Құрдас, замандастары не жазды екен деп ашып көрсе, төрт жол өлеңнің соңғы жолында «Құдайым, осыдан бір ұлды аяма» деп жазылған екен. «Әйел ұлды болып, баланың ержеткенін көрдік» дегендерді естідік дейтін бұрынғылар.

Мәшекең басына арнайы келіп емделген, дәрігерлерден көмек болмаған соң, бірнеше мәрте зиярат етіп келіп, дертінен сауығып кеткен лауазымды, танымал адамдар болды. Біз білмейтіндер қаншама?

Бірде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мүшел тойында арақ-шарап ішуге тыйым салынғанына қарамастан, тойға ішімдік алып келе жатқан автодүкен аударылып, рәсуа болғанын көрдік. Тағы бір жолы осындай тойда таңертең тойға жиналып, жол жүрейін деп жатқан бір мектеп директоры абайсызда қолының саусақтарын машина есігінің арасына қыстырып алып, қан саулаған қолын емханаға барып оратып алып, тойда күтіп алатын қонақтары болғандықтан, амалсыздан той өтетін жерге келеді. Қонақтарын риза қылып шығарып салғаннан соң қараса, қолын ораған дәке де жоқ, қолындағы жарадан да қан ақпайды. Өзі де, жанындағы кісілері де аң-таң болып, бұл Мәшекеңнің кереметі ғой деп ұйғарыпты. Осындай талай таңғаларлық істер ел аузында көп. Бұған не деуге болады? Бұндайда «Ғайыпты Алла ғана біледі. (Лә яһламул ғайба иллаллаһ)» дейтін көрінеді сауатты діндар адамдар.

Мәшекеңнің атақ-даңқы мен абыройы, халық асқақтатып ардақтайтын қасиетті аруағы ешкімнен араша түсуді қажет етпейді. Біздікі тек Мәшекең туралы оқыған, естіген, көрген, аздаған білгенімізді таным ретінде қазіргі ұрпақ біле жүрсін деген ниет.

Сонымен, Мәшекеңнің нақты өз суретін айналымда сақтап қалып, келешекте «ол кісінің суреті мынау еді» деп айтатын кісілерді енді бір он шақты жылдың шамасында таба алмайтынымыз әбден мүмкін. Дәтке қуат дейтініміз – өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Баянауылдың «Даналар даңқы» аталатын алаңға тұтас тастан қашалған, елімізге танымал мүсінші Бақытжан Әбішев тұрғызған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бірегей мүсіні.

Ол кезде Мәшекеңді көрген елде бірен-саран болсын ақсақалдар бар еді. Мәскеу, Ленинград қалаларындағы арнайы көркемсурет оқу орындарын  бітірген орыстілді Бақытжанға «Сен кімнің мүсінін салайын деп жатқанынды білесің бе?» деп дүрсе қоя берген ақсақалдарға төтеп беру оңай болған жоқ. Әйтсе де Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Бұқар жыраудың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мүсіндерін абыроймен тастан қашап шығарды. Өзі зор абыройға ие болды. Сол сияқты осыдан 3-4 жыл бұрын Екібастұз қаласында бой көтерген Мәшһүр Жүсіп ескерткішінің сәтті шыққанын айта кету жөн болар. Әрине, бұл мүсіндер Мәшекең фотосуретінің орнын толтыра алмасы хақ. Оның үстіне ақпарат құралдарының барлығында да үздіксіз жарияланып жатқан «өтірік» сүреттер легі толастайтын емес. Мақаланың басында айтылған логотип сурет арада бір ай мерзім өтпей-ақ «Қазақ әдебиеті» газетінің 2020 жылғы 27 қарашадағы қос нөмірлі санында тағы да «Әдебиет пәнін қалай оқытып жүрміз?» деген мақалада басылыпты.

Міне, осылай Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы дүниеден өткеніне бір ұрпақ толық өмір сүріп үлгермей-ақ, суреті өзгеріп, Мәшекеңнің айтқан, жазған сөздері бұрмаланып, көрінген адам өз ойына келгендерін оттап айтып жатыр. Оларға ешбір тыйым жоқ. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ. Мәшекең кесенесіне көтерілетін 73 баспалдақтың оң жақ қапталында ақын Нартай Бекежановтың бір шумақ өлеңі тасқа қашалып жазылған:

«Ақмолла, Ұзақ ақын, Мәшһүр Жүсіп,

Заманға жатушы еді үлгі пішіп.

Солардың ағып жатқан теңізінен,

Біз пақыр сөйлеп жүрміз қанып ішіп», – деп. Сол қанып ішетін ортақ теңізіміз тартылып, лайланып жатыр. Өзін-өзі «мәшһүртанушымын» деп ақпарат құралдарында дабыра жасап жүргендер көбейіп кетті. Бір ортақол мемлекеттік қызметкер тапсырыс берсе керек, республикалық беделді газеттің бетінде өзі туралы мәшһүртанушы екенін жариялап, мақала жаздыртты. Біз білетін анық мәшһүртанушылар шамалы еді. Мысалы, Кеңес Одағының заманында-ақ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының екі томдық кітабын шығарған – Баянауыл ауданының құрметті азаматы Сәрсембі Дәуітов. Бұл кісіні Ұлы Отан соғысының ардагері Нағи Ахметов Алматыдан арнайы Мәшекең шығармаларын зерттеу үшін елге алып келіп аралатқан көрінеді. Кейін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Арынның басшылығымен жарық көрген Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 5, 10 және 20 томдық еңбектеріне атсалысқан Мәшекең шөберелері Нартай, Ертай Қуандықұлдарын атауға болады. Тағы бір анық мәшһүртанушы ғалым Сейфитден Сүтжанов мақаланың басында айтылды. Осындай мәшһүртанушылар саны саусақпен санарлық қана.

  Жоғарыда келтірілген Мәшһүр Жүсіп есімі мен шығармашылығы туралы бұрмалаушылық, кемшіліктер әлдекімнің ақылсыздығы, біреудің сауатсыздығы, кейбіреудің даңғойлығы мен атаққұмарлығы болар дейік. Осындайларға келешекте тыйым болар ма екен деп, білгенімізді тәптіштеп айтып жатқанымыз содан. Мәшекең жөнінде әңгіме болғанда, артық-кем айтып адаспау үшін мақаланың танымдық мазмұнына көбірек көңіл бөлдік.

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Амангелді СЕЙІТХАН 11:19
Сегізбаевтың сексені
Амангелді СЕЙІТХАН 12.05.2021, 08:27
Оныншы тур. Озған бар
Құрманбек ӘЛІМЖАН 07.05.2021, 08:41
Тәуелсіздік жолында ту көтерген хан Кененің қазасы
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 06.05.2021, 10:52
Қысқарған іс немесе отқа оранған «Икарус»
Бифат ЕЛТАЕВА 06.05.2021, 09:21
Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
Қымбат ӘБІЛДАҚЫЗЫ 04.05.2021, 16:02
«Айгөлектің» әкесіндей болдыңыз...

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06