Бекжігіт СЕРДӘЛІ: Менің сахнам – дастархан басы

Гүлжаз ҚАРЫБЕК

22.09.2020, 10:33

605

«Ақ көңілдім, ақ арманым...» деп келетін вальс ырғақты «Неге, неге?» деп аталатын әдемі әнді әнқұмар қазақ жүрегіне жылы қабылдап, көптен бері дастархан басында шырқап жүр. Міне, сол әндердің авторы Бекжігіт Сердәлі атты сазгер әрі журналист азамат Алматы немесе Астана секілді республикалық маңызы бар қалаларда тұрмағандықтан ба, жиі көріне бермейді. Сонда да болса,Түркістанда тұратын қазақтың біртуар азаматын  әлгіндей әндері барда іздемеуге хақымыз жоқ.

– Аға, біраз болды, еш жерден көрінбейсіз. Ән жазып жүрсіз бе?

– Жасыратыны жоқ, бізді, ауылдағы өнер иелерін айтамын, орталық баспасөздің ұмытып қалатыны рас. Шоу-бизнеске қатысты қайсыбір басылымды ашсаң-дағы, санаулы әртістерді насихаттаудан әріге аса алмай жүргенін байқайсың. Қазір сол «санаулы әртістердің» өмірбаянын жаттап алдық десек те болар. Ал ауыл өнерпаздарының айтары көп. Ең әуелі айтарым: біз бармыз! Біз өңір өнерін құрап жатқан өнерпаздармыз. Кейде әніміз ешкімге керек болмай қалды-ау деп бұртиып, өкпелеп те қаламыз. Мәселен, мені оңтүстіктен гөрі Қазақстанның басқа аймағы, шетелдегі қандастарымыз жақсы таниды. Қытай, Моңғолия, Түркия, Алмания, Мажарстан, Чувашия, Армения қазақтары әндерімді үзбей айтады және қонақ болып қайтуға шақырып жүр. Қол қысқа, шабадан көтеріп, жүгіріп кете алмайсың.

       Ал туған аймақ бізден гөрі әкімқараларға жақын жүретін сарай өнерпаздарын көбірек құрмет тұтады. Оны кезінде Шымкенттегі идеологияға жауапты шенеуніктердің жалтақ көзқарасынан-ақ байқап қалғанбыз. Қазір мәдениет саласында өнерпаздарға құрмет көрсетер тізгінді әкім айналасындағылар ұстап алған. Жыл сайын солардың тізіміндегі өнер иелері ғана қолдау көріп, мадақ-марапат алып жатады. Мейлі үлкен, кіші болсын, өнер адамына бұлайша бөле-жара қарау түбінде ұлттық өнердің тоқырауына алып келеді. Ал тасадағы талант барлығына қолын бір сілтеп, өнерді мүлдем жатсынып кетуі мүмкін. Бұрын «талант ауылда туып, қалада өледі» деуші едік, қазір талантты қалаға жеткізбей-ақ, ауылда тұншықтырып өлтіріп жатырмыз.

– Өнер тек сахнада ғана тыңдалмайды, өзінің өсу ортасында, сахна сыртында да шыңдалады дегіңіз келіп отыр ғой? Бәлкім, қарбалас, күнделікті қайнаған өмірден біршама алыстау отырғаныңыз шығармашылығыңызға әсер етіп жатқан шығар?

– Олай деуге болмас. Өнер – қайда да өнер. Тек аздап бап керек. Шалғайда жатсақ та, біршама ән туды. Бес-алты әнім әлеуметтік желілерде көшіріліп тарап, «авторы белгісіз» болса да, әнқұмарлардың орындауында шырқалып жүр. Тәуір әндеріме «құда түсіп», әнбаян түсіріп жатқан өнерлес достарым да бар. Жергілікті сахналар қажет етпесе де, жазған әндерімді тыңдарманға жеткізу бағытында өз бетімше әрекет етудемін. Танымал болу үшін міндетті түрде Астана, Алматы сияқты ірі  қалаларда тұруың шарт емес шығар. Әрине, танымал болуға үлкен қалаларда мүмкіндік көп. Шоу-бизнес, тележарнама, әндеріңді белгілі әншілерге ұсынасың дегендей… Өзім білетін осындағы өнер саласындағы әріптестерімнің біразы үлкен қалаларға барып, өздерін жарнамалап үлгерді. Біразы  демеуші арқылы қолынан келген мүмкіндіктерді пайдаланып, жағдайларын түзеп те алды. Газет пен теледидар бетін бермей, БАҚ мүмкіндігін  пайдаланып, өзін-өзі  жарнамалауға дайын тұратын пысықайлар да аз емес. Танымал болудың ең керемет құралы – клип түсіру болып тұрғанда, неге пайдаланбасын? Бірер әнін шығара салып, клип түсіріп алған «сазгерлердің» көбейе бастағаны содан.

– Әнді сирек жазасыз. Бұл өнердің қасиетін, мазмұнын сақтағыңыз келгендіктен бе, әлде…

– Негізгі қызметім ән жазу болмағандықтан, сиретіп жүретінім рас. Бірақ мүлдем ән жазбай кеттім деуден аулақпын. Соңғы кезде «Текемет», «Келіп кет, қалқам», «Сені іздегем», «Әкем-Анам» сияқты бірнеше ән жаздым. Жалпы, мен әнді саулатып жаза бермеймін. Көкейге келгенін ғана ыңылдап, ел елегіне саламын. Халық жаңа туындымды талғап айта бастаса ғана оны ән деп есептеймін. Қалғаны – ән емес, ермек қана. Аз жазатындай болып көрінуім содан.

– Танымал әншілермен шығармашылық байланыс орнатуға қалайсыз? 

– Сол танымал әншілерің бізді менсінбей ме деп қорқамын. Олар да «танымал сазгерлерді» іздейтін сияқты. Сазгері – өзі ақын, әнші, өзі ән өңдеуші, телеэфирге сәл жақынырақ жүрсе тіпті жақсы. Қазір «әнші-композитор» деген сәнге айналып бара жатқан жоқ па? Қазақ әндерінің  бірсарынды, ғұмыры қысқа болуының себебі де содан. Әркімнің өз кәсібімен ғана айналысқанын қалаймын. Әншінің – әнші, ақынның – ақын, сазгердің – сазгер болып қалғаны дұрыс. Бір әнмен клип түсіріп, «жұлдыз» болып жатқандардың да ғұмыры ұзақ емес сияқты. Жалғыз жұлдыз жұлдыздар шоғырын құрай алмайды. Уақыт өте келе есер әндердің дәурені тоқтап, есті әндердің қалатынына күмәнім жоқ. Әзірге әншілердің ән сұрағанын көрген емеспін. Алда-жалда беттің арын бүгіп, сахна сыртына шығып, «жаңа ән керек емес пе?» деп міңгірлей қалсаң, «сен кім едің, сендей сазгерді танымаймын» дегендей біртүрлі күмәнмен қарайды. Сосын, ән ұсынғым жоқ. Барлық әнім керемет деуден аулақпын. Тек қазақта ән жоқ деп, көршіден ән ұрламай, біздікін де бір тыңдап көрсе дейсің ғой.

– Аға буын атандыңыз, 60-қа толдыңыз, өзіңізге есеп беріп, шығармашылық кеш өткізіп, шәкірттеріңіз үшін бір серпіліс жасау ойда жоқ па?

– Мен сізге бір сұмдық нәрсе айтайын: сіз концертке билет алып кіремін, әнді ақылы тыңдаймын деп ойлайсыз ғой, қателесесіз, халыққа ән тыңдату үшін өнерпаз да ақы төлейді: залды бас айналатын ақшаға жалға аласың, сахнаны өз қаржыңмен безендіресің, сахнада қызмет ететін әр техниктің «көңілін табасың», концерт жүргізушілерді жалдайсың, ән өңдетесің, әншілерге қаламақы төлеп, ән салуға шақырасың, концерт біткен соң «қызмет жасаған жігіттерге» шай бересің… Міне, осы шығындарды есептеп шыққан соң, кеш өткізбек түгіл, ән жазып жүргеніңе өкінесің. Есеп беретін ең дұрыс орта – дастархан басы, ел іші. Мен үшін одан асқан шығармашылық кеш жоқ.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 11:15
Оның жыры шырқалды – ГИМН болып!
Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 10:17
Дос туралы сыр
Айжан БҮРКІТБАЕВА 29.10.2020, 09:17
«Алтын қалам» жылдың ең үздік қаламгерін анықтады
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 17:54
Карикатушыларға арналған республикалық байқау жарияланды
Жабал ШОЙЫНБЕТ 27.10.2020, 11:01
Қазақты, Абайды қорлау – ұлттық құндылыққа шабуыл...
Тілекқабыл РАМАЗАНОВ 27.10.2020, 10:29
Азамат. Ғалым. Дос

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    29.10.2020, 11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04