Бердіқұлов тағылымы

 «Жас Алаш» – 100

Өмірзақ СҰЛТАНОВ

21.04.2021, 09:03

3095

Бала кезімізде, мектепте оқып жүрген шақта денешынықтыру пәні  жүргізіле бастаған кезден спорт дегеннің не екенін аздап біле бастадық. Ауылдық жердегі сегізжылдық мектепте оқығандықтан, спортпен айналысуға соншалықты жағдай болды деуге де келмейді. Өйткені арнайы спортзал болмады. Дегенмен ылғи да таңертең сабақ басталар алдында далада денешынықтыру жаттығуларын жасататын. Ал қысы-жазы футбол ойнағанға ешқандай бөгет жоқ еді. Оған керемет жағдайдың қажеті шамалы ғой, доп болса болды. Біздің Қарағандыкөл деген шағын ауылымыздың  өзінде футболды бірнеше командаға бөлініп ойнап жүрдік. Одан қалса, ауылдың құрама командасына енген балалар велосипедке отырып, көрші ауылдарға барып, ондағы командалармен сайысқа түсетінбіз.

Қыс түсе аяғымызға шаңғы байлап, ауылдың шетіндегі шаңғы жолына бет алатынбыз. Біздің жақта қыс ұзақ, 5-6 айға дейін созылатындықтан, спорттың бұл түрі біздің мектепте кеңінен таралған. Тек жақсы шаңғы, таяғы мен бәтіңкесі жағынан жетіспеушіліктер болатын. Осы спорт түріне деген менің қызығушылығым жоғары болды. Содан болар, ұдайы жаттығулар жемісін беріп, денешынықтыру пәнінен берген Мұрат Махамбетов деген ұстазымыз мені 5-кластан бастап мектеп оқушылары арасындағы аудандық жарыстарға қосты.

Спортқа деген осындай әуестіктер атақты спортшылар, футбол командалары туралы деректер, мәліметтерді білсек деген қызығушылыққа жетеледі. Ол кезде бүкіл қазаққа есімі таныс Қажымұқан, Балуан Шолақ туралы еститінбіз. Қажымұқан жайлы жазушы Қ.Әбдіқадыровтың повесін де оқыған едік. Ол замандағы ақпарат көздері радио, газет-журнал, кітаптар болатын. Теледидардың әлі келмеген кезі. Спорт жанкүйерлеріне  республикалық «Спорт» газетінің танымалдығы өте үлкен болды. Апта сайын шығатын бұл газеттің тиражы 300 мыңнан асса, жазылу бағасы да қолжетімді, жылдық жазылу сомасы бар болғаны 84 тиын еді. Әкем спортқа деген жанкүйерлігімді байқап, тіпті Мәскеуден шығатын «Физкультура и спорт» және «Спортивные игры» деген түрлі түсті журналдарға жазылды. Әлгі журналдарда шыққан мақалаларды, спортшылардың суреттерін жанкүйер достарымызбен қарап, талқылап, мәре-сәре болып жататынбыз. Ұнаған фотосуреттерді қиып алып, дәптерге, бөлменің қабырғасына да жапсырып қоятын кезіміз болды.

Ол кезде футбол кеңінен тараған өте танымал спорт түрі болатын. Алматылық «Қайрат» десе, көптеген жанкүйер «ішкен асын жерге қоятын». «Қайрат» ойнаған кезде құлағымызды кішкентай радиодан алмай, белгілі спорт журналисі Ө.Жолымбетовтің репортажын тағатсыздана тыңдап, мазасыз күй кешетінбіз. Ал 1966 жылы Англияда өткен футбол чемпионатын ауыл ортасындағы кеңсенің жанындағы биік бағанға орнатылған дыбысұлғайтқыш радиодан тыңдап, жанкүйер достармен қаншама күн Пеле, Эйсебио, ағайынды Чарльтондар, өзіміздің Лев Яшин, И.Численко, А.Шестернев секілді футболшылардың ойынын көзімізбен көргендей сезімде бірде қуанып, бірде ренішпен жанкүйер болып, артынан матчтарды достармен қаншама талқылаған қызу сәттер естен шықпайды.

Жанкүйерлік дерт әсіресе 9-10 кластарда басқаша реңк алды. Бұл кезде мен аудан орталығы Көкпектіде оқимын. Ондағы Киров атындағы типтік үлгіде салынған орыс орта мектебінде жақсы спортзал болды. Сондағы еркін күрес секциясына қатыса бастадым. 1969 жылы осындағы кітап дүкенінен спортқа арналған «Казахстан спортивный» және «Жұмыр жерде теңбіл доп» атты кітаптар сатып алдым. Екеуі де қызғылықты болып шықты. Бірінші кітап Қазақстандағы бүкіл спорт тақырыбын қамтыған жинақ түрінде шыққан болса, екіншісі тек футболға арналған С.Бердіқұлов деген кісінің кітабы. Міне, осы кезден Сейдахмет деген жазушы барын және футбол тақырыбын соншалықты тартымды, тамсана суреттеп жазатынын біле бастадым. Оны жоғарыда айтқан кітабын жата-жастана оқу барысында барынша сезіндік. «Жұмыр жерде теңбіл доп» кітабында 1966 Англияда өткен әлем чемпионатына Советтер Одағындағы спорт журналистерімен бірге барған сапары жайлы, әлемнің ең мықты командалары, олардың құрамында ойнаған атақты футболшылардың ойынын суреттеу стилі ұнады. Оқырман сол ойындар атмосферасын жақсы сезініп, қым-қуыт жағдайда футболшылардың әдіс-айла қолданған шеберліктерін, команданың комбинациялық ойын-өрнегін, қақпаға гол соғу әрекеттерін суреттегенде өзің сол ойынға қатысып, көріп отырғандай ғажап әсерде қаласың.

Кейін Сейдағаңның «Лениншіл жас» газетінің (бүгінгі «Жас Алаш») редакторы екенін, ал газет бетінде спорт тақырыбына аса көңіл бөлінетінін байқап, соның ішінде «Сейсенбілік спорт бетін» мүмкіндігінше оқып жүруге тырыстық. Одан бөлек, спорт тақырыбы ол кісі шығармашылығының аса маңызды бөлігі екенін, қаншама уақытын арнап, көз майын тамызып жазған «Мұңайып оянған қала» (1979), «Үшінші подъезд» (1980), «84-жылдың теңдессіз 16 күні» (1981) сынды бірінің артынан бірін шығарған және басқа да кітаптарында спорт саласын терең зерттеп, білгірлікпен жазғанын байқадық.

С.Бердіқұловтың алмастай бір қыры – спорт тақырыбына тек өзі жазып қоймай, осы тақырыпты шебер жазатын шәкірттер тәрбиелей білуі дер едік. Соның ішінде өзі редакциялаған газеттің қазанында қайнап,  шығармашылық лабораториясының қыры мен сырына әбден қанығып шығуы арқасында спорт журналистикасының ең биік шыңдарын бағындыра білген, бүгінгі қазақ спорт журналистикасының көшбасшысы Несіп Жүнісбаевты айтсақ та жеткілікті болар. Соның бір дәлелі ретінде Советтер Одағы секілді алып мемлекет 1980 жылы Мәскеуде тұңғыш рет олимпиадалық ойындарды өткізгенде шәкірті Несіпке спорттық жарыстардың барысын бірлесе жазуға өзі бастамашы болып, соның нәтижесінде «84-жылдың теңдессіз 16 күні» (1981) атты кітапты тізе қосып жарыққа шығарғанын айтуға болады.

Өз басым С.Бердіқұловпен кездесіп, сөйлеспесем де, оның тәрбиесін көрген Несіп Жүнісбаев, Қыдырбек Рысбеков секілді талантты журналистердің шарапатын молынан көрдім. Осыған қатысты мына бір жағдайға тоқталсам деймін. 1997 жылы күзде Алматыға жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін көтерудің төрт айлық курсына барған едім. Оның алдында «Мұхтар Әуезов және спорт өнері»  деректі повесімді жазып біткен болатынмын. Соның қолжазбасын өзіммен ала келгенмін. Ондағы ойым – «Спорт» газетіне апарып көрсету. Бір күні уақыт тауып редакцияға келсем, редактор Несіп Жүнісбаев іссапарда екен. Содан редакцияның жауапты хатшысы Әміре Әрінге кірдім. Жағдайды айтып, хатшыға қолжазбамды көрсеттім. Біраз уақыт жазбаларымды қарап шыққан соң, ол кісі «материалдың барлығын да  газетке жариялаймыз, тастап кетіңіз» деді. Сенер-сенбесімді білмесем де, барлығын беріп кеттім. Дегенмен редактордың келісімін алмай түгелдей жариялаймыз деуі қалай болар екен деген ойда жүрдім. Бұл қалай болар екен деп, 3-4 күннен соң қайта келсем, редактор орнында екен. Аман-саулық, таныстықтан соң, «Сіздің қолжазбаңыз туралы білемін, биыл М.Әуезовтің 100 жылдығына орай жазылған дүние екен, ол кісінің Қазақстанда құрылған алғашқы футбол командасының ойыншысы, ұлттық спорт ойындарының жанашыры болғаны, жалпы, спортты өнер деп білгені біздің оқырманымызға қызықты болар. Сондықтан түгелдей берейік деп отырмыз», – деп жылы қабылдады. Расында, сол жазбаларымның барлығы дерлік газеттің 5-6 санында фотосуреттерімен басылды. Онымен де қоймай, кеңестік заманнан көзден бұл-бұл ұшқан қаламақы төлегеніне таңғалған едім.

Сол жолы Алматыда жоғарыда айтқан С.Бердіқұловтың тәрбиесін көрген тағы бір журналист – Қыдырбек Рысбекұлымен танысудың реті келген еді. Ол кезде Қыдырбектің «Ер Дәулет» баспасында қызмет атқарып, «Қазақ боксшылары» деген кітап шығарумен айналысып жүрген кезі екен. Маған Семей жерінен шыққан атақты боксшылар туралы жазып беруімді сұрады. Мен өзім білетін Төлеуғазы Тұрсынханов, Самат Қонысбеков туралы жазып берген едім, олар туралы мақалаларды кітапқа кіргізді. Кейін «Қазақ балуандары» деген сериямен құрастырып шығарған кітаптарына да белгілі спортшы балуандар туралы мақалаларымды қосқан болатын.

Жалпы, спорт тақырыбымен айналысқан шақта маған жақсы адамдар кездескенін баса айтқым келеді. Жоғарыда айтқан Несіп Жүнісбайұлы, Қыдырбек Рысбекұлы, Әміре Әріннен басқа, Төлеген Жәкітайұлы, Ардақ Тоғымов секілді журналистермен қатар, спорт саласын басқарған Анатолий Күлназаровқа деген ризашылығым шексіз. Осы кісілердің арқасында, қолдауымен спорттық журналистикадағы біраз марапаттарға қолым жеткені соның айқын айғағы. Бір қызығы, 2009 жылы С.Бердіқұлов атындағы сыйлықты сол кездегі спорт комитеті төрағасының орынбасары Қыдырбек Рысбекұлы тапсырған еді.– 80 жыл

Несіп Жүнісбаев өз ұстазы Сейдағаң туралы: «Қазақ баспасөзінің чемпион қаламгері, қазақ спорт жур­на­лис­ти­ка­сының негізін қалаушы, ел спортын насихаттауға телегей-теңіз еңбек сіңірген, қазіргі Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығының алғашқы президенті, 1966 жылы Лондонға, 1970 жылы Мексикаға барып, фут­болдан әлем чемпионаты жайлы қалам тартқан алғашқы қазақ», – деген екен. Осы жағдайды ескере келгенде, аздаған ой-толғауымыздың тобықтай түйіні – спорт тақырыбын әдебиетте де, журналистикада да кәсіби деңгейде жазып, биік дәрежеге жеткізген Сейдахмет Бердіқұловтың атындағы үздік журналистерге тағайындалған жүлденің лауреаты атану мен үшін үлкен мәртебе ғана емес, үлкен жауапкершілік екенін сезініп, қаламгерлікпен айналысқан ғұмырда Сейдахмет аға салған жолдан айнымау басты мұраттың бірі деп түсінетінімді оқырманға жеткізу еді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Амангелді СЕЙІТХАН 11:19
Сегізбаевтың сексені
Амангелді СЕЙІТХАН 12.05.2021, 08:27
Оныншы тур. Озған бар
Құрманбек ӘЛІМЖАН 07.05.2021, 08:41
Тәуелсіздік жолында ту көтерген хан Кененің қазасы
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 06.05.2021, 10:52
Қысқарған іс немесе отқа оранған «Икарус»
Бифат ЕЛТАЕВА 06.05.2021, 09:21
Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
Қымбат ӘБІЛДАҚЫЗЫ 04.05.2021, 16:02
«Айгөлектің» әкесіндей болдыңыз...

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06