Беріктің белестері

Жамал ҚАМАШ

22.11.2022, 17:00

1567

Берік Жетпісбаев – Қазақстан самбосы тарихында өшпес із қалдырған балуан. Тоқсаныншы жылдары боз кілемде атой салған бұл жігіттің өнеріне сүйсінбеген, оның шексіз талантын мойындамаған жанкүйерлер кемде-кем шығар. Тіптен қазақ самбосының академигі саналатын Керей Қойшыбектің өзі: «Берік – тума талант. Егер әр жаттығу барысында ол жанын салып даярланып, әр жекпе-жекте жанкештілік танытса, Жетпісбаевтың шоқтығы биік болары сөзсіз» деп, шәкірті жайындағы пікірін бір ауыз сөзбен түйіндеген.

Кейіпкеріміз күреспен бала кезінен бастап айналысты. Оның самбоны таңдауына Бақыт Қоқысбековтей білікті бапкердің Алматы облысы Кербұлақ ауданының Қоянкөз ауылына келуі түрткі болды. Аз ғана уақыт ішінде айтулы маман шағын ғана елдімекеннен Жұмажан Нұрбеков пен Болат Үсембеков сынды екі бірдей спорт шеберін шығарды. Сол сәтте «Егер ауылдастарым секілді мен де самбоға ден қойсам, бүкіл жұртқа танымал боламын» деген ой Беріктің санасында сақ етті. Сол күннен бастап, Жетпісбаев күрес үйірмесін жағалай бастады.

«Алмас қылыш қын түбінде жатпайды». Елгезек Беріктің бойындағы бұла күш бірден байқалды. Өзінің дара талантының арқасында бірден құрдастарының алды болды. Ауылдық, аудандық жарыстарды былай қойғанда, облыстық доданы оңай ұтып жүрді. Содан Алматының іргесіндегі Фабричный ауылында өткен республика біріншілігіне қатысты. Бұл бәсекеде де Жетпісбаевтың алдын ешкім орай алмады. Барлық қарсыластарын сыпыра ұтқан бозбала жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігіне қатысу құқығына ие болды.

Берік айтады: Күреске ден қойғанда келешекте халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғаймын деген ой қаперіме де кірмеген еді. Әуелде маған бәрі ермек болып көрінді. Ел көрем, жер көрем, түрлі қалаларды аралаймын. Шалғайдағы ауыл баласына одан артық қандай қызық керек?! Ал Қазақстан құрамасы сапына іліккенде командада өзім секілді ауыл балалары «өріп жүргені» мені таңғалдырды. Көбісі өз құрдастарым. Алдымызда Руслан Сейілханов, Айдын Кемпірбаев, Ержан Омарбаев, Сержан Омаров, Зекен Шаймерденов сынды ағаларымыз болды. Сол сәтте мен егер бар жан-тәніммен даярланып, осы спорт түріне адалдық танытпасам, көп кешікпей көштен қалып қоятынымды түсіндім. Содан бастап, жанкешті жаттығуларға кірістім.

1994 жылы Берік Жетпісбаев жасөспірімдер құрамасы сапында Югославияның Нови Сад қаласына сапар шекті. Боз кілемде бес белдесу өткізген ол алғашқы төрт қарсыласын тырп еткізбей ұтты. Финалда әзербайжандық самбошыға есе жіберіп, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Сол жарыстан кейін-ақ Сарыөзектің сары баласы білікті бапкерлер назарына ілігіп, Қазақстан құрамасы сапында түрлі халықаралық жарыстарға үздіксіз қатыса бастады. 1995 жылы Берік Болгарияға аттанды. Оның Софияға сапары сәтті болды. Жастар арасындағы әлем біріншілігінде Жетпісбаев алтын медальді мойнына ілді.

Тоқсаныншы жылдардың бел ортасында Берік ересектер дуына түсе бастады. Келген бетте ол «төр менікі» дегенді айқын аңғартты. Басты қарсыластарын бірден жолынан ығыстырып, әуелі 57 келі, содан кейін 62 келі салмақ дәрежелерінің тізгінін қолына мықтап ұстады. Мәскеудегі Харалампиев турнирінде күміс медальді иеленді. Әлем кубогы мен Азия біріншілігінде дәл сондай нәтиже көрсетті. Қатарынан екі рет Азия чемпионы атанды. Ал 1996 жылы Токиода өткен әлем чемпионатында Берік Жетпісбаев қола жүлдені олжалады.

Берік айтады: Табыс адамға өздігінен келмейді. Тіптен жанкешті жаттығу мен жан алысып, жан беріскен айқастың өзі биік тұғырларға көтерілу үшін жеткіліксіз. Біріншіден, өзіңе деген сенімің мығым және алға қойған мақсатың айқын болуы керек. Екіншіден, елішілік жарыстарда бәсекелестік күшті болса, шетелде күресу әлдеқайда жеңіл. Үшіншіден, ауқатты ағаларымыздың қамқорлығы қажет. Өйткені аш-құрсақ спортшының барар жері белгілі ғой. Менде оның үшеуі де болды. Алға қойған мақсатым – қазақтың абыройын асқақтату еді. Ол мақсатты орындай алатыныма сенімді болдым. Елішілік жарыстарда кілең ығай мен сығайларға қарсы тұрдым. Айдын Смағұлов, Мұратбек Қыпшақбаев, Қайрат Күнсафин, Айдар Қайырбаев, Ерлан Сіләмбай… Алғашқысы Олимпиада жүлдегері атанды, қалғандары жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпиондары. Осы жігіттерді бірде ұтсам, бірде ұтылып жүрдім. Солардың арасында Айдынның шоқтығы биік еді. Болашақ Олимпиада жүлдегерін мен бір мәрте ғана ұта алдым. Ал қамқоршы ағаларым жайында айтар болсам, бизнестің бел ортасында жүрген Талғат Атабаев, Қайрат Шарабасов, Қайрат Мейрембаев, Алпысбай Рақымов, Манарбек Таутанов, Омар Санатбаев, Тілеухан Көкімбаев, Радж Меймашұлы есімді азаматтар көп көмектесті. Есімдері аталған ағаларымның әрқайсысы мен үшін ерең тұлға, асқар тау. Жетісу өңірінде бұл азаматтардың қамқорлығын көрмеген спортшылар кемде-кем. 

Әрине, қамқоршы ағалардың болғаны жақсы. Алайда ел намысын қорғап жүрген спортшыға бүкіл ел болып көмектессек, еш артықтығы жоқ еді. Өкінішке қарай, самбо Олимпиадалық спорт түрлері санатына жатпайды. Сол себепті оған деген қамқорлық жағы кемшін. Міне, осы жағдай Беріктің дзюдоға ауысуына түрткі болды.

Жапондар ойлап тапқан өнер түрінде де Жетпісбаев тасада қалған жоқ. Білікті бапкер Манарбек Таутановтың шәкірті атанған ол 1996 жылы Алматыда өткен Санжар Жандосовты еске түсіруге арналған халықаралық турнирде бақ сынауға бел буды. Бұл жарыс Атланта олимпиадасына іріктеу ретінде қарастырылды. 66 келі салмақ дәрежесінің басты фавориттері ретінде семейлік Зекен Шаймерденов пен шымкенттік Иван Бағлаевтың есімдері аталатын. Берік үшін бұл алғашқы үлкен сынақ болғанына қарамастан, ол өзін жақсы қырынан көрсете білді. Аса шиеленісті айқаста талдықорғандық балуан тәжірибелі Шаймерденовтен айласын асырды. Бағлаевпен болған бәсеке бөлек бір әңгіме. Белдесу барысында Жетпісбаев оны «қылқындырып» тастады. Сол кезде Балуан Шолақ атындағы стадионға жиналған жанкүйерлердің өздері «Кеше ғана самбодан ауысып келген жас жігіттің белді балуанды дәл осылайша дзюдоның төл әдісіне салып ұтқанын алғаш рет көріп отырмыз» деп бастарын шайқаған еді. Сол мезетте бізге де, басқаларға да, Жетісудың жас жолбарысын тоқтататын күш жоқтай болып көрінді. Алайда финалға жолдама беретін бәсекеде Берік ойда-жоқта жеңіліс тауып, қола медальді қанағат тұтты. Осы жарыстың куәсі болған самбодан ұлттық құраманың бас бапкері Керей Қойшыбек: «Беріктің дзюдоға ауысқаны кеше ғана. Ол әлі бұл өнердің әдіс-тәсілін толық меңгеріп үлгерген жоқ. Соған қарамастан, небір мықтыларға сан соқтырды. Алайда тәжірибенің аздығы сын сағатта сыр беріп, ол ортаңқол балуаннан ұтылды. Егер Берік осы шабысынан жаңылмаса, ертең-ақ дзюдошыларға күрестің «көкесін» көрсетеді», деп ақтарыла сөйледі. 

Иә, Жетпісбаев одан кейін де дзюдодан өткен бірқатар халықаралық турнирлерде топ жарды, жүлдегер атанды. 2000 жылғы Олимпия ойындарына баруына мүмкіндігі болды. Бірақ дуалы ауыз Керей Қойшыбек мырза жорамалдаған биікке ол жете алған жоқ. Неге? Бұл сауалды кейіпкеріміздің өзіне жолдадық. Қашанда кесек сөйлейтін Берік: «Өткенді қазбалап қайтесіздер. Мақсат тауына шыға алмай кеткен дарынды жастар жалғыз менімен ғана шектелмейді ғой. Қаншама асқандарын иелері қалың мақсат тауына шыға алмай, қалың топтың арасында қалып қойды. Біреуінің жағдайы болмады, біреуінің денсаулығы сыр берді, біреуіне спортқа деген адалдық жетіспеді, енді біреуі басқа жолмен кетті. Бір сөзбен айтсақ, өмірде әркімнің өз таңдауы болады» деп әңгімені қысқа қайырды.

Берік Жетпісбаевтің екі олимпиадаға және бірқатар әлем чемпионаттарына бару мүмкіндігі болғаны жайында жоғарыда айттық. Бара алмады. Неге? Неліктен? Оған түрлі себеп айтуға болады. Біріншіден, қазақта «Жоқшылық жомарттың қолын байлайды» деген аталы сөз бар. Нағыз кемелденген шағында Берікке қамқорлық көрсетіп, бағыт сілтейтін ешкім болмады. Жас жігіт ондай әділетсіздікке көніге алмады. Екіншіден, соңғы кездері ол көп жарақаттанды. Жаттығу кезінде Беріктің өзінен салмағы әлдеқайда ауыр балуандармен арпалысып жатқанын жиі көрдік. Ол «диірмен» әдісін орындауға аса құштар еді. Бапкерлері мен әріптестері «Алыптармен айқасып нең бар, беліңе зақым келеді» деп талай мәрте ескертті. Жастықтың буы ғой, бұла күш иесі ақылшы ағаларының айтқан сөзіне құлақ аспады. Кейіннен соның зардабын тартты. Жауапты бір жарыс қарсаңында белінен шойырылып, тұра алмай қалғанына да куәміз. Міне, осы жайттың барлығы 2001 жылы Жетпісбаевтың үлкен спорттан қол үзуіне әкеп соқтырды. Сөйтіп, ол боз кілеммен небәрі 25 жасында қош айтысты.

Берік айтады: Спорттан қол үзгеннен кейін бизнеске бет бұрдым. Құдайға шүкір, қазір жағдайым жаман емес. Алайда боз кілемге бағыштаған жылдарым мен үшін өте қымбат. Сол себепті дарынды жастарға қолдан келгенше көмектесуге құштармын. Өзімнің туған ауылым – Қоянкөзден Азамат Мұқанов сынды мықты балуан шықты. Соған барынша қолдау көрсеттім. Кейіннен Азамат самбодан әлем чемпионы және сол жарыстың төрт дүркін қола жүлдегері атанды. Дзюдодан әлем чемпионатында күміс алса, Азия ойындары мен құрлық біріншілігінде қолаға қол созды. Талдықорғанда жаттығып жүрген тағы бірнеше балуанды өз қамқорлығыма алдым. Қыздар күресіне де ден қойып, олардың әр қадамын жіті қадағалап жүрген жайым бар. Бұл асып-тасығандықтан істеп отырған шаруа емес. Кезінде біз қиындықты көп көрдік. Әр жарысқа барудың өзі азап еді. Әркімнің алдына барып, ақша сұрадық. Ақыры күрестен қол үзіп қалдық. Кейінгі жастар сол қиындықтардың бірін де көрмесе деймін. Олар тек жаттығуға ден қойып, Қазақстанның даңқын арттыру жағын ғана ойлауға тиіс. Басқаға бас ауыртпауы қажет. Менің бар тілегім де, ниетім де сол.

Күні кеше Қонаев қаласында дзюдодан Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы, жастар арасында әлем чемпионы Берік Жетпісбаевтың жүлдесі үшін республикалық турнир өтті. Бұл жарыс еліміздің бірқатар өңірінен жиналған 170-тен аса жас балуандардың басын қосты. Айтулы доданы тамашалай отырып, біз жас жеткіншектердің ынта-ниеті мен қажыр-қайратына, өжеттігі мен табандылығына және жеңіске деген жігеріне сүйсіндік. Келешекте осы өрендер аса ірі халықаралық додаларда Қазақ елінің намысын абыройлы қорғайтын белді балуандарға айналады деп үміттеміз.

Тегтер: спорт футбол хоккей ақпарат дерек ұйымдастыру. Олимпиада

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Зинаханым КҮНЕШҚЫЗЫ 11:24
Жерім деп өткен ер еді...
Темірғали КӨПБАЙ 10:52
Қойшының түсі
Гүлзира СЕРҒАЗЫ 30.11.2022, 08:47
Раушан сарыны, қобыз зары, аққу сазы
Сайт әкімшілігі 29.11.2022, 15:41
Мәскеуде "Қазақстан аруы-2000" байқауының қатысушысы өлі табылды
Бифат ЕЛТАЕВА 29.11.2022, 10:09
Дарынды балалар – жарқын болашақтың бастауы
Сайт әкімшілігі 28.11.2022, 22:34
«Orda zhekpe-zhek Championship-1» халықаралық кәсіпқой түрнирі өтті

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43