17.03.2023, 05:30
2167
Қазақпен бірге жасап келе жатқан ұлттық құндылықтың бірі – халқымыздың ағаш керегелі киіз үйі. Өткен аптада, яғни 3-7 наурыз арасында отандық туризм индустриясының қызметкерлері Германияның астанасы Берлин қаласында өткен ITB Berlin Халықаралық туристік көрмесіне барып, қазақтың киіз үйін көрсетіп, зор қошемет көріп, жақсы баға алып қайтқан.
Осы орайда айта кетейік, аталмыш іс-шара әлемдік пандемияға байланысты кешігіп, үш жылдан кейін бірінші рет қайтадан өтіп отыр. Қазақстаннан барған Kazakh Tourism АҚ ұйымдастырған көрме келушілер мен қала тұрғындарының ықыласы мен қызығушылығына қатты бөленген.
Көрменің көз айымы болған құндылық – қазақтың киіз үйі екенін айттық. Қонақтар мен келушілерді қазақ киіз үйінің ішіндегі жабдықтары, қол өнер бұйымдары: айталық шеберлер мен суретшілер өз қолымен табиғи материалдан жасаған әшекейлері, ағаш бұйымдар мен тері және жүн бұйымдар, күміс пен темірден соғылған қазақтың ұлттық мұрасы қатты қызығушылық тудырған. Сондай-ақ қазақтың ұлттық тағамдары, ұлттық сусындары көрмеге келген қонақтардың көңілінен шығып, жұртты тәнті еткен.
Осы арада айта кетейік, Берлиндегі халықаралық көрмеге еліміздегі туристік компаниялар мен белгілі қонақүйлердің отызға жуық өкілі барып қатысып, көрмені өз көздерімен көріп қайтқан. Мұның сыры бар. Өйткені көрмеге туризмге қатысы бар адамдар келеді. Ал олармен қонақүй қызметкерлері мен туристік компания өкілдері бетпе-бет кездесіп, келісімшарттар жасайды.
Kazakh Tourism АҚ-ның басқарма төрағасы Талғат Аманбаевтың айтуынша, көрме өтіп жатқан уақытта Қазақстанның туристік бизнес қызметкерлері болашақ серіктестермен кездесіп, танысып, іскерлік байланыс орнатуы мүмкін. Т.Аманбаев «Қазақстаннан апарған көрме қонақтар мен келушілер жағынан елімізге жақсы жарнама, қызығушылық тудырды. Мәселен, алдағы уақытта Kazakh Tourism елімізге неміс саяхатшыларын шақыру бағытында ең үлкен әлемдік туристік бірлестіктердің бірегейі – PATA өңірлік өкілдігімен бірге жұмыс жасауды жоспарлап қайтты», – деп көрмеде жеткен жетістіктерімен бөлісті. ITB Berlin – бұл туризм саласындағы халықаралық ұйымдар үшін әлемдегі ең үлкен B2B көрме болып табылады.
Киіз үй баспана ғана емес, бұл қазақ мәдениетінің алтын арқауы. Тарихшылар Орталық Азиядағы көшпенділер киіз үйінің тарихын осыдан 4 мың жылға дейін тереңдетеді. Яғни киіз үйдің тарихы сонау қола дәуірінен бері, Оғыз хан билік құрған кезеңнен басталады. Соңғы жылдары қазақ киіз үй мәдениеті алыс-жақын шетелдерде өткен көрмелердің көзайымы болып жүр. Одан бөлек, жуырда ғана Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккен тұрғындарға баспана ретінде тегін жеткізіліп, түбі бір түрік ағайынның ықыласына бөленді. Қазір табиғи апаттан зардап шеккен халық сол киіз туырлықты үйлерде тұрып жатыр. Болашақта киіз үйлер тігілген саябақ саяхатшыларға арналған туристік аймақ болып қалады. Демек, қазақтың алты қанат ақ боз үйі, ақ ордасы мыңдаған, миллиондаған шетелдіктердің аңсап баратын таңсық мекеніне айналуы мүмкін.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР