Би падишахы

Сайт әкімшілігі,Айдар ЖОРАНОВ

11.06.2021, 14:15

3111

«Мен он жасымнан бастап Қазақстанның хореографиясына бүткіл өмірімді беріп келе жатырмын». Қазақ биінің падишахы, ұлттың тұңғыш балетмейстері Дәурен Әбіровтің 1975 жылы Қонаевқа жазған хаты дәл осылай басталады. Хат ескі қолжазба күйінде Орталық мұрағат қорында сақталған.

Дәурен Әбіров – талант пен тағылымның, таным мен табандылықтың, еңбек пен ізденістің жемісті айнасы. Аты мәшһүр болмаса да, атқарған еңбегі қыруар.

Жамбыл облысындағы Қордай ауданына қарасты Қаракемер ауылынан, қарапайым шаруа отбасынан шыққан бала балетке қалай келді? «Әкемнің ата-анасы аштық кезінде қаза тапқан. Алматы шетіндегі Өжет ауылында тұратын ауқатты көкеміз оны өз қамқорлығына алады. Бір күні кішкентай Дәуренге мұғалім мектептегі жөндеу жұмысына ақша алып келу керектігін айтады. Үйдегі сандық ішіндегі бір бума ақшадан бесеуін суырып алады. Көкеміз ақшасын санаған кезде кем екенін біліп, бірден Дәуреннен күдіктенеді. Сегіз жасар бала «ұрлық жасадың» деп таққан кінәсіне төзе алмай, үйден шығып кетеді. Шатырда өмір сүрсе де, сабағын қалдырмапты. Кезекті тексеріс кезінде оны тауып алып, балалар үйіне тапсырады. Көкемнің отбасы кері қайтарып алғысы келеді, бірақ бала Дәурен олардан түбегейлі бас тартыпты», – дейді Дәурен Тастанбекұлының қызы Камила Әбірова өз естелігінде.

Ол 1932 жылдан бастап Алматыдағы №13 балалар үйінде тәрбиеленген. Екі жылдан соң жетімхана қарамағынан балет мектебі ашылады. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, отставкадағы полковник Әмір Бейсенбай Дәурен туралы мынадай естелік қалдырған: «Ол әділеттік үшін қандай күреске де дайын еді. Біз екеуміз балалар үйінде тай-құлындай тебісіп бірге өстік. 1934 жылы дарынды балаларды музыкалық хореографиялық мектепке іріктеді. Менің музыкаға икемім бар екен. Ал Дәурен биге қабілетті болып шықты».

Тұлпарды құлын кезінен таныған қырағы ұстаздар Дәуренге басты рөлді сеніп тапсыратын. Білім алып жүріп, Дәурен Б.Асафьеваның «Бақшасарай бұрқағы», Аданның «Жизель», П.И.Чайковскийдің «Аққулы көл», Ц.Пунидің «Эсмеральда», Ю.Минкустің «Дон Кихотындағы» басты рөлдерді сомдады. Аталған партияларды қазақ және Орта Азия елдерінде тұңғыш орындаған ер адам. Оның пластикасы, майысқан мәнері жалт еткен ұшқын секілді лаулаған қуатқа толы. Тәкаппар да кербез, сымдай тартылған мүсіні қырандай самғаған сәттегі әрбір қимылы сөзден де құдіретті.

«Көбіміз арманымызды іске асыра алмадық. Бәріне соғыс кедергі. Бірталайы опат болды. Досымыз Макс Манасов бір қол, бір аяғын майданға қалдырды. Мұнысын місе тұтпай, жасанды аяқ-қолмен биледі. Оны «біздің Маресьев» деуші едік. Дәурен әскери оркестр құрамында қызмет етті. Бишілік мансабынан бас тартуға мәжбүр болды. ГИТИС-те балет

режиссерлігін оқып, білімін жалғастырды. Дәм-тұздың тартуы осы шығар», – деп сөзін жалғайды полковник Бейсенбай.

Дәурен Әбіров 1947-52 жылдары Мәскеудегі Луначарский атындағы ГИТИС-тің балетмейстерлік бөлімінде оқыды. Кеңес Одағындағы балет өнерінің хас шеберлері Р.Б.Захаров, Н.И.Тарасов, Т.С.Ткаченко, М.В.Васильевалардан тәлім алды. Профессор Т.Ткаченко өз кітабында қазақ биі туралы Дәурен Әбіров кеңесіне жүгінгенін көрсеткен.

«Бiздiң қазақ халқы дарынды, өнерпаз халық, ән-күй деген мұрамызда шек жоқ. Ал қазақ халқынан қалған биден мұра өте аз», – дейді Мұхтар Әуезов. «Қазақта би болмаған» деген түсінікті жоққа шығарған ғалым – Дәурен Әбіров. Ол балетті қазақша сөйлетті. Сахналық қазақ биінің негізін қалады. Шынайы өнерді жарыққа шығарды.

«Әр ұлттың үш тілі бар. Олар ауызекі, сазды және қимыл тілі деп аталады. Осы арқылы халықты бірден тануға болады. Орыстың сөзін, әуенін тыңдап, биіне қарап, оны өзбектікі яки грузиндікі демейміз немесе керісінше. Би эстетикалық тәрбиеде маңызды рөл алуы тиіс. Ол тек пластиканы қалыптастырып қоймайды, әрбір қимыл ұлт туралы ұғым қалыптастырады», – дейді профессор.

Биде халықтың мінезі бар. Миллионның қошеметіне бөленген туындылары – «Ортеке», «Айгөлек», «Айжан қыз», «Мерген», «Жезтырнақты» әлденеше ұрпақ әлі талай есіне алатыны күмәнсіз. Әйел қолының қимылын ерекше құбылтқан «Былқылдақ» биінің әсері тіпті ерекше. «Қоштасу» мен «Бес қыз» – қарапайым қазақ тұрмысының айнасы. Балетмейстер бұрын-соңды сахналанбаған, жігіттің жауынгерлік рухын, батырлық болмысын ашатын ерлер биін паш етті. Құрманғазының отты күйі «Балбырауынға» икемделген туындының техникасы күрделі. Темірбектің «Шерниязына» лайықталған «Сылқыма» екпінді, нақты да жалынды қимылдарымен дала баһадүрлерін қайта тірілтеді.

Дәурен Тастанбекұлы 1952 жылдан бастап Абай атындағы опера және балет театрына балетмейстер болып бекіді. Балет – қазақ даласындағы кенже өнер. Оны ұлт болмысына икемдеу профессионалдардың ғана қолынан келеді. Абай атындағы опера және балет театрында 1950 жылдары бас балетмейстерлік қызмет атқарған Ю.Ковалевтің: «Біз, балетмейстерлер, ұзақ жылдар жұмыс істей жүріп, біздің айналамызда қазақ биінің бар екенін білмеппіз. Ал жас балетмейстер Әбіров өз қойылымында халық биін оның тілімен сөйлетті. Осы қойылымнан қазақ билері өзінің жеке ұлттық сипатына ие болды», – дегені сөзіміздің айғағы.

Көрерменнің ілтипатына бөленген «Абай», «Біржан – Сара», «Бақшасарай бұрқағы», «Достық жолы», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Аққанат», «Бақыт жағалауы», «Қамбар – Назым» балеттерін көз көргендер әлі тамсана айтады.

Ол жұмыс барысында уақытпен санаспайтын. Құдды сағат тілі тоқтап қалғандай шұғылданатын. Сахна сыртындағы жұмсақ, мейірімді мінезі қойылымға келгенде мүлде басқа реңк алады. Білетіндер солай дейді. Оның талапшылдығын, кәсіп алдындағы адалдығын шәкірттері ауыздарынан

тастаған емес. Би рыцары атанған Эдуард Малбеков: «Дәурен Тастанбекұлы хореография мен жастар арасындағы алтын көпірге айналып, ұлттық биді бойларына сіңіруді қалады. Өңірлерді аралап, бишілер ұжымын құра жүріп, білім беру саласына хореографияны жүйелі түрде енгізуді көздеді», – дейді «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында.

Дәурен Әбіров 1977 жылы 25 жыл қызмет еткен опера және балет театрынан кетті. Өмірінің соңғы жиырма жылын педагогикаға арнады. Білгенімен, тәжірибесімен бөлісті.

«Менің анам Исмаилова Азатгүл – техника ғылымдарының кандидаты болған тұңғыш ұйғыр физигі. Ол әкеме: «Сен қазақ биін ұзақ жылдар бойы зерттедің. Енді диссертация жаз», – деді. Әкем ғылыми жұмысын сәтті қорғады. Әр қимылдың мағынасын тарқатқан «Қазақ биінің тарихы» атты кітап шығарды. Қыздар педагогикалық университетінде хореография кафедрасын ашты. Бұл кафедра кейін бірнеше педагогикалық жоғары оқу орындарында пайда болды», – дейді Камила Әбірова.

Осындайда «Асылдың сынығы әке жолын жалғады ма?» деген сұрақ туады. «Әпкем екеуміз балерина болғымыз келетін. Өкінішке қарай, әкеміздің бұл таланты бізге дарымапты. Әкем «дарындылар ғана өнермен айналысуы керек» деп жиі айтатын. «Әртістің еңбегі қыруар, егер өнерсіз өмір сүре алмайтындай болсаң ғана театр табалдырығынан аттауға рұқсат» дейтіні әлі есімде. Біз анамыздың ізін қуып, әпкем, ағам – бәріміз техникалық мамандықты таңдадық», – дейді кенже қызы Камила.

Би тілінің гармониясы бір ойға бағынып, өмірмен астасып жатады. Балеттегі әрбір қимылға қарап, адамның қуанғанын, сырласқанын, жылағанын көзбен көріп, құлақпен естігендей боласыз. Бірақ оны жеткізу, биді көркемдік деңгейге көтеру тек практик балетмейстердің еншісіндегі құдірет. Мұндай дәрежеге еңбек пен ізденіс жетелейді. Бидің үнсіз шешен тілі ұлттың арман-мақсатын айқындап, халық жүрегінде алау болып жағылары сөзсіз. Бұл Дәурен Әбіровтің қолынан келді. Қазақтың біртуар дарабозы 2001 жылы 78 жасында өмірден озды.

Ұлттық биге жан бітіріп, үлкен сахнаға оралтқан, еңбегі «тұңғыш тұлға» деген тіркеске сыймайтын азаматтың маңдай тері қаншалықты еленді? Насихаты неге кем? Бізді қынжылтатын тек осы сұрақ.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15:10
Қамшыбек Қоңқабаев қола медаль иеленді
Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 10:59
Ел сенімін ақтай алмады
Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 09:45
Әртістік жүзуден «әртіс» болып кетті
Айнұр ӘЛИ 08:49
Қазақ мифін қайтсек оятамыз?
Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 03.08.2021, 14:35
Ағайындылар ондыққа кіре алмады
Смағұл ЕЛУБАЕВ 03.08.2021, 09:38
Қоңыр дәптерге қонған ойлар

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58