09.11.2022, 15:28
2974
Қазіргі таңда кең таралған жаңа ғылымның бірі – Сюцай ғылымы деп аталады. Бұл қандай ғылым десеңіз, адамның мінезі мен өмірін белгілі сандар бойынша анықтайтын көрінеді. Осы орайда, жұртшылықты жаппай қызықтырған Сюцай ғылымы туралы толығырақ білу үшін цифролог Бибігүл Тілесқызымен қысқаша сұхбат құрған едік.
— Сюцай ғылымы туралы толығырақ айтып берсеңіз. Бұл ғылым қайдан, қашан біздің елге келді?
— Сюцай ғылымы сандар энергиясы жайлы ғылым. Яғни, ақыл-ойдың тәртібі мен жан қалауыңды іске асырып, жаныңның дауасын ұғындыратын ғылым. Сандар негізі атаулы ғылым ғана. Ал санның артында ғаламшардың ықпалы тұрады. Бұл сандардың энергиясын қай уақытта, қай жерде қалай әсер ететінін ұғынғанда адам өзінің қоғамға толық қалыптасуына және қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүруіне және өзінің миссиясын толық іске асыруына көмегін беретін кілті деуге болады.
Сюцай ғылымы негізі бұрыннан бар ғылым. Кезінде корольдік йога деп те аталып, тек патшалар тобына ғана қолжетімді ғылым болған. Ал біздің елімізге ұстазым Жанат Қожамжаров алып келіп, ғылым ретінде негізін қалады. Қазіргі таңда Сюцай ғылымына арналған арнайы академия ашылған. Онда қызығушылық танытып, оқимын дегендер үшін есік ашық.
Жалпы Сюцай ғылымы бойынша туған күніміздің саны бойынша маңдайымызға жазылған тағдырды болжап, әрі адамның қандай міндеті бар екенін анықтап, білуге болады.
— Сандар арқылы адамдардың тағдыры дәлме-дәл келетіні қаншалықты рас?
— Адамның өміріндегі басты міндет – өзінің санасын, ақыл-ойын дамыту. Яғни, мінез-құлқымыз, іс-әрекетіміз қандай да бір ғаламшардың ықпалында болуымызға тікелей байланысты. Енді сұраққа қайта оралсақ, адам дүниеге келгеннен бастап жеті жасқа дейін анасының аурасында болады. Мәселен, анасының жағдайы, көңіл күйі қандай болса, баланың өміріне әсер етеді. Ал жеті жастан бастап әкесінің энергиясы қосылады. Әкесімен бірге тұрсын, бөлек тұрсын, бәрібір 14 жасқа дейін оның өмірі әкесі мен анасының құзырында болады. Яғни, әке-шешесінің қарым-қатынасы, іс-әрекеттері міндетті түрде баланың өміріне әсерін береді. Сол үшін де әке-шешесінің белгілі бір қасиеттерін бойына сіңіріп өседі. 14 жастан бастап бала жеке тұлға ретінде қалыптаса бастайды. 14 жастан 21 жасқа дейін «өзім білемін», «ұнайды, ұнамайды» не болмаса «өзім жасаймын» деген секілді кішкене қарсылықтар көрсетіп, өзінің менмендігін шығарады. Ал 21 жастан 33 жасқа дейін адам өзінің сана-сезімі бойынша өмір сүреді. Мәселен, «рахат өмір сүргіміз келеді», «өмірім өзімнің қалауым бойынша өтуі керек» деген секілді түсініктер қалыптасады. Отыз үш жастан кейін іс-әрекеттер кіріп, туған күннің бір таңбалы сандары қосылады. Нақты айтқанда, іс-әрекет дегеннің 30 проценті сана санына қосылып, толық миссия қалыптасады. Қазақта «қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» деген сөз бар ғой, көп жағдайда 25 жастан бастап адамның сана сезіміне іс-әрекеттер қосылып, адам өзге түгілі өзін түсіне алмайтындай жағдайға жетеді. Яғни, түбегейлі өзгеріп, басқаша ойлап, іс-әрекеттері ойына сәйкес келмей жатады. Осы орайда, біз 9 санымен жұмыс істеп, бір таңбалы сандарға қосамыз. Бір таңбалы сандармен қосындыны есептеу арқылы адамның іс-әрекетін анықтап, оған не істеу керектігіне байланысты кеңес береміз. Егер адам кеңесімізге құлақ түріп, дұрыс іс-әрекет жасаса, Алла оның сұрағанын үш есе қайтарып береді. Ал кеңеске құлақ түрмей, пайда арқылы, біреуге арамдық жасау арқылы әрекетін жүзеге асыратын болса, тапқанынан айрылғанын білмей қалады. Сол үшін адам қандай әрекет жасаса да, ниеті түзу болып, махаббатпен жасаса, дегені де болады, арманы да орындалады.
— Сюцай ғылымы нумерология мен жұлдызнамаға ұқсас секілді. Сондай-ақ болжалды сандармен адамның мінез-құлқын анықтау дінімізге қарсы емес пе?
— Бұл ғылымның ешбір дінге қарама-қайшылығы жоқ. Сюцай ғылымындағы әрбір айтылған сөздер Құранда да кездесіп жатады. Яғни, ортақ ұқсастықтары көп. Сондықтан тек қана мұсылман дініне ғана емес, барлық дінге қарсы ештеңесі жоқ. Нумерологиямен салыстыратын болсақ, Сюцай ғылымы кішкене философияға жақын, адамның болмысын терең зерттеп, шынайы өмірмен сәйкестіктері көп кездеседі. Әрі бұл ғылым арқылы адам өзін-өзі түсініп, жан-жақты дамыта алады. Сондықтан ғылым ешкімге пайдалы жағы жоқ деп айта алмаймын.
— Цифрология бойынша адамдардың мінез-құлқын, өмірін қалай болжап бере аласыз? Мысал келтірсеңіз.
— Біз болжамаймыз, тек цифрология бойынша адамның мінезін туған күнінен бастап жеке басына қатысты барлық сандар арқылы мінезін, табиғи жаратылысын, өзіңді-өзін тануын, дүниетанымын зерттеп, анықтап, қажетті кеңесін береміз.
Жалпы энергия туралы түсінікті қылып айтатын болсам, мысалыға бәріміз пайдаланатын вай-файдың таралым энергиясы әлсіз болса, біз байланысқа шыға алмаймыз. Жақсы болса, кез келген жермен байланысып, қажетті мәліметімізді ала аламыз. Энергия да сол біздің өмірімізге әсер етеді. Яғни, біздің туған күніміздің сандарынан бастап барлық сандар энергиямызға сәйкес келсе, өміріміз жақсы болады. Ал сәйкес келмесе, өмірде келеңсіз жағдайлар орын алуы мүмкін. Мысалға, өміріміздегі ең маңызды сәт некеге тұру болып саналады. Сондықтан бұл атаулы күнді де адам дұрыс таңдай алуы қажет. Кейбіреулер білместіктен кез келген күнді таңдап, ол атаулы күн энергиясымен сәйкес келмей, шаңырақтары шайқалып жатады. Сол себептен де, өмірімізде қандай нөмірді, сандарды, күндерді таңдағанда да дұрыс таңдай алуымыз қажет.
— Әңгімеңізге рақмет!
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР