Бір құмалақ...

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

26.05.2022, 17:23

2629

Әмірбек ШАЙМАҒАМБЕТОВ, полиция полковнигі

Ылғи осылай. Жұрт сияқты жанын күтіп, жұмысқа жайбарақат барып-келіп жүретін күн болар ма екен? Арал қаласынан түн ортасында оралып еді. Жолсоқты боп келген. Сонда да, жұмсақ төсекке көміліп, рахаттанып ұйықтай алса-шы. Таңғы сағат нөл-нөл алтыда көзін ашып алды, ежелгі әдеті сол. Облыста қылмыс дегенің толастамай тұр. Мына жақта адам өлімі. Мұндайда ішкі істер құрылымдарында тыныштық бола ма?

Бұл жолғы бағыт – Жаңақорған. Аралда жүріп естіді, Жаңақорғанның Жайылма ауылы жағында ер адамның мәйіті табылғанын. Өртеп кетіпті. Ауылдың сырты, бұтаның арасы дейді. Іссапардан кеш келсе де, ертелетіп жолға жедел аттанғаны содан.

Қызылордадан Жаңақорғанға дейін үш жүз шақырым. Шиеліден өткен соң, аудан орталығына жете бере Жайылмаға қарай кеткен жол бұрылысына іркілген полицияның қызметтік көлігі алыстан көзге шалынды. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция майоры Пазылбек Нәлібаев екен. Жанындағысы орынбасары, полиция майоры Сейтнәби Жүсіпов. Қысқа амандық-саулықтан соң, Пазылбек оқиға орнына бастай жөнелді.

– Полковник мырза, – деді ол былай шыға бере жаңа ғана Қызылордадан асығыс жеткен облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Әлімхан Досыбайұлына бұрылып, – өлген адамның жасы елулерде сияқты. Үстіне бензин құйып өртеп жіберген.

– Нендей іс-шара қылдыңдар?

– Құлақтанған бойда жедел тергеу тобы құрылды. Оқиға орнына өзім бастап келдім. Мұқият тексердік. Криминалист-сарапшылар табылған айғақ заттар бойынша өздеріне тиісті жұмыстарын атқарды. Барлық облыстық, қалалық, аудандық құрылымдарға, МАИ бекеттеріне біздің ауданда мәйіт табылғанын, оның ерекше белгілерін көрсетіп оринтировка жібердік, – деп Пазылбек жұмыс барысын баяндай бастады.

Мәйіт табылған жер Жайылманың оңтүстік беті. Ауылға үш шақырымдай жер. Өртенген орны қарайып жатыр. Жақын өскен бұталарды да от шарпыған.

– От қатты жанған сияқты ғой.

– Жанынан екі баклашка табылды. Біреуі оттың қызуымен майысқан. Екіншісі бүтін, – деп қосты Сейтнәби.

– Кім болса да жеңіл көлікпен келген, – деді Пазылбек Мәшбекұлы төрт-бес метрдей әріден өткен машина ізін нұсқап. Із кебір топырақ бетінде ап-анық көрініп жатыр. Ұсақ бұталар мен жантақты жапырып өткен. Трасса жақтан келіп, айналып кері қайтқан. – Төрт түрлі болжам жасалды. Төрт топ тынбай жұмыс істеп жатыр. Бірақ кім екені анықталар емес. Ауданда адам жоғалу фактісі тіркелмеген.

– Шиелі ше? Шиелі жағы қалай?

– Көрші аудан жақ тыныш. Оларда да адам түгел. Сыбыс жоқ. Мәйіт Жаңақорғанның адамына ұқсамайды. Пәле Түркістан жақтан келмесе...

– Түркістан дейсің ба? – деп Әлімхан Досыбайұлы Пазылбекке қарай қалды, о жақта біздің Мұхаң бар ғой. Мен қазір… –  кенет ойына әлдене түскендей қалта телефонын қолына алды.

«Мұқа, бізде мынадай жағдай болып тұр, – деді арғы жақтағы Мұқа дегенге әңгімені бірден бастап, Жаңақорғанның Қызылорда жақ бетінен ер адамның мәйіті табылды… Иә, иә, екі күн бұрын… Бүгін үшінші… Елулер шамасында дейді. Түркістанда адам жоғалмап па еді?.. І-і-і, сосын… одан басқа қандай сыбыс бар?.. – Құлақ қойып сәл тыңдады. – Иә, иә, айта бер… ініңнің қайын жұрты Түлкібас… иә, иә, сосын… жоғалған жігіт қайын жұрттан ба екен… е-е, сонымен… бізге жібере аласың ба… иә, сөйтші… Жаңақорғанда болам… жақсы… жақсы...»  

– Мұхтар ғой, Ермеков Мұхтар, – деді полковник оқиға орнын көріп болып, Жаңақорғанға қайтып келе жатқанда. – Білесіңдер ме? Түркістан ішкі істер бөлімінің бастығы ше… екеуміз бұрын Шымкентте бірге жұмыс істегенбіз. Баяғы опер кезімізде. Сол айтады, інісінің қайын жұрты жағынан бір жігіт жоғалыпты деп. Он үші күні Шымкентке машинасын сатуға барған. Сол күні ізім-қайым жоқ болған. Ол өзі Таразда тұрады екен. Он төртінде бізде мәйіт табылып тұр. Бір байланыс болуы мүмкін. Інісі осында келеді. Мәйіт қаншалықты өртенген. Адам танитындай ма?

– Беті бүрісіп қалған. Киімінің астында қалған бөлігі ғана жанбапты. Содан танымаса… – деді Сейтнәби.

– Баклашканы сараптамаға тапсырып па едіңдер?

– Тапсыруын, тапсырдық қой. Одан саусақ ізі табылмады. Бірақ бензин құйылғаны анық, – деді Пазылбек.

– Егер Мұхтар айтқан адам болатын болса… онда бұл жоспарланып істелген қылмыс сияқты. Адамды мұнда өлтірмеген, басқа жақта өлтірген. Мәйітін осында әкелген. Өйткені бензинді бөтелкеге құйып, алдын ала дайындаған. Қалай ойлайсыңдар, – деді Әлімхан анау екеуіне кезек қарап. Бірақ олардың жауабын күтпей қызынып сөйлеп кетті. –  Менің ойымша, оны машинасын сатып алған адам өлтіруі мүмкін. Не болмаса машина сатқанын білген басқа біреу. Осы екі жағдай. Әрине, егер ол Мұхтар айтқан адам болса.

– Түсініп тұрмын. Ондай жағдайда бірінші болжамыңыз дұрыс-ау. Өйткені арада көп уақыт өтіп үлгермеген ғой, – деді Пазылбек өз ойын қосып.

– Ал өлтірген адамды кім деп ойлайсыңдар? Менің ойымша, ол тегін адам емес. Өлген адамды машинаның жүк салғышына салып, сонау Шымкенттен Жаңақорғанға алып келуге кез келген адам тәуекел ете алмайды, – деді Әлімхан. Бірақ бұл ойын жанындағыларға ашып айта қоймады.

«Шымкенттен Жайылмаға дейін үш жүздей шақырым. Жолда бірнеше жерде МАИ бекеті бар. Одан аман өтетін тек полиция қызметкері ғана. Қызметтік куәлігін көрсетсе жетіп жатыр, жолы ашық! – деп ойлады ол. – Нақ полиция болмаса да, полициямен байланысы бар әккі біреу. Мәйітті басқа территорияға әкеп тастау, солардың ісі. Бұрын болған бұндай жағдай».

Осы болжамына табан тіреп, ойын одан әрі іштей өрістетіп келеді. «Баклашкада саусақ ізі қалмаған. Демек жалаң қолмен ұстамаған. Ұстаса саусақ ізі қалатынын білетін адам. Бұл да қылмыскердің полиция болуы мүмкін деген ойды тірілте түседі».

Адам өліміне қатысты қылмыстың неше атасын көріп жұр ғой. Полиция милиция болып тұрған кезінен бері осы салаға маманданған. Жұмысы адам өліміне қатысты қылмыстарды ашу. Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін бітіргеннен бері істеп келе жатқан кәсібі. Қасақана адам өлтіру қылмысын ашу бөлімін басқарған әне бір кезде. Одан кейін де айналысқан шаруасы осының төңірегінде. Кейін аудандық, сосын қалалық Ішкі істер бөлімдерін басқарды. Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаменті бастығының орынбасары болғанда да қызметі тікелей адам өлімі қылмысына байланысты тұғын. Қазір Қызылорда облыстық Ішкі істер департаментінің жедел істер жөніндегі орынбасары. Оған да тура екі жыл болыпты. Жедел іс дегеннің өзі басқа емес, осы адам өліміне тікелей қатысты. Оқиға орнын қараған бойда ойша түрлі болжам жасай бастау әдетіне айналғаны содан. Қарағанды жоғары мектебінде оқып жүргенде, одан бері де жиырма бес жылдан астам уақыт өтіпті-ау, «Оперативно-розыскная деятельность» пәнін бәрі ұнататын. Оқытушы бір оқиғаны ортаға тастар еді де, оқушылар соған болжам жасай бастар еді. Бір оқиғаға кемі төрт болжам жасалуы шарт. Осы төрт болжаммен төрт топ жұмыс істейді. Сонда қылмыс ашылмай қалмайды. Әрине, негізгі кілт болжамның дұрыс жасалуында. Бұның бәрі ғылыми дәлелденген нәрселер.

Осы оймен отырғанда көлік аудандық полиция бөліміне де кеп қалыпты.

***

Күн құтпанға қарай құлдыраған шақта бұлар күткен адамның қарасы көрінді. Тараздан келіп жеткен беті осы. Оны аудан мәйітханасына апарып, Жайылмадан тапқан жігіттің денесіне жапқан жайманы ашып қалғанда, бырысып-тырысқан бетінен үркіп, қалт тұрып қалған. Киімінің жанбай қалған жұрнағын көргенде ғана туысқанан танып, көз жасына ие бола алмады.

Ағасы «Аudi-А6» көлігін сатпақ боп шілденің он үші күні Тараздан шығып, Шымкентке барған. Дегендей күн жексенбі, базар қайнап жатқан кез. Тараздай емес, Шымкентте халық көп. Түс қайта телефон соғады. Клиент тапқан. Он мың бес жүз долларға келіскен. Содан былай хабар болмады дейді. Аты-жөні Сәкен Жолдыбаев. Жасы елу екіде. Автокөліктің мемлекеттік нөмірі де анықталды.

Екі күн бойы жұмбақ боп, жауабы табылмай қойған жайт, өзі келген бойда бір ұштығы қолға іліне қалғанына іштей қуанса да, онысын сыртқа сездірмеуге тырысты. Полиция әсте сезімнің адамы емес. Кішкене жетістікке масаттану оған жат. Істі қалай да соңына дейін жеткізу керек. Облыстық Ішкі істер департаментінің жеке тұлғаларға қарсы жасалған аса ауыр және ауыр қылмыстарды ашу бөлімі бастығының орынбасары – полиция майоры Жалғас Жүсіпов пен жедел уәкіл, полиция капитаны Еркін Исахаевты осы қазір Жаңақорғанға жетуге бұйырды. Оларға – Жаңақорған аудандық криминалды полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Арлан Әлжан қосылуы тиіс. Бұл үшеуі тапсырманы пысықтап алып, кідірмей Шымкентке жол тарты.

***

Келесі күні машинамен ертелетіп өзі де жолға шығып кетіп еді, Шымкентке ұлы сәскеде жетті. Келе сала кеше аттанған үш жедел уәкілді жиып ап, не істеп, не тындырғанын сұрады. Жаңа болжамдар жасалды. Ең әуелі мерт болған Сәкен Жолдыбаевтың «Аudi-А6» көлігін табу міндет. Көлікпен бірге күдікті ұсталады деген үміті зор. Сол үшін әуелі қаладағы автотұрақтар тексерілді.

Осы арада басқа бір болжам пайда болғаны. «Бәлкім ол көлік нотариус арқылы рәсімделген болар?» Осы болжам бойынша базар маңындағы нотариустарды тексеру басталсын. Оларға «Шілденің он үші күні қандай автокөлік рәсімделді?» деген жалғыз сұрақ қойылды.

Әлімханның миын неше қилы ой қажайды. «Мүмкін, – дейді бір ойы, – «Аudi-А6»-ның иесі Жайылмаға жеткенше аман-сау болған шығар. Шаруасын сол жерде тындырған болар. Сөйтіп өздері Қызылордаға, тіпті Ақтөбеге өтіп кетпеді ме екен? Шымкентті бекер шиырлап жүрген жоқпыз ба?» «Олай болуы мүмкін емес, – дейді тағы бір ойы, кеудесінде жаны бар адам кері бағытқа өлсе бара ма?», «Әлде мас қып тастады ма екен, – деп тағы бір ой су жыландай басын сумаңдатады, мүмкін хлороформ иіскетіп, ұйықтатып тастаған шығар?» «Машина сатқан адам арақ ішпейді, үйіне тезірек қайтуды ойлайды, – деп қарсыласы ендігі бір ойы, әлдене иіскетті демесең». «Мүмкін Ресей аспақ болған қылмыскер шығар машинасын алған. Ол қылмыскер біреу емес, бірнешеу болуы да мүмкін-ау!» «Бәрі мүмкін, – деп қаптаған болжамның қайсысына ен саларын білмегендей дағдарады бір ауық. Алайда шарықтап кеткен ойы алғашқы болжамға қайтып орала береді. – Жоқ, жоқ, жау алыста емес, осында!»  

Ойы алдамапты, кешке қарай, жұмыс уақыты сарқыла келе базардың шет жағындағы елеусіздеу нотариустан бір дерек шықты. Мемлекеттік нөмірі 154 MFM, күміс түсті «Аudi-А6» автокөлігі 1987 жылы туған Жұмабек Жақсылықовқа рәсімделген. Көлікті айдауға, сатуға сенімхат берілген. Тексеріп қарағанда оның қалаға жақын ауданда тұратыны анықталды.

Сонымен бұл күн де түгесіліп, дүние дамылдап, қараңғылық құшағына енді.

***

Қалаға жақын аудан орталығына ертелетіп жеткен үшеуі үшке бөлініп, көше аралап кетті. Базар маңын шолып шығуды да ұмытпады. Кеңсе, мекеме маңында шоғыр-шоғыр иіріліп тұрған көліктерге зер салып қояды. Іздегені күміс түстес «Аudi-А6». Егер аудандық автоинспекцияға өтініш қылса, табан астында тауып берер еді, бірақ олай етуге полковниктің ескертпесі бөгесін. «Полиция қызметкері болуы мүмкін, сондықтан жергілікті күштік құрылымға сездірмеу керек» деген еді ол. Шағын кенттің көшесін жаяу тоздырып жүргендері сондықтан. Түске таман Арлан телефон соқты. «РОВД алдында тұр!» деді ол қысқа қайырып. Жалғас Жүсіпов пен Еркін Исахаев тез жетті.

– Полковник мырза, аудандық бөлімінің алдынан таптық. Мемлекеттік нөмірі өзгермеген. Адамы жоқ, – деп хабарлады Жалғас.

– Тимеңдер! Жақын бармаңдар! Иесін анықтаңдар! – деп тапсырды Әлімхан Досыбайұлы.

Біраздан соң күміс түстес көліктің жанына такси тоқтап, ішінен ширақ қозғалған бір әйел түсіп, көше жиегіндегі қараталдың көлеңкесіне барды. Сәндік үшін ұстаған сүйір сөмкесінен алған телефонды құлағына апарғаны өзіне жарасып тұр. Полиция ғимараты жаққа ауық-ауық қарап қояды. Ғимараттан полиция формасы бойына құйып қойғандай жарасқан жас лейтенант шыққанда, оған әлдене деп, екеуі көлікке кеп отырды. Жүріп кетті. Үш жедел уәкіл отырған ақ «Мазда» соңына ілесті.

«Шымкентке қарай бағыт алдық. Жас лейтенант. Жанында бір әйел бар. Елулерге келген» деп Жалғас полковникке баяндап келеді.

«Шымкентке кіре берісте оны жол полициясы тоқтатады. Сол кезде ұстайсыңдар» деп бұйрық берді полковник Әлімхан Досыбайұлы.

Даңғыл жиегінде тұрған жол полициясының көлігі алыстан көзге шалынғанда Арлан газды үстемелеп, «Ауди»-дың қыр соңынан қалмай жүйіткіді. Қызыл таяғын көтеріп жол ортасына шыққан жол полициясын көрген «Ауди»-дың құйрық шамы қызарып, тежеле берген. Артынан кеп бұлар да тоқтады. Көлігінен ыршып шыққан лейтенант жол полициясы сержантқа әлдене деп шүйліккені сол екен, сырт жағынан өкшелеп жеткен Арлан мен Жалғас оның білегіне кісенді кигізіп үлгерді. Лейтенант өзін тоқтатқан сержант пен үстеріне жәй киім киген қарулы жігіттерге кезек қарағыштап:

– Кімсіңдер сендер? Жауап бересіңдер? – деп, бір бұлқынуға ғана шамасы жетті.

– Абайский РОВД-ға барғанда түсінесің! – деді Жалғас ол ғана еститіндей етіп.

Лейтенанттың табанын жерге тигізбей дедектетіп әкеткен жедел уәкілдер оған ес жиғызбай, екі бүктеп көлікке сүңгітіп жіберді де, машинадан түсіп, бажылдап қарсы жүгірген әйелге қарамай ілгері жүріп кетті.

***

Сезікті адам ұсталғанын естіген Әлімхан әу бастағы болжамы рас боп шыққанына іштей масаттанса да, ұры ойлар сумаң қағып, жан-жағынан кеу-кеулеп, қуанышын су сепкендей басып тастай береді. Өлген жігіттің көлігін айдаған лейтенанттың кінәсі бар ма, жоқ па, оған көз жетпейді. Мүмкін қалтасына қомақты ақша түскенін білген басқа біреу шығар қастық ойлаған.

– Аудандық Ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектордың көмекшісімін, – деп таныстырды өзін жас лейтенант Әлімхан Досыбайұлының алдына әкелінген соң полковниктің сұрағына жауап беріп.

– Аты-жөнің Жұмабек Жақсылықов? Солай ма?

– Иә, Жұмабекпін.

– Шілденің 13-інде не болды есіңе түсірші.

Осыны айтқан Әлімхан лейтенанттың жүзінен көзін алмай қадала қарады. Сезікті секірер дегендей, қолы қанға малынған адамның бет-жүзінде мұндайда бір өзгеріс болатыны сөзсіз. Мейлі ол кірпік қағысында болса да. Ширек ғасыр қызметінде қылмыскер психологиясы өзіне айқын, лейтенанттың да абыржыған жүзінен ішінде әлдебір құпия жатқанын аңғарып отыр.

– Ұмытып қалдым не болғанын, – деді ол ерні болар-болмас дірілдеп.

– Ұмытсаң есіңе түсірейін. Машина базарға бардың? Күн жексенбі...

– А-а, иә… машина сатып алдым...

– Кімнен сатып алдың?

– Кімнен?! Иесінен. Әйтеуір біреу. Танымаймын. Ақшасын төледім. Нотариусте оформление жасадық. Бітті! – Лейтенант бойын тіктеп, есін жия бастады. – Міне, сенімхаты!

– Ол адам қайда?

– Қайдан білем?! Кетті жайына.

– Сен қайда бардың?

– Үйге қайттым.

– Шын сөзің ба? Ертең басқаша айтып жүрме.

– Жоқ. Үйге қайттым.

– Мен саған болған оқиғаны айтайын. Оны біреу өлтіріп, Жаңақорған жаққа апарып тастаған. Қалтасынан телефонын алған. Ол телефонды алған адам сен тұратын ауданға барған. Қалта телефоны бар адамның қайда барып, қайда қойғаны базалық стансаларда минутына, секунтына дейін жазылады. О жағын білетін бе едің? – деді Әлімхан Досыбайұлы.

– Сіз маған жала жапқалы тұрсыз ба? Ақшасын алды. Кетті. Кейін не болғанын білмеймін. Кездейсоқ болуы мүмкін.

– О да мүмкін. Бірақ сенде де телефон бар ғой. Сенің де нөмірің базалық стансаға тіркелген болып жүрмесін.

Лейтенант көзін алып қашып, терезе жақты шолып кетті. Өңі қабарып, маңдайынан бұршақтап тер білінді.

– Жоқ, мені текке күйдірмеңіз, – деді сосын бәсеңсіп. 

– Почеркіңнен-ақ өз әріптесіміз-ау деп ойлап ем. Дәл айтыппын. Убийствомен айналысқаныма, міне, жиырма бес жыл. Мен араласқан қылмыстың ашылмай қалғаны жоқ. 

– Сізді әкем тануы мүмкін. Әкем подполковник. Қайырбай Жақсылықов.

Әлімхан қарсы алдында отырған лейтенантқа оқыс жалт қарап, орнынан тұрып кете жаздады. Сабыр сақтап өзін әрең тежеді.

– О кісі Түркістанда істеп пе еді? – деді сосын елеусіздеу ғана.

– Бұрын істеген. Міне, куәлігім! Қайырбаевич деп анық жазылып тұр.

Әлімхан лейтенант Қайырбаевичке бір, алдына тастаған куәлікке бір қарап дағдарып қалды. «Қалайша… подполковниктің баласы қалайша адам өлтіреді? Өзі де полиция?» Ішкі жан дүниесі аласапыран боп кетті. Бұндайда өзін қалай ұстауды білмейді емес. Қылмыс жасап қойған полицияны құрықтап тұрғаны бұл бір ма, ондай-ондай талай оқиға болды ғой. Бірақ бір кездері аралас-құралас жүрген адамның баласын кісендеймін деп ойласа кәне. Заң алдында барлық адам бірдей, дегенмен… «Шымкенттен тезірек кетіп қалу керек, – деп ойлады бір сәт. – Бұл арада іске кедергі көп болуы мүмкін».  

Дәлізге шығып, кезекші сержантты саусағымен ымдап алдына келтірді де, «ананы камераға апар» деп, өзі тысқа шығып кетті. Айналып кабинетке қайта кіргенде лейтенант отырған орындық босап қалғанын көрді. «Апыр-ай, ә! Кабинетті әрлі-берлі кезіп жүр. – Қайырбайдың баласы… О, тоба! Бір кездері қызметтес болған әріптесім, аралас-құралас жолдасым, жасы үлкендігі тағы бар!»

Есік асығыс ашылып, сүйкімді қараторы әйел сөйлей кірді.

– Ау, Әлімхан қайным! Кім екен десем, өзің екенсің ғой! Оған да шүкір! Айдың күннің аманында ініңді қылмыскер қылмақсың ба? Мынауың не?

Таныды. Күнзила. Қайырбайдың келіншегі. Лейтенанттың мамасы. Қызмет бабымен басқа ауданға ауысып, Түркістаннан кеткелі де оншақты жыл. Содан бері көрмеген. Өңін бере қоймапты бірақ. Бетінің шырайы со күйі. Желкесін жапқан шашы күтім көрген әйел екенін аңғартып тұр. Әлімхан үшін бұл тосын жай емес, соңынан біреу келетінін іші сезіп еді. Бірақ… Қалт тұрып қалған екен, сыр бермеген сыңай танытып:

– Ау, Күнеке, бұл сіз бе? Қапа болмаңыз. Бір нәрсені анықтау керек. Сосын босайды. Отырсаңызшы, – деп орындық ұсынды.

– Жоқ, отырып сөйлесетін жағдайда емеспін, – деп, жаңа ғана күліп сөйлеген Күнзила шаңқылдап кетті. – Анықтасаңдар, адам сияқты анықтамайсыңдар ма? Менің көзімше кісендеп алды да кетті. Мен қалдым ойран болған машинаның қасында. Мынау шешесі екен-ау деген жоқ жігіттерің. Немене, адам өлтіріп пе менің балам? Әлі жас, бар болғаны жиырма бірде. Кәне, тез, осы қазір, көзімше босат! Әкесі полиция, өзі полиция… масқара ғой мынау.

– Сабыр сақтаңыз. Полицияның жұмысын өзіңіз білесіз. Қайрекең қалай? Пенсияға шықты ма?

– Жоқ! Шыққан жоқ пенсияға. Билігі қолында әлі. Ол естімей-ақ қойсын мынауыңды.

– Қайрекең түсінеді.

– Түсінбей қалсын! – дей беріп еді, есік жартылай ашылып, бойы сорайған Жалғастың басы көрінді.

– Кел, – деді Әлімхан оның келе қалғанын жаны қалап.

– Жо-жоқ, мен жәй, – деді ол кетуге ыңғай білдіріп.

– Кел бері! Мынаны Еркінге апар! – Алдында жатқан қағазға «Л-ты сыртқы есіктен шығар. Қ-О қарай тарт» деп жазды да, екі бүктеп Жалғастың қолына ұстатты. Ол лып беріп, келгенінен кеткені тез болды. Әлімхан Күнзилаға қарап:

– Заң жүзінде шешім қабылдаймыз. Еш қам жемеңіз, мен қазір, күте тұрыңыз. – деді де дәлізге шығып кетті.

***

Жиырма бес жыл аса қауіпті қылмыскермен алысқан өмірінде не көрмеді? Қылмыстың неше атасына куә болған. Алуан-алуан қылмыскер өтті алдынан. Танысы да, ағайыны да бар ішінде. Бәрінен де полицияның қолы қанға малынғаны жаман-ақ. Мынау да соның бірі. Полицияның баласы. Ол әрі өзінің танысы. Тізе қосып, бірге жұмыс істеген қызметтесі. Әлі күнге тұғырынан таймаған сақа подполковник...

Ойын тиянақтап үлгерместен көлікке отырды. Шопыры машинаға от беріп, гүр еткізді де, бастығының бетіне қарады.

– Тарттық! Қызылордаға!

Жедел уәкілдердің күдіктіні сыртқы есіктен шығарып алып, табандарын тез жалтыратқандары шүбәсіз. Қаланың қай тұсы екен жеткен жері. Өздері ызбандар ма екен? Қалта телефонына жармасып, Жалғастың нөмірін терді. «Тыңдап тұрмын» деген Жалғастың дауысы жетті құлағына. «Қай жерде барасыңдар?» «Бас даңғылмен кеттік. Сіз айтқан бағытқа! Сізді күтейік пе?» «Күтсең, күт!»

Күнзиланы ойлады. Түркістанда жүргенде ара-тұра араласып тұрды. Ақ дастарханын жаюшы еді. Соны малданып, босатып алғысы келді-ау! Қалай босатады, адам өлтірген қылмыскерді. Сөз жоқ, қолы қан! Көңілі сеніп тұр, жүрегі сезіп тұр. Ау, енді тәжірибе бар ғой. Адамның бетіне бір қарағаннан-ақ оның не ойлап тұрғанын біле қояды. Ертең ақ-қарасы анықталар, сонда өздері-ақ түсінер… адам өлтірген адамды босата алмайтынымды… Ал қазір, қазір ол ойбайды салып Қайырбайға ызбандап жатқан болар. «Осылай да, осылай, Әлімхан ұлыңды кісендеп алып кетті» деп. Қайырбай да қарап қалмас. Оның да қолында күш бар. Сүйенішсіз емес. Тобықтан қағуға тырысар. Ұлын айырып алуға күш салар. Сонда мен қайтуім керек? Босатам ба? Осынау сабырсыз ой манадан жанын үңгіп жеп, жүйкесін жүндей түтіп келеді. Не қилы ой үйірілді басына. Не қилы ой үйірілсе де ешбірі көп тұрақтамай жел ыдыратқан бұлттай ілезде сұйылып сала береді. «Жо-жоқ, егер ұсақ-түйек, онда да абайсыз жасалған тәртіпсіздік болса бір сәрі… қолы қан адам жазасын алу керек!»

Қызметке кірісерде берген ант санасын шымшылап өтті. Адал болуға айтқан анты. Қылмыскермен ымыраласпауға берген серті де санасында жаттаулы. Ширек ғасыр полициялық қызметінде сол серттен ауытқыған кезі жоқ. Адал жолдан таймады. Қайырбай да осы антпен, осы сертпен суарылған адал қызметкер емес пе?

Осыны ойлағанда қолы қалтасындағы телефонын еріксіз іздеп кетті. Қолына ілігіп үлгермеді, Жалғастың өзі қоңыраулатты.

– Тыңдап тұрмын. Баянда!

– Қаладан шығар жердеміз. Оң жағымызда үлкен СТО. Соның тұсына тоқтадық.

– Тоқтамаңдар! Жүріп кетіңдер! Жылдамдатыңдар!

Полковник шеніне, адамдық арына дақ түсіретін іске бара алмайтынын ұқты. Қолымен жасаған қылмысын әркім мойнымен көтеруі тиіс! Қылмыскерде ұлт жоқ, ру жоқ. Әке жоқ, шеше жоқ. Бауыр жоқ, ағайын жоқ. Таныс та жоқ.

Әлдебір нөмірді теріп, телефонды құлағына апарды.

– Пазылбек, алло… естіп тұрсың ба? Алып келе жатырмыз. Лейтенант! Полиция лейтенанты. Әзірге мойындаған жоқ. Уақытша ұстау абақтысын арнайы іс-шаралар жүргізуге дайында, – деп, аудандық Ішкі ішкі істер бөлімінің бастығы Пазылбек Мәшбекұлына тапсырма берді.    

Қаланы қақ жарып өтетін даңғылмен жұлдыздай ағып, андыздаған көп көлікті артқа тастады. Тасқыннан сытылып шыққанда алда бара жатқан ақ «Мазда» көзіне анадайдан шалынды. Арланның көлігі. Күдікті соның ішінде. Жап-жас жігіт, полициялық міндетін толық түсінбеген бозбала. Полицияның құдірет күшін жеке басына пайдаланбақ боп қатты қателескен. «Кілтипанның бәрі осы арада, – деп ойлады полковник, жиырма бірдегі балаға қалай лейтенанттық шен беруге болады? Қалай полицияның жауапты қызметін сеніп тапсырады? Баяғыда ғой, ішкі істер органына жасы жиырма екіге толмай ешкім жолай алмайтын. Қазір ғой ерікті беріп қойған. Бәрі соның бәлесі!»

Шұбарсудан асып барады екен. Түркістанға қарай туралай тартқан әспәлт жолды сағым көтеріп, теңіздей толқиды. Толқын шайқаған қайықтай бұлдыраған ақ «Мазда» сағымға бір батып, бір шығып көз ұшында ағараңдайды. Телефон безектеп қоя берді.

– «Не болды?»

–  «Сізбен сөйлесем дейді».

–  «Тоқтаңдар, онда!»

Ақ «Мазда» оң жақ бұрылыс шамын жағып, жол жиегіне ойысты.

Көліктің артқы отырғышында қолы кісендеулі лейтенант отыр. Иіні түсіп кеткен. Қалғандары түгел сыртта.

– Ал інім, айтам деп шештің ба? Тек шыныңды айт, – деді полковник.

– Аға, – деп, кібіртіктеп бөгеле берді. – Аға, мен...

– Еңсеңді көтер! Ер азаматсың. Офицерсің. Жаным арымның садағасы деген бабаларымыз. Мойындайсың ғой.

– Мойындаймын. Өз еркіммен мойындаймын. Өкінем. Ол былай еді...

***

Соңғы күндері мазасыз бір ойдың шырмауынан шыға алмағаны. Жатса-тұрса басынан кетпей тұрып алсын. Ойламасқа тағы амалы түгесілген. Іші біледі, әкесі өзіне разы емес. Шаруаға қырсыз, ысырапшыл, ұқыпсыз деп кінәлайды. Ашып айтпайды, ашып айтпаса да, көзқарасынан сезеді. Бұрын көздеген мақсаты оңай орындалатындай көрінуші еді, соңғы кезде жолы болмай-ақ қойғаны. Әкеде кінә жоқ, аудандық полицияға әкеп тықты. Лейтенант атағын алуы да тез болды. Бір емес, екі мәрте машина сатып әпергенін айт! Ұлым жаяу жүрмесін дегені болар. Екеуін де құртқан өзі. Әуелгісін тасқа соғып қиратты. Екіншісін казинода ұттырды. Басы істемей қалыпты сол сәт. Үшінші рет әпермейтіні анық. «Сатып жібердім, басқасын алам» деп құтылды. Ал көліксіз жаяу қалу оңай емес. Әкенің көңілін табу одан да қиын. Басын неше қилы жоспар торлайтыны содан. Қайткенде тез арада машиналы болудың амалын ойлайды. Әкесін солай ырза етпек. Көңілін ауламақ. Ойдың түбіне жете алмайды бірақ. Біреуден тартып алмаса, басқа жол бар ма? Ақыры осыған тоқтады. Ұсақ-түйегіне дейін жоспарлады. Ол ойын естіген Арыстан әуелі басын алып қашқан. Досы болса да. Сосын көнді. Қалай көнбейді, ісі түсіп тұрса.

Шілденің он үші, жексенбі. Екеуі машина базарда жолықты. Қаз-қатар қойып тастаған көп машина. Көздің жауын алады. Бірінен-бірі өтеді. Толып тұр. Жұртта бар машинаның өзінде жоғына ызасы келген сонда. Әкесі подполковник бұнда жоқ, әкесі подполковник емес оларда қалай бар? Демек олар бір жерден ұрлайды. Сатушылар да жалмауыз. Әккі алыпсатар. Оларға жоламады. Жалғыз-жарым жүргендер болса де. Ауыл-аймақтан келгендер кездессе, тіпті жақсы. Сатуға қойған машинаға бір қараса, сатып тұрған сатушыға екі қарайды. Шынжаулау болғаны жақсы. Үш машинаны көздеді. Сол үшеудің ішінде қай жағынан да ыңғайлысы тараздық нөмірі бар «Аudi-А6». Күміс түстес. Сатып тұрған жалғыз адам. Жігіт ағасы. Қымбат сұрайды. Он бір мың доллар дейді.

– Түсесіз бе? – дейді бұл саудаласып. – Бес жүз доллар түсіңізші.

– Інім, машинаның жағдайын көріп тұрсың ғой. Өзім он екіге алғанмын. Срочно ақша керек.

– Бізде де жетпей тұр, – дейді бұл екі алақанын жайып.

Үш мәрте айналып келді. Үшеуінде де асты-үстін қарап, маторына үңіліп, шынымен алатын адамдай айналшықтап шықпай қойды. Базар жабылар уақыт та таяу. «Аudi-А6»-ның иесі, төзімі таусылды білем, жанына тағы бір жақындағанда:

– Інішек, он мың бес жүзге аласың ба? Түсейін бес жүз доллар, – деді шарасы таусылып.

– Онда күте тұрасыз. Ақшаны әкем әкеледі.

– Иә, иә күтем ғой, – деп анау көңілденіп сала берді. – Машинаға қам жеме. Бәрі зың.

– Біз қақпа жаққа барамыз. Әкемді сол жерден күтеміз. Келген бойда жетеміз. Сіз кетіп қалмаңызшы, а? – деді сатушыны тағы да дәмелендіріп.

Арада жарты сағаттай уақыт өткенде айналып «Аudi-А6»-ның жанынан табылды.

– Інім не болды? – дейді анау шыдамсызданып. – Қазір базар жабылады.

– Аға машинаны көтеріп астын көрейікші. СТО жауып кетпей тұрғанда.

– Жарайды. Көрсең көр.

Шеберханада көлікті көтеріп табанын тексерді. Айтса айтқандай, зың сияқты. Бірақ бұл оған онша мән беріп жарытпады. Көңілі басқаға алаң.  

– Нотариус та жауып кететін болды-ау! – деп уайым шеккенсіді. – Аға, былай етсек қайтеді. Сіз маған сенімхат жаздырып беріңіз. Нотариус жауып кетпей тұрғанда. Сосын сенімхатты қалтаңызға салып қойыңыз. Ақшаны алғасын бересіз маған. Ақша келе жатыр, қорықпаңыз, – деп қойды. Көзінше әлдекімге телефон соққан болып, «не болды, келе жатсыз ба» деп қояды.

Сатушы жігіт ағасы ақыры келісіп, нотариусқа кірді. Сатуға, айдауға сенімхат жаздырды. Содан бастап мазасы қашып, тыпырлай бастасын. «Қашан?» деп ауық-ауық сұрайды. «Келе жатыр». «Қайдан келетін еді?» дейді. «Мынау тұрған Қарасудан, – дейді бұл телефонын қайта қолына алып. – Қазір ызбандап көрейін».

– «Ал-лоу, не болды папа? Келатсыз ба? Қай жерде? Қойыңыз… үйден шыға салып па? Боковой? Енді не істейсіз? Біз уже сенімхат жаздырып қойдық».

Көлік иесіне абыржи қарады.

– Аға, дөңгелегін жарып алыпты. Боковойы жыртылап кетіпті. Бірге барсақ қайтеді. Запаскасы да жоқ еді.

– Жүрсең, жүр! – деді жігіт ағасы шарасы таусылып. – Мен сол жерден такси ұстап кетермін.

– Рақмет аға. Таксиге мінгенде байқаңыз. Ақшадан айырылып қалмаңыз.

Жас жігіттің айтқан ақылына құлақ аспады. Сірә, ақша қолына тие қоймағанға ызаланып тұр-ау.

Қала мен Қарасудың аралығында ашық далалық алқапқа келгенде:

– Аға, тоқтаңызшы, – деді шопыр ағайға өтініш етіп. – Өтіп кеткен жоқпыз ба? Осы ара деген сияқты еді.

Шопыр ағай аяғын тежегішке тіреп, көлікті тоқтатты. Сол сәт ту сыртында отырған бұл манадан дайындап келе жатқан қара ала еспе арқанды мойнына салып жіберіп, шірене тартып қалды. Бейғам отырған жігіт ағасы қапелімде не болғанын түсінбей көзі алақтап, екі аяғын тебініп, жанталасып жатыр. Жанында отырған Алпамыс оқыс бұрылып, жез кастет киген жұдырығын екі рет жұмсады. Шекесіне темір тиген шопыр сылқ түсіп, естен танып, сол күйі оянбастан үні өшті.

– Бітті, – деді бұл алқынып, – ұста аяқтан.

Екеулеп артқа сүйреп тастады. Рөлге өзі отырды сосын. Үлкен трасса қол созымда. Соған ұмтылды. Ұмтылғаны бар болсын. Асып-сасып жүргенде жол жиегіндегі ағашты оң жаң тұмсықпен сүзіп өткенін кеш аңғарды. Бұл қалпымен алысқа бара алмас. Алпамыс такси ұстап, тұраққа тастап кеткен «БМВ»-сына мініп, қайта оралды. Күн көкжиекке қонуға шақ тұрған. Тез қимылдап, өлікті «БМВ»-ның жүксалғышына тыға салды да, жүріп кетті.

Содан Жаңақорғанға жеткенше үн қатпады. Күнде адам өлтіріп жүрген жоқ, істеп қойған ісіне қобалжып келеді. Сағат түнгі бірлер шамасы. Дала тастай қараңғы. Аудан орталығын аулақтан айналып өткен соң оңға бұрылатын қара жол кезікті. Соған салды. Алыстан ауылдың жалғыз шамы ғана жетімсіреп жылтырайды. Басқа тіршілік белгісі байқалмайды. Мүлгіген тыныштық.

– Осы ара бола ма? – Арыстанның дауысы тосын әрі суық естілді.

– Пайдёт!

Мәйітті бұтаның арасына тастады. Жолшыбай құйып әкелген бензинді үсті-басына құйып, шырпы лақтырған. Лап ете қалған оттың жалаңдаған тілі жапан далада жетім қалған мәйітті шыжғырып ала жөнелді.

***

– Ант беріп киген мундиріңді былғап алған екенсің, – деді полковник Әлімхан одан көзін алмай. – Әкеңді танимын! Бірақ амал қанша, заңның алдында шарасызбын.

Жас лейтенанттың көз жанарында мөлтілдеп жас байқалды.

Бәрі  кеш екенін өзі де біліп отырған сияқты.

Тегтер: проза поэзия ақын пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:15
Қазақстандық спортшы Ислам ынтымақтастық ойындарында жүзуден рекорд орнатты
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 12:02
Мәдениет қызметкерлеріне арналған UMAI сыйлығы тағайындалды
Сайт әкімшілігі 10.08.2022, 09:26
Бүгін Абай күні
Сайт әкімшілігі 08.08.2022, 12:56
Қазақстан дүниежүзілік шахмат олимпиадасында үздік үштікке енді
Сайт әкімшілігі 08.08.2022, 09:07
Ұлы ақынның туған күні Абай облысында қалай ұйымдастырылады?
Бифат ЕЛТАЕВА 05.08.2022, 18:18
Жастар ресурстық орталықтары өзін-өзі бағалай алады

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49