Бірегей тұлға

Асанбай Асқаровтың 100 жылдығы Шымкентте аталып өтті

Б.СӘРСЕНБІ

26.10.2022, 16:21

2866

Мемлекет және қоғам қайраткері, еңбек жолында республикадағы үш ірі облысты басқарған, халықтың ерекше ықыласына бөленген Асанбай Асқаровтың туғанына биыл 100 жыл толды. Ерен тұлғаның мерейтойына байланысты Шымкентте бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

Асанбай Асқаров Социалистік Еңбек Ері. Еңбек жолын 17 жасында қарапайым мұғалімдіктен бастаған. Әскерден оралған соң аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық, облыстық комсомол комитеттерінің хатшысы болды. Жамбыл облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып ол небәрі 36 жасында тағайындалса, екі жылдан кейін облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне кіріскен.

Бұдан кейінгі жылдары Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, ал 1978 жылы Шымкент облысының тізгінін ұстады.  Осы жылдары халқы тығыз қоныстанған аталған облыстарда ірі өндірістік, шаруашылық жобалар жүзеге асырылды. Шымкент облысында тың жерлерді суландыру үшін ірі каналдар, көптеген зауыт-фабрикалар салынды. Асқаров, әсіресе, Шымкент қаласының гүлденуіне зор еңбек сіңірген басшы. Осы жылдары Шымқалада республикада теңдесі жоқ дендросаябақ, ипподром, хайуанаттар бағы, балалар теміржолы сияқты халықтың сүйікті демалыс орындары, бұдан бөлек, әлеуметтік, мәдени ғимараттар бой көтерді. 1987 жылы зейнеткерлік демалыста жүрген А.Асқаров Желтоқсан оқиғасын ұйымдастыруға қатысы бар деген айыппен қамауға алынды. Оның беделін, халықтың оған деген сүйіспеншілігін кедергі көрген тергеушілер Асқаровты Мәскеуге алып кетті. Атпал азамат бірнеше жыл абақтының азабын тартты. Ақыр аяғында, толығымен ақталып, бостандыққа шықты. 

Асанбай Асқаров ақын, зерттеуші, өз ұлтын сүйген азамат. Оның «Тағдыр», «Жұмақ пен тозақ жырлары» жыр жинақтары, «Ұлы Тұранның ұлдары», «Мен еліммен біргемін», «Өлмейтін артымда сөзім қалса» атты өсиет кітаптары жарық көрген.

Өткен аптада 100 жылдық мерейтойға орай, Асанбай Асқаров атындағы қордың және Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Шымкентте конференция өтті. Оған шаһар басшысы Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихат депутаттары мен тарихи тұлғаның көзін көрген азаматтар, ғалымдар, мәдениет пен өнер қайраткерлері, бір топ зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен жастар қатысты.

Конференцияда сөз алғандар А.Асқаровтың мемлекет және қоғам қайраткеріне айналған бірегей тұлға, тағдырдың талай тақсіретін тартса да адамдық, адалдық қасиетін асқақ ұстап, өмір өзегіне кір шалдырмай кеткен азамат екендігін баса айтты. Оның бұл қасиеттері Алматы, Жамбыл және Шымкент облыстары партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып тұрғанда да өзгерген жоқ. Үш облыстың тізгінін ұстаған 26 жылда Асқаровтай ерен тұлға елдің қасиетін, жердің қадірін кемел жүрекпен сезініп, өзі өскен өлкесінің өркендеуі жолында аянбай еңбек етті.

 Асанбай Асқаров есімін ұрпақ жадында жаңғырту үшін бүгінде біршама істер атқарылып жатыр. Қазіргі таңда Шымкентте Асанбай Асқаровтың ескерткіші, оның есімімен аталатын көше мен орта мектеп және мұражай бар. Осыдан екі жыл бұрын мегаполистегі дендросаябаққа Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Белгілі қаламгер Мархабат Байғұттың «Асқаровтың ақ қайыңдары» атты драмасы Шанин атындағы қалалық драма театрда сахналанып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

– Халқы үшін аянбай қызмет еткен қайраткер өзінің саналы ғұмырында шарықтауды да, құлдырауды да бастан кешірді. Халқының шынайы сүйіспеншілігіне бөленді. Сондай-ақ алмағайып замандағы саяси қақтыстардың да құрбаны болды. Елге қызмет етудің үлгісін көрсеткен Асанбай Асқаровтай тұлғаның өмірін, ерен еңбегін осы залда отырған ардагер ағалар көзбен көрді. Ал біз секілді жас буын сіздер айтқан тағылымды әңгімеден өнеге алып келеміз. Оның жарқын бейнесін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу — біздерге артылған аманаттық парыз, мәртебелі міндет. Шарболаттай рухы биік азамат қасиетті қаламды серік етіп, кітаптар жазды. Қаншама қиындық көрсе де адалдық қасиетін биік ұстады. Ол өзінің қаламгерлік қарымымен де халқына қалтқысыз қызмет етіп, өткен мен бүгіннің дидарын дөп басқан ой толғамдарымен естелік, өлеңдерімен артына мол мұра қалдырды, – деді қала әкімі жасаған баяндамасында.

Асқаровтың «жақсы басшы болу үшін адамда үш қасиет болуы шарт: біліктілік пен зиялылық, тазалық пен адалдық, халқын шексіз сүю, осы үш қасиет болса, ұйымдастыру қабілеті уақыт өте қалыптасады» деген сөзін еске салған Әйтенов:

– Басшылардың келесі буынына айтқан бұл қасиет ат үстінде жүрген әрбір азаматтың ой түбінде жатуы тиіс, – деді. 

Шаһар басшысы баяндамасын А.Асқаровтың «Тәуелсіздіктің қадірін бодан боп жүргенде емес, осындай еркіндікте, теңдікте, дербестікте білген жақсы. Ол үшін ұлттық санаға қозғау салмай болмайды. Ұлттық санаға жетпей – ұлт болудың қиын екенін ұмытпаған жөн» деген сөзімен түйіндеді. 

Осы күні Шымкентте Асанбай Асқаров ескерткішіне гүл шоқтары қойылды, қайраткердің есімі берілген дендросаябаққа ағаш көшеттері егілді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16