Біз кімге ұқсап барамыз?

Әділбек ЖАҚЫП

20.10.2020, 04:30

1580

 Кейде отырып ойланасың, осы біз кімге ұқсап барамыз деп. Қазақ ірілене түсудің орнына ұсақталып бара жатқандаймыз.Үлкен мен кішінің арасында ізгілік пен сыйластық жоғала түскендей. Бір сөзбен айтсақ, қазақтың мінезі өзгерді, міні көбейді. Бойына қулық, бұлтақтау, кезең асырып жіберу сияқты жат әдеттер ене бастады. Адалдықтың, шыншылдықтың, татулықтың, адамгершіліктің, турашылдықтың орнын жаман қылықтар басып келеді.Тәуелсіздігіміз қолымызға тисе де ұлттық санамыз да әлі де бұрынғы қалыптан шыға алмай отыр.

Бүгінгі таңда қазақ қоғамын топтастыратын нақты ұлттық идеология қалыптасты ма немесе бой түзеді ме? Сол бұрыңғы кеңестік диктатуралық ұстанымдар неге жойылмай келеді? Осы кезеңде қатарымызға жаңа екі ұрпақ қосылды.Олар бойына  қандай қасиеттерді  сіңіріп, қандай  тәрбие алды? Осы сұрақтар кімді болса да ойландыру тиіс. Өйткені қазақтың болашағы осы ұрпақтың қолында болмақ. Мәселе, осында жатыр.

Ұлы ойшылмыз, кеңестік заманның құрбаны болған Шәкәрім Құдайбердіұлы 1932 жылы «Менің өскен айналам қандай? Көргенім не? Осыны сендер білмейсіңдер. Айналам – дау-жанжал, өтірік, ұрлық, қанау, талау, надандық, жуандық-зорлық, мақтан, мансапқұмарлық, партия, обырлық, қорқаулық, жалқаулық, ұрыс-төбелес, міне, менің көрген-сүрген өмірім. Мен осылармен жағаласып, арпалысып өмірімді өткіздім. Олармен жеке басым үшін алысқам жоқ. Өз басымның тыныштығын ойлаған болсам, байлық, мақтан, мансапқа ие болып, мықты, жуан деген атаққа қолым жетіп, шалқып өмір өткізер едім. Арым, адамшылығым мені оған апармады» деген екен. Міне, сол  ұлы ақын заманында қазақ қоғамын жайлаған жат мінездерді, әдепсіз қылықтарды  бүгінгілердің бойынан байқап еріксіз таңғаласыз. Қалай сонда? Ол кезде қазақ оқымаған, ақ пен қараны ажырата алмаған сауатсыз ұлт қатарында саналды. Ал бүгінгі қазақ қауымы  оқыған, алды-артын түсіне білетін сауатты халық. Осыған қарамастан, замандастарымыздың, әсіресе, жас және орта  буын бойында болашаққа ой жібере алмау, сезбеу, айла-тәсіл, арамдық, қиянатшылдық, ар сату, жемқорлық, парақорлық жолға түсу, не аққа жала жауып жексұрын болу сияқты жат әдеттер етек алып келеді. Бұған кім кінәлі? Әрине, оған қоғамның өзі кінәлі. Билікке талас, атақ-дәрежеге талас, байлыққа талас кеңес кезінде қалыптасқан халықтың тепе-теңдігін бұзды, адами ұстанымдар тек қағаз жүзінде қалды да туыстық, жершілдік, рушылдық қоғам өмірінің басты нысандарына айналды. Бір сөзбен айтқанда, ұлт тағдыры, ел тағдыры артқа шегерілді де оның орнын әділетсіздік басты. Өсіп келе жатқан ұрпақ өз елінде білімімен емес таныстықпен ғана өмір сүруге болады екен деген тұжырым жасады. Жоғары оқу орнын бітірген мамандардың көбі еңбек жолын төменнен бастаудың орнына бірден орталық үкімет орындары мен республикалық дәрежедегі құрылымдардан бастауды жөн көреді. Қаладан  бір елі аттағасы және  шалғай жерлерге барғысы келмейді. Мұнайдың исін, егіннің дәмін сезбейтін, халық өмірінен тәжірибесі жоқ олардың «Самұрық –Қазына», «Қазақ теміржолы», «Казтрансгаз», «Казагро» сияқты ұлттық компаниялар мен министрліктерде күрделі шешімдерді қабылдауда шалалық жасамайтынына кім кепілдік  берер еді. Мұндай жағдай барлық салаларда кездеседі. Жалпы  өмір тәжірибесінде, жас мамандар өздерінің өмір жолдарын сол өзі таңдаған  саланың ең төменгі құрылымынан бастауы тиіс қой. Ысылып, алды-артын танып, білген соң өзінің білімділігімен көзге көрініп қызметінде жоғарылай түскені ол тек өз басы үшін емес мемлекет үшін тиімді болар еді. Кадр мәселесі әрқашан да  өте жауаптылықты қажет етеді. Өкінішке орай, бұл бағытта қаншама реформа жүргізілсе де сол қазаққа тән «біздің бала ғой» деген ағайыншылдық мінезімізден шыға алмай келеміз. Тәжірибе көрсеткендей, биліктің жоғары және орта буынын негізінен бұрын кеңес кезінде жауапты қызмет істегендердің, бүгінгі депутаттар мен әкімдердің, министрлердің, генералдардың, қалталы байлардың  немесе олардың туыс ағайындарының  балалары құрайды. Төменгі жергілікті билікте және елден тысқары шетелдегі құрылымдар да осындай жағдай. Біреу айтар білімді болмаса, олар қалай жұмыс істеп отыр деп. Егер олар барынша  өз міндетіне адал болып, кәсіби деңгейде қызмет істесе, біздің елдің экономикасы дамып, халықтың тұрмыс дәрежесі өзгеше болар еді ғой. Мүмкін, әкесі немесе ағасы бір қырлы, бір сырлы болар, ал баласы мен туысына құдай ондай қабілет бермеген болар. Гәп осында жатқан сияқты.

Осындай жолдармен қызметке қол жеткізетіндердің бойында өзгеше бір психологиялық әдет пайда болатын көрінеді. Ол сөз көтере алмайтын ашуланшақ, ызақор, менменшіл, өзгенің сөзін тыңдамайтын, өз білгенін істейтін, парақор жанға айналады екен. Қазақ «Ашу алдар, ақыл дос, ақылына ақыл қос» дейді. Осы мінездерінен пайда шықпайтынын жақсы біле-тұра адамның тастай алмайтын себебі, ол әдет болып бойына сіңісіп алуынан. Әдет те бір туыс. Бірақ қайраты бар адам ондай жаман әдетті тастауына болады. Өз бойын тексере білген адам, кемшілігін түзеуі оңай. Алайда қолында билігі бар, қызметке өзгенің көмегімен келген  адамның бойына сіңген жаман әдеттен құтылуы екіталай.

Біздің қанымызға сатқындық сіңіп бара жатқан сияқты. Адам басына не түспейді, өмір болған соң бәрі болады. Адам өмір сүру үшін біреуді өткелге салып өтетін кезді бастан кешіп отырмыз. Бұл дегеніміз, бір адамды өзінің аман-есен қалуыңды, не азаптан құтылуыңды ойлап, соны ұстап беріп, соны жолыңа құрбан ету. Бұлай өмір сүргенше, өлген артық. Ол адамшылықтың ісі емес, айуаншылықтың ісі.Мұндай істі істеген адам тек өз басының ғана қасиетін жойып қана қоймайды. Оны тәрбиелеген ата-анасының да қасиетін кетіріп, оларға тіл тигізеді. Жаман қылық істеген адамға «Сені шошқа тәрбиелеп пе?!» демей ме? Сонда кімді шошқаға теңегені болады?

Міне, осындай қиыншылық келіп, біреуді өткелге салып өтетін күн туса, оған жолама. Біреуді құрбан етіп, тірі қалғанша, ақпен, адал ісіңмен өлген артық. Өкінішке орай, осы жағынан тылсым көріп жатқандаймыз.

Бүгін де «Қазақ бұрын неге табынған, қандай дінде болған» деген сұрақтарды көп қоятын болды. Осының төңірегінде алып қашпа әртүрлі нанымдық әңгімелерді әркім өзінше пайымдайды. Неге екені белгісіз, әсіресе діншілдер қазақтың мұсылмандығына күмән келтіріп жатады. Қазаққа әртүрлі ағымдарды тықпалап, халықтың ойын өзге арнаға бұрғысы келеді. Біздің білетініміз, қазақ атанғаны Ноғайлыдан бөлінген соң ғана мұсылман болған. Бұрын ескі түріктің маужуси дінін ұстанды. Қазақ ешқашан да  пұт, яғни суретке шоқынған жоқ. Қазақ неге отты қадірлеген? Ескі түрік дінінде құдай жаратқан заттардың ең қасиеттісі деп бес нәрсені атаған, олар от, топырақ, су, тас, яки темір, өсімдік. Отпен аластау, жұп шырақ жағу, отпен ұшықтау сияқтылар. Ауруға су бүрку, сумен емдеу. Топырақты шұқырлап от жағып «моқал ошақ» деп, арлы-берлі атау. Жеті жол торабынан жеті уыс топырақ, жеті түрлі шөп алып емдеу. Темір пышақ қылышпен емдеу бәрі осының сарқыншақ қалдығы еді.

Қазақтың исламдығы  өмір сүру ерекшеліктерімен, оның табиғатымен,  жан-дүниесімен өрнектелген, содан нәр алған, мөлдір бұлақ тәрізді таза дін. Яғни, ислам халықтың табиғи-ұлттық ерекшелігінің сақталуына зиянын тигізген жоқ. Алайда алдынғы қатарда дін тұрғанмен, оның көлеңкесінде тарихи қалыптасқан дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың және мәдени-жетістіктердің тұтас бір арнасы бой көрсетеді. Сондықтан қазақ бойына  исламға жат ағымдарды сіңіру мүмкін емес. Өйткені қазақтың ішкі әлемі өзгеше әлем, оның сырын тек қазақ қана түсінеді.

Осы дүниеде маған  қазақтан өзге міншіл халық жоқ болып көрінеді. Мұны бүгінгі қазақ қоғамының тыныс-тіршілігінен сезінесіз. Меңімше, міншіл халықтың болашағы жоқ, бастары бірікпейтін елге айналады. Ортақ іске топтасу, ақылға тоқтау, ымырашылдыққа келу, адал істің парқына бару, адасқанға жөн көрсету, кемшілікті түзету, өзгенің сынын қабылдай білу, содан қорытынды шығару жағы қазақ үшін қабылданбайтын ереже сияқты. Әркім қоғамнан тысқары өмір сүргісі келеді. Өздерін жеке әлем ретінде сезінеді. Бір-біріне мін тағып, берекесіздік күйде жүреді. Бәрінің өзіндік жеке мақсаты бар. Егер ол өзінің  мақсатына жете алмаса, кінәні өзінен іздемейді, керісінше басқадан көреді. Жұртты айналасына жинап, өзгеге мін тағады. Өз ісінің адалдығына көз жіберген адам ешқашан да қысылмайды. Ол ақ ісінде табан тіреп қала береді. Біз жақсы мен жаманды ажырата алмай келеміз. Біздің қанымызға біткен жаман қылықтың бірі – кек алу. Кегімді аламын деп ол жүгіреді, содан соң оның ізіне «кек» түседі. Кек қуу дүниені тыншытпайды. «Кек қуған, кек сақтаған оңбас» деген осы. Ал кежір-қисық адамның  қасиетсіз мінезінің бірі. Кежір-қисық адам өзі білмейді, біреудің ақыл-кеңесін  алмайды. Өз дегенімді істеймін деп таласады, жағаласады, тыным таппайды, басқаға тыным таптырмайды. Бұл мін бүгінгі заманда кеңінен етек алып келеді.

Қазақ қоғамында ең жаман ауру мақтану, мансаптану болып отыр. Бұл пәни дүниеде мақтанбайтын, мақтанға мастанбайтын пенде аз шығар. Мақтанда  тазалық, әділдік болмайды. Мақтаншақ байысам, басқадан  ассам дегізіп, арсыздыққа дейін апарады. Ал мансап, бұл  «мансапқорлық» жоғары тұрсам, барлығына өзім қожа болсам, бар адамды бір шыбықпен айдасам деген ең айуандық пиғылға апаратын, дүниені бұзатын кеселдің бірі. Бұлар адам баласының басын қоспайды, адалдықты, адамгершілікті істетпейді. Керісінше, қоғамның берекесін келтіріп, әртүрлі жымысқы адами қасиетке қарсы әрекеттерді ойлап табады. Жас ұрпақты осымен уландырады.

Жасыратыны жоқ, қазіргі қазақ балалары халықтың рухани қазынасынан терең білім алып жатыр деп айта алмаймыз. Қазақ педагогикасы ұлттық сипатқа негізделмеген. Ұлттық рух, ұлттық намыс ұстанымдары жас ұрпақ тәрбиесінде шетке шегерілгені көрініс тауып отыр. Біздің кейбір ақылмандарымыз ұлттық тәрбие ол надандыққа жол тартады, ескілікке бой ұрындырады деп көксиді. Өркениетке бет алуымыз керек деген желеумен ұрпақтың санасына кері әсер ететін әртүрлі реформаларды тықпалап жатады. Олар үшін ең бастысы, осы реформаларды ұзақ мерзімге соза отырып, мемлекет қаржысының  «игілігін» көру. Өкінішке орай, осы білім саласында жүргізілген реформалардан ешқандай нәтиже шықпағанын көріп отырмыз. Жапон педагогикасы жас ұрпақтың бойына ең алдымен, ұлттық тәрбиені сіңіре отырып, соның негізінде өркениет мәденитімен, тұтас адами құндылықтармен сабақтастырады. Біздің ұлттық болмысымыз жапондарға тым жақын және оның қайнаркөзі бір сияқты. Қазақ еркін өскен халық, оның бойында өжеттілік пен қайсарлық, төзімділік пен мейрімділік, табандылық пен сенімділік қасиеттері берік орын алған. Осы қайнар бұлақтың бетін ашқан жағдайда, біздің ұрпақ жаңа серпіліске түсіп, өркениетті елдің нағыз азаматы болып шығар еді.

Біздің қазақ қоғамында  ана тілінде оқытатын мектептерде білім деңгейі төмен деген бір жақты пікірлер айтылып жатады. Негізінде, бұл түбірінен қате. Халықаралық олимпиадалар да жеңімпаз атанатын, әлемдік және отандық үлкен оқу орындарына тегін түсетін оқушылардың дені қазақ мектебін бітіргендер болып табылады. Тәуелсіздік алған жылдан бастап осылай болып келеді. Жалпы, бізде орта білім беру саласы жақсы жолға қойылған. Қазақ мектептері туралы өтірікті шыңдай етіп айтатын ағайындар ол жымысқы саясаттың шырмауынан шыға алмай жүргендер және өзге елдің «жұмсақ күштері». Олар жас ұрпақтың өз ұлтына, өз тіліне, өз мәдениетіне деген көзқарасын өзгертіп, мәнгүрт болып өзге елдің, өзге ұлттың ықпалында жүргенін қалайды. Мәселен, жергілікті биліктің кейбір шенеуіктері қазақ тілінде және орыс тілінде пәленше бала оқу керек деген нұсқауларды ауызша беріп жатады. Сонымен қатар үй-үйді аралап бірінші сыныпқа баратын балалардың тізімін алуға келетін қазақ ұлтының өкілдері ата-аналарға балаңызды орысша оқытқаныңыз дұрыс, өмір талабы солай болып тұр ғой деп жаңашырлық танытқандай ұсыныс-кеңес беріп жатады. Мұндай «қамқорлыққа» кейбір ата-ана жығыла кетеді. Осындай жымысқы әрекеттер бой алып келеді. Бұған басты себеп – білім бөлімдеріндегі орыстілді ортаның және билік жүйесіндегі мемлекеттік тілге деген өгей көзқарастың салдары. Ана тілі тағдырын әрбір қазақ отбасы қолға алып, өздері бас болып балаларының тек  ана тілде білім алуын талап етуге тиіс. Бұл қоғамдық қозғалысқа айналуы керек. Сонда ғана біз ана тіліміздің мерейін көтеріп, оның өміршеңдігіне қол жеткізетін боламыз. Негізінен, қазақ тілінің абырой даңқын, оның жасампаздығын билік жасауы керек. Өкінішке орай, олардан батыл шешімдер күту мүмкін емес. Сол себепті, тілдің жанашыры тек бұқараның өзі болуы тиіс. Егер біз осыған қол жеткізе берсек, ұлттық ерекшелігіміз, ұлттық санамыз биік деңгейге көтеріледі, еліміз барлық салаларда дамиды, азаматтық қоғам орнайды, ұлттың бірлігі нығаяды.

   Біздің қоғамның бір ауруы, ол әуле әуез бен әумесер әуенге бой ұрынып жатқанымыз. Халық талғамы да бұзыла бастады. Есті тындармандар қатары сейіліп барады. Өз-өзін жұлдыз санап, өнердің мәнісін кетіріп қана қоймай ұлттық абыройымызға көлеңке түсіруде. Бізде ғасырдан-ғасырға ұласып келе жатқан қайнары мөлдір бұлақтай өнерімізді қазіргі заман талабына сай өрнектеуге қабілетіміз жетерлік. Бір Димаштың өзі қазақ өнерінің қандай биік екендігін әлемге паш еткен жоқ па?!

Бүгінгі қоғамда «Қазақтың тойы бітпесін» деген мақал жалпыұлттық майданға айналды десек болады. Бұл ұраннан қай қазақ ұтады, кімге ол өзінің шапағатын сыйлайды. Мәселе осында. Қазақ ойын-сауықшыл халық. Дегенмен, оның өзіндік орны бар. Бұрын тойлар әр отбасының мүмкіндігіне қарай өткізілетін. Бүгінгідей асыра төгілу, бей-берекетсіз шашылу, тыраштану сияқты әдеттер болмаған. Тойлар әдепті де қызықты өтетін, келген қонақ тамақ емес әуезді әндер айтып, би билеп, ұлағатты сөз сөйлейтін. Несие алып той-домалақ өткізу түсіне де кірмейтін. Қандай той өткізсек те оның шағын да берекелі болғаны дұрыс. Той үшін үлкен мейрамханаларды таңдау, әншілерді шақыру, қонақтардың көп болуы міндетті емес. Мәселе, тойдың талғампаздықпен ұйымдастырылуында жатыр.

Сонымен қатар қаралы рәсімдерді де той деңгейінде өткізу дәстүрге айналып барады. Бұл қазақ қоғамын сауықтыру емес керісінше, мәңгүрттікке, көнбістікке, ырылдасуға, ұлтсыздандыруға жол ашу болып табылады. Мұның астарында кейінгі ұрпақты да осы жат қылықтарға әуестендіру жатқан сияқты.

Біздің қазақ қоғамы шыңдығын айтсақ әлі сол баяғы ұйқысы қаңбаған, басы меңзең шала-шарпы күйдегі адамға ұқсайды. Өзге әлем алға ұмтылып жатса, кері шегініп барады. Бұған кім кінәлі? Демек, біз өз-өзімізді танымайтын, білмейтін  халық болып шықтық. Өз мінін, қатесін көре  және сезіне алмайтын жағдайға душар болдық. Бәрің тағдыр тәлкегінен көріп отырғандаймыз. Барлығын  билікке таңып отырамыз. «Көлеңкеге пішкен тон бойға шақ келмейді» дегендей нақты істің ішіне араласпай, сырттай ой-жотамен сынауға үйірміз. Шыңдыққа жанаспаған іс-әрекеттер ол қоғамда кеңінен қолдау таппайды.

 Иә, қазақ қоғамында кемшіліктер жетерлік. Билік жүйесінде берекесіздік, жемқорлық, жершілдік кеңінен етек алып бара жатыр. Мұның алдын қалай алуға болады? Кейінгі жас буын да осындай жат қылықтарды бойына сіңіре бастаса, қазақ қоғамы одан сайын әлсіреп, соңы үлкен қасіретке ұласатыны анық. Осыған жол бермеу үшін не істеуіміз керек. Ол үшін қазақ қоғамы жіберіліп жатқан қателіктерді өздері сезініп, өздері түзегені артық. Өз қатесін өзі түзей алатын қасиет адамның өз бойында бар. Ол адамға біткен – ақ жүрек. Егер адам өз істеген ісін ақ жүрегіне сыната білсе, ақ жүректің нәзік сезімі ашып бере алады. Сонда адам өз мінін де, басқаның мінін де көре алады. Ең бастысы, осыдан қорытынды шығару үшін шынайы түрде демократиялық және әділдік ұстанымдарды негізге ала отырып, азаматтық қоғам орнатуға толық мүмкіндік туғызу керек.

Қазақ халқы тәуелсіздіктің шын мәніндегі жемісін көруі тиіс. Халықтың тұрмыс-өмірі түбегейлі өзгеріске ұшырауы қажет. Бұған елдің күш-қуаты да адамдардың іскерлігі мен табандылығы да жетеді. Тек оларға мүмкіндік жасап, қолдау көрсету болса болғаны. Ел ішіндегі кейбір атқамінерлердің бұқара халыққа істеп жатқан қилы қиянаттарын тоқтатып, оларды тәртіпке салатын уақыт келді. Жалпы, биліктің қағаз жүзінде емес, халықтық сипатта, яғни бұқарамен үндескені абзал.      

Қазіргі жан-жақты дамыған заманда қазақ қоғамының бүгінгі талаптар биігінен көрінбей жатқаны алаңдатады. Қазақтың бір-біріне осы біз кімге ұқсап барамыз деп сұрақ қоятын мезгілі жеткен сияқты.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 11:00
"Жабық тақырып жөніндегі ашық әңгіме"
Бифат ЕЛТАЕВА 23.11.2020, 14:38
Алтын адамның алтынын сақтап, бас сүйегін қайда жібердік?
Айжан БҮРКІТБАЕВА 20.11.2020, 03:30
Гиннесс рекордтарын жүзіммен жаулаған бағбанды мемлекет неге қолдамайды?
Сайт әкімшілігі 18.11.2020, 16:15
Серік Сәпиевтің әкесі қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 17.11.2020, 17:26
Жезқазғанда Алаша хан мен Жошы ханның кесенесі қараусыз жатыр
Сайт әкімшілігі 17.11.2020, 10:24
Қош бол, "Б"

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56