Бөкенбай шоқысы. Батырларды шатастырмайық

Сайт әкімшілігі

28.03.2023, 06:13

2101

Қазақ тарихында Қанжығалы Бөгенбай, Керей Бөгенбай, Шақшақ Бөгенбай, Табын Бөкенбай, Шекті Бөгенбай сияқты батырлар есімдері белгілі. Кей жағдайларда олардың есімдері, олардың есімдеріне байланысты аталған жер-су атауларында шатастыру жиі ұшырасады.

Бүгінгі күні осы тарихтағы Бөгенбайлар мен Бөкенбайлар туралы әртүрлі алып-қашпа әңгімелер жеткілікті. Бірі шыққан тегіне байланысты болса, бірі қатысқан шайқастары жайлы. Тіпті жерленген орнына дейін дау-дамай толастар емес.

Біздің тарихымыз негізінен даланың ауызша тарихы екенін естен шығармаған жөн. Қазақ халқының тарихы – шежірелер тарихы. Ал шежіре елдің аузында. Өкінішке қарай, ресми идеологияның тар шеңберінен шыға алмай, атадан балаға мұра болып келген ұлтымыздың шежіресіне өгей балаға қарағандай болдық. Басқа ұлттың баласы жазған тарихына құрандай сендік. Міне, бізге атадан жеткен тарихи әңгімелер әлі де болса ел ішінде.

Өкінішке қарай, осындай шежірелер арқылы ұрпағына жеткен Шекті Бөгенбай батыр да тарихтағы лайықты орнын ала алмай келеді. Осы күнге дейін шекті Бөгенбай батыр туралы тарихи шындыққа қиянат жасалынып, бұрмаланып жүр.

Тіпті еліміздің батыс өңірінде табын Бөкенбай мен шекті Бөгенбайды шатастырып, одан әрісі бірінің істегенін екіншісіне таңып, хас батырлардың басқан, жерленген жеріне дейін күмәнмен қараушылар да баршылық. Тарихқа қиянат ешқашанда жүрмейді. Болашақ ұрпақ аға буынның мұндай істерін құптамас болар. Қазақта «елім деп, жерім деп» қасық қанын төккен батырлар жеткілікті. «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» дегендей әр батырдың тарихта алар орны бар екенін ұмытпаған жөн деп санаймыз. Біз кейде пендешілікке барып, рулық санадан әрі аса алмай жүрген жайымыз бар. «Ер – елге ортақ» деген сөзді ұмытпағанымыз жөн.

Тарих ғылымының кандидаты, профессор И.В.Ерофеева Табын Бөкенбай Қараұлы тақырыбына арналған өңірлік ғылыми-танымдық конференцияда сөйлеген сөзінде қазақтын жоңғарлар мен патша отарлаушыларына қарсы 300 жылдық тарихында Бөкенбай немесе Бөгенбай есімді 7 батырдың дерегі бізге жеткеніне, кезінде ол деректердің қайсысының қай Бөкенбайға тиісті екендігіне байланысты қателіктер жіберілгеніне тоқталады. Ал, өлкетанушы А.Қарақов «Баһадүр батыр Бөгенбай» деген мақаласында қазақ тарихында сегіз Бөгенбай есімді тарихи тұлғаның кездесетінін айта келе, «соның бірі – 1717 жылы еліне оралмақ болған Еділ қалмақтарымен болған ұрыста ерлікпен қаза болған шекті руының Тлеу-Қабақ аталығынан шыққан Бөгенбай би», – деп жазады.

Қазіргі танда өлкетанушы, тарихшы-ғалым З.Байдосовтың «Баһадүр батыр Бөкенбай», профессор И.В.Ерофееваның «Рыцарь звания чести. Казахский батыр Бокенбай Карабатырулы», «Бекенбай Батыр ерлігі – елге мұра», «Бөкенбай батыр», Ә.Мұхтардың «Бөкенбай батыр» атты мақалалар мен кітаптарда оның туған жері, ата қонысы, кіммен ұрыста қаза болғаны, жерленген жері, көптеген басқа да деректер жарыққа шықса, Шекті Бөгенбай батыр туралы деректер де алғаш рет аталған еңбектерге енгізілді.

Ал профессор Ж.Асанның «Шекті Бөгенбай батыр туралы аңыз бен ақиқат», зерттеуші Б.Кәртеннің «Шоқы кімге тиесілі», өлкетанушы А.Мұхамбетулин, профессор Ж.Асанның «Шекті Бөгенбай батыр шоқысы», «Шекті Бөгенбай батыр», шалқарлық өлкетанушы О.Әділбаев, шежіреші А.Мұхамбетулин, профессор Ж.Асанның, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми жетекшісі Г.Ұрынбаеваның «О сопке батыра Богенбая из рода Шекты» мақалалары Шекті Бөгенбай батырдың ерлігі мен даңқы туралы құнды деректер келтіріліп, көптеген «ақтаңдақтарды» ақиқаттандыратыны сөзсіз.

Сонымен, жеті атасынан бері келе жатқан батырлар мен билердің ұрпағы, біздің әңгімемізге арқау болып отырған Бөгенбай кім?

Арғы атасы Бөлектен Айт, Айттан Қабақ, Қабақтан Жанкелді, Жанкелдіден Жапалақ, Жапалақтан Бөгенбай. Бөгенбайдың әкесі Жапалақ, батырмен бірге туған Айдаралы би Шектінің атақты батыры Ұран Бақтыбаймен, даңқты Мөңке бимен қатар аталады.

Шалқар өңірінде «төрт Жангелді» деген ертеден келе жатқан сөз бар. Оның мәні «төрт Жангелді» деп Жангелдінің өз бауырынан тараған – Рай, Жапалақ, Айдаралыларды атамай, бұлардан туған Құттыбай, Құдас, Бөгенбай, Таласбайды атайды. Оның олай болатын себебі осы аталықтардан өздерінің батырлығымен, байлығымен, халыққа қайырымдылығымен аттары ел жадында қалған тарихи тұлғалар қөп шыққан.

Бұл бабаларымыздың арғы тегінен бері қазақтың хас батырлары мен елге танымал билері болған. Қабақтың ақсақалдары «біздің елден қырық батыр, отыз би шыққан» деп айтулары тегіннен-тегін болмас.

Осы сөзімізді қарақалпақстандық жырау А.Тасқынбаевтың «Атамыз Сәпи Адамнан...» атты жыр-шежіре жинағында берілген келесі жолдармен растағымыз келеді:

«...Қабақтан туды бес бала, Небір қасқыр жүректі.

Құлақты салып тыңдаңдар, Ақының сөзін үдетті.

Жанкелдіден – Бөгенбай,Қангелдіден – Қарабас.Шықты небір мықтылар, Батыры, биі аралас.Бәсеннен Есет, КөтібарКездескен жауын санамас...»

Бөгенбай Ұран Бақтыбай батыр мен «Алшынның ақсақ батыры» атанған Байдалымен талай ел қорғау жорықтарына қатысқан. Әкесі Жапалақ атақты батыр адам екен. Ел ішінде Бөгенбай, Таласбай, Жапалақ, Қарабастың, Жарастың, Қалдыбайдың, Бақтыбайдың, тархан Сегізбайдың ерліктері аңыз болып көп айтылады. Бөгенбайдың әкесі Жапалақпен бірге туған Айдаралы Шектінің атақты билерінің бірі, Ұран Бақтыбай, Мөңке билермен қатар тұрған. Әбілқайырдың тұсында хан кеңесіне мүше болған. Бұл туралы нақтылы тарихи құжаттар бар. Мысалы, 1748 жылы 5 қазанда Орта жүз және Кіші жүз билері мен батырлары Нұралы сұлтанды хан тағайындауға император Елизавета ханымға хат жазған 32 адамның ішінде: Шекті руының билері: Бақтыбай би, Мөңке би, Айдаралы би, Мойнақ би, Бәйімбет батыр, т.б. өз таңбаларын басты деп жазылған (қараңыз: АВПР.Ф.122,1748г.д.8 л.л.15об.-1 боб.).

ХVІІ-ХVIIІ ғасырларда қазақ басына жаугершілік заман туып, туған елі мен жерін қорғайтын аласапыран күн кешкен кезең болды. Қазақ батырларының ерлігі жоңғарлардың жаулап алу соғыстары тұсында ірі шайқастарда ерекше орын алды.

Кезінде Еділге өтіп кеткен қалмақтар елдің батысындағы халыққа тыныштық бермей, Ресей империясының қолдауымен Ноғай Ордасын ойрандап, Кіші жүз қазақтарына жиі тонаушылық пен жаугершілік жорықтар жасап, мазасын кетірген.

Осыған байланысты ел арасында кең тараған тарихи фактілер бойынша «Қалмақтар шауып кетті» деген хабарды естісімен Бөгенбай інісі Таласбай бастаған шағын топпен жауды артынан қуады. Ырғыздың жолында, биік шоқыға жақындағанда, шоқының басында бір қарайған көрінеді. Оны біреулері қарақұс деген, біреулері қарауылшы адам деп жорыған. Шоқыға жақын келгенде, әлгі қарайған қанатын жайып, қарақұсқа ұқсап, саңқығандай әрекет жасап, шоқының арғы бетіне түсіп кеткен. Сол жерде Таласбай тұрып: «Мына көрінген, құс болып отырған, жан-жақты барлаушы. Бізді көрген соң, қуғыншы келе жатыр деп хабар беруге кетті. Қарақұс болып, қара киім киген және артына бор шашып, қарақұсша саңқып кетті. Абзалы, біз қол жинап, қаруланып келейік, жау жағы көп шығар», – дегенде, Бөгенбай батыр: «Мен жаудан қорқып кейін қайтпаймын, не де болса осы қалмақпен соғысамын», – деп шағын топпен ұрысқа кіріп кеткен. Ойлағандай-ақ, шоқының арғы беті қалмақтардың қаруланған қалың қолы екен.

Таласбай елге хабар айтып, тез қол жинап келуге шабарман жіберіпті. Сол соғыста Бөгенбай аз ғана топпен, қаруы сай қалмақпен жан қиярлық соғыс жүргізіп, ауыр жарақаттанған. Таласбайдың астында «Сұрдөнен» деген ұшқыр арғымағы бар екен, ағып келіп, Бөгенбайдың денесін өңгеріп, жаудан алып шығады. Сол кезде, елден Бөгенбайдың Тінбай деген баласының баласы, яғни немересі Қарабек деген жас батыр қол жинап келіп, Үлкен Шоқы мен Жаманшыңның аралығында қалмақтармен қиян-кескі соғыс жасаған. Жастайынан қайратты, ержүрек болып өскен Қарабек жекпе-жекте қалмақтың екі батырын өлтіріп, жауды жеңіп, малды алып қайтқаны айтылады.

Баспасөз беттерінде соңғы кезде «Бөгенбай шоқысы» деген атауға байланысты тартыс орын алуда. Оның себептерінің бірі, біздің ойымызша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қанжығалы Бөкенбайдан ара-жігін айыру үшін ғалымдар алғашқылардың қатарында Табын Бөкенбайды зерттей бастады да, елдің арасындағы «Бөгенбайдың шоқысын» Табын Бөкенбайға теліп жіберген болуы керек.

Қазақ жер-судың атауларына үлкен мән берген халық. «Ата қоныс», «Ата жұрт» «кіндік қаны тамған жер» деген қасиетті түсінік те бар. Әр ру-тайпалық бірлестіктердің ежелден қоныстанып келе жатқан, «қыс – қыстауы», «жаз – жайлауы» болған. Қорымдары, жерленген жерлері, негізінен қыстаулар маңында орналасатын болған.

Жоғарыдағы келтірілген шежірелер мен зерттеулерді саралай келе мынандай қорытындыға келдік. Біріншіден, Ырғыздағы «Бөгенбай шоқысы» бұл шекті Бөгенбай батырдың атымен тікелей байланысты деп айта аламыз. Сөзімізге дәлел, шекті руы ақсақалдарынан жазып алған 1803 жылы Ресейдің Бұқара хандығында сауда-дипломатиялық елшілігін бастап бара жатып, жолда қазақтардың колында бір жылдан артық тұтқында болған орыс офицері Я.П.Гавардецкий келтірген дерегінде: «В праве верстах в 30 от сего стана видны горы, называемые Буканбаевыми. В равнине между ними верст на 15 в поперечнике, изобилующей хорошим кормом для скота и чистою ключевою водою, возвышается в виде конуса каменная скала, которая по причине отменной высоте именуется Буканбаевым маяком. В старину, когда киргизцы были еще бессильны, и калмыки, жившие в окружностях их, набегами угоняли скот у киргизцев и их разоряли Буканбай би киргизский, имел тогда между ними горами свое кочевье, а на бугре – маяк, откуда давалось знать соседям о приближение неприятеля. Киргизец сей храбростью своею низложил в окрестностях силу калмыков и будучи убит там посреди сражения, погребен на том же маяке, который вместе с его именем служит киргизцам напоминанием его храбрости» – деп келтіреді («История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веков». Том V. А. 2007).

Ал осы Я.П.Гавердовскийдін күнделігіндегі жазбасында айтылып отырған бұл ауылдар қай рудан? Және осы маңайды қоныс қылған қалмақтардан өзінің ауылдарын шапқыншылық қаупінен қорғау үшін төбелерге қарауыл қойып, жауларының қозғалысын бақылап, көп жылдары отырған қай Бөкенбай ерлікпен соғыста қаза табады? Өзінің ауылымен осы таулы жерлерді (сол уақыттардан бері бұл таулар «Буканбай» атымен аталып келеді) жайлаған қай Бөкенбай деген сұрақ туындайтыны рас.

Сонымен, келтірілген баспасөз материалдарында жасалынған қорытындыларды төмендегідей ретте көрсетуге болады. Я.П.Гавердовскидің Шекті және басқа Әлімұлы рулары ақсақалдарының аузынан жазып алынған күнделігінде ЬІрғыз өңірінде аталмыш таулар мен қасындағы шоқыда қалмақтармен болған жанқиярлық соғыста жауын жеңіп, ауыр жарақаттан қаза болған Шекті Бөгенбай батыр екендігі, оның сол «Бөгенбай шоқысы» басына жерленгені ақиқатқа жақын деп есептейміз. «Бөгенбай» таулары мен «Бөгенбай шоқысы» атаулары Шекті Бөгенбай батырдың қалмақтармен болған соғыста ерлігінің құрметіне байланысты қойылғаны Я.П.Гавердовскидің жазбасынан көруге болады. «Бөгенбай шоқысы» мен «Бөгенбай» таулары арасындағы жерлер Шекті Бөгенбай батырдың ата-қонысы болғандығын және Шекті Бөгенбайдың атымен аталатындығына, жаңадан табылған мұрағаттық тарихи деректер, жоғарыдағы айтылған ел ауызындағы жыр, әңгімелермен сәйкес келіп, тайға таңба басқандай дәлелдермен келтірілген.

Ел арасындағы әңгімеге оралсақ, Шекті Бөгенбай батыр бір деректерде 40-тан асқан шағында деп айтылса, екінші бір деректерде 60 жасқа жақындаған шағында қалмақтармен соғыста Ырғыз маңында дүниеден озады. Тарихшылардың келтірген деректерінде туған жылы көрсетілмей, тек қайтқан жылы ретінде 1717 жылы деп көрсетіледі. Ырғыздың оңтүстік-батысында, шамамен 40-45 шақырым жерде үлкен шоқы бар. Бөгенбай сол шоқының түбінде жан тапсырған. Бұрынғы қазақтың салты бойынша, батыр қай жерде өлсе, сол жерге қою керек. Сондықтан Бөгенбайдың сарбаздары төбенің басына дейін қаз-қатар тұрып, найзадан табыт жасап, қолдан-қолға саумалап шығарып, батырдың сүйегін сол шоқының басына жерлеген. Сол кезден бастап, ол «Бөгенбай шоқысы» аталған.

Бір зерттеулерде 1942 жылы жасалған Ақтөбе облысының физикалық картасында Ырғыз ауданындағы бұл орын «Бугумбай» шоқысы деп жазылған. Мұны «Қанжығалы Бөгенбай шоқысы» деушілер бар. Кейінгі кезде ол шоқыны «Табын Бөкенбай шоқысы», сүйегі осында жерленген деген пікірлер айтылып қалды. Мұның да реті бар сияқты. Себебі Табын Бөкенбай – Әбілқайыр ханның қасында жүрген ірі тарихи тұлға. Бір кездегі қазақ қолының бас сардары. Және де Әбілқайыр хан ордасының Ырғыз өңірінде болғанын ескерсек, талай жорықтарда белгілі жер есебінде сол шоқының айналасында топтасуы да, басына қарауыл қоюы да әбден мүмкін. Сондықтан атақ-дәрежесі жоғары, ханның қасындағы Бөкенбайды Бөгенбайға шатыстыруы да әбден ықтимал.

Осыған орай ақтөбелік тарихшы, профессор З.Байдосовтьщ өз зерттеулері туралы «Ақтөбе» газетінің журналисі А.Қонақбаеваға берген баяндарында: «Бөкенбай батыр 1669 жылы Жем өзеніне құятын «Құр Бөкенбай» сайынының бойында дүниеге келген, 1742 жылы түрікпендермен шайқаста шейіт болған. Ақбұлақтың батыс беткейіндегі қыратта жерленген оны «Бөкенбай қорымы» деп атайды. 2003 жылдың қазан айының 2-жартысында Байғанин – Жарқамыс – Оймауыт – Қараоба бағытымен жүрдік. Бұл жолғы сапарымыз сәтті болып, олжаға кенелдік. Байғанин ауданының тұрғындары жасы тоқсанға келген Оразбай Шанин, сексеннің үстіндегі Айнақұл Қожанов, Молдағали Өзбекбаев, Мақсат Досжанов сияқты ақсақалдардың айтуынша, Бөкенбай батыр Жарқамыстың батыс беткейінен 7-8 шақырым жердегі Бөкенбай төбесінде жерленген екен».

Осы тарихи кезеңге байланысты профессор Ә.Мұхтар «Бахадүр батыр Бөкенбай» атты зерттеуінде «… Міне, осы 1742 жығы сәуір айында түрікмендермен болған ашық шайқаста Бөкенбай батыр бастаған жүздеген қазақ ерлікпен қаза тапты» (КРО 1, С 211). Я.П.Гавердовскидің «батырдың өлімі қалмақтар қолынан болған» дегенін 1741-1742 жылдары Кіші жүзде болған ағылшын көпесі Гоктың жазбасы және мұрағат деректері жоққа шығарады.

Ол кезде түрікпендер қазақ еліне дүркін-дүркін шабуыл жасап, қыз- келіншектерін күңдікке, тоқалдыққа, жігіттерін құлдыққа алып кетіп, елдің берекетін алған уақыт қой. Оларға Адай, Табын, Шекті үшеуі төтеп берген. Түрікпендер Бөкенбай батырдан қорқатын болған дейді. Ол кезде оның жасы 73-те болған.

Сонда 1742 жылы 73 дүниеден озса, Бөкенбайдың туған жылы 1669 жылы болып шығады. 2004 жылы Бөкенбай батырдың туғанына 335 жыл толады екен. Жемге құятын Бөкенбай атымен аталған үш сай – Ащылы, Бөкенбай, Құр Бөкенбай, Байсары Бөкенбай сайлары бар, мұны айтқан Қожанов Айнақұл ақсақал. Қазақ даласында ертеде Табындар сол жерлерді жайлаған Құр Бөкенбай бойында ақын Бәкір Тәжібаев жырға қосқан «Ақбұлақ» деген жерде 300 метрдей қашықтықтағы Бөкенбай төбесінде Бөкенбай жерленген. Молдағали Өзбекбаев айтады: «Мені әкем сол төбеге талай рет ертіп барып, осы төбеде Бөкенбай батыр жерленген, қасындағы батырлармен бірге жатыр» дейтін еді. Құлпытасы мүжіліп тозған, ондағы жазуды оқу мүмкін емес. Халықтың айтуымен Бөкенбайдың бейіті деген тоқтамға келдік. Экспедиция құрамында археолог-этнограф Рақым Бекназаров бар еді. Мұрағат деректеріне қарағанда, Бөкенбайдың ата-бабасының, яғни Табынның Тарақты тайпасының Жиембет аталығы Шошқакөл-Доңызтаудан бастап 20-30 шақырымдық көлденеңімен Елек пен Қобдаға, Жайықтың жоғарғы ағысына дейінгі жерді жайлаған. Жемнің оң жағының бергі бетіндегі Бүйрекқұмның ішінде қыстаған. Осының дұрыстығын Тевкелев өзінің басына күн туғанда Әбілқайыр ханнан: «Бөкенбай қайда? Оны қанша күнде әкелуге болады?» деп сұрағанда, ол: «Қос атпен күні-түні жүргенде он күн кетеді» – деп жауап берген. Сонау Ырғыздың бойынан Қиылға дейін күзгі жайылым уақытында ат тынбастан жүрсе, күніне 100 шақырым жер алып отырады. Ал 500-600 шақырым жерге барып қайту үшін 10 күн, кетпей ме?» – деп сөзін қорытындылаған болатын.

Болашақ ұрпақтың бойында ерліктерімен ұлттық намыс пен ұлттық рухты қалыптастырар батырлардың бірі – Шекті Бөгенбай батыр Жапалақұлы туралы тарихи деректерді айшықтай отыра халықтың тарихи жады мен санасын қалыптастыру мақсатында осы мақаланы ұсынып отырмыз.

Қ. Әбенов,

тарих ғылымының кандидаты, доцент

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қанат ТІЛЕУХАН 07.06.2023, 09:32
Данияр Базарқұлов, режиссер: Отанды сүю деген билікті сүю деген сөз емес
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ 06.06.2023, 12:33
Серік Сәпиев: Миньяңда жалғыз қолмен жеңіске жеттім
Жексен АЛПАРТЕГІ 06.06.2023, 11:34
Қожекенің оралуы
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ 06.06.2023, 10:17
Ораловтың барында...
Сайт әкімшілігі 02.06.2023, 17:18
Бейбіт САРЫБАЙ. Ерлан ағай мен Мәулен ағайдың сабақтары
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ 02.06.2023, 11:00
Букмекерлік кеңселер: ойыннан от шығады

Аңдатпа


  • 100 қойдан 180 қозы алу синдромы немесе Бейсембаев пен Жақыпов мектепке барады
    10:12
  • Жамбыл полициясынан досың болса, қалтаңда пышағың болсын
    09:37
  • «Көше сыпырғыш әкім» көшелі брифинг өткізе алмайды
    09:01
  • Біздің жауымыз – жалған статистика
    07.06.2023, 12:30
  • «Ескерткішті Назарбаевқа қойғанда, сен де депутат болар едің»
    07.06.2023, 11:00