Боксшы қыздар нені бөлісе алмай жатыр?

Жарас ШӨКЕ

22.10.2021, 09:03

1686

Спорттың да саясаты бар. Саясат қана емес, спорт – қып-қызыл ақша. Оны бұрын да талай айттық, жаздық. Тіпті соңғы кездері әйелдер боксындағы талас-тартыс ашыққа шығуда. Естеріңізге салайық, бұл тартыс – Назым Қызайбай мен Ангелина Лукас арасындағы кәдімгі жекпе-жек емес, ақпараттық шайқас. Шайқастың қызып кеткені соншалық, екі тараптың да сөзін сөйлеп, қолтығына су бүркіп отырғандар аз емес. Олардың уәжіне сенсек, әрқайсысының бұлтартпас дәлел-дәйектері баршылық көрінеді.

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бұл тартыс неден тұтанды? Осыған тоқталайық. Қазақстан чемпионы, әлем кубогының иегері Ангелина Лукастың Қ.Тоқаевқа жазған мәлімдемесінен кейін ақпараттық шайқас бұрқ ете қалды. Ангелинаның айтқан уәжіне сенсеңіз, ұлттық құрама сапында оған Назым Қызайбай күн көрсетпейді екен, тіпті екі дүркін әлем чемпионатының кесірінен құрамадан да шеттетіліпті-мыс.

Мұндай тартыста әркім өз жалауын көтеріп, өзінің сөзін ақтайтыны айдан анық. Бұған бокс федерациясындағы жауапты тұлғалардың да айтар уәжі бар көрінеді. Федерацияның атқарушы директоры Марат Мықтыбеков журналистерге берген сұхбатында Токио олимпиадасының алдында лицензиялық турнирге 51 келі салмақта әлемнің екі дүркін жеңімпазы, елімізде әйелдер арасынан шыққан алғашқы әлем чемпионы Назым Қызайбай емес, Ангелина Лукас барғанын айтты. Ал олимпиаданың жолдамасына іліне алмаған Ангелинаның «құрамадан мені негізсіз шеттетті» дегені, Назым Қызайбайдың бөлмесінің алдына тұз ба, шекер ме, әлде химиялық ұнтақ па, ұсақ затты сеуіп кеткенін де арнайы құрылған комиссия мүшелері анықтайды. Даулы мәселеге нүкте қою – солардың еншісіндегі шаруа. Бірақ әлдекімдер жоқ нәрсені бықсытып, арандатудың аранына айдап салуға екі алақанын ысқылап отыр. Онысы кімге тиімді, одан кім таяқ жейді, кімнің айызы қанады? Ол да анық емес. Анығы – екі боксшыны ойлап отырған ешкім жоқ, осындайда әркім өз ұпайларын түгендеп алмақ ниетте.

«Ангелина Лукасқа қысым көрсетіп жатыр», – деген жақтастары да байрағын беліне байлап, ақпарат айқасына кірді қазір. Қысқартып айтқанда, Лукастың ұлттық құрамадан не себепті шеттетілгенін, Назымның оған қысым көрсеткені рас па, әлде «жақтым күйе, жаптым жала ма» оны комиссия қорытындысынан кейін білерміз.

Қазақ еліне екі боксшының да шыққан биігі – биік, жеткен жетістігі асқар таумен тең. Жасыратыны жоқ, Назым Қызайбай – қазақ елінің бокс тарихында әлем чемпионы атанған тұңғыш қыз. Осы биігіне екі рет көтерілген дарабоз. Қалай құрметтесең де, төбеңе көтеріп, алақанға салып аяласаң да жарасады. Ангелина Лукас та талантты боксшы, дау жоқ. Назым мен Ангелина арасындағы тартыс бір емес, бірнеше мәрте өтті. Белгілі спорт журналисі Қуаныш Нұрданбекұлының айтуынша, жыл сайын дәстүрлі түрде Қарағанды қаласында өтетін Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнирде Назым қола медаль алған, Ангелина Лукас турнир чемпионы болды. Одан кейін Лукас халықаралық турнирлерде жеңіске жетіп, Азия құрлығы бойынша олимпиада лицензиясы таратылатын турнирге қатысып, жолдама иелене алған жоқ. Одан кейінгі лицензиялық турнир осы жылдың мамыр айында Парижде өтеді деген. Оған былтыр ел чемпионатында жеңісті сериясын жалғаған Назым Қызайбай баруы тиіс еді. Иә, талассыз Қызайбайдың қызы Парижге барады деп шешілді. Өйткені 2020 жылы өткен Қазақстан чемпионатының финалында Назым Ангелинаны ұтты. Бірақ Франциядағы жолдама үлестіретін турнир пандемияның кесірінен болмай, боксшы қыздардың бағын байлады.

Спорт журналисінің сөзінен түсінгеніміздей, қазір «қай жеңгенің менікі» дейтін уақыт емес. Қалай десек те, Лукас пен Қызайбай текетіресі біраз «қотырдың» бетін ашып, сыздауықтың соқтасын сыға түскен сияқты. Назымға хабарластық. Ол: «Мен Ангелина Лукаспен бірнеше мәрте жекпе-жекке шықтым. Үш рет мен жеңдім, екі кездесуде жеңісті оған берді. Тіпті 2019 жылы Сербияда өткен халықаралық турнирде төрешілердің Лукасқа бүйрегі бұрып кетті. Сол жекпе-жектің бейнежазбасы өзімде әлі сақтаулы тұр», – деді. Ал Ангелина Лукасқа хабарласуға ниеттенгенімізбен, байланыса алмадық. Жеке бапкерімен де тілдесудің мүмкіндігі тумады. Ангелина Лукастың айтар уәжі болса, алдағы уақытта оқырманға ұсынуға біз дайынбыз.

Бокс федерациясының вице-президенті, Афина олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, мемлекеттік жаттықтырушы қызметін атқаратын Бақтияр Артаев Назым мен Ангелина арасында даудан әбден зәрезап болған екен. Қойған сұраққа қысқа жауап қайырды. Оның айтуынша, бұған дейін де олар Ангелинаға бірнеше мәрте ескерту жасаған. Спортшыға тән мінезден ауытқығанын айтып отыр. «Жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына барғанда бапкерлерді, спортшыларды камераға түсіріп, жариялайды. Қит етсе: «Президентке жазамын, басшылыққа айтамын», – деп өршеленіп келді. Ешқандай рұқсатсыз, келісім алмастан, түрлі жарнамалық роликтерге де түсті. Соның барлығы жиналып-жиналып, ақыры қоғам алдында запыраны ақтарылды. Біз де қашанғы ыға береміз, шыдамның да шегі бар. Еркелікті де еркіне қоя беруге болмайды. Тәртіп бәрінен бірдей талап етіледі. Бағынбайсың ба? Жолың әне!» – деді ол.

Бейжің олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Ангелина Лукасты жекпе-жекке дайындайтынын естідік. Ол Артаевқа «Назымды дайындап әкел» деп шақырту жолдапты...

Спортшы қыздар арасындағы текетірес мұнымен бітпейтін сияқты. Бұл дау – қазақ спортындағы сыздауықтай сыздап тұрған жараның бірі ғана.

Тегтер: спорт футбол хоккей ақпарат дерек ұйымдастыру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 13:00
Пешене
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 23:09
Талас Омарбеков дүниеден өтті
Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14