Бұғатталды емес, бұғақталды!

Дулат ИСАБЕКОВ

20.04.2021, 11:49

761

Соңғы кездері бүкіл ақпарат көздерінде «бұғат» деген сөз «бұғақ» деген сөздің орнына емін-еркін айтылып та, жазылып та келеді. Сөз біледі деген кейбір ақын-жазушыларымыздың өзі «бұғақталды» деген сөздің орнына «бұғатталды» деп алаңсыз жаза бастады. Басқа – басқа, «бұғат» пен «бұғақты» ажырата алмайтын журналистердің қаптап кеткені өкінішті-ақ.

Түсіндіріп айтайын: бұғат деп – үйдің қабырғасы мен жабындының арасын айтады. Бұғат ағаш, бұғат қамыс т.с.с. Бұғат деген сөз термин ретінде қазіргі үй құрылысында да пайдаланылып келеді. Ал бұғақ деп – асау аттың мойнына салатын қыл шылбырды айтады. Мұндай шатасуды бір әріпке байланысты кездейсоқ грамматикалық қате шығар деп жүрсем, барлық газет-журнал «бұғақталды» деген сөздің орнына «бұғатталды» деп жазу айнымас ережеге айналып бара жатыр. Бұл жөнінде мен бұдан бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде ашына жазып едім. Оны тыңдайтын журналистер жоқ сияқты. Тіл білмеушіліктің салдарынан бүгінгі таңда қазақ тілі шұбарланып бара жатыр. Қазақ тіліндегі тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер де әркімнің өз қалауынша жазыла беретін болды. Оны түзейтін редакция қызметкерлерінің тілдік қоры да жұтаң. Қазақта ежелден айтылып келе жатқан «Сенген өгізім сен болсаң, күйсеген нақ аузыңды ұрайын» деген мәтел бар. Осы мәтелді тіл білмейтіндер «Сенген қойым...» деп, өңін айналдырып жазып та, айтып да жүр. Айналайындар-ау, мәтелдің мәніне қарасаңдаршы! Шаруа адамы  бір қойға қалай сенеді? Не үшін сенеді? Бұл мәтелдің шығу себебі де бар. Бес қойы бар бір шаруаға бір пысықай адам келіп: «Бес қойдан саған не пайда? Одан да бес қойыңды бір өгізге айырбаста. Көктемде өгізбен жер жыртып, егін салсаң 20-30 қой табасың», –  деген соң, шаруа байғұс бес қойын өгізге айырбастап, көктемде жер жыртуға кірісіпті. Егін алқабын бір-екі рет айналған соң, өгізі соқаны тартпай, жата кетіпті. Шаруа байғұс өгізді тұрғызбақ боп мүйізінен тартады, құйрығынан бұрайды, қамшымен соққылайды. Ал өгіз болса былқ етпей, күйсеп жата беріпті. Күйіп кеткен шаруа байғұс: «Сенген өгізім сен болсаң, күйсеген нақ аузыңды ұрайын», – деген екен амалы таусылып. Шаруа адамы сенсе өгізге сенер, жалғыз қойға не деп сенбек?

«Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көр» деген ежелгі мәтелдің де өңін өзгертіп, ешкінің орнына кейбіреулер қойды қоя бастапты. Әйтеуір, түйеден жеңіл жануар болса болды дегені ғой.

«Пәленше дегеннің үй мүлкі бұғатталып, өзі түрмеге тоғытылды» деген тіркес көп кездеседі. Адам түрмеге тоғытылмайды, қамалады! Қойды қырқып болған соң, жеңіл-желпі жарақаттары жазылсын деп, бәрін кералин қосқан кубкаға тоғытады.

Айта берсең мұндай тіл бұзатын мысалдар көп-ақ. Мен солардың жаппай етек алып келе жатқан бір-екеуіне ғана тоқталдым. Бұқаралық ақпарат көздері қазақ тілінің бұзылмай, таза сақталуына баса назар аударулары қажет.

Тегтер: ой пайым пікір БАҚ

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Амангелді СЕЙІТХАН 11:19
Сегізбаевтың сексені
Амангелді СЕЙІТХАН 12.05.2021, 08:27
Оныншы тур. Озған бар
Құрманбек ӘЛІМЖАН 07.05.2021, 08:41
Тәуелсіздік жолында ту көтерген хан Кененің қазасы
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 06.05.2021, 10:52
Қысқарған іс немесе отқа оранған «Икарус»
Бифат ЕЛТАЕВА 06.05.2021, 09:21
Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
Қымбат ӘБІЛДАҚЫЗЫ 04.05.2021, 16:02
«Айгөлектің» әкесіндей болдыңыз...

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06