02.06.2023, 11:00
5206
Қазір әлеуметтік желілер мен қала көшелерінде жиі кездесетін жарнамалық роликтердің біразы – букмекерлік кеңселерге тиесілі. Соған сәйкес букмекерлік кеңселерді жағалайтын жастардың саны да жыл санап артып келеді. Букмекер – бәстеспе ойындарда бәске тігілген ақшаны қабылдаушы деген мағынаны білдіреді. Мысалы, қандай да бір құрамалар арасында футбол ойыны болып жатса, соның есебі қандай болады, кім ұтатынына бәс тігіп, ақша ұсынасың. Кейін ойынға қойылған коэффициент арқылы ақшаңды бірнеше еселеп қайтарып аласың, немесе жеңіліп, қалтаңды қағасың.
Бүгінде жалғыз интернет-ресурс арқылы бәс тігетін адамдардың саны 400 мыңнан асып жығылса, заңды тіркелген 3000-ға жуық бәс қабылдау пункті бар. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның айтуынша, 2022 жылы құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша қызметтер көлемі 553,6 млрд теңгені құраған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 52 млрд теңгеге артып кеткен және 2020 жылмен салыстырғанда 6,2 есеге (89,7 млрд теңге) жоғары. Әрине, бастапқы жылдары букмекерлік кеңселер халықты сендірудің бар амалын қарастырып бақты. Артынша соларды жағалайтын жастар мен жұмыссыздар көбейді. Әсіресе футболдан әлем чемпионаты кезінде букмекерлік кеңселердің жұлдызы жанады. Мәселен, бір күнде бір кеңсенің өзінде мыңнан астам адам ұтыс тігіп, бәс тігу бәйгесіне қатысқандығы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көптеп айтылып жүр. Олардың арасында 100 000-нан көп ақшасын желге ұшырғандар да кездеседі екен. Сондай-ақ аз ақша беріп, оны еселеп алғандардың да үлесі басым.
Букмекерлік кеңсенің тұрақты қонақтарының көпшілігі бәс тігуді құмар ойындар қатарына жатқызбайды. Мұндағы жеңіс өзіңнің спорт саласындағы білімің мен білігіңе байланысты деген дау деп айтады. Құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу – қызмет көрсету көлемі бойынша жылжымайтын мүлікті рәсімдеуден, (2,6 есе), сәулет, инженерлік ізденістер, техникалық сынақтар және талдау саласындағы қызметтен (1,7 есе), компьютерлік бағдарламалау мен консультациялық қызметтерден (1,4 есе) кейінгі орында тұр.
Қазіргі кезде букмекерлік кеңселердің қызметі онлайн режимге ауысып, қолданушылардың басым бөлігі телефон арқылы бәс тігуге көшкен. Бұған басты себеп – букмекерлік кеңселердің ішінде отырып, матчтар мен сайыстар көру мүмкіндігінің болмауы және букмекерлік кеңселердің Алматы облысының Қапшағай су қоймасының жағасында орналасқан Қонаев қаласы мен Ақмола облысы Щучинск қаласына көшірілуі еді. Соған қарамастан, аталмыш кеңселерге деген тұтыныс азайған емес, себебі онлайн бәс тігушілердің саны қарқынды түрде көбеюде. Қазіргі кезде еліміздегі букмекерлік кеңселердің ішіндегі көш бастап тұрғаны – «PariMatch», «1xBet», «Fonbet», «Olimpbet» сынды компаниялар. Букмекерлік кеңселердің 2 түрі бар: заңды тіркелген және заңсыз жұмыс жасайтын кеңселер. Екеуінің негізгі айырмашылығы – букмекерлік кеңседе мемлекеттік лицензияның болуы. Заңсыз кеңселер өз қызметін мемлекет мақұлдаған лицензиясыз істейді, атап айтсақ Ratingbet сайтының мәліметінше, «Olimp» компаниясы Қазақстан аумағында тыйым салынған. Лицензиясыз жұмыс істейтін мұндай компаниялар қазынаға салық төлемейді және ойыншыларға лицензиясы барларға қарағанда жоғары коэффициенттер ұсынады.
Елімізде ойын бизнесін реттейтін арнайы заң 2007 жылы қабылданды. Осы ойын бизнесі туралы заңында көрсетілгендей, лицензия алуға өтініш білдірушінің иелігінде әрбір ойын мекемесі үшін ең кемі 20 мың АЕК көлемінде міндетті қоры болуы керек. Бұл қаржы ұтыс иегерлеріне тиісті төлемдерді төлеу үшін жұмсалады.
Букмекерлік кеңселерді құмар ойынына жатқызу, жатқызбау туралы дау әлі күнге тоқтаған емес. AMANAT партиясының «Қоғамдық саясат институтының» жасаған әлеуметтік зерттеуде халықтың 73,7 пайызы лудоманияға қатты алаңдаулы екенін айтқан. Респонденттердің 66,1%-ы ойынқұмарлықты тәуелділік деп санаған. Ал белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы «Алаш айнасы» газетіне берген сұқбатында: «Букмекерлік кеңселердің қызметі құмар ойынға жатпайды. Себебі ол жерде білім, логика да сынға түседі. Ол казино секілді ақшаны ортаға лақтырып, қолдағы карта ашылса ұта беретін дүние емес. Онда терең білімің болуы керек. Спорттың тарихын, ережесін, кімнің қалай ойнайтынын жетік біліп, зерттеп, талдап, саралап отыруың керек. Ол еңбекпен жететін жетістік. Мәселен, мен секілді спорттың маңында жүрген адамдарға ол өте қажет. Дәл соның жарысына қатысып, ақша ұтып алатын болсам, оның несі айып? Кімге зиян? Енді біреулер «Балалар барады, ақшасын шашады» деп айтып жатады. Біріншіден, олар балаларын үйінде тәрбиелесін. Жеткіншек бойына ұлттық салт-сананы сіңірсін. Егер баланың тәрбиесі нашар болатын болса, онда ол букмекерлік кеңселер тұрмақ, казиноларға барып, арақ-шарап ішіп, адам өлтіруден тайынбай кетеді. Ал букмекерлік кеңселер білімге, білгірлікке, ақылға, парасатқа, көп ойланып шешім шығаруға негізделген ойын түрі», – деп пікір білдіреді. Алайда бәс тігудің құмар ойын сияқты адамға психологиялық әсері барын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ ол ойынға емес, ұтыс қойғаннан кейін спорттық бәсекелерді тамашалау барысында адам бойын билеп алатын сезімге деген тәуелділік.
Әу баста француз азаматы Пьер Олер ойлап тапқан ойын бүгінде Еуропа елдерінде жоқтың қасы. Олар тәуелділіктің қаупінен қорыққандықтан, бұған қатаң тыйым салған. Ресми түрде тек Англияда ғана спорттық ойынға бәс тігуге рұқсат етілген.
Букмекерлік бәс тігудің психологиялық тұрғыдан адамға қаншалықты зиян екенін тиісті мамандардан сұрап білдік. Психолог және психотерапевт Амангелді Мейрамбекұлы букмекерлік кеңселер мен құмар ойындардың қызметіне жүгіну, ең алдымен, адамның болашаққа деген мақсатсыздығы мен әлі ішкі құндылықтары дұрыс бекімегеннен туындайды деп есептейді. Студеттермен жұмыс барысында жастардың қомақты қаржыны тез уақытта тапқысы келетіндігіне байланысты осындай ойындар мен бәстерге жүгінуге мәжбүр болатынын алға тартты. «Құмар ойындар лудомания деп аталатын психологиялық дерт. Бір ойнаған адам, екінші рет келгісі келіп, делебесі қозып тұрады. Букмекерлік кеңселерге бәс тігу де құмарлықтың бір түрі. Ойынқұмарлық дерті нашақорлық пен ішімдікке әуестіктен де әлдеқайда қауіпті. Осыдан төрт жыл бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз үйін, дүние-мүлкін бәске тігетіндерге ауру деген диагноз қойған. Дені сау адам мұндай іс-әрекеттерге бармайды. Сол сияқты мұны жүйке жүйесінің ауруы деп те айта алмаймыз. Себебі жүріс-тұрысы сау. Бірақ бірнәрсесі дұрыс емес. Бәс тігетіндер қанша жерден сөз беріп, әдетін қоятынын айтса да онысын тоқтата алмайды. Дер кезінде тоқтатпаса, алаяқтыққа дейін апарады бұл жол. Себебі ол адамның өзіне еріксіз сендіріп әкететін гипноздық қасиеті пайда болады. Одан арылу әрекеті оңайға соқпайды, бір айлық оңалту курсында емделу үшін мың доллар төлеу қажет. Ал мұндай дерттен емделудің орташа мерзімі алты айға дейін созылады. Ең қиыны сол, ешбір емделген адамды ойынқұмарлықтан құлантаза айықтыруға кепілдік бере алмайды. Бәрі тәуелділікке түскен жанның ниетіне, ішкі күш-жігеріне байланысты. Жеңіл табыс, құмар ойынның бәрі де адамға психикалық және моральдық, материалдық залал келтіретіндіктен, әлемдік тәжірибеде көп ел букмекерлік кеңселерді жарнамалауға тыйым салуда. Мәселен, Италия 2019 жылы құмар ойындар мен букмекерлік компанияларды жарнамалаудың жолын кесті. Әзербайжанда 2021 жылдан бастап құмар ойындар, бәс тігу мен лотереяларды жарнамалауға болмайды, ал Бельгия үкіметі 2023 жылдан букмекерлік кеңселер мен құмар ойындарды жарнамалауға біртіндеп тыйым салу туралы заңдар қабылдады», – дейді.
Тағы бір түйткілді мәселе, елімізде букмекерлік кеңселерге ұтылған бәсті төлеу үшін несие алатын жастардың саны көбейген. Мұның басты себептерінің бірі – букмекерлік кеңселердің өршіп тұрған жарнамалары болуы мүмкін. Агрессивті, жеңіл қаражатты көздейтін жарнамалардың адамға тез әсер ететінін ғылым да жоққа шығармайды. Дәл осындай жарнамалардың кесірінен бірнеше миллион қарызға кірген 19 жастағы Айдын (аты өзгертілді) есімді жігітті іздеп таптық. Ол басынан өткен оқиғасын былай баяндап берді:
«Алғашқы кезде тек футбол матчтарына бәс тігіп, жақсы ұтыстар ға қол жеткізіп жүрдім. Кейін өзімнің тәуелді болып бара жатқанымды байқасам да, түрлі ойындарға қалтамдағы соңғы ақшаны салып жүрдім. Тіпті ақшам таусылған кезде тез микрокредиттердің көмегіне жүгіндім. Бір қарызды екінші қарызбен жабамын деп, қарызымның жалпы соммасы миллионнан асып кетті».
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, букмекерлік бәстерге қызығатындардың көбісі жастар. Оның негізгі себептерін де жоғарыда атап айттық. Қалай десек те жастарымыздың есігі айқара ашық жатқан құмар ойындарының ошағында, маздаған отқа жылынып жүргені бәрімізді қынжылтады. Мұның қандай да бір заңдық ережелері жасалып, букмекерлік кеңселер қатаң қадағалануы тиіс деп ойлаймыз.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР