Данияр Базарқұлов, режиссер: Отанды сүю деген билікті сүю деген сөз емес

Қанат ТІЛЕУХАН

07.06.2023, 09:32

2794

Данияр Базарқұлов – «JOI» театрының көркемдік жетекшісі әрі режиссері. Кино және театр актері. 2002-2010 жылдары Батыс Қазақстан облыстық Қазақ драма театрында актер болып еңбек етті. 2010 жылдан бастап Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актер болып жұмыс істейді. 2018 жылдан 2019 жылға дейін Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында көркемдік жетекші қызметін атқарды. 2020-2021 жылдары наурыз айынан бастап Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында көркемдік жетекші міндетін атқарады. Сондай-ақ Түркістан театрының бас режиссері және Астанадағы Музыкалық жас көрермен театрының режиссері болып қызмет еткен.

– Данияр, Ерлан Кәрібаев қойған «Ол» моноспектаклінде сіздің кейіпкеріңіз «адамдар, сендерге тұлға керек пе?» деген сұрақ қояды. Осы сауалды сізге қойғым келеді.

– Әрине, керек. Бұл Ермек Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» пьесасы. Соған интерпретация жасап, сахнаға алып шықтым. Бұл менің күйзелісте жүрген кезім еді. Бір ақынның тағдыры арқылы қоғамға жанайқайымды жеткізгім келді.

          Біз Алаш қайраткерлерін жоқтай береміз. Неге қазір өз арамызда сондай зиялылар шықпайды? Әрқайсымыз қайраткерге айналуымыз керек. Бұл сөзді марқұм режиссер Болат Атабаев жиі айтатын. «Еңбек сіңірген қайраткерге» емес, мемлекетке шын жаны ашитын, елдегі қоғамдық-саяси өмірге бейжай қарамайтын азамат болуымыз керек. Зиялы адам – ұлттың тағдырына алаң жан. Жауапкершілікті сезінетін тұлға. Қазір ондай адамдар азайып кетті. Көбі күнкөрістің қамытын киіп алды. Шетінен икемшіл, жағымпаз. Біздің жасымыз да қырықтан асты. Біздің қатарластарымыз тұлғаға айналуы тиіс деп ойлаймын.

– «Театрдың функциясы қотыр болған жараны қанына дейін ағызу. Театр саясатпен тікелей байланысты мекен. Қоғамның шындығын айтатын жер. Театр көрерменді күлдіртпеуі керек. Жылатпауы да тиіс. Ойландыру керек» депсіз бір сұхбатыңызда. Қазір театрлар ойландыра алып жатыр ма?

– Мен көп театрларда болам. Көрермен ретінде отырып тамашалаймын. Ойландыратын спектакльдер бар. Көп театрлар көптің деңгейіне түсіп кеткен сияқты. Ән, күй, би. Түрлі эфектілер мен талғамсыз көркемдеулер. Қоғамда болып жатқан проблемаларды айтып жатқан театрлар кемде-кем. Өйткені цензура бар. Әсіресе үлкен театрларда. Ол жерде қатты айқайлап айта алмайсың. Түсінем, айқайлап, шындықтың құнын түсіруге әсте болмайды. Театр шындықты сыбырлап жеткізетін мекен. Көрерменді тек күлдіруге, жылатуға болмайды. Театрда сізбен-біздің проблемамыз айтылуы тиіс. Жоғарыдағылар театрға адамның көптен келуіне баса мән береді. Кассалық спектакльдер көп болуын қалайды. Негізі театр басшыларының ішкі цензурасы күшті. Үнемі қорқынышта. Өз үрейлерінің тұтқынына айналған. Мен осыны түсіне алмадым. «Мына пьесаны сахнаға шығарсам басшылар не дейді? Қызметімнен айырылып қалмаймын ба?» деп жүргендері сол. Жаңбыр жаумай жатып, етектері су болып жүреді. Елдегі саяси жағдайларды өз басым сахнаға шығардым. Келген көрермен риза болып қайтты. Бір шенеунік маған келіп «мынаны неге қойдың» деген жоқ. Жалпы біздің шенеуніктер театрға келе ме екен. Олар театрмен санаспайды.

          Қазір «Жаңа Қазақстанда» өмір сүріп жатырмыз дейді. Бұл сөз биліктің ауызынан шықты. Онда неге театрларымыз еркін болмайды? Театр басшылары түрлі тақырыптарға баруы тиіс. Жаңа Қазақстан деген тек Назарбаевты сынау емес қой. Азат ой үстемдік құрсын. Цензура жойылсын. Айтпақшы, бір кезде Нұрсұлтан Назарбаевты мақтағандар, оның қолынан марапат алғандар және бір ауыз сөз айтпағандар алға шығып кетті. Назарбаевты сынағанда алдарына қара салмайды.  

– Осыдан екі жыл бұрын берген сұхбатыңызда «өзімді режиссермін деп айта алмаймын» депсіз. Қазір ше?

– Бұл комплекс. Яки қарапайым боп көрінгім кеп айтқан сөзім емес. Менің режиссер деген дипломым жоқ. Алғаш спектакльдерімді қойып бастағанда осыны бетіме көп басты. «Бұл режиссер емес, актерлік көзқараспен қарайды. Теорияны, базаны білмейді» деген сөздер естідім. Сонда «Мен не істеп жүрмін» деп өзіме күдіктеп қарай бастадым. Уақыт өте келе режиссер болу үшін дипломның қажеті жоқ екенін түсіндім. Өмірлік тәжірибе керек. Ең бастысы бойыңда не бар, не жоқ. Журналист болу үшін таратқан ақпаратыңда ақиқат болуы хақ. Режиссура – ол менің субъективті көзқарасың! Былтыр арнайы Грузияға бардым. Ол жақтағы режиссерлермен таныстым, сөйлестім. Қойған дүниелерімді көрсеттім. «Мен режиссермін ба?» деп сұрадым. Күледі. Неге режиссер емессің дейді. Дипломым жоқ деймін. Ол саған керек пе дейді. Маған Қазақстанда дипломың жоқ деп айтады дедім. Грузиялық әріптестер мәселе дипломда ма деп таңғалды. Біз Болгария, Польша басқа да еуропа театрларына барамыз. Ешкім бізден диплом сұрамайды. Бірінші қойған спектакльдерімізді көреді. Ұнатса болды, шақыра береді дейді. Сен жиырма жыл актер болып театрда ойнаған екенсің. Соның өзі көп нәрсені айтпай ма деп тағы да қарсы сұрақ қойды маған. Олар үшін қағаз бірінші орында емес екен. Ал бізде әлі сол. Советтік стереотиптен шыға алмай жатырмыз. Мөр басылған қағаз керек. Қазір мен өзімді режиссермін деп есептеймін. Бірақ үйренеріміз көп. Режиссер карьерасы аяқталғанша үйрене беруі тиіс. Мысалы, Болат Атабаев ізденісті мүлдем тоқтатпаған. Үйренуден жалықпаған шебер. Театр саласында резонанс тудырды. Реформа жасады. Новатор болды. Жастармен-ақ «Қыз Жібекті» мюзикл етіп қойды. Былайда қойса болады екен дедік. Былай да ойнаса болады екен, былайда сөйлесе болады екен дедік. Болат ағаның арқасында дәстүрлі методтан Чеховтың методына ерте көшіп алдық. О кісінің барлық спектаклін көрдім десем болады. Режиссерлік жұмыстың машақаты ауыр.  Менің балалығым Жезқазғанда өтті. Әкем Жоламан Базарқұлов сол өңірдегі театрда еңбек етті. Жанат Хаджиевті көріп өстік. Ол жерде актерлер екіге бөлініп, бір-бірімен бәсекеге түсетін. Бір тобы Алматыдағы Жүргенов академиясының түлектері болса, екінші тобы Ресейдегі Щепкин атындағы театр институтының түлектері. Бұл өнер жарысы болатын. Актерлар бәсеке арқылы іріктелді. Жанат Хаджиевтің барлық жетістіктері Жезқазған театрымен болды. Сол кезде бала болсақ та бәрі көз алдымда. Өзім ертегілерге шығып жүргем. Жанат аға спектакльдерді таза қоятын. Артық еш нәрсені көрмейсің. Суреткер еді. 1998 жылы-ақ өзін мойындатып тастаған. Ешкімнің ойына келмейтін формалар мен шешімдерді ойлап тапты. Актерлар оның сол ойын жеткізді. Болат аға Атабаев айтқан: «Жанаттың Қозы Көрпеш – Баян сұлуын көргеннен кейін мен не істеп жүрмін деген ойға келдім. Не деген гений деп жаяу екі-үш сағат жүріппін» деп. Содан кейін Хаджиевтің репетициясын көру үшін Алматыдан Жезқазғанға барыпты. Бірақ түкте түсінбепті. Себебі Жанат аға түсініксіз сөйлейтін. Тілінде кемістік бар. Кейбір сөздерін жұтып қоятын. Жанат ағаның бітімі бөлек тұлға еді. Барды бар, жоқты жоқ деп айтатын. Біреудің алдына барып тілемсек мінез көрсетпеген жан. Әрі қарапайым еді. Бала сияқты сезімтал еді.  Мүсірепов атындағы театрда бірге істедік. Жұмысқа келгенде қатал. Актер репетицияға кешігіп келсе рөлден алып тастайтын. Жезқазғанда актерларын жарықты жағып өшіруші ғылып, немесе декоратор етіп жазалайтын. Сахнаны тазалатады, реквизиттерді көтертеді. Бұндай жазаны 3-4 айға кесетін. Әрине, бәрі жөн-жосығымен болатын. Ол кісінің мектебінен Асылболат Смағұлов, Сағызбай Қ   арабалин, Қонысбек Айдаров, Зибагүл Қарина, Жоламан Базарқұлов, т.б мықты актерлар шықты. Жезқазған театры Алматыға келгенде барлық бәйгені алып кететін. Әшірбек Сығай «Шалғайдағы емес, маңдайдағы театр» деген мақала жазған. Жезқазғандық актерлар Хаджиевтің бағы еді. Режиссер бағын ашатын актерлар болады екен ғой. Кейін Мүсіреповке келді. Бірақ Жезқазғандығыдай қоя алмады. Әрине, жақсы дүниелері болды. Менің естуімше Болат Атабаев, Жанат Хаджиев және Нұрқанат Жақыпбай бірігіп театр ашпақ болған екен. Бірақ ол ойлары іске аспаған.

– Әлем театрларында қойылған М. Горькийдің «Шыңырау» (На дне) пьесасын қойдыңыз. Жазушы Сатиннің ауызына «Өтірік құлдардың діні. Шындық еркін адамдардың діні» деген сөзді салады. Қазақ қоғамы қай дінді ұстанады деп ойлайсыз?

– Қазір біздің қоғам Бәке, Сәке, топшылдық пен рушылдықтан аса алмай отыр. Осыларды шешкеннен кейін дін, діл, тіл, мәселесіне тоқталу керек сияқты. Бастысы – жемқорлықтан арылу қажет.

– Жуырда «JOL» атты театрыңыздың ашылуында болдық. Бұның алдында «ŞAM» театры ашылған еді. Бұл сұраныстың барын көрсете ме?

– Қазір театрға деген сұраныс өсіп келеді. Бір кезде театрды толтыру проблема еді. Сөздің шыны керек, бұрын қинап залды толтыратын. Қазір олай емес. Театрға келетін көзіқарақты көрермен көбейіп жатыр. Осы мені қуантады. «ŞAM», «JOL» Алматыдай алып қалаға аздық етеді. Бізде, қалада жеке қазақ театры жоқтың қасы. Ал орыс жеке театрлары көп. «АРТиШОК», «Бункер», «Татальный театр», «ЛТЕ», Бәйтен Омаров атындағы «Жас сахна» бар. Репертуарларының тоқсан пайызы орыс тілінде. Сондықтан қазақ театрлары көбею керек. Олар түрлі бағытта болуы тиіс. Сонда әр көрермен өз таңдауын жасайды. Мысалы, біреулер ауыр психологиялық саяси театрларды таңдайды. Енді бірі мюзиклді таңдайды. Бұл көрермен талғамында қалыптастырады. Салыстырады, саралайды дегендей. Көрермен театрдың бағасына қарап емес, бұл спектакль маған не береді деп бару керек.

– Жаңадан театр ашу оңай емес шығар? Қолдаушылар бар ма?

– Театрды қолдаушылар бар шығар. Бірақ ондай адамды әлі кездестіргенім жоқ. Өз күшіммен «JOL-ды» аштым. Бір жақын досым көмектесті. Біздегі қалталы адамдар дәстүрлі өнерді қолдауға бейім. Айтыс, қазақша күрес сынды. Бірақ рухты олар ғана оятпайды ғой. Театр сан функционалды өнер. Тәрбие де беруге болады. Ұлттық құндылықтар да дәріптеуге болады. Актерлар құрамының тоқсан пайызы студент жастар. Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының 3-ші курс студенттері. Олармен жұмыс істеу қиын болды. Өзіме керек дүниелерді түсіндіру процесі оңай болмады. Оған оларды оқытып жатқан методология себеп. Академиядағы ұстаздардың сабақ беру тәсілін өзгерту керек сияқты. Құлдық санадан құтылатын уақыт келгелі қашан? Біз қашанғы ресейлік ГИТИС-ке жалтақтай береміз. Басқа қарайтын жер жоқ па? Кеңістік баяғыда ашылды ғой. Төрт-ақ миллион халқы бар кішкентай ғана Грузия жалтақтамайды. Мен Тблисиде болғанда грузиндер менен сұрады «осы сендер неге Ресейге еліктей бересіңдер. Өздеріңдікін неге ойлап таппайсыңдар. Өз болмыстарыңды көрсетпейсіздер» деп. Тблиси кавказдың театральды астанасы деген атқа ие болыпты. Он күн араладым. Бір күнде екі-үш спектакль көрген кездер болды. Грибоедов атындағы орыс театры, Руставели атындағы, Палиашвили мен Кабриадзе атындағы, Марджанишвили атындағы театр, Жастар да театры бар екен. Тізім осылай кете береді. Жеке театрлар өте көп. Театральный подвал, театр царского кварталы дейді. Сосын актерлар түрлі театрларда ойнай береді. Бір театрмен тоқтап қалмайды. Келісімшартқа отырады. Репертуарларын реттеп алады да қалаған театрларында ойнай береді. Маған ұнағаны – грузин актерлері, режиссерлері Отандарының нағыз патриоттары екен. Әрқайсының азаматтық ұстанымы бар. Ал біздің азаматтық позициямыз әлсіз. Тайғанақпыз. Азаматтық ұстаным жоқ жерде, тұлғалар шықпайды. Асылы, азаматтық ұстаным тек өнер адамының ғана бойында емес, барлық адамда болуы тиіс. Онсыз заң үстем құрған, хақыңды ешкім жемейтін мемлекет құру мүмкін емес. Біз әрқайсымыз өз құқығымызды білуіміз керек. Және соны талап ету қажет. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Оның болашағы бәріміздің қолымызда. Бірақ Отанды сүю деген билікті сүю деген сөз емес. Осыны шатастырып алмау керек.

– Театрыңыз жұмысын драматург Қолғанат Мұратұлының «Жарылыс» пьесасымен бастады. Мектептің тыныс-тіршілігін ғана емес, бүгінгі қоғамды көрдік. Ата-ана эгоизмі, отбасындағы авторитаризм мәселесі де қозғалды. Біз неге балаға жеке тұлға ретінде қарамаймыз? Неге міндетсіне береміз?

– Білмеймін. Ахмет Байтұрсынұлы «Бала тәрбиесі шешімі жоқ ғылым» дейді. Мен осы сөзге келісемін. Сіз айтқан спектакльді қойып, үйге келгенде сол баяғы әдетіме саламын. Балаларыма «мынаны істеме, ананы жасама» деп, небір тыйымдар саламын. Бұл менің қаныма сіңіп кеткен боп тұр ғой. Бізге ата-аналарға өзгеру керек. Қазіргі балалардың ойлау қабілеті, қабылдауы мүлдем басқа. Олар эмоционалды түрде өте әлсіз. Тек мотивацияны ғана қалайды. Сынды сындыру деп қабылдайды. Бала тәрбиесінің бір нәзік тұсын табу өте қиын. Баланы қалай тәрбиелеу керек деп біреу сұраса жауап табу қиын. Бала тәрбиесінің нақты нұсқаулығы жоқ. Әр баланың мінезі әртүрлі. Бала 13-14-ке келгенде психологиясы өзгереді. Ата-ана сол кезде балаға өте мұқият болу керек сияқты. Көбіне балаға ананы істеме, мынаны істеме. Ол ұят болады деп айтамыз. Ертең сен мені асырайсың. Мен сені не үшін таптым деп әңгіме айтамыз. Адам бойында тумысында екі дүние болады.  Бірі – сана, екіншісі – үрей. Балада сол сана болмаса, бәрі бекер сияқты. Оны кім оқытса да. Сондықтан да бабаларымыз «Бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деп бекер айтпаған сияқты. Қысқасы, балаға ақыл айта беруді қойып, сырлас досына айналуымыз керек.

– Қазір «Жаңа Қазақстан» деген сөз көптеп айтылып жүр. Саяси театр ашуға болмас па еді?

– Менің бағытым – негізі саяси театр ғой. Бірақ ол кімге керек? Ешкім сенімен санаспайтын болса. Ол ешкімге қызық емес қазір. Бірақ саяси театр болу керек. Қандай пьеса қойсам да мейлі, ол драмалық болсын, комедиялық болсын. Мен ол жерге саясаттың кем-кетігін көрсетуге тырысып жүрмін.  

– М. Булгаковтың «Театральный роман» деген аяқталмаған романы бар.  Жазушының жары Елена Булгакова күйеуінің МХАТ театрының көпшілік білмейтін тұсы жайлы жазғанын айтқан. Иван Висильевич деген кейіпкер Станиславский дейді. Өзіңіз актердан бастап көркемдік жетекшіге дейін еңбек еткен Мүсірепов театры жайлы кітап жазса, қандай шығарма шығар еді?

– Актерлардың беті жылтырап жүргенімен, әрқайсының өз мұңы бар ғой. Егер бүгінгі театрлар туралы роман жазылса, ол трагикомедия болар еді. Оның ішінде бәрі бар. Саясат та, сатқындық та, адамгершілік те. Театрда интеллигенция қалыптасады.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жақсылық Қазымұратұлы 16.09.2023, 13:50
Әлем әдебиетін оқыту орыс әдебиетінен бас тарту ма?
Есей Жеңісұлы 16.09.2023, 11:57
«Барыс» Қазақстанның командасы емес
Сайт әкімшілігі 16.09.2023, 09:45
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеу кезеңін жеңіспен бастады
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 15:10
Жәнібек Әлімханұлы «Канелоны» жекпе-жекке шақырды
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 11:55
Екі ресейлік спортшы Қазақстан азаматтығын алады
Сайт әкімшілігі 12.09.2023, 16:45
Роналду Қазақстан құрамасының Солтүстік Ирландияға қарсы ойынын көрген (фото)

Аңдатпа


  • Әлем әдебиетін оқыту орыс әдебиетінен бас тарту ма?
    16.09.2023, 13:50
  • Ақтөбеде терроризмді насихаттады деген күдікпен 2 адам ұсталды
    16.09.2023, 13:15
  • Алматыда Астана алаңы мен Сәтбаев көшесінің бір бөлігі жабылады
    16.09.2023, 12:52
  • Ет туралы ертегі
    16.09.2023, 12:33
  • Біздің қоғам шындықтан қорқады
    16.09.2023, 10:55