Дара дауысты ДИАС

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

17.09.2020, 10:36

1296

       Қазақ музыка әлемінде  қаншама дарынды сазгер, күміс көмей әнші, тума таланттар өздерінің Алла берген айрықша талантымен ұмытылмастай ел есінде сақталып қалған. Олардың өздеріне тән ән салу ерекшелігі  көптен бөліп, дарындылығын паш етеді. Сол секілді әрбір саланың өз саңлағы, өз топжарар талантты тұлғасы болады. Олар өзінің тума талантымен ортадан оқшау озып тұрары анық. Мысалы, еліміздегі спорт комментаторлық саласының негізін қалаған, атақты комментатор, футбол ардагері Диас Ілиясұлы Омаровты сол күміс көмей үні бар, байтағы кең, сөз байлығы жоғары тұлға ретінде бөле-жарып айтар едім.

      «Тектіден текті туар шаң жуытпас» демекші, әкесі Ілияс Қаз ССР мәдениет министрі, Қазақстан орталық комитетінің хатшысы болған адам. Зиялы  отбасында дүниеге келген Диас әкесі Ілиястан  мәдениеттілік пен еңбекқорлықты, анасы Гүлшаттан мейірімділік пен адамгершілікті бойына сіңіріп өседі. Бала кезінен футболға жаны құмар Диас бозбала шағынан аула  футболында алдына жан салмай, допты тамаша игеріп алып, түрлі ойын шеберлігін паш етіп, құрбы-құрдастарын тәнті етеді. 

     Балалықтың ауылынан  алыстап, ержеткен шағында Диас Омаров С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөліміне  оқуға түсіп, айтулы білім шаңырағын жақсы біліммен аяқтайды. Диастың бала күнгі арманы халықтың сүйікті командасы – «Қайраттың» құрамында өнер көрсету еді. Сол арманы орындалып, Алла нәсіп етіп, сынақтан сүрінбей өткен дарын иесі 1965 жылы  «Қайраттың» ойыншысы болып шыға келеді. «Ояна кетсем, ояз екем» дегендей, бала күнгі арманы орындалған Диас енді бар күш-жігерін салып, тек тамаша ойын көрсетуге бел байлайды.

     Иә, қатарында Сергей Квочкин, Леонид Остраушко, Тимур Сегізбаев, Олег Мальцев, Евгений Кузнецов секілді бүкіл халықтың сүйікті ойыншылары бар команда құрамында тек  барыңды салып өнер көрсетпесең, қосалқы  топта қалып қояры сөзсіз еді. Дегенмен де Диас Ілиясұлы атынан ат үркетін әйгілі әріптестерінің  қатарында елеусіз қалуға намысы жібермей, тамаша тартысты ойын өрнегін көрсетіп, сол кездегі стадион толы келетін жанкүйерлерінің  құрметіне ие бола білді.

      Спорттың ішінен болаттай қайнап шыққан аяқдоп алыбы Диас Ілиясұлы өмірден алған тәжірибесін спорт журналистикасы саласына арнап көрмекші болады. Содан кейін еңбек жолын ақпараттық  газет-журналдардан бастайды. Кейін келе, қазақ  теледидары мен қазақ радиохабарлар толқынынан футбол репортаждарын жүргізіп, миллиондаған көрермен мен тыңдаушылардың  ыстық ықыласына бөленіп, сүйікті комментаторына айналады. Ресейде Вадим Синявский, Николай Озеров, Владимир Маслаченко секілді әйгілі комментаторлар жұмыс істесе, Грузияда Коте Махарадзе, Қазақстанда Владимир Тольчинский, Сейдахмет Бердіқұлов, Диас Омаров, Рабат Жәнібеков, Сұлтанғали Қаратайұлы, Өмірзақ Жолымбетов сынды қазақ спорт журналистикасының қадау-қадау қабырғалы, қайталанбас тұлғалары  өз іздерін ел есінде қалдырып кетті.

     Мысалы, Ресейдің 1950-60 жылдардағы аты шыққан қақпашысы Владимир Маслаченко өзінің спорттағы  мансабын сәтті аяқтағаннан кейін спорт комментаторы болып кеткен. Бұл саланы да тамаша меңгеріп алып кеткен атақты спортшы өзінің өмірдегі  жиған бай тәжірибесін тартымды репортаждарында қолданып, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөлене білген. Сол секілді біздің  Диас Омаров та «Қайрат» командасының қатарында жүріп, тамаша ойындарымен Қазақстандағы футбол жанкүйерлерінің жүрегінен орын тапты. Үлкен футболдан кеткен соң, футболдың бар ғажабын бойына сіңіріп қалған әйгілі ойыншы комментаторлық салада да алдына жан салмай, халқына ғажайып даусымен тамаша, тартымды  репортаждар тарту етіп, ел спорты тарихында есімі ұмытылмастай болып қалды.

      Диас ағамыз комментаторлық мамандықтың кержорғасы бола жүріп, осы бір салаға тың соқпақ салған жан. Эфирге шыққанда немесе радио толқынында футбол репортаждарын жүргізгенде ешқандай артық ауыз сөз айтпайтын Диастың сиқырланған ғажап даусы тыңдаушыларын өзіне баурап алатын өзіне ғана тән бір қасиеті бар еді. Содан кейін сөйлемді шұбыртып, сорпасын сапырып отырмай, қысқаша аз сөзбен көп мағына білдіретін (локонично), ойды жылдам жеткізе білетін ерекшелігі таңғалдыратын. Әрбір сөзі орнын тапқан кірпіштей жараса кететін. Ал ғажайып  даусы өз алдына бір төбе. Ардақты ағамыздың тағы бір ерекшелігі – репортаж кезінде пайда болатын үзілісте еліміздің әр жағында болып жатқан спорт жарыстарынан қысқаша ақпаратты уақытымен жедел бере отырып, эфирдің қызықтылығын арттыра түсетін.

     Спорт комментаторы бір бөлмеде жантая жатып алып, ешқандай қызықты мақалалар жаза алмасы белгілі. Бұл бағытта да Диас Ілиясұлын көпшілік ортасынан жиі көретінмін, әсіресе дүбірлі өткен жарыстарда өзіне ғана жарасатын, жымиып қана қоятын жылы күлкісімен бел ортасында тамашалап отыратын. Диас ағамен бір жарыста кездесіп, әңгімелесіп отырғанда былай  дегені бар:

    – Спорт журналисі спорт жарыстарына жиі барып, спортшымен бел жақын араласып білгенде ғана жақсы материал дүниеге келеді. Ал ғаламтордан қалқып алып жазған мақаланың бір тұздығы жетіспеген тамақ сияқты татымсыз болып тұрады.

        Диас Ілиясұлы Мюнхен, Мәскеу, Атланта, Наганодағы олимпиада ойындарынан алғаш болып репортаждар жүргізді. Сондай-ақ  волейболдан Алматының «Буревестник» командасы СССР чемпионы атанғанда, біздің волейболшылар Еуропа чемпионы кубогын жеңіп алғанда қуана сүйіншілеп, халыққа алғаш болып жария еткен спорт журналисі. Диас Ілиясұлы Ресейдің атақты комментаторы Николай Озеровпен де жақсы сыйлас болған адам. Бір мысал, 1972 жылы Мәскеуде аты әлемге тараған спорт комментаторы Николай Озеровтың 70 жасқа толуына орай, шағын футболдан журналистер арасында  «Пас от Озерова» деген халықаралық жарыс өтеді. Қазақстан командасы тұңғыш рет осындай, халықаралық деңгейдегі жарысқа сайдың тасындай қаламгерлерін  іріктеп алып, Арыстан Салин мен  Диас Ілиясұлының басшылығымен аттанып кетеді. Сол жарысқа қатысуға келген қазақстандық әріптесіне әйгілі комментатор Николай Озеров ерекше құрмет көрсетіп, тіпті қонақүйге арнайы өзінің көлігімен барып, алып кеткен сәттер де болған екен. Сол байрақты жарыста Диас атамыздың командасы «Комсомольская правда», ИТАР-ТАСС, «Московская правда», «Санкт-Петербург телевидениясы»  секілді құрама командаларды айқын жеңіп, айтулы турнирдің мерейтой иесі – Николай Николаевич Озеровтың қолынан бас кубокты құрметпен алып, жеңіспен елге оралады. Иә, бұл кешегі күннің тарихы. Осындай халықаралық сында жеңімпаз атанып келген Диас Омаров бастаған журналистеріміз жасампаз егеменді еліміздің алғашқы алтын буыны еді.

        Диас Ілиясұлының қарапайымдылығы, адамгершілігі мен өткір әзілдері менің есімнен ешқашан кете қоймас. Бір жолы спорт журналистері Семей қаласына жолымыз түсіп, қақаған ақ боран қыс айында  сапарлатып бара қалдық. Ұмытпасам, сол қалада спорттан үлкен бір шара өткен еді. Семейге келген соң, күтіп алушылар бәрімізді қонақүйге алып барып жайғастырды. Далада азынаған суық болғандықтан ба, қонақүйдің іші кәдімгідей суық болып шықты. Кеш батып кеткен еді. Бір кезде біздің бөлмеге сол жарысты ұйымдастырушылардың өкілдері келді. Олар келген бойда «Диас Омаров осы бөлмеде ме?» деп сұрады. Негізі, Алматыдан барған журналистер, ортамызда Рабат Жәнібеков пен Диас Омаров секілді елге белгілі екі ақсақалымыз бар – бәріміз бір  бөлмеде болатынбыз.

– Иә, Диас – менмін, біз әлі еш нәрсе бүлдірген жоқпыз ғой, – деп, бәрімізді бір күлдіріп алды. Сосын әлгі келген жігіттер:

   – Диас аға, сіз бізбен бірге жүріңіз, сізге арнайы дастархан жайылып жатыр, сол жақта боласыз, – деді.

  – Кешіріңдер, жігіттер. Мен ешқайда бармаймын. Барсам, мына өзімнің әріптестеріммен бірге барамын, – деп, қысқа ғана жауап беріп, бұрылып кетті. Содан әлгі жігіттер қайта айналып келіп, кешірім сұрап, Диас ағамен бірге бәрімізді бірге алып кетпекші болды. Сонда мен Диас атамыздың қайда жүрсе де, қасындағы достарына деген адалдығы, қарапайымдылығын көріп қатты тәнті болдым.

     Ал енді ардақты атамыздың ұтымды әрі қысқа әзілдері туралы бір естелікті айта кетсем. Негізі, жарыстарда Диас ағамен мен жиі кездесіп қалатынмын. Бірде ол кісімен қатарласып отырып, жасөспірімдердің футбол ойындарын тамашаладық. Ойынға тесіліп қарап отырған атамыз маған бұрылып, «Ақын, сен байқаған жоқсың ба, мына командалардың арасына  бөтен ойыншы кіріп кетіпті. Сірә,  олар тыңшылар болса керек», – дегені. Мен байқап қарасам, расымен де, команда ойыншыларының арасында арқасында нөмірі бар, бірақ жейдесінің түсі өзгеше екі ойыншыны көрдім. Сосын барып қана ол кісінің әзілінің мәнісін түсініп, ал кеп күлейін. Сондай бір тамаша ұтымды, ұтқыр  әзілдерімен ерекшеленіп тұрушы еді.

      Диас Омаров көп жылдар бойы қазақ теледидарында  қызмет істеп, комментаторлықпен бірге, көптеген тартымды телехабарлардың авторы болды. «Құнды сөз құнарлы ойдан туады», – деген екен Лев Толстой. Өзінің сөздік қорының тереңдігі мен спорт саласындағы сауаттылығының нәтижесінде Диас атамыз жасаған репортаждар алтын қорда  сақталып қалды. Қазақ спорт комментаторлық саласында өзіне ғана тән иірімдер мен өз стилін қалыптастыра білген  ақжарма перзентін халық ешқашан ұмытпасы ләзім. Қазір футболдан журналистер арасында Диас Омаровты еске алуға арналған турнир өткізіліп тұрады. Бұл жарысқа тұрақты демеуші табылып, турнирдің өрісін кеңейтіп, ТМД елдерінен спорт тақырыбында жазар қаламгерлердің басын қосатын ірі жарысқа айналуын тілер едім. Болашақта әйгілі комментатор, сиқырлы дауысты серке сөздің сардары Диас Омаровтың атына көше беріліп, мұражай ашылып, өзі дәріс алған Әл-Фарби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі журналистика факультеті жанынан Диастың комментаторлық мектебі туралы дәріс өткізіліп  жатса, қазақ спорт журналистикасы үшін бағасы шексіз қуаныш болар еді. Ел аман, жұрт тыныш болса, ол күн де келер.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 11:15
Оның жыры шырқалды – ГИМН болып!
Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 10:17
Дос туралы сыр
Айжан БҮРКІТБАЕВА 29.10.2020, 09:17
«Алтын қалам» жылдың ең үздік қаламгерін анықтады
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 17:54
Карикатушыларға арналған республикалық байқау жарияланды
Жабал ШОЙЫНБЕТ 27.10.2020, 11:01
Қазақты, Абайды қорлау – ұлттық құндылыққа шабуыл...
Тілекқабыл РАМАЗАНОВ 27.10.2020, 10:29
Азамат. Ғалым. Дос

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    29.10.2020, 11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04