22.12.2022, 09:02
7017
Басыңа бақ қонайын десе бір сәт-ақ екен! Өңім тұрмақ түсіме кірмес оқиға болып, қайдан тап болғанын – қарсы алдымда ертегілерде айтылатын қауға сақал жын тізерлеп отыр.
Тұла бойымды үрей билеген маған ол: – Ләппай тақсыр, датыңыз болса айтыңыз, – дейді.
Ойлануға мұрша жоқ, бір сәт қиялымды ой-қырға кездіріп барып, бұл болса басыма қонған бақ шығар деп:
– Ел басқарайын, президент жаса! – деп төтесінен бір-ақ тарттым.
Жыным жиырылып, ширығып күйзелген болды да: – Пәлекеттікі, президенттеріңіздің беделі өз еліңізден асып әлемдік деңгейге кетіп қалған-ақ екен, оның үстіне ол үстемдік құрғалы ширек ғасырға жуықтапты… тамыры тереңге кеткен кәрі емен екен, әлім жетпейді, – деді де, – Төңірегіне, президенттік әкімшілікке билік жүргізсеңіз қайтеді? – деп ұсыныс тастағаны.
Қабілетім өзіме белгілі, аса жауапты қызметтен бірден бас тарттым.
– Премьер-Министр болуға қалайсыз? – деді.
Мына дағдарыстың етек жайған заманында бүгін бар, ертең жоқ Премьер-Министріңнен өткен өткелек жоқ екені санама сарт ете қалып, одан да бас тарттым.
– Министрдің бірін таңдаңыз! – деп қалды.
Ол қызметке ал отырдым делік… отырмай жатып жұлыны үзіліп жатқан министрлер қаншама! Оның істі болып, ит жеккенге айдалып кетіп жатқандарын білетін басым… оның үстіне он жылдықты әрең-пәрең оқып бітіргенім бар… білімнен біліксіздігім… қабілет-қасиеттен жұрдайлығым… айта берсем, өз кемшілігім өзіме белгілі, жынды осы жерден тоқтаттым да:
– Маған ерекше қабілет дарыт та, аса дарынды, өз елім тұрмақ әлем тамсана тыңдайтын әнші ет! – деп бұйыра сөйледім.
… Сондағы жынның қиналғанын көрсең! Ширығып жиырылып, аузы-басы қисалаңдап, тізесі дірілдей бүксиіп бүгіліп барып:
– Бұл датыңыз еш орындалмайды, ол қолымнан келмес кесек дүние… оны дарыту тек Алланың ғана қолында! – деп кемсеңдеген қалпы иіліп құлағыма:
– Алғашқы датыңызды орындайын, тек сізге президент болсаңыз болды ғой?! – дегенінде, қалай бас шұлғып қалғанымды білмеймін, аяқасты алай-дүлей болып, бір сәтке ес-түстен айрылып барып есімді жисам… ну орман арасындағы елді мекеннен бір-ақ шығыппын.
Жартылай жалаңаш, қаумалаған қалың жұрт… төрдегі нән орындықта отырған маған қарата: «Жасасын жаңа президентіміз!» деп даурығып-ақ жатыр...
КЕРАУЫЗ
Біздің елге арнайы шақыртумен келген шетелдіктің кетерінде жергілікті телеарна тілшісіне берген қысқа-нұсқа сұхбаты:
– Елдеріңізге келіп, өзекті де өміршең, қазіргі уақытта бүткіл әлемдік проблема болып отырған мәселені талқыға салдық. Осындай өрелі істі әңгіме өзегіне айналдыра білген басшыларыңыздың байыпты пайымдауларына дән ризамыз.
… Ал мынадай зәулім ғимараттар сап түзеген қала көркіне көзің тоймайды. Аралаған сайын әсем де көрікті үйлерге кезігіп таң-тамаша болдық. Жапондық үлгідегі ғимараттар да, қытайлық қалыптағы құрылыстар да, еуропалық сән-салтанаттар да ерекше үйлесім тапқан-ақ екен.
… Тау-тассыз мидай жазыққа орналасқан астаналарыңның алаңсыз тірлігі кім-кімді де қызықтырады. Әр елдің пошым-үлгісіндегі әлеуметтік нысандар, әсіресе қонақүй, мейрамхана, ойын-сауық отауы, дүкен-дүңгіршектері өздерінше жарасым тауып жадырап-ақ қалыпты.
...Қонақжайлықтарыңыз ауыз аштырып, таңдай қақтырды. Неткен көлкөсір баршылық! Ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда болғанын айтсаңызшы.
* * *
Шетелдіктің өз еліне табан тірей сала жергілікті телеарна тілшісіне берген қысқа-нұсқа сұхбаты:
– Қайран қор болған алтын уақыт! Бекер бардым ба деп қалдым… Талқыға салғандары айта-айта жауыр болған атамзаманғы әлду-бәлду әңгіме. Айтылғанына ширек ғасырдан асқан тақырыпты қаузағандарына жынымыз келсе де, қайтейік, қонақ – қойдан жуас болдық. Байқағанымыз, осында осы тектес бекер шабылыс-жиылыс айына кемі алты-жеті рет болатын көрінеді. Осы оспадарлықтарын өздері де сезіп, онысын «Күлтөбеде күнде жиын» деп те сынап-мінейді екен. Өстіп жиылыс өткізгенді басшылық атаулысы «әп, бәрекелді!» деп құптап-қошеметтеп отырады екен.
...Қаласы иқы-жиқы… Баршылықтың арқасында ылдым-жылдым құрылысты бас-көз демей тұрғыза беріпті. Талғам-таразыдан жұрдай. Жапонның сыйдиғаны, қытайдың мыжырайғаны, еуропаның елеусізі – бәрі-бәрі осында ойып тұрып орын теуіпті. Ұсқыны кеткен, ұнжырғасы түскен ғимараттардан аяқ алып жүргісіз.
… Тау-тас, орман-тоғайдан жұрдай мидай жазыққа салынған қала тірлігі қарныңды аштырады. Әр елдің пошым-үлгісінде бой көтерген әлеуметтік нысандар, әсіресе болмаса да ұқсап баққан қонақүй, мейрамхана, ойын-сауық отауы, дүкен-дүңгіршектері күлкіңді келтіреді. Күллісі жүрдім-бардым, олпы-солпы, жоқтан гөрі бар санатындағы сапасыз сайқымазақ бір әлем.
...Өздерін қонақжай ел дейді екен, қайда барсаң да асып-тасыған артық дүние алдыңнан шығады. Қор болған көл-гөсір дүние! Ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда қалды… Әй, бұнысы қайбір жақсылық дерсің!
– Тағы да қайтадан шақырса барасыз ба?
– Барғанда қандай! Бару-қайтуың олардан. Қона жату, ішіп-жеуің тегін елден айналып кетпеймісің! Ал алып қайтар сыбағамның өзі не тұрады...
ҚҰЛДЫҚ ПСИХОЛОГИЯ
Жекеменшік мал фермері Пықып бұдан гөрі оқып-тоқығаны бар, көзі ашық ағасы Ақалақ ауылға әкім болып бекігенде:
– Көке, әкім болдыңыз, әкімдігіңіз мемлекеттік қызметке жатады, бұған дейінгі «бұрқыратып» келген сын-мініңізге абай болыңыз, – деп қалып еді, ағасы алара қарап:
– Құлдық психологиядан арылар күнің болар ма екен сенің! Құлдық құлдырау ана қарамағыңдағы малшыларыңа ғана жарасады, – деп алып, айда кеп лепірме «лекциясын» оқысын...
Ауыл жұрты да ағасының осы бір сыншыл-міншіл қызба мінезін бағалап, ауданға келген жаңа әкім ел-жұртты жинап ауылды басқаратын адамды өздеріне жүктегенде, бір ауыздан осы Ақалақты ұсынып, бекіттіріп алғаны бар.
Көп өтпей ағасы ауданда өткен алқалы жиылыста сөзін кіл сынап-мінеуге бағыштап:
– Құлдық психологиядан арылмай, адам болмаймыз! Мәңкиіп, бастық атаулының қисынсыз іс-әрекетіне «ләппай, тақсыр!» деп бас шұлғып, мәңгіріп жүре берсек күніміз қараң, болашағымыз бұлыңғыр!.. – деп көсілгенінде бұл жер шұқып жексен болып, артын күтпей, бірге барған ағасынан бұрын ауылға келіп алғаны бар.
Не істесін, өз қолын өзі кесе ме… Айтқан бағытынан қайтпайтын қырсық мінезі бала кезінен бар. Айтып көрсін… қайтарымы ағыл-тегіл болатынын біледі. Мұндайда «бүкірді мола ғана түзейді» деуші ме еді.
Ауданда қарап жатпапты, онда да «көзі қарақтылар» жетіп артылады, алты айлық қорытынды бойынша бұлардың ауылын сын тезіне салып, Ақалақ ағасына сөгіс арқалатып жіберіпті...
Ағасы да айылын жимай, кезекті облыстық басқосуда килігіп сөз алып, мінберден айда кеп көсіліпті деп естіді… Онысын тәуелсіз телеарна іліп алып, «ілгері» оздырыпты.
Облыс бұнысына «оқырына» қарап, екі ай өтпей ағасының «ой-шұңқырын» қазбалап… не керек, қай-қайда да бар кемшіліктің тізбесін тізіп, облыс өкімімен ағасына «қатаң сөгісті» бұйыртты.
Ағасы да қарап қалмай, оппозициялық басылым бұның «Құлдық психология құрдымға құлатады» атты көлдей мақаласын жариялап, айды аспаннан бірақ шығарғанын қайтесің...
Күштінің арты диірмен тартады… Бірақ күнде «Ауыл әкімі Ақалақ Асабас қызметінен босатылсын» деген бұйрық бұрқ етіп, ағасы «атынан» аударылып түсіп, баяғы қызметсіз таз қалпына түсе қалды.
Бауыр – бауыр ет… Мал фермер Пықып үйлі-жанды Ақалақ ағасын бірақ күнде тау асырып, малы жайлаған жайлаудан бірақ шығарды… Сондағы қора-қопсыға қарайды, кезектесіп қой бағады… естуінше, ағасы сондағы екі-үш қойшының басы қосылғанда ағыл-тегіл «Құлдық психология» туралы лекциясын анда-санда тау-тасты жаңғырта оқып қояды екен...
ПРЕЗИДЕНТ БОЛСАМ БА ЕКЕН-А?!
Сайлау науқаны басталды, менде өзімді-өзім ұсынып, Президенттікке ұмтылып көрсем...
Бағым жанып, болып кетуім де ғажап емес.
Ал бола қалдым делік… Ойхой, дүние шыр айналар еді-ау… Бақыттан басым айналып, бір-екі күн есеңгіреп қаларым сөзсіз.
Ал сол мәртебеге ие болғандағы мойынға артылар бүткіл жауапкершілікті ойласам, бір сәт «қайдан ғана бола қалып едім?!» деп тартыншақтайтынымды жасыра алмаймын.
Мәртебемнің өсіп, мерейім тасып, «Аса құрметті Президент» деген сөзді естігендегі асып-тасыған көңіл күйімді көрсең...
Ал бұрынғы емін-еркін жүріп тұратын күйімнен айрылып, айым, аптам қатталып, әр күнім сағат-минөтіне дейін кестеленіп қойылғанда – кәдімгідей күмілжисің… Ойхой, емін-еркін заманым-ай деп зарығатының тағы анық.
Сый-сияпат, құрмет атаулыны көріп көңілге көктем орнап, бар «бау-бақшаңа» бақыт құсы келіп сайрағанда: «Болғаным дұрыс болды» дерің сөзсіз.
Ал ел жағдайы күрт нашарлап, бір-екі жерде «бүлік» бұрқ ете қалғандағы бүрісер қалпымды ойлап: «Қайдан ғана бола қалып едім!» деп баз кешерің сөзсіз.
Шетелге шығып, шер тарқатып қайтқаныңда: «Бұған жеткізген мәртебеме құлдық!» деп тебірене толғанатыныңды айтсаңшы.
Бұл асып-тасыған көңіл күйіңді бір туысыңның сені қалқан етіп кесір қылыққа барып, ел-жұртыңның алдында масқара болғанда: «Қайдан ғана ел басқара қалып едім!» деп кірерге тесік таппассың.
Газет-жорналың, теледидарың сенің «ғажап басшы екеніңді» айтып жырлағанда бір сәт: «Не дейді! Шынымен де мен сондаймын-ә!» деп серпілерің тағы шындық.
Ал ет жақының істі болып, шетел асып паналап, сен жөнінде қаралы хабарларды бұрқыратқандағы қалпыңды дұшпаныңа бермесін.
Осындайда бәр-бәрінен баз кешіп, баяғы қалпыңда болсаң ғой – бір-екі сырласыңмен оңаша кафеде отырып сыра сіміріп, мауқыңды басар едің-ау… Ал мына Президент кезінде «кафе-мафе» көзден бұл-бұл ұшып, арман дүние болып алыста қалатыны жаныңа батады.
Күндіз-түні қасыңда қарауыл, оқыс қимыл-әрекеттен қалдырған бедел-мансабыңа болайын… Ұрланып шығып кетіп бұрынғы пендешілігімнің біразын бітіріп келсем бе екен!
… Е, ертесінде… Пәлесінен аулақ, одан да тірідей өлгенім артық.
Бірақ Президент болсам...
… Ойпырмай-ә, мен осылай «Президент болсам ба екен» деп екі ойлылау боп жүргенімде Президенттік сайлаудың бітіп кеткенін қарашы… Жарайды, келесі сайлауға дейін тағы да осылай ойланып, толғанып көрейін...
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР