«Дауылпаз ақынның» даңқы мен дақпырты

Жарас КЕМЕЛЖАН

26.05.2022, 08:38

3936

Өткен аптада орыс тілді ақын Олжас Сүлейменов «Орыс тілінің статусы қазақ тілімен бірдей болып қалуы керек» деп, тағы да өзінің сүйегіне сіңген тілдің мүддесін қорғады. Онысы, әрине, Жаңа Қазақстан құруға талпынған, «Қаңтар оқиғасынан» кейінгі қазақ қоғамына ұнаған жоқ. Олжас неге орысшыл, неге үнемі қазақты жығып беруге әуес? Осы сұрақтарды газетіміздің байырғы оқырманы, жазушы-сатирик Ғаббас Қабышұлына қойдық.  

Ғаббас аға, сонау жылдары кітаптарыңыз жиі жарық көретін. Соңғы кезде көре алмай жүрмін. Мақалаларыңыз шығып тұрады...

– Бұйырған тәуелсіздіктің бірінші «жемісі» қазақтың алтын бесігі – ауылдың шаңырағын шағу болды ғой, соны істеген жаңа билікті сынауға кірістім, ал оның ақыры, «кітабын шығаруға болмайтындардың» тізіміне тіркелуіммен тынды. Алайда, «Құдай сендерге күнімді салмасын» деп, жазғандарымды жанрына қарай іріктеп, жеке-жеке кітап етіп, жекеменшік баспалардан  шығарудамын. Өз ақшамды жұмсайтындықтан, таралымы 20-30 данадан аспайды. Балаларыма, туған-туысқандарыма, дос-жолдастарыма сыйлаймын. Көздеріңе түспейтіні сондықтан.

Шығыс Қазақстан облысының тумасысыз, ол жақтан көмек болмай ма?

– Ол жақ 2010 жылы «Алтай-Ертіс кітапханасы» топтамасымен екітомдығымды шығармақ болды да, бірінші томмен тоқтады, одан кейін, көмек беру қайда, мерейтойларымда құттықтаған да жоқ. Маған олардың «ыстық лебіздері» керек те емес. Алматыда халыққа еңбегі менен артық сіңген шығыстық ғалымдар, жазушылар шоғыры бар, олар да елеп-ескерусіз. Облысқа жібі түзу қазақ әкім бұйырмай-ақ келеді, мәселе сонда.

Мысалы, сіздерге Жазушылар одағы қамқорлық жасамай ма?  Одақтың бірінші басшысы қай облыстың, қай ауданның болсын әкіміне құлаққағыс жасап отыруға міндетті емес пе?   

– Олар өздерін ұмытпауға ғана міндетті. Мысалы, сол Одақта отыз  жыл қызмет істеген маған, зейнетке шыққаныма жиырма бес жыл, кешегі де, бүгінгі де басшысы жылына ең болмаса, бір рет телефон шалып, «Ассалаумағалейкүм!» деген емес. Жә, оларды қайтеміз, келесі сауалыңды көлденеңдеткін.

Бұдан он шақты күн бұрын Олжас Сүлейменов анау бір кезде ашылғанынан жабылғаны тез «Қазақстанның халық конгресі» партиясын қайтадан тірілтіп, кіріспе сөзінде Назарбаевқа қатысты бір ауыз сын айтыпты да, оның орыс тілін ресми тіл етіп кеткеніне іштегі ризашылығын енді сыртқа шығарып: «Орыс тілінің мемлекеттік тіл статусын сақтауымыз керек» депті. Онысы қай жұмбағы? Ол ақынның кім екенін сізден артын білетіндер аз деп ойлаймын. Яғни оның қыр-сырын таратып айтып беріңізші?

— Е, бұл Олжастың «концерті» аз емес. Оны 1971 жылдан бері білемін. Әнуар Әлімжанов Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы болысымен Орталық партия комитетімен  келісім бойынша штатта «Сыртқы әдеби байланыс жөніндегі хатшы» орнын ашып, бұрыннан таныс, «Земля, поклонись Человеку!» деген өлеңі арқылы аты айқұлақтанған ақын Олжасты сол қызметке алды. Ол шығармасы әдеби көркемдігімен емес, ғарышты игеру бәсекесінде АҚШ-тан озған Совет Одағының жеңісін мадақтауға арналған саяси екпінімен жоғары бағаланды. Бір ғана мысалына тоқталсам, ондағы:

          «… Ты, Земля,

          поклонись Человеку,

          Твой бог – Я!..»,

дегенді ақынжанды адам айтар ма?!.. Даурықпа шенеуктердің сөзіндей. Адамзат тарихы басталғаннан «Жер – Ана» деп қалыптасқан ұлы ұғым барша халықта қасиеттеп сақталып келеді. Қазақ: «Анаңды Меккеге арқалап үш рет апарып келсең де, перзенттік парызыңды өтей алмайсың», деген. Одан хабар-ошарсыз Олжас: «Басыңды ій!» деп өкіректеді. Жазушылар одағында 10 жыл қызметтес болғанымызда, ақын құрдасымның ана тілінде сөйлегенін естіген емеспін. Көркем әдебиетті насихаттау бюромыздың директоры, аудармашы Ісләм Жарылғапов ағамыз: «Мен – Олжастың аудармашысымын. Қазақ тілінде жарты бет арыз, өтініш келсе де, маған орысшаға аудартып алады», – деп күлетін.

           Ана тілін ардақтау орыстілді Олжекеңнің «маңдайына жазылмаған». Кезінде «Свобода слова» газетінде жарияланған мақалаларын, сұхбаттарын шолып отырсаң: «қазақ тілі – ас үйдің тілі», «қазақ ақын-жазушылары ашаршылық, қуғын-сүргін туралы ештеңе жазған жоқ», «қазақ мәдениеті орыс тілінсіз дамымайды»,  «орыс тілі қазақ тілімен қатар мемлекеттік тіл болуға тиіс», дегендей «тарихи талаптарын» қайталаудан жалықпайды. Тіпті: «Қазақстанға толық тәуелсіздік қауіпті, Ресеймен бірге болуы қажет», деп те көсілді.

          Жаңа аталған партиясы, президент Назарбаев бата берсе де, иә, көпке ұзамады. Оның бағдарлама жобасын жасау өзіне тапсырылған журналшы Алдан Айымбетов, сол партияның мүшесі,  жобадағы «Возрождение казахской нации» деген сөйлемді партия иесі Олжас алдыртып тастаған сәтте: «Антиказахская партия мне не нужна!» деп шығып кете барыпы. «Қазақ ұлтының жаңғыруына» қарсы болған ақынның қазақтығынан түңілген көпшілік қазақтар тастап кеткен соң, партия тотиып, жабылып қалды.

          Өмірде қашанда «жолыболғыштар» аз кездеспейді. Солардың біреуі – Олжас. Халыққа қандай ерекше зор еңбек сіңіргені белгісіз досын президент Назарбаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен жарылқады. Не үшін? Үкімет құрып берген «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысын акционерлік қоғамға айналдырып, «Атом бомбасын сынаудан зардап шеккендерге, жалпы мұқтаждарға көмек беру» Қорын ашып, жиналған миллиардтаған доллардан семейліктерге бір доллар да бұйыртпай, Қор «қайраткерлерінің» өзара бөліске салуын «қамтамасыз еткені» үшін бе? Өзінің: «Қазақта шекара болмаған, бүгінгі шекарасында мемлекеті болған жоқ!», «Қазақ мемлекетінің тарихы 1991 жылдан басталуы керек!» деген далбаса ойын бірінші болып қостағаны үшін бе?!.

          Алматы қаласына әкім бола қалған Бақытжан Сағынтаев оған «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағын бере қойды. Не үшін? Алматының бұрынғы «Алма-Ата» атын қайтаруды шімірікпей, талап етіп жүргені және «Алма-Атада іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге болмайды, ұлтаралық шиеленіс туғызады», деп даурыға қарсы шыққаны үшін бе?

Жаңа «Үкімет құрып берген «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысын» дедіңіз, ол қалай?

— Кешірім Бозтаевтың Горбачевқа 1989 жылы ақпан айының 20-сы күні жіберген жеделхатының ізімен Семейге бір аптадан кейін үкіметтік комиссия келетінінен хабар алған партия басшысы Колбин мен үкімет басшысы Назарбаев, шегінер жер қалмаған соң, қарсы қимыл жасауды ұйғарып, «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысын құрады. Ол туралы сол кезде билік жүйесінде жүрген Әкежан Қажыгелдиннің:

          «… А самому движению решено было придать некую управляемость, назначив его лидерами известных людей. Так там появился поэт Олжас Сулейменов» дегені бар («ДАТ-ОП» гәзеті, 01. 12. 2016 ж.). Ал Әнуар Әлімжанов Қозғалыстың атын қойысқан...

          Біз Олжастың «АЗ и Я» кітабының түптөркінін білмей, далақтап мақтадық. Ал түрік әлемін зерттеудегі ғұламалығын дүниежүзінің түріктанушылары мойындап Лев Гумилев: «… Онда неше бет (305) бар болса, сонша сорақылық бар» деп тұжырды. Олжас шындыққа  қарсы ұшып: «Мен ол кітабымда оның атын атамаған едім, соған ашуланғаны», деп қиялады. Па, шіркін! Гумилевтан асқан тарихшы-ғалым болғаны, ә?!.

          Семей атом полигонына қарсы күресті Горбачевқа талап-хат жазумен ашық, ресми бастап, ақырында, мақсатына жеткен қайраткер – Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаевты көзі тіріде тілінің жеткенінше мақтаған Олжас кейінде, «Казахстанская правда» гәзетінің тілшісімен сұхбатында, 2005 жылы, марқұм Кешекеңнің аруағынан аттап кетіп: «… Да, он   был первым секретарем обкома, но не более того. И уж во всяком случае, среди первых борцов за закрытие полигона его не видели», деп дүңк етті. Одан өткен бетпақтық болмас! Айтпақшы, Жер-Анаға құдайы болып, бұйрық берген өлеңін сол гәзет редакторының тапсыруымен жазыпты.

          «Даңқты» ақынның Семей полигонын жабудағы үлесі атап айтылған құжаттардың екеуіне назар аударалық. Біріншісі Кешірім Бозтаевтың 1992-жылы шығарған «Семей полигоны» кітабындағы мына айғақ:

          «… Полигонды жаптыру күресімнің басталуынан аяқталуы әлдеқайда қиын болды. Әу баста жұртшылыққа арқа сүйеп, өзімді қолдайтынына нық сеніп, қуаттанып кірістім. Енді өзім мүддесін қорғағандардың, өкіметпен текетіреске бірге шыққандардың көздеріне сүйел бола бастағандаймын. Өкпек желдің қай жақтан соққанын білдім. Ол, ең алдымен, қоғамдық қозғалыс жетекшілерінен басталды. Олардың кейбіреуі, тіпті, Семейге ат ізін бірінші рет салса да, баяғы Юлий Цезарьше: – Бардым, көрдім, жеңдім! – деп шыға келді...

Полигонды жабу мәселесі шешілуге жақындағанда, өкінішке қарай, басқа бір мәселенің шеті – бұл кімнің еңбегі деген сұрақ қылтиды. «Невада – Семей» қозғалысының ғана арқасында, осылай болды деген сыңаржақ жарнама баспасөз бетін қайызғақша басып кетті. Қозғалыстың әрбір әрекеті аспандата мадақталды. Оның белсенділері (арасында кездейсоқ жүргендер  де бар) қозғалысқа  басқаша бағыт бере бастады: олар өздерінің міндеті себепті-себепсіз жиын-жиналысты өткізе беру деп білді. Жалған дерек таратып жіберетін де болды. Жиналысқұмарлық кеудемсоқ желпініске, жұлқынысқа айналып, өмір шындығынан ауытқып кетуге апарып соқты».

          Екінші құжат:

          «… Сулейменов к закрытию полигона имеет крайне незначительное отношение. Так, мимоходом – артикуляция и шумиха для начала и сопровождения переговоров между Москвой и Вашингтоном.

Главная идея контроля над прекращением ядерных испытаний заключалась в допуске советских специалистов в Неваду, а штатовских в Семипалатинск. Каждый устанавливает свою специальную аппаратуру и держит друг у друга руку на ядерном пульсе… Все переговоры с Госдепартаментом, Конгрессом, Пентагоном вёл я и высшие офицеры КГБ и ГРУ. И никакого Олжаса Сулейменова там не было. То есть, всё решалось на оси Москва – Вашингтон, а движение «Невада-Семипалатинск» было не больше чем цветок на обочине дороги. Евгений Велихов. 1990-год».

«Всё решалось на оси Москва – Вашингтон» дегені Семей полигонын жабудың межеленгенін ұқтырғаны болар.

Евгений Павлович Велихов – атақты  физик-академик. КСРО Ғылым академиясының вице-президенті. Кешірімнің Горбачевқа хаты Кремльді қатты дүрліктірген күндері Курчатов, Семей қалаларына келіп, полигонның жұмысымен жете танысып, жұртшылықпен кездесулер өткізіп, Горбачевқа: «Кешірім Бозтаевтың талабы дұрыс, полигонды жабу жөн болады», деп хат тапсырған. Міне, Жарас мырза, орыс тілінің жоғын уақ-уақ жоқтап қойып жүрген ақын ағаңның жалпы әрекет-қарекеті осындай.

Семей полигонына қарсы Кешірім Бозтаев бастаған халықтық күреске белгілі жазушы-публицист Әнуар Әлімжанов біраз үлес қосыпты ғой?

–  «Біраз» емес, «Я!.. Я!», деп кеудесін керіп жүргендердің бәрінен Әнекеңнің үлесі әлдеқайда көп. Бірінші мысал: Әнекең 1989-жылы Жаңаөзенде болған қанды оқиғаны зерттеп жазуға барып, онда көп жәйттерді анықтап, қайтуға ыңғайланғанда, Семейде полигонға қатысты халықаралық конференция болатынын естиді де, соған тура тартады. Сондағы сөзінен үзінді оқып берейін, міне:

          «Мен бұл жиынға Маңғыстаудан келдім. Онда да жағдай қиын. Жаңаөзенде де, Ескіөзенде де болдым, бәрін аралап көрдім. Кіндік қаны тамған жері тартып алынып, босқын болып кеткен ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпақтарымен кездестім. Олар «басы артық» жұртқа айналып, жұмыссыз қалған. Сондықтан қашанғы шыдасын, – өздерін титықтатқан күшке қарсы көтерілген. Бірақ оларды түсінген билік жоқ, қайта оларға автоматын кезенген әскерді тосқауыл етіп, қоршап, бірнеше күн бойы нан да, су да татырмай қойған. Біз үстем билік туралы айтыңқырай бастадық. Ал бұл тұрғыда бір адамды немесе Мәскеуді ғана кінәлауға болмас. Бізде уақыт азғындатқан адамдар – тоңмойын кадрлар бар. Олар – айналасына селқос қарайды, жоғарыдан берілген жоспарды, бұйрықты орындауды ғана біледі.

Әскери адамдарды мен де сыйлаймын. Десем де, жаңа алдымызда сөйлеген генерал-лейтенант, полигон бастығы Ильенкоға қайран қалып тұрмын. Оның не дегенін бәріңіз де естідіңіздер. Сіз, генерал, халықтың алдына келдіңіз. Маршалдың бұйрығы – бірбасқа, халықтың талабы – бірбасқа. Халық полигонды жабуды, бұл жақтан әкетуді талап етіп отыр!.. Әлбетте, ядролық жарылыстарға қарсы күрес толастамауға тиіс десек, күресті нығайтуға қажет қор ұйымдастыру, оның есеп-шотын ашу да дұрыс, тек ол қорға жиналатын ақшаны жұмсаудың жоспарын алдын ала жасау керек. Таза мақсатқа жиналған қаржы таза қолда болуға тиіс! Керісінше болса, денсаулығынан айырылған халықтың, бәрінен жұрдай болған халықтың енді қалтасын қағу адамгершілікке мүлде жатпайды!.. Сен, ең алдымен, патриот емессің бе? Олай болса, егер біз үшін, адамгершілік мұраттар үшін күреске шықтың екен, онда арамдыққа жол берме!..

Мұның бәрінің тоқ етері не дейсіздер ғой? Тоқ етері: қалай болғанда да, қаншама қымбатқа түссе де, полигонды жабу керек, әкету керек!  Полигонның құрбандықтарына бас иетін уақыт болды. Олардың саны қазірдің өзінде мыңдаған, ал келешекте қанша боларын кім біледі? Полигон қазірдің өзінде адамзаттың алжасқанына ескерткіш болды, ажал апанына айналды. Жарияланар үндеуде, қабылданар шешімде бұл баса айтылсын.

Бізге былқ-сылқ емес, тырп еткізбес нақты шешім қабылдау керек. Жалпылама сөзуарлыққа жол берілмесін, ондайға тыйым салатын шешім болсын. Мараторий жасалсын демелік, оған сеніп болмайды. Бір кезде Горбачев мараторийге сүйенген, содан нәтиже шығарына сенген. Ештеңе өнбеді. Ол – өткен кезең. Енді біз, қаза болғандардың рухына бас ие отырып, жарылысты тоқтататын құжат қабылдап, одан оң нәтиже шығаруға тиіспіз!

Ойпырым-ай, Әнуар ағамыз өткір айтыпты-ау?!

— Әнекеңде далақтап жүру, сөз көпірту болған емес. Бұл – 1989-жылы шілде айының 17-19-ы күндері болған, жаңа мен айтқан конференциядағы сөзі. Қор ашу туралы айтқаны Олжас ашқан Қордың талапаймен бітерін болжағандай емес пе?!

Енді екінші мысалымды тыңда:

«… Кеңес Одағында жасалған 715 жарылыстың 467-сі Қазақстанның Дегелең деген жерінде болды, оның 124-і – жер бетінде, 343-і – жер астында. Мен – қазақ, қазақтың ұлы ретінде сіздерге мынаны айтуға тиіспін: бұл жарылыстардың бәрі біздің жеріміздің қасиетті өңірінде, біздің бүкіл көркем өнеріміз бен әдебиетіміз әспеттеп келе жатқан Қозы мен Баян махаббаты жайындағы көне дастан туған жерде жасалды. Ол өңір – біздің халқымыз, мәдениетіміз үшін ең қасиетті де киелі жер. Орыс Лев Толстойдың  Ясная Полянасы, шотланд Роберт Бернстің, ағылшын Байронның кіндік қаны тамған өлкесіндей. Байронның өлеңдері өткен ғасырдың соңында бүкіл Азия көлемінде тұңғыш рет сол өңірде, 467 жарылыс болған жерде қазақ тілінде оқылды. Байрон мен Пушкин өлеңдерін қазақ тіліне қазақтың ұлттық мәдениетінің алып тұлғасы ұлы Абай ақынымыз аударды. Абай кейін 467 дүмпу болған сол өңірде туып-өсіп, сонда көз жұмды. Біздің атақты жазушымыз, романдары, хикаялары мен әңгімелері ағылшын оқырмандарына әбден мәлім Мұхтар Әуезов те – сол өңірдің түлегі. Әлемге әйгілі геологымыз Қаныш Сәтбаев Семей қаласында оқып, білім алды.

Ғаб-аға, кешіріңіз, Әнекеңнің сөзін тыңдаудан жалығу мүмкін емес екен! Ұлттық намысымды қайнатып жіберді! Ғажап! Бірақ, не шара, бағалай алмадық, құрметтемедік…

— Құрметтеу қайда, қуғындадық! «Қазақ әдебиетінің шын мәніндегі классигі Ілияс Жансүгіровтың туғанына 90 жыл толғанын жетім қыздың тойындай етіп өткіздіңдер!» дегені үшін Қонаев қуғындап, 57 жасында жұмыссыз қалдырды. «Мы стали страной воров» деген мақаласы үшін Назарбаевқа жеккөрінішті болды. Жә, үзіндіні оқып бітірейін: Осы ғасырдың соңына дейін тек Ақыл-сана жолымен жүруге күш сала бірігейік! Тоталитарлық идеологияны лақтырып тастап, Берлин дуалын қиратқан, Батыс пен Шығысты табыстырған уақыт, біздің назарымызды жалпыадамзаттық құндылықтарға бұрған, біздің жеріміз үшін, келер ұрпақтарымыз үшін ядролық қару-жарақсыз бейбіт өмір орнатуға мүмкіндік берген уақыт бізден осыны талап етуде. Қазақ парламентінің өкілі ретінде өз атымнан ғана емес, атом жарылыстарынан шексіз зардап шегуші қазақ халқының атынан сіздерді бейбіт өмір үшін күш біріктіруге шақырамын! Чернобылін радиация күйдіріп-жандырған белорустар мен украиндардың, Жаңа жерді мекендеуші солтүстік жұртшылығының да айтар сөзі осы дей аламын.

 Ақылдылық – бірбеткейлік емес, Уақыттың қадір-қасиетін түсіне білу. Уақытты өткізіп алар болсақ, ұлыдержавалық абырой-беделімізден айрылып, атом күліне көміліп қаламыз.

 Біріккен Ұлттар Ұйымы келесі 1991 жылдың қаңтарында ядролық қару-жарақ мәселесін талқылайды, соның алдында мына біз ядролық қаруы бар елдердің үкіметтерін ақыл-сана дауысын тыңдауға мәжбүр етуге тиіспіз!».

(Ғаббас аға Әнуар Әлімжановтың сөздерінен үзіндіні «Әнуар – 90» деген атпен 2020 жылы шығарған кітабынан оқып берді. Кітап Әнекеңнің туғанына 90 жыл толуына арналыпты Ж.К.)

Осылай, жолдас Жарас. Әнекеңнің екінші мысалымдағы сөзі –  1990-жылы қараша айында Англия парламенті Қауымдар палатасының мінберінен айтқаны. Ол мінберден Совет Одағының, социалистік лагерьдің бірде-бір өкілі сөйлеген емес. Әлемнің алпысқа жуық елінде болып, Қазақстанның, қазағының, Орта Азия халықтарының да көне, жаңа тарихтарын насихаттап танытуымен халықаралық беделге ие болған Әнекеңе ғана құрмет көрсетілді. «Новая Земля» дегені – ядролық бомба сыналатын полигон орналасқан жер.

Менің бір қатты өкінішім: «көсемдердің» жоқ мұртын едірейткенін елемеген, әділеттік жолынан таймаған турасөзді Тарихи Тұлға Әнуар ағамыздың аты Алматыда ұзындығы 300 метрден аспаған көріксіз көшеге берілді.

— Рақмет, Ғаб-аға! Біз де сізге әрқашан тек жақсылық тілейміз!

Тегтер: сұхбат пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ 23.06.2022, 09:32
Саған деген сағынышымның жанарына қапты шық тұнып...
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ 22.06.2022, 14:05
Үрейлі үш күн
Сырымбек ЖАҚСЫБЕКҰЛЫ 17.06.2022, 10:09
Ит етінен жек көремін сендерді!
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ 16.06.2022, 15:15
Поэзияның ұлы аспаны
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 15.06.2022, 17:20
Әуезов әлемінің әсерлері
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 15.06.2022, 13:15
«Қайсардың» бағын кім байлап отыр?..

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33