Дегдар азамат

Сайт әкімшілігі

17.11.2022, 09:47

2078

Мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор Телебаев Ғазиз Тұрысбекұлының 65 жылдығына орай

Бүгінде атына заты сай ғазиз профессор, академик Телебаев Ғазиз Тұрысбекұлы ағамыз мерейлі 65 жасқа толып отыр. Ғылымның шыңына шығып, сан салалы атыраптан жиған тәжірибесін осынау кемел шағында білімпаз студенттерге дарытып жүрген ағамыз кафедрамыздың белді де беделді ұстазы. Өмірлік жолының шамшырағына философияны таңдап алған Ғазиз ағаның жүрген жолы, қызметі кейінгі ұрпаққа ғана емес, замандастарына да үлгі мен өнеге.

Ғазиз Тұрысбекұлы 1957 жылдың 13 тамызында, Алматы облысы, Бақанас ауылында дүниеге келген. Әдетте тұлғалар өміріндегі өзгерістер олардың оқуын аяқтаған немесе қандай да бір межеге жеткен тұсында болушы еді. Ғазиз ағамызға қарата айтсақ 1975 жылы ҚазМУ-дың философия-экономикалық факультетіне түскен балаң жігіт үшінші курста, оқып жүргенінде, 1978 жылы М. Ломоносов атындағы ММУ-не ауысып оқуын сол жерден 1980 жылы бітіреді. Бұл да болса ағамыздың білімге зор құлшынысы мен ұмтылысын білдірсе керек. Жолдамамен екі жыл Қостанай облысы, Рудный қаласындағы индустриалдық институттағы қызметін өткерген соң Ғазиз аға 1982 жылдан қайтадан ММУ-не оралады. Ғазиз Тұрысбекұлының ғылымдағы қадамдары осы жерден көрінеді. Аспирантураны тәмамдап 1987 жылы В.В. Соколовтың жетекшілігімен «Юм позитивизмнің құлабызы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығып, қайтадан Рудный қаласына келеді.

Өзіндік келбеті мен индустриясы жоғары қалыптасқан кеншілер қаласы Ғазиз Тұрысбекұлының ғылыми-педагогикалық жұмыстарына тың серпін беріп, алдағы уақытта ел ісіне араласуға негіз қалады. 1987 – 1992 жылдары Ғазиз Тұрысбекұлы Рудный индустриалдық институтында аға оқытушы, доцент, декан, проректорға дейінгі басқыштардан өтіп, 1992 жылы альма матерлерінің бірі Мәскеу мемлекеттік университетіне докторантураға қабылданды. Ғазиз Телебаев кандидаттық зерттеуін өрбіте отырып, дәстүр мен сабақтастықты сақтап, докторлық диссертациясына «Юм мен Рассел философиясындағы экзистенциализм проблемалары» тақырыбын алып, оны 1999 жылы ҚР ҰҒА-ның Философия және саясаттану институтында табысты қорғап шығады. 2010 жылдан профессор, 2004 жылдан ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясы академигі, 2016 жылдан Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі. Рудныйда басталған педагогикалық қызметі еліміздің өзге өңірлерінде жалғасып, Ғазиз Тұрысбекұлы кейін ҚБТУ-нің философия және құқық кафедрасы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ  философия кафедралары сынды құрылымдарды меңгереді. Жас ғалымдарға жетекшілік етті, оппонент, сондай-ақ көптеген ғылыми жұмыстарға рецензент, диссертациялық кеңестің мүшесі болды.

Ғазиз Тұрысбекұлының ғылыми-педагогикалық, қоғамдық, басқарушылық, мемлекеттік билік саласынадағы қызметтерінің бәрін де ескерсек, ағаның бойынан ешқандай да өктемдік, науқанға негізделген жоспар-есептілік ауанындағы номенклатуралық іздерді байқамаймыз. Әркез ашық, жайдары, жылы жүзді қалпынан танған емес. Ғылымда ғана емес Ғазиз Тұрысбекұлы қолы тиген қандай сала болсын солардың бәрінде дерлік білікті маман болумен қатар, елінің, ұлтының перзенті ретіндегі азаматтық, қайраткерлік қызметтерін қатар алып келеді.

Рудныйда жүргенде оқытушылықпен шектелмей Рудный халық депутаттары қалалық кеңесінің депутаты болған, титулды ұлттың пайызы аз өлкеде қалалық «Қазақ тілі» қоғамын өзі құрып, басқарған. Наурыз мейрамын ұйымдастыруды айтпағанның өзінде, мектептерде қазақ сыныптарын, балабақшаларда қазақ топтарын ашып, жергілікті басылымдарды қазақшалап, тіпті радио хабарларын қазақша төгілткен. Бұл бір ғана Рудныйдағы шаралары және шаралар бұнымен шектелмейді. Кеңес Одағы деңгейінде «Адамның көпөлшемдігі ‒ философия мен ғылым проблемасы» атты бүкілодақтық антропологиялық ғылыми конференция ұйымдастыра біледі. Бұл Ғазиз Тұрысбекұлының жауапты редакторлығымен «Ғылым» баспасынан Мәдениеттегі адам метаморфозасы ұжымдық монография ретінде жарық көргені белгілі. Еліміз тәуелсіздікке қадам басқан жылдарда Ғазиз аға Қазақ философиялық қоғамының Рудный филиалын басқарып, осы аталғандай көптеген іс-шараларға мұрындық болды.

Ғылыми қызметінде ғалымды батыс философиясының тарихына маманданған фигура деп қана айта алмаймыз. Ғазиз ағаның ғылыми шығармашылығынан онтология мен гносеологияны да, антропологияны, феноменологияны, экзистенциализмді, тұтастай әлеуметтік философияны көреміз. Ғазиз Тұрысбекұлы дүниетанымдық позицияда скептицизмнің негіз боларлық қырларын негіздеген, тарихи-философиялық сананы идолдан арылту жайттарын қарастырған тұлға. Ғазиз Телебаев зерттеулерінің арқасында ғылыми қауымдастық бүгінде позитивизм бастауларын Конттан ғана емес, әріден Юмнан қарастыруға мүмкіндік алып, Расселмен байланыстырып зерттеу кеңістігін кеңейтіп отыр. Ғалым феноменологизм мен психологизмді Юм мен позитивизм гносеологиясының сипатты ерекшеліктері ретінде қарастырады, осы сияқты жалпы Юмның философиялық ұстанымын номиналистік тұрғыда көрсетеді. Бұл ғылымдағы ерекше үрдіс. Расселге қатысты айтсақ оның онтологиялық плюрализмі мен дескриптивизмінбарынша қарастырып, философиялық жүйесін негіздеп көрсетеді. Бұл жерде Расселді позитивизмді дамытушы ретінде көреміз. 300-ге жуық ғылыми еңбектің авторы Ғазиз Телебаев түрік философиясына қатысты зерттеулерге де ден қойып жүр. Түрік философиясы ғалым ағамыз зерттеулерінің өз алдына дербес бөлігін құрап отыр. Жалпы шартты түрде алғанда Ғазиз Телебаевтың ғылыми шығармашылық қызметін: философия тарихы; билік, басқару, саясат, қоғам, дін философиясы; ұлт философиясы және түрік философиясы секілді бағыттарға бөліп көрсетуге болады.

Қоғамдық, мемлекеттік, басқарушылық-ұйымдастырушылық қырына келсек жоғарыда Рудный қаласы мысалында айтқанымыздай бұл ретте де Ғазиз Тұрысбекұлының басшылықпен басылып қалмаған адамдық һәм кісілік келбетін айқын көреміз. Ғазиз Телебаевтың басқарушылық-ұйымдастырушылық кезеңі 1993 жылдан басталды деп топшылаймыз. Қолынан іс келетін, бастамасы дұрыс бағыттағы жан осы жылдан бастап ел ісіне араласуға шақырылады. Осылайша, Ғазиз Тұрысбекұлы 1993 жылдан Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің кеңесшісі, 1995 жылдан  ҚР Президенті Әкімшілігі Талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының әлеуметтану секторының меңгерушісі, 1997-2003 жылдары ‒ Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің талдау және жоспарлау бөлімінің бастығы, ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, директоры, 2003-2006 жылдары ‒ «ҚазМұнайГаз» ҰК» Ақпараттық-талдау орталығы директорының орынбасары, «Рауан Медиа Групп» АҚ Ақпараттық талдау орталығының директоры, 2006 жылдан «Этносаяси және гуманитарлық зерттеулер» қоғамдық қорының президенті, 2006‒2008 жылдары ҚР Президенті Баспасөз қызметінің бас сарапшысы, 2009‒2010 жылдары Мәдениет және ақпарат вице-министрі, 2010‒2012 жылдары Мәдениет вице-министрі, 2012 жылдан Көшпелілердің мәдени мұрасы проблемалары жөніндегі қазақ ғылыми-зерттеу институтының директоры, 2015 жылдан ҚР Тұңғыш президенті-Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, 2014‒2016 жылдары ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары секілді қызметтер атқарды. Қызметінде Ә.Кекілбаев, А. Сәрсенбаев, М.Тәжин секілді әр деңгейдегі жазушы, саясаткерлермен, басшылармен, министрлермен қоян-қолтық байланыста болды. Билік ауысқанда бұрынғы қатарластарын жамандау, немесе билікте жүріп оппозицияға қарсы полюс, қарсы майдан ретінде ымырасыздықпен қарау Ғазиз Тұрысбекұлына тән қасиет емес-тін. Ғазиз Тұрысбекұлының айтқандарын республикалық, ресми БАҚ-тан бастап бірқатар қызметкерлер жүрексінетін Азаттық порталы, Ақ жол басылымдарынан да байқауымызға болады. Мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбаевтан да министрлікте бірге жүргенде көп нәрсе үйренгенін ірікпей айта алған санаулы жандардың   бірі осы Ғазиз Тұрысбекұлы. Бұдан ағаның адалдығын, әділдігін әрі батылдығын жазбай танимыз.   Қандай бөлім, құрылымда жүрсе де өз қолтаңбасы мен бастамашылығын қалдырады. Солардың кейбірі: «ҚР мемлекеттік бірегейлігін қалыптастыру», «ҚР тарихи сананы қалыптастыру», «ҚР этномәдени білім беру», «Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау» секілді тұжырымдамалар, қала берді Жастар саясаты тұжырымдамасы. Хабар арнасында 1996‒1997 жылдары көпшілік көзайымына айналған «Әлем-Саясат» секілді хабарлар, «Алаш» партиясымен рухтанған Қазақстанның либералдық қозғалысы, қоғамдық-саяси жағдайларды мониторингтік әлеуметтік зерттеулер. Міне осы арада көрініп тұрған Ғазиз Телебаевтың бастамашылығы аталғандармен еш шектелмейді. Айта берсек Ғазиз Тұрысбекұлы қызметімен тікелей не жанама байланысты болған саланың бәрінде тиісінше: мәдениет көтерілді, мораль бекіді, ұлт еңсесі тіктелді, тіл мәртебесі көтерілді, аз көбейді, қара ағарды, солғын айқынға, сүреңсіз – сүйкімге енді.

Ғазиз Тұрысбекұлының еліне, халқына берері әлі де көп болса, Ғазиз аға жайлы айтпағымыз да өте көп… Осы бір қысқа мақаламызды Ғазиз ағамыздың сентенцияға, нақылға айналып кеткен өз сөздерімен аяқтасақ дейміз.

Профессор Ғазиз Телебаев:

‒ Қазақ тілін білу – бұл азаматтық парыз.

‒ Тіл тілдесу барысында қалыптасады және оны саяси шешімдермен реттеу мүмкін емес.

‒ Тіл — біздің өміріміздің бір бөлігі, сондықтан ол саясаттан тыс бола алмайды. Бірақ бұл мәселелерді жасанды түрде саясаттандыруға да болмайды.

‒ Қазақ философиясының тамыры түрік философиясында.

Әсет Құранбек

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

философия кафедрасының меңгерушісі

Ерболат Қошқарбаев

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

философия кафедрасының аға оқытушысы

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16