Димекеңнің тілегі көкейімде жүреді

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ

12.05.2022, 09:30

1048

1982 жылы ректорымыз қызметтен кететін болды, – деп сөзін сабақтай жөнелді Нұраға. – Ол кезде ендігі ректор кім болар екен деген мәселе алдан шықты. Бірнеше кісінің кандидатурасы ұсынылды. Солардың арасында менің де аты-жөнім бар еді. Қаншама басшылардың талқысынан, тезінен өткен құжаттарым Димекеңнің алдына жетеді.

Димекең деп отырғаным – Қазақстанның тарихында айрықша орны бар Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, ол кісі – Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы. Орталық комитеттің қаншама хатшыларының сүзгісінен өткен, сеніміне ие болғаннан кейін Димекең де маған ыңғай білдіріпті. Арада бір ай өткенде қабылдауына шақырды.

– Ал қарағым, өзіңді ректорлық қызметке қойдық, құтты болсын! Еңбегің жемісті болсын. Саған, реті ғой, ақыл-кеңестерімді айтайын. Сол үшін әдейі шақырып отырмын, – деді. – Әуелгі айтар тілегім: ақ жүр. Біреудің ала жібін аттама. Жұртқа мүмкіндігінше әділ бол. Институттың бірінші басшысы болғаннан кейін алдыңа келетін кісілер көп болады. Кім келсе де шаруасын орайымен, әділ шешуге тырыс. Екінші айтарым, мен ректормын, бәрін өзім шешемін деп кеудемсоқтық жасама. Өзіңді алға салып, бәрін өзім білемін, бәрін өзім тындырамын дегеніңмен саған мүмкіндік бермейді. Сол себепті елмен ақылдасып тірлік қыл. Құдайға шүкір, ол жерде үлкен ұжым қызмет істейді. Оның сыртына істің жайын жақсы білетін адамдар және бар, солармен кеңес құрып іс жаса. Қай мәселеге де асығыстық қылма. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дей ме, дәл солай, нені шешсең де артынан дау шықпайтындай, өкініп, бармақ тістемейтіндей тірлік ет. Басшылық ететін жерің – үлкен ғылым мен білімнің ордасы. Елдің келешегі – жақсы мамандарда. Біз саған халыққа адал қызмет ететін сапалы мамандар даярлайды деп сенім артып отырмыз.

Тағы да бір айтатын нәрсе, ел енді-енді ғана еңсесін көтеріп келе жатыр. Негізінен, сендерге қазақтың қара домалақ балалары келеді. Алыс-алыс ауылдардан армандап келеді. Қала балаларымен салыстырғанда білім деңгейі де төмендеу болар. Бірақ олардың оқуға деген ынта-ықыласы мықты. Сол үшін ондайларға түсіністікпен қарап, бетін қақпай, барынша жағдай жасау қажет. Осы жағын да ескертейін дедім, қарағым.

Қазір институтта дайындық бөлімі бар шығар?

– Дайындық бөлімі бар. Оған шалғайдан келген жастарды қабылдап, білім дәрежесін көтеріп, қалаған оқуын қиналмай алып кетуіне мүмкіндік жасаудамыз, – дедім.

– Жақсы екен, қарағым. Жұмыс барысында басқа да мәселелер туындап жатса, қай кезде де қол ұшын беруге әзірміз. Мен болмасам, басқа да хатшылар бар, солар да көмектеседі. Жұмысың жемісті болсын! – деді.

– «Халқымның табанына кірген шөңге маңдайыма кірсін!» деп, ел-жұртына адал қызмет еткен Димекең атамыздың өзі шынайы тілегін білдіріп, үлкен оқу ордасының тізгінін берген екен. Сонымен, ректорлық қызметке білек сыбана кірістіңіз.

– Кірістік. Ол кезде институттың ең бір олқы тұсы – материалдық базасының төмендігі, әуелі осы жағын көтеру керек деп шештім. Әрине, қай істі де жүзеге асыратын – адам күші, мамандар. Ректордың бәрінен де алға оздырып, назарда ұстайтын бірінші кезектегі ісі – мамандар, соларды іріктеу, дайындау жағы, өз басым осы мәселеге ерекше мән бердім. Қажетті мамандар жайын біржақты еткен соң, елдің экономикасы да баяғыдай емес, қоңданып қалған кез, материалдық жағын көтеруге бел шеше кірістім. Институт ұжымының татулығын да ескердім. Мұны моральдық-психологиялық ахуал деп жүрміз бе, міне, осы жағына да ерекше мән бердім. Бірден келе салып, ректорлық орынтаққа қонжиған кісі емеспін, әуелі кафедра меңгерушісі болдым, арада жылдар өткенде проректорлық қызметке көтерілдім, оны бір-екі жыл емес, пәленбай жыл атқарып, Александр Иванович секілді сыралғы, басқарушылық тәжірибесі ұшан-теңіз адамның тәлім-тәрбие тезінен өттім. Сонда көкейге түйгендерім енді қажетіме жарайтын пайдалы нәрсе болып алдымнан шықты.

Бүгінде «команда» деген бірдеңе бар ғой. Бірінші басшылыққа кім келсе, нөкерлерімен көше келетін «сырқат» пайда болды. Олары ағайын-туыстары, көңілдестері боп шығады. Ол уақытта оның бірі де жоқ. Талап қатал, қадағалайтын тетіктер өте көп. Абырой-атағын ойлаған басшы көзін қиянға салады. Мәселен, өз басым Қазақстанның шеңберінен шығып, Мәскеудің, Ленинградтың, Киевтің жоғары оқу орындарымен байланысты күшейтіп, шетелдерге аспиранттар жіберу жайын қолға алдым. Қазір республикамызда танылып, қызмет істеп жүрген белгілі азаматтардың дені сол уақытта біз тәрбиелеген мамандар. Солардың біреуін ғана айта кетудің артықтығы бола қоймас. «Тұран-Әлем банкінің» президенті болып, ұзақ жыл басқарған, содан кейін Францияда экономикалық кеңесші қызметін атқарған Берлин Иришев мен ректорлық қызметте жүргенде Францияда бір жыл стажировкада болған. Міне, осы сияқты азаматтар аз емес.

«Іргесі берік елді жау ала алмас, аузы бір елді дау ала алмас». Жұмылған жұдырықтай болған ұйымшылдығымыздың, тату-тәтті тірлігіміздің арқасында институтта құрылыс жұмыстары кең ауқымда қолға алынды. Институттың екінші, үшінші корпустары және стадион, спорт комплексі, асхана үйі, енді тағы қайсысын айтайын, міне, солардың бәрі мен басшылықта жүргенде бой көтерді. Төрт жарым жылдай ректорлық жұмыста болыппын, былай қарасаң соншалықты ұзақ мерзім емес сияқты көрінеді. Алайда осы уақытты барынша тиімді пайдаланып, институттың материалдық жағын жақсартуға қол жеткіздік. Жүргізген құрылыс объектілерінің ішінде мұғалімдерге арналып тұрғызылған екі үйді де айта кету керек. Сол уақытта институтта ұстаздық қызметте жүргендердің дені пәтерлі болды. Бұл да айта жүрерлік жетістік емес пе?!

Ал, енді оқу ордасындағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсартып, орнықтырудың жайы қалай жүзеге асты десеңіз, мен халқымыздың қанында бар, өмір тәжірибесінен берік орын алған тағылымды тірек-таяныш еттім. Ағалық ақыл-кеңеске бай, айтары мол, білетіні көп үлкендер, шүкір дейік, онда да бар еді. Солардың бірі жоғарыда айтып өткен Тарыбай Шәукенбайұлы Шәукенбаев институттағы ең сыйлы кісілердің бірі болатын. Тарыбай ағамен күнде демей-ақ қояйын, аптасына бір-екі рет жүздесіп, ой бөлісетін едім. «Аз да бітер, көп те бітер, татулыққа не жетер?» дейтін ақылды қарттың нақ өзі болатын. Былай қарағанда, мінезі өте қатал секілді көрінетін. Темірдей тәртіпті ұнататын.

Әлі есімде, бір күні қатты ашуланып келіп, есіктен кірген бетте, «Әй, сен осы!.. Әй, сен осы!..» дейді түйіліп. Неге ашуланып тұрғанын, нендей сөзді айта алмай тежеліп тұрғанын білмеймін. Әйтеуір тегін емес. Әрине, не боп қалды, нем жақпай қалды дейсің ғой.

– Отырыңыз, Тареке, отырыңыз, – деп едім:

– Жоқ, отырмаймын, – деді булығып.

– Тареке, бірдеңе дегелі келдіңіз-ау, отырыңыз, – десем, тағы да иліге қоймады. Содан кейін бетіне қарап тұрып: – Осының бәрін бүлдірген Сіз. Сіз болмасаңыз, бәрі де өз орнында болар еді, – дедім жүзіне тіктей қарап.

– Не болды, нені бүлдіріппін? – деді бойын булықтырған ашуы бірте-бірте сейіліп.

– «Не болды?» дейсіз. Не болсын, қайдағы бір ақымақты студент кезінен тәрбиелейсіз. Ол есерсоқтан үміттеніп, есіл уақытыңызды сарп етесіз. Күндердің күнінде ол неме атпал азамат боп шығады. Кандидаттығын, докторлығын қорғайды. Өстіп, өсе-өсе келе үлкен бір жоғары оқу орнына ректор болады. Осының бәрінде мына Сіздің үлесіңіз бар. Демек, бәрін бүлдірген Сіз емей, кім дейміз?..

Ол кісі осы кезде ғана әңгіме өзім жөнінде екенін ұғып, еріксіз күліп жіберді.

– Өй, сен де! – деп, қолын бір-ақ сілтеп, кілт бұрылып есіктен шыға жөнелді.

Иә, қалай дегенмен де ол кісінің түйіліп, ашуланып келуі бекер емес еді. «Неге өйтті? Нем жақпай қалды? Әлде бір білместік жасап қойдым ба?» деп ойлана отырып қалдым. Бірақ ол кісіні шат-шәлекей қылатын оғаш ештеңе жасамаған секілдімін. Жарайды, ақсақалдың ашуы тарқасын, сонан соң бір жаймашуақ қалыпқа келгенде ақырын тамырын басып байқармын дедім.

«Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше» деген, Тарыбай ағамыз келесі күні-ақ ай дидары жарқырап есік ашып тұр.

– Әй, Нұрғали, сен жалғыз отырсың ба? – деді жылы жымиып.

– Иә, Тареке, келіңіз, төрлетіңіз, – дедім. – Сіз кірсеңіз, екеуден-екеу болып отырамыз. Шер тарқатамыз, кіріңіз...

– Өзім де оңашада бір ашылайын деп келе жатыр едім, – деп сәлемімді алып, қарсы алдымдағы орындыққа жайғасты.

– Ойпырмай, кешегі ашуыңызды-ай сіздің! Сонда бурадай буырқанып, ештеңенің мәнісін ашып айта алмай булықтыңыз. Ал енді айтыңызшы, не болды? Дәу де болса өзім аңғармай, бірдеңені бүлдіріп қойдым ба деп менен де маза кетті, – дедім жайымды ұқтырып.

– Айналайын, бәрі орнына келді. Маған біреулер айтып еді, бәрін бүлдірген Нұрғали деп… Кеше өзіңнен шыққаннан кейін анық-қанығына жетсем, оған сенің ешқандай қатысың жоқ боп шықты, шырағым. Сондықтан мен бүгін әдейілеп келіп отырмын. Менен де бір білместік өтті кеше… Қателік менен болды. Сенен жаманшылық, артық сөз шықпайтынын біле тұра, қалай ғана жаңылысқанымды қарасайшы...

– Сізді білгелі не заман, бірақ кешегідей ашуланған түріңізді бір рет те көрмеп едім. Расын айтқанда, біртүрлі болдым. Ойым онға, санам санға бөлінді. Бәрі орнында боп көрінді. Тіпті зәредей кінәм жоқ секілді. Сонда да пенделікпен бірдеңе жасап қойдым ба деп, өз-өзіңнен күдіктенеді екенсің. Артық кеткен жерім болса, алдына түспейтін ұстазым ғой, ашу – дұшпанды өткізіп жіберіп, өзімен сөйлесейін, кешірім сұрайын деп едім.

– Жоқ, шырағым, сенің титтей де кінәң жоқ. Не болғанын дәл қазір айтпай-ақ қояйын. Кім не демейді? Сен ондайдан аулақсың ғой, естімей-ақ қой. «Жабулы қазан жабулы» боп осы күйінде қалсын, – деді кісілік кеңдікке салып.

«Қамқорлық жасағанға Алла да қамқорлық етеді, мейірімділік істегенге – мейірімділік көрсетеді» дейді Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз хадистерінде. Тарыбай ағамыз ұстаз ретінде тек маған ғана шуағын шашпай, қаншама шәкірттерінің жолын ашты, қолынан келген жақсылығын ешкімнен аямады. Табиғат берген қасиеті шығар, мәрт мінезді болатын. Сондай тазалығының, тектілігінің белгісі емес пе, ертесіне ертелетіп келіп, кең отырып сөйлескені. Әлдекімнің айтқан сөзіне күйінсе де, оның не дегенін, қалай деп айдап салып, арамызды аша жаздағанын ішінде бүгіп қалды. Өйткені ол кісіге елдің татулығы, бірлігі мен берекесі керек еді. Түсіне білген кісіге осының өзі де тағылым емес пе?!

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді көпті көрген аталарымыз. Елді болсын дейтін, кейінгі ұрпақ нұрлы тірлік кешсін, біз алмаған асуды алсын деп, бар білерін айтудан, үйретуден жалықпайтын Тарыбай секілді асыл ағаларды қалай ардақтаса да реті. Мен ол кісіні ақырғы демі таусылғанша алақанымда ұстап, қолымнан келген жақсылығымды жасадым. Ол менің міндетім еді. Соны барынша өтеуге тырысып бақтым.

«Халықтың тұрмысынан хабардар бол. Үлкендерге аға деп, кішілерге перзенттей қарап қатынас жаса», – дейді Ақсақ Темір ұл-қыздарына, уәзірлеріне, әскербасыларына, жалпы ұлтына арнаған ақыл-кеңестерінде. Яхия Әубәкірұлы Әубәкіровты осындай ойды ұлағат еткен ұстаздарымның бірі деп білемін. Ол ағамыз, Құдайға шүкір, қазір де бақуат. Әлі де бұрынғысынша университетте дәріс береді. Өз саласының білгірі, ақылдың кеніші ретінде кейінгілерді тәрбиелеуден бір жалықпай қызмет етуде. Қанша көп білемін дегенмен, әйтеуір бір кемдігі көрініп тұрады ғой. Осы ретте Яхия ағамыздың көп пайдасын көрдім. Кеудемсоқтықтан аулақ, қашан да кішік көңілін алға салатын сұңғыла жанның жақсылығын айта бергім келеді. Жастарға жұғысты болу үшін мұндай ағалардың артықшылығын үлгі-өнеге еткен жөн. «Атадан – бата, ағадан – ақыл сөз» керек қашанда!

Иә, қай кезде де, қай қызметте де адам боп қалу керек. Сонда ғана үлкенге ілтипатты, кішіге ізетті бола аласың. Ісіңде береке болады, тұшымды тірлігің көбейеді.

– «Распенен таласпа» дейді данышпан Абай атамыз. Рас, болған шындық, кезінде қол жеткен жетістігіңіз дейін: Сіз жақсы дәріскерлігіңіздің нәтижесінде де еңбегіңіз ескеріліп, екі-үш рет үздік лектор атаныпсыз.

– Жоғары оқу орындарында күні бүгінге дейін осындай ізгі дәстүр үзілмей келеді. Бір кездері сондай абыройлы атақтың маған да берілгені рас. Алайда кейін әкімшілік қызметке біржола жегілдік. Басшылық жұмыстың да жауапкершілігі жетіп артылады. Тура алты жыл табандап проректорлық қызметті атқардым. Ол кездері Кеңестер Одағындағы жоғары оқу орындары бір-бірімен берік байналыста, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін. Ғылым жөніндегі проректорлық жұмыстың ерекшелігі, тіпті артықшылығы десем де жаңылыспаспын, өзіміз бүкіл Одақ бойынша жылына екі рет бас қосатын едік. Онда қаралатын мәселелер, негізінен, жоғары оқу орындарындағы жасалып жатқан ғылыми жұмыстардың жай-жапсары, жетістіктері мен кемшін тұстары, бүгіні мен ертеңі деген тақырыптарда пікірталас, келелі әңгімелерге ұласатын. Мұндай басқосулардың ғылым ісімен шұғылданып жүрген қай-қайсымызға да берері аса мол еді.

Сол жылдарда Кеңестер Одағында 900-дей жоғары оқу орны болды. Кейде бәрін бірдей шақыра бермей, басқосу жиынын мамандық салалары бойынша үйлестіретін. Мәселен, гуманитарлық, экономикалық бағытта білім беретін жоғары оқу орындары проректорларының басын бір қосса, техникалық бағыттағы жоғары оқу орындары проректорларын бөлек шақыратын. Кеңейтілген жиындарда бөлінбей, жарылмай бір-ақ бас қосатын едік. Ол жиында айтылатын әңгімелердің де ауқымы кең, мазмұны терең, берері мол келелі мәселелер болып келетін. Және бұлар айтылып қана қойылмай, негізінен жүйелі түрде жүзеге асатын. Әрбірі бойынша не істеліп, не қойғанымыз жөнінде артынан есеп беретінбіз. Ақиқатын айтқанда, кеңестік заманда ғылым да, білім де өркендеді. Олардың дамуына барынша мән берілді. Әрине, бұл жағын ешкімнің де жоққа шығара алмасы айдан анық.

– Қызмет орны өскен сайын артылатын жауапкершілік жүгі де ауырлай береді. Ректорлық қызметте жүріп те талай іске ұйтқы болдыңыз. Солардың қайсысы болса да күш жұмсап жүгіруді, ұйымдастыруды қажет еткен шығар...

– Оған сөз бар ма?! Мен енді қазір тағы да еріксіз Димекеңді ауызға аламын. Ол кісі мені ректорлық қызметке тағайындалғаннан кейін әдейі шақырып, азды-көпті әңгіме айтып, жемісті қызмет тілегеніне жоғарыда аз-кем болса да тоқталып өттім. Қоштасарда «қажетті жағдай боп жатса, қысылмай кел, қолұшын беруден қашпаймыз» деген. Сол сөзін малданып, екінші жолы өзім сұрандым. Көп күттірмей қабылдады.

– Иә, Нұрғали, жұмысыңның жайы қалай? – деді.

– Бәрі жақсы, Дінмұхамед Ахметұлы, бұрыннан жақсы білетін өз ұжымым ғой, – дедім. Содан бір кезде өзі өте жақсы танитын, бұрын министр болып істеген, басқа да үлкен қызметтерді абыройлы атқарған кісілер жөнінде сұрай бастады.

– Илия Әбуович Ким сендерде ме?

– Иә, біздің институтта кафедра меңгерушісі болып қызмет істейді.

– Жұмахан Балапанұлы Балапанов та сендерде жұмыс істейді деп естідім ғой.

– Ол кісі де кафедра басқарып жүр.

– Төлепберген Төлеубаевич та сендерде ме? – деді.

– Иә, біздің институтта ұстаздық етеді.

– Нұрғали-ау, сен олардың бәрімен ортақ тіл табысып, қалай жұмыс істеп жүрсің? – деді күліп. – Олардың әрқайсысы бір-бір тау, бір-бір әлем ғой...

– Димеке, Сіздің атағаныңыз үш-төртеуі ғана. Әйтпесе бізде министрлік қызметте болғандардың жиырма екісі жұмыс істейді, – дедім күліп. Шынында, әрқайсысы әр салада министр болған артық-кемсіз жиырма екі кісі еңбек ететін. Олардың бәрін өте жақсы білемін, әрқайсысымен жақсы қарым-қатынастамын.

– Бәрімен ортақ тіл табысып қызмет етудеміз, – дедім.

– Бұл жақсы екен, – деп таңданғандай басын шайқап, тағы да күлді. – Олармен жұмыс істеу оңай емес. Қайта сен бәрінің тілін тауып, түсінісіпсің. Алда да осы бетіңнен танба, айналайын.

Әйткенмен, жұмыс бабында әртүрлі әңгімелер болмай тұрмайды. Әрине, олар күнделікті жұмысқа кедергі келтіріп, тежеу жасап жатса, ретіне қарай батырып, қаттырақ айтуға тура келеді. Димекеңе соны айтып: «Әйтеуір көбімен ағалы-інілі іспетті боп жүрміз ғой», – деп едім:

– Осыңнан танба, шырағым, – деді тағы да ризалығын білдіріп.

Димекеңді ауылдан келген қазақ жастарының жайы қатты алаңдататын еді. Сол мәселені тағы да ауызға алды.

– Сендерге мүмкіндік бердік, көп мәселелерді өздерің шеше беретін болдыңдар. Өткен жолы да айтып едім, және айтайын: ауылдан оқу қуып келген жастарға көбірек көңіл бөліңдерші. Солар шеттеп қалмасын, қатарларынан қалмай білім алатын болсын, – деді.

Қазақтың қасиетті Айтыс өнерін қайта жандандыруға айрықша еңбектеніп жүрген талантты ақын Жүрсін Ерман деген інімнің:

Еліңнің қамын ойлай жүр –

Қырандай көкке ұштың ба!

Көлеңкесі жерде болады

Аспанда ұшқан құстың да! – деген ойлы өлеңі осындайда тіл ұшына оралады. Қайран Димекең, қазағы үшін шыбын жаны шырқырап қызмет қылған ұлы адам емес пе, сөзінің соңында «еліңді, ұлтыңды ұмытпа» деп ұлағат етті. Біз де әліміздің келгенінше сол үдеден шығуға тырысып бақтық.

– Мен Дінмұхамед Ахметұлының қабылдауында екі рет болып, өзімен үш рет бетпе-бет жүздесіппін. Үшінші рет ұшырасуымның мәнісі мүлде бөлек. Арада жылдар өткеннен кейін, ол кісі үлкен қызметтен алыстап, қатардағы көп қарт, зейнеткерлердің біріне айналған кезде болды ол. 1988 жылдың жадыраған жазында Димекеңнің көп жыл көмекшісі қызметін атқарған Дүйсетай Бекежанов түрме торында отыру азабынан біржола босанып келді де, әдейі сол кісіге сәлемдесуге бардым. Бұл да адамгершілік міндеттің бір қыры ғой, барғаныма балаша мәз боп қалды. Азамат қанша қыспақ көрсе де Димекеңе деген адалдығынан айнымапты, сағы сынбапты.

– Әлгінде Димекеңнің үйіне кіріп, сәлем беріп шықтым, – деді сөз арасында.

– Ақсақал қалай екен? «Піл құдыққа құласа, құлағында тышқан ойнайдының» кері болды ғой, өзі. Қаншама жыл теперіш көрді. Қасиеті қашқандардың жала жауып жазбағандары қалмады, айтпағандары және жоқ… – деп едім:

– Құрысын, бәрі де аман болсын! Енді бәрі көздерімен жер шұқып қалды ғой, – деді бар ренішін осы сөздеріне сыйдырып. – Қалай, Димекеңе барып сәлем бересің бе? Қазір ертіп барайын.

– Келіп тұрғаннан кейін сәлем беріп шығудың артықтығы бола қоймас, – дедім.

Сонымен, екеуміз бірге бардық. Димекең барғанымызға балаша мәз боп, жадырап қалды. Тіпті бір-екі сағаттай әңгімелесіп отырдық. Қоғамда орын алған жөнсіз оқиға әбден жүрегін жаралапты. Тектен-текке қиянат көрген азаматтардың ешқайсысын да назардан тыс қалдырмайтыны сөзінен анық аңғарылып тұрды. Менің Тәжікстанда жүргенімнен де хабардар екен.

– Енді жағдайың қалай? Елге оралатын ойың бар ма? – деп сұрады.

– Ол жақтағы жұмысым көңілімнен шығады. Қанша айтқанмен кісі елі, тұрақтап қалмайтыным белгілі ғой, Димеке. Дәм тартқан сәтті күні елге қайтатын шығармын...

– Оның да дұрыс, қарағым. Бәрі бізге қарсы әдейі жасалған әрекеттердің кесірі емес пе. Енді бәрі рет-ретімен өз орнына келеді. Түбінде өз қызметіңді қайтып беруге тиіс қой. Өйткені, қаншама көзжұмбайлықпен жасалған заңсыз тексерулер саған да оңай соқпады. Әйтеуір, бір разы болатыным, атыңа кішкентай да кір келтірмедің. Арың таза екен.

– Оныңызға рақмет, Димеке, – дедім.

Сонда отырғанда тағы да бір ауызға алғаны:

– Уақыт өтті ғой. Менің баяғы билік ететін дәуренім жоқ. Әттең, сенің кім екеніңді кештеу біліп қалдым. Әйтпесе жағдай мүлде басқаша болар еді. Енді оған өкінгенмен не пайда? Бәрі де тағдырдың ісі, бұдан кейін де өз-өзіңе берік бол, шырағым, осыдан басқа саған не айтамын? – деп әңгімесін аяқтады.

Бұл менің қазақтың Қонаевы атанған тұлғамен болған ақырғы кездесуім еді...

– Нұраға, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев та басынан талай-талай қисынсыз қиянатты өткізді. Горбачев бастаған орталықтың діттегені оны қалайда қылмыскер ету еді. Колбин солай ету үшін білегін сыбана кірісіп, тілінің жеткен жеріне дейін жалалы сөзін аямай жапсырды. Оған ілесіп, қосыла «үргендер» де аз болмады.

– Димекеңді былайғы елдің әулиеге балайтыны бекер емес қой. Жақсылығын асырып мақтағандарға да майыспады, астынан тағы кетіп, қарапайым халықтың біріне айналған кезінде болмағанды болды етіп жамандағандардың сөзіне де сыр бермеді. Өйткені Алла жаратылысын өзгеше, бітімін бөлек етіп жаратқан жан еді ғой, Димекең.

Өзіңді өзің тыймасаң,

Өзгені қалай тыярсың?

Құлы болып құлқынның

Дүниеге қалай сиярсың? – деп, қасиетті халқымыз айтқандай, өзін де таза ұстап, өзгелерді де шектен шығартпай билік құрды. Бәтуа бермейтін байлыққа да, мәңгілік байланып қалмайтын мансапқа да басы айналып, туған елін, халқын ұмытпады. Өзі қадірлейтін Үндістанның саяси және мемлекет қайраткері Джавахарлал Нерудің «Әр мемлекеттің бір тиыны сол ұлтқа қызмет еткенде ғана мұратына жетпек» деген қанатты сөзін бір сәт те жадынан шығармай, Қазақстанға, оның халқына ақырына дейін адал да абыройлы қызмет етті, ізінен ерген өзгелерге өмірлік өнеге боп қалды.

Түркияны әлемге танытқан мемлекет дәрежесіне жеткізген әйгілі Ататүріктің «Тек өзінен кейінгілерді ойлай білетіндер ғана ұлттарды өмір сүру және алға басу мүмкіндіктеріне жеткізе алады» деген ғажап сөзін өмірімде үш рет жүздесіп, жылы-жылы лебіздерін естіген, халқының алдындағы қарызы мен парызын үлкен жүрекпен өтеген Димекеңе қаратып айтқым келеді. Ол кісі сондай таңғажайып тұлға еді!

Әйгілі академик ағамыз өзі таңғажайып тұлға еді деп, зор ілтипат білдірген Дінмұхамед Ахметұлы туралы әңгімесін осындай леппен аяқтады...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 14:08
Бақыт Әмірбек: «Ескі әндердің орны әрқашан бөлек»
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.05.2022, 10:40
Киелі жердегі мәдениет фестивалі
Айнұр ӘЛИ 17.05.2022, 11:25
Dаrknet: қараңғы әлем
Бекен КӨКІШҰЛЫ 17.05.2022, 08:57
Халықтың ұлы
Дос КӨШІМ 13.05.2022, 14:10
Түлкі мен тырна
М.СӘУЛЕБЕК 13.05.2022, 08:58
Мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын шалғайдағы ауыл халқы көріп отыр ма?

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56