Динара Мәлік: Өз көңілімнен шыққан жинағым жарық көрген емес

Бифат ЕЛТАЕВА

14.09.2021, 14:30

1020

Қазақ поэзиясына өзіндік үлесін қосып, өмірін өлеңмен өрнектеп жүрген ақын қыздар аз емес. Десек те, елге танымал Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Ақұштап Бақтыгереевалардың орны бір бөлек. Ал қазіргі таңдағы қазақ ақын қыздардың ой-өрісі, өлең шығару әдісі бір бөлек десек болады. Осыған орай, бүгін біз қазақ поэзиясында өзіндік өзгеше әлемімен танылып жүрген ақын қыз Динара Мәлікпен поэзия жайлы сөз қозғамақпыз. 

– Динара, поэзия, өлең дегенде, ең бірінші ойға шабыт келеді. Жалпы, өлең жазғанда шабытты қайдан аласыз?

–  Шабыт – көңіл күйдің әуені. Біз айналамызға мән бермеуіміз мүмкін. Әсем үйлердің ішінде де бақытсыз жандар бар. Сұлу келбетте де күрсініс көлеңкесі бар. Шабытты сезінуден аламын. Тым ақылды болудан емес, аласұрып сағынудан аламын. Әдемі көрінуге тырысып, көлбеңдеп жүріп, көңіл сындыру емес, қарап тұрып, жаным ашып, өкініп тұрып жылап алып, қадамдарым сағынышыма шалынып жүрген кезде өлең жазамын. Ол сағыну екі дүниенің ортасындағы нәп-нәзік жіпке ілінген менің күбірлеген сөздерім. Жерден де, Күннен де кешірім сұрап, тарыдай болып түйіншектеліп қалған кезде айтатын сөзімді айта алмай, ешкімге ақталмай, жоқ болмай қалатын сәттен шабыт аламын. Ішімдегі үрейге ұқсас әйел бой көтеріп, қызғаныш тырнағымен оятқанда, ештеңе, ешкім керек болмай қалған сәтте, бәрінен жалыға салуға тез шешім қабылдайтынымды жек көремін. Шабыт – менің әрбір уақытым.

– Байқасақ, өлеңдеріңіздің көбі мұңды, сағынышқа толы.  Соған қарағанда көп жабырқап, өткенді аңсайтын секілдісіз...

 – Мұңсыз адам болмайды. Мұң, ойлану деген өреге де байланысты. Әжем айтпақшы, «біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы». Мұң дегеннің де көйлектің түсі секілді түр-түрлісі болады. Кейде шат-шадыман күйде жүріп, өзіңнің ішкі дүниеңдегі бағалыларыңды жоғалтып алғандай күй кешесің. Неге десеңіз, мұңсыз болудан қорқамыз. Ойсыз сәттерден қорқамыз. Ой  мұңнан тұрады. Күліп отырып ойлап, күліп отырып сағына алмайсың ғой. Көп адамдар «жалғыздықты сағындым» дейтін жолдарды қу бас боп қалу деп түсінеді. Адамның тұлға ретіндегі бейнесі мен жан дүниесі бөлек. Жалғыздық дегеніңіз де сол – өз ойыңды аялап, өз сағынышыңды сақтап, солармен оңаша қалу. «Көппенен бірге күліп ап, елеусіз қалып егілу...» Адамның ең басты байлығы да – ой, мұң, сағыныш. Адамдығыңды сақтар сезім де осы.

– Көп ақындардың өлең жазғанда белгілі бір музасы болады. Жалпы, муза дегенді, сіздің ойыңызша, қалай түсінеміз?

–  «Мынау қандай  мезгіл?» деп сауал қойсақ, «күз» дейміз. Әр мезгілдің атауы қалыптасқан. Сол секілді өлең жазылса музама арнағанмын дейміз. Музаның белгілі бір өлшем мен қалыпқа сыйғызып қойған пішіні жоқ. Ол тірі адам да болмауы мүмкін. Ол қиялыңнан да тумаған шығар. Әрбір өлең – музаң. Қолмен ұстамайтын, көзге көрінбейтін, лебі мен рахатын сезінер құбылыс деп ойлаймын. Муза – жаныңның қалағанынан рахат алу. Сол рахатты таба білу. Адастырып алмау. Менің музам осындай. Өзімді сүю, өлең жазып, қайта оқығанымда бетім қызармау. «Мынау мен емеспін, негізі» деген жасандылыққа жолықпау. Мені өмірге ұмтылдыратын да – осы.

– Қазіргі уақытта немен айналысып жатырсыз?

– Қазіргі уақытта – тірі адамның тіршілігі.  Менің жиырма төрт сағат бойы ақын емесім анық. Өмірге, айналама секунд сайын ақындық көзбен қарай алмаймын.  Адам ретінде, таза күйінде қарауға тырысамын.  Кітап оқимын. Әр кейіпкерімнен бейне жасап алып, солардың образына еніп кеткендей күй кешетін кездерім бар. Нақты осындай әрекет етіп жатырмын деген дүние жоқ. Әйелге тән өз әлемімнің асханасы ішіндегі жоспарлар. Әйел адам – қай кезде де әйел. Есенғали Раушановтың «Әйелден ақын шықпайды, биші не күйші болмаса...» деген жолдарын әркім өз түсінігінше сан-саққа жүгіртеді. Бұл жерде ақын әйелдің мойнындағы қаншама жауапкершілікті меңзеп отыр. Оның нәзік жүрегіне өлеңнің дерті қонып, соның емімен жанталасса, оған міндеттелген керемет ғажайыптарды кім дүниеге  әкеледі? Оқығаны мен тоқығаны көп ақын,  қалам ұстаған қарындастардың өз отына өртеніп кеткенін, шетел әдебиетінде орта жолға келгенде сағы сынып, қанаты қайырылғанын білген соң айтып отыр. Бишілікте табиғат пен тіршілік қимылы бар. Күйшілікте он екі мың ғаламның ғажайыбы бар. Сіз жапырақтың сыбдырына назар аудармауыңыз мүмкін. Жылаған ананың даусына құлақ аспауыңыз мүмкін. Күй оның бәрін мөлдіреген жанармен, мөлдіреген аппақ әлемнің ішінен іздеттіреді… Ақындықтың дерті – сезіну, жүректен өткізу, қағазға түсіру. Әйел адамның белі иінағашқа ілінген су толы құмыраларды көтере алуы мүмкін. Бірақ өнердің салмағы үшін күйреп те, гүлдей де алады. Мен әйел адам құбылысының сан қырына үңілгім келеді. Әрбір әжім астына сіңіп, сезінбей қалған сезімдерді, ұмытылып қалған кездерді өмір сүруге талпындырғым келеді. Тағдырға жатырқамай қараған жанар көргім келеді.

– Кейінгі жылдары әлеуметтік желі арқылы танылу үрдіске айналғандай.  Жұрт кітабыңды  оқығаннан  гөрі  жаңа  өлеңдерді  әлеуметтік  желіден  оқи  салғанды  жақсы  көреді. Демек, соңғы  кезде  жыр  жинақтарыңның шықпауына  әлеуметтік желі себеп емес пе?

– Әлеуметтік желі дегеніңіз – су бетіне жазылған жазу секілді. Көзбен көресіз, көңілге тоқи алмайсыз. Ол дүкендегі әдемі затты көріп, оң баға бере салатының сияқты. Оның бүге-шігесіне дейін, сапасына мән бермейсің. Сол секілді әлеуметтік желіге өлең қойғанда сонша адам ұнатты деген сөз – бәрі түсінді деген ұғым емес.  Тек есімің мен суретіңді миға сақтап алуға болады. Бірақ өлең деген күрделі кереметке ену үшін ерлік керек. Кітап шығару мәселесі ойымда жүргені анық. «Бірақ дәл қай күні екенін айта алмаймын». Өз көңілімнен шыққан жинағым жарық көрген емес. Бұл тұрғыда сыртқы, сапалық жағын айтып отырмын. Алланың бұйыртқан күні болар, ниеттеніп жатырмын.

Көбі, әсіресе, фейсбук арқылы адамдармен араласқанды жақсы көреді. Әлеуметтік желімен танылуды қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?

– «Фейсбук» деген – ағылшынша  «ашылатын кітап» деген мағына береді. Әлеуметтік желі арқылы танылу – кім қалай танылады, соған байланысты. Егер  қысқа-қысқа өмірге қажетті жігерлендіру, табысқа жету, жеңімпаз болу секілді жазсаңыз, оның да өз оқырманы бар. Маған он өлеңім фейсбукте жарияланғаннан бір өлеңімнің газет бетінде тұрғаны дұрыс. Шындығында, бұл екеуі екі бөлек дүние.

– Ақын-жазушыларға қазіргі уақытта мемлекеттен қандай қолдау болып жатыр?

– Қолдағанда кітабын шығарып, әдемі кешін өткізіп, шама келгенше сый-сияпаттарын жасайды ғой. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың ақын-жазушыларына стипендия тағайындады. Ол да болса жүздеген қаламгерге демеу болды. Бұл үрдіс облыстарда жалғасын тапқан. Жазушылар одағының арнайы парақшасы бар. Сол жерде атқарылып жатқан шаруалар, тыңғылықты істер баяндалады. Жастардың кітабын шығаруға атсалысып, кітапханалармен бірігіп түрлі кештер өткізу де өнерді бағалау емес пе? Түрлі жобалар қолға алынды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Өлкетану» жобасымен әр облыстың ақын-жазушылары сол топырақтың тарихын жазды. Поэма, дастандар дүниеге келді. Бұл ұрпақ үшін ұлы құндылық дер едім. Еңбектер кітап болып жарық көрді. Жазушылар одағының табалдырығын имене аттап, иіліп өтетін көптеген жастар Жазушылар одағы мүшелігінің билетін алды. Мүшелік билеттерін одақ басшылықтары арнайы табыстады. Бұл дегеніңіз үлкен мәртебе емес пе? Бұл жігерлі, жазуында жалыны бар жастарға деген артылған үміт.

Тегтер: проза поэзия ақын пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 16:19
Көрсеқызар
Жарлы БАЙҒАНИН 23.09.2021, 16:30
Жемшелек
Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК 23.09.2021, 10:10
Жадымның мықтылығы арқасында аман қалдым
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.09.2021, 10:02
Арман Қани: Біздің ел екі теңіздің ортасындағы көл сияқты
Жабайыл БЕЙСЕНОВ 22.09.2021, 17:15
Ауылым – алтын қазығым
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 11:00
Облыстық радио келмеске кеткені ме?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39