Мысқыл
13.01.2023, 16:13
2456
Құдай құрбым еткен, досым еткен Тоқаң кеше іңірде Өскеменінен телефонымды шырылдатып, жаттанды кіріспе сөздерін түгендеп айтып болып, жөткірініп қойып:
– Әй, шал жігіт, Алматыңда не жаңалық, не өзгеріс болып жатыр? – деді, мырс етіп.
– Ей, жігіт шал, сен құр қалғандай дәнеңе болған жоқ, ентікпе, – дедім, мырс етпей.
— Е, естуімше, сендерде күлдіретін де, жылататын да театр көп көрінеді, концерттеріне барып жүрсің бе? – деп тағы да мырс етті...
Мен барып жүрген театр өзіміздің ауламызда екенін Тоқаң қайдан білсін.
Мен іштей «Дұғай-Шұғай» деп ат қойып алған ол театрдың штатында екі-ақ кісі бар. Қаржыны үнемдеу керек. Олардың сұхбаттары академиялық театрлардың спектакльдеріне бергісіз. Мысалы, кеше түстен кейін екеуі әдеттерінше ауламыздағы ұзын ағаш орындықтардың арғысына барып, иықтаса құйрық басысты. Мен де, әдетімше, олардың ту сыртындағы бергісіне барып орналастым.
– Иә, Дұғеке, шекең шіп-шіп терлеп тұр екен, шайға қанғансың-ау, ә? – деді Шұғай, сөзін қуақылана суыртпақтап.
— Мен, өзің білесің, «өз ағам – өзбектің» көк шайын ішем ғой. Таңертең дүкеннен соны ала келген қатекем екі пәшкесін үстелге тастай салып: «Мына бар болғырың тағы да қымбаттады. Өткен аптадағы бағасына 24 теңге қосылыпты, сенің көк шайың бара-бара алтын шай болатын шығар» деп қыжыртты. Мен: «Ау, бәйбішем, сенен басқаның бәрі қымбаттай беретінін мен көріп жүргелі қашан, саспағын» деп кезекті қалжыңыммен жұбатқан болдым – деді Дұғай, бір секөнт те қуақыланбай. Өзінің де, Шұғекесінің де көңілі көншірлік бір сөз айтқан жоқ, қайдағы қуақылық?!
Екеуі темекі тұтым уақыт жым-жырт отырда да, Шұғай ән айтардай «һі-һа-һа» деп дауысын қырнап алып:
– Осы бар ғой, Дұғеке, еттің, майдың, сүттің қымбаттағаны бір басқа, ал шөптің қымбаттай беретіні қалай, соны мен түсіне алмай-ақ қойдым, – деді.
– Шайды «шөп» деп отырсың ба? – деді Дұғай, шырт етіп.
– Жо-ға, оны… мен… жалпы шөпті айтып отырмын. Егер шынтуайтына көшсек, шайдың да, әгүршіктің де, помидордың да, мәркөптің де, кәпөстаның да, арбыз-қарбыздың да – бәрінің де арғы атасы шөп қой, солардың бәрі қымбаттай беретін болды емес пе?!
– Көкбазарда да, ақ дүкенде де дейсің ғой?
– Иә, бәрінде!
– Шұғеке, демікпей сөйлегін. Олай болғаны – тәуелсіздіктің нышаны...
– «Тәуелсіздіктің»?!
Дұғай анекдот айтып отырғандай жеңіл күле сөйлеп:
– Оларды егіп-өсіріп жүргендердің бәрі – жекеменшікшілдер. Әлгі приватизациядан өткендер. Қайда, қаншаға сатса да, тіпті сатпай қойса да еріктері. Саған керек, маған керек, анаған керек, мынаған… бәріне керек. Сонсоң қымбаттығына шыдаймыз да, аламыз. Сататындар ешкімге тәуелді емес, толық тәуелсіз,– деді.
– Үкіметте оларды тежейтін, бет-бетіне жібермейтін, яки бағаны бақылап отыруға тиісті әлгі… департамент дейтін, комитет, комиссия дейтін орындар бар ғой, олардағылар жұлдыз санап отыр ма?
Сұхбатта ұсыныссыз-ақ «үзіліс» болды.
– Е, Шұғеке, – деп Дұғай оны иығынан сипай қаққылады да: – Заман ғой, заман. Аумалы-төкпелі. Асты-үстілі. Тәуелді – тәуелсіз. Қымбат – арзан, – деп басын бірер шайқады.
– «Арзан, арзандады»… Мен бұл сөздерді естімегелі 25-30 жыл болған шығар, иә, болды. Тіпті ұмытып қалыппын. Сен айтпасаң, есіме, әй, түпес еді, қызық, ә?
– Қызық-шыжық көп қой бізде. Солардың сәпсем сібейін бағана, таңертең, радионың жаңалықтарынан естідім.
– Иә, ол немене?
– Біздің президент биылғы жылды, мына 2023-ті, «Орыс тілі жылы» деп жариялайтын болыпты.
– «Орыс тілі жылы» – деп?
– Тура солай. Мен радиодан қате естіген жоқпын, сен, Шұғай мырза, менен қате естіген жоқсың.
– Түк түсінсемші!
– Сенің түсініксіз жәйттің түсінікті жайттан әлдеқайда әсерлі болатынын осыншама жасқа келгеніңше түсінбей жүргенің маған шынында түсініксіз, жолдас Шұғеке! – деп Дұғекесі күлді.
– «Түсінікті, түсініксіз» дей бермей, айтшы, егер өзің түсінген болсаң, ол не?
– Немене «ол не»?
– «Биылғы жыл орыс тілі жылы болады» дегенің.
– Мен «деген» жоқпын ғой, біздің президент «депті»! Кешегі желтоқсан айының орта шенінде Петербург қаласында ТМД-ның, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы дейтініміздің, басшылары үлкен жиналыс жасаған. Сонда анау Путин сөз сөйлеп: «2023 жылды «Орыс тілі жылы» етіп өткізейік, бұл – Қазақстан президентінің идеясы, мен бірден құптадым!» депті. Ол қуанбай, кім қуансын, – деген Дұғай еңкейе шырт түкірді де, түзеліп, Шұғайға кеудесін ырғай бұрыла қарап: – Соларын мен де түсініп қарық болған жоқпын, ендеше, оны екеуміздің де түсінуімізге себеп болуы мүмкін дәлел іздейік, – деді.
– Сөйтші!
– Сонау бір жылы Алматының әкімі қала шегінде іс қағаздарын мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде жүргізу туралы шешім жасағаны, оған белгілі атаққұмар «зиялы» топ қарсы тұрып: «Қазақстанда іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу ұлтаралық шиеленіс тудырады», деп қиқулағаны есіңде шығар. Оның ақыры әлду-бәлду болды. Іс қағаздары сөз жүзінде ғана мемлекеттік тілде. Үкіметтің, парламенттің, әлгі ассамблеяның үлкен-кіші кеңселеріндегі қазекемдердің жартысы орыстілді. Содан «ұлтаралық шиеленіс тумас» үшін «Орыс тілі жылын» жасап, оны әр қашанғымызша белсене насихаттап, орыстілділерді көбейтіп, қазекемді жабулап қояйық, деген ұйғарым болған да. Арғы-бергіде.
– Дұрыс, Дұғеке, дұрыс айттың: «арғы-бергіде» деп. Арғыда әуелгі президент «Орыс тілі – ресми тіл» деп шалажұмбақ жарлық шығарып, оны мемлекеттік тілге тақап қойды емес пе?! Бергіде… «көрген көргенін істейді, көсеу түрткенін істейді». 2024 жыл бізде: «Орыс тілі – мемлекеттік тіл» деп осқырынған қаулы шығуы да мүмкін.
– Шұғеке, тағы да бір «қызықты» тыңда. Бұдан төрт ай бұрын парламентіміздің сенатындағы екі депутатқа, өзіме көптен таныс жақсы жігіттерге, жекелеп хат жазып: «Ау, құрметті мырза, «Петропавлға» «Қызылжар» атын, «Павлодарға» «Кереку» атын қайтаратын уақыт болғалы қашан?! Билікке сөзің өтетін орындасың, Қазақстан Ресейдің гуверниясы емес, кімге жалтақтауымыз керек, қимылдасаңызшы!» дедім. Дұрыс қой?
– Әрине, дұрыс!
– Екеуі де ләм-мим демеді.
– Демейді олар, Дұғеке, жо-жоқ, демейді! Былтыр менің бажам Өкеш жазықсыздан жазықсыз жапа шегіп, саған шет-жағасын айтып едім ғой, қала әкіміне, қалалық мәслихатқа, обләкімге, министрге, премьер-министрге, президентке – бірінен соң біріне шағымхат жазып, шіркін-ау, алтауынан бір ауыз жауап ала алмады.
— Керауыздар кекірейіп, әлі жамандап жүрген Кеңес кезінде келген хатқа бір аптаның ішінде жауап қайтаратын тәртіп болып еді, ол далада қалды, қайда, кімге, қанша жазсаң да, мүлдем елемейтін «мода» шықты. Қайсыбіріне шаршарсың, – деп Дұғай қол сағатына үңілді де, Шұғайды қолтығынан демеп түрегеліп: – Жекеменшік жүйкемізді аяйық, «бәрінен де сен сұлуларымыз» кешкі шайдың мәселесін шешкен шығар, поехали! – деді, көңілдене сөйлеп.
***
«Дұғай-Шұғай» театрымның бір концерті аяқталды.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР