15.12.2022, 08:12
2430
Шіліңгір жаздың күні. Ертеңгілік астан кейін асай-мүсейімді жинастырып, орталық саябаққа шыққалы жатқанмын. Сурет салатын өнерім бар еді. Жұмыс болмағандықтан, сол демалыс орнына барып, тілек білдірген адамдардың суретін салып, нәпақа табу әдетіме айналды. Темекімді аузыма қыстырып, алдымдағы адамның жүзіне үңіле, оның жынысына, жасына карай әзілімді айтып, әңгімеге тарта отырып, бипаздап, суретімді салып шығамын. Адамдардың кескінін бейнелейтін суретім ерекше сәтті шығушы еді. Содан ба, өзгелерден гөрі маған келіп портретін салдырушылар көп. Табатын табысым да жаман емес. Бірақ азаннан кешке дейін бояуға малынып бүкшиіп отырып сурет салудың да азабы мол.
Сыртқы есікті ашып, үйден шыға бергенім сол еді, телефон шылдырлады. Амалсыз кері бұрылып, тұтқаны көтердім.
– Дәурен аға, сәлемет пе! – деген дауыс тым алыстан естілгендей болды. «Қалааралық байланыс болды-ау» деп ойладым.
– Сәлемет бол, айналайын.
– Аға, мен Ақботаның сіңілісі Салтанатпын ғой, ұмытып қалған жоқсыз ба? Ауылдан телефон соғып тұрмын. Бірнеше рет хабарластым, бірақ сізді ала алмадым. Сірә, біраз уақыт үйде болмадыңыз-ау деймін.
– Иә, иә, ауыл жаққа барып, оншақты күн демалып қайттым, – дедім. – Өйткені қаланың тіршілігі шаршатты, шаршадым. Ауылдан келгенім кеше.
– Аға, мен сізге жаманат хабар естірткелі түрмын. Ақбота апам ше, қайтыс болды, машина апатынан. Жетісін өткізіп қойдық. Қазір үйде абыр-сабыр басылды ғой. Егер қажет деп тапсаңыз, үйге келіп кетіңіз. Сосын бар ғой, аға, Ақботаның суретін салып жатырмын деп өткенде айтып едіңіз. Бітірсеңіз ала келіңізші, төрге іліп қояйық. Біздің мекен-жайды білесіз ғой, мына Ұзынағаштың ар жағындағы Шиен деген ауыл.
– Барамын, – дедім. – Барамын, дәл қазір шығамын. Сурет те даяр. – Трубканы қойып, жұмыс бөлмеме өттім. Ауылға жүрер алдында бірнеше түн ұйықтамай салған суретіме үңілдім. Онда қала көшесі, ию-қию машиналар легі, құжынаған адамдар бейнеленген еді. Сол қаптаған адамдар ішінде жан-жағына алаңдай қарап, әлденені іздеп келе жатқан келіншек бедерленген. Келіншектің көзінде сағыныш, мұң бар, қорқыныш бар. Құжынаған адамдардың ішінен әлдекімді, әлдекімдерді іздейтін сынды. Әйтеуір жүзінде алаң бар, абыржулы. Құжынаған қоңырқай адамдар арасынан әлгі келіншек періштедей көрінеді. Суреттің астына «Елес қуған келіншек» деп жазып қойыппын. Тамағыма өксік, көзіме жас тірелді. «Қайран Ақбота, есің кіресілі-шығасылы болып жүрсең де, алғы күндерден үмітіңді үзбей тірлік кешіп едің. Ақыры жаның жай тапқан екен-ау». Көзіме келіп қалған жасты ірке алмадым, қолыммен бір сүртіп, суретті жинастырып, сыртқа беттедім. Бағытым Ақботаның ауылы еді.
Таксиде келе жатып, сол бір келіншекпен қалай кездескенімді есіме алдым. Құдай-ау, қалай еді, қай кез еді...
Иә, иә, көктем еді… айнала көк желекке малынған мамыражай күн еді...
Саябаққа алғаш рет шыққан күнім. Онда да таныс суретшілерім «адамдардың суретін салып, күн көруге болады» деп осы жаққа жөн сілтеп жіберген. Алғашқы күн болған соң ба, «мені салыңызшы» деп ешкім келе қоймады. Тек бір-екі бүлдіршін болмаса.
Ертерек сурет кұрал-жабдықтарымды жинап, бақтың орталық қақпасынан шығып, троллейбус аялдамасына беттедім. Күн ыстық болса да демалушылар көп. Аялдамада біраз адам көлікті күтіп шоғырланып қалыпты. Ойлана басып, келе жатқанмын. Кенет әлдебір әйелдің: «Дастан, тоқташы, Дастан» деген ышқына шыққан даусы естілді. Алғашында онша мән берген жоқпын. Аялдамаға жақындап қалған троллейбусқа асыға қадам бастым. Тек қарсы келе жатқан қыз-жігіт: «Аға, сізді шақырып жатыр ғой» деген соң ғана, әлгі дауыс шыққан жаққа бұрылдым. Орталық қақпадан өткен көрікті келген бір жас келіншек маған қарай ұмтыла басып келеді екен. Қасына ілескен қыз бен жігіт бар. Келіншек әлденелерді айтып сөйлеп келеді. Онысын ести алмадым. Өйткені ағылып жатқан көп көліктің шуынан оның дауысын есту мүмкін емес-ті. «Апыр-ау, бұлар кімдер болды? Мұндай таныстарым жоқ еді, – оларды күтіп ойланып тұрып қалдым. – Шамасы мені біреуге ұқсатқандары-ау». Жақындап қалған келіншек:
– Дастан, – деді маған күлімсірей ұмтыла сөйлеп, – Жаным-ау, мен сені жер-көктен іздеп таппай жүрмін ғой. Неге жалғызсың, Қанатым, құлыным қайда? Сағындым ғой сендерді.
Ілезде келіншектің көзінен бұрқ етіп жас шықты.
– Неге үндемейсің? Неге мені құшақтап сүймейсің? Сағынбадың ба? – Осыны айтқан ол не дерімді білмей таңырқап тұрып қалған менің мойныма асыла құшақтап, беті-басымнан сүйе бастады. «Сүйші мені, Дастан, сүйші. Қанша жыл сендерді іздедім. Ақыры таптым-ау, жаным. Енді біз біргеміз, мәңгілік біргеміз, жаным. Бақыттымын, құдай-ау, естисің бе, бақыттымын мен!».
Келіп тоқтаған көлікке мінбеген біраз адамның назары біз жаққа ауған. «Құдай-ау, мына келіншек мас па?» Бірақ оның аузынан ешқандай арақ-шараптың, не болмаса, сыраның сасық иісі шықпады. Тек жеңіл, тәтті әтірдің иісі мұрныма келді. «Әлде есі ауысқан, дімкәс біреу болды ма?» Арқамнан құмырсқа жүгіріп өткендей болды. Тіксініп қалдым.
– Кешіріңіз, сіз мені өзгеге ұқсатып қалдыңыз-ау деймін. Мен Дастан емеспін, атым Дәурен, – деп келіншектің мойныма артқан қолын түсірдім. – Шамасы мені бөтен біреумен шатыстырып алдыңыз-ау.
Өз-өзімнен қысылып, өз-өзімнен әбіржідім.
– Дастан, сені қалай танымайын, неге жалғызсың? Қанатым қайда? Сағындым ғой, құлынымды бір иіскетші, – келіншек қайтадан мені құшақтауға ұмтылып еді, қасындағы жігіт:
– Ақбота әпке, тоқташы, – деді оның қолдарынан ұстап. Келіншектің өзіне ұқсап қалған қыз да:
– Жүр, анда барайық. Қанат сені қақпаның ар жағында күтіп тұр, – деп келіншекті алдаусырата сөйлеп, маған көзін қысты.
Оқыс оқиғадан сасқалақтап қалған мен де:
– Иә, иә, ана жерде Қанат күтіп тұр, тезірек сонда бар, Ақбота, – деп әлгі келіншектің атын атап міңгірледім. Іле оларды тастап, келіп қалған көлікке мініп, тезірек ол жерден кетуге тырыстым.
«Бұл бір есі ауысқан келіншек. Кейде өстіп әркімге бір ұмтылады. Күйеуі мен баласы қайтыс болған. Соларға ұқсатады-ау шамасы. Үнемі осы жерде жүреді. Уыздай жап-жас, обал-ақ». Мұны мен троллейбусқа міне бергенде аялдамада балаларға арнап ойыншық сатып отырған кемпір айтты. Маған арнап айтты ма, әлде айналада тұрған өзгелерге айтты ма, білмедім.
Троллейбустың артқы терезесінен сыртқа көз тастадым. Қасына ерткен қыз бен жігіті бар әлгі бейтаныс жұмбақ келіншек саябақтың орталық қақпасына қарай ұмтыла басып бара жатты. «Есі ауысқан, күйеуі мен баласы қайтыс болған», – айналамда тұрғандарға естіртпей ақырын күрсіндім. «Солардың елесін іздеп жүрген бір бейбақ болды-ау». Денем бір ысып, бір суыды. Әрі-сәрі күйде, ұзап бара жатқан келіншекке қараған күйі тұрып қалдым.
Иә, беймезгіл жары мен баласынан айырылып, есі кіресілі-шығасылы болса да, солардың елесін іздеп, аңырап жүрген Ақботамен ең алғаш рет осылай кездесіп едім...
Содан кейін бірер күн әлгі келіншекті көре алмадым. Паркке бара жатып та, қайтып келе жатып та, сурет салып отырып та, айналада демалып жүргендердің арасынан әлгі бейтаныс мұңлықтың бейнесін іздеп карай бергенмін. Неге екенін қайдам, сол келіншек есімнен шығар емес.
Алдымда отырған баланың суретін сала отырып, ту сыртымнан әлдекімнің тесіле қарағанын бүкіл жан дүниеммен сезгендей болдым. Темекі тұтатқан болып, жан-жағыма ақырын қарағанмын. Ту сыртымда, әудем жердегі орындықта бір қолымен жағына сүйеніп, маған тесіле қарап отырған өткендегі келіншекті көрдім. Өткендегідей құшағын жая ұмтыла ма деп едім, олай болмады. Қимылсыз отыр. Тек көзіміз түйіскен сәтте ғана, сәл езу тартып, басын изеп амандасты. Осыдан кейін-ақ салып отырған суретімнің берекесі кетті. Денемді белгісіз бір ұсақ діріл биледі, тынысым тарылғандай болды. Темекіні үсті-үстіне қомағайлана сорып, қолайсыз бір күйге түстім. Әрең дегенде алдымда отырған баланың суретін бітіріп, уһ дедім. Шешесі берген ақшаны қалтаға зытырып, сусын іштім. Менің жұмысымның біткенін көрген әлгі келіншек ақырын басып жаныма келді.
– Дастан, сен сурет те салады екенсің ғой. Неге жасырып келдің? Баламыз екеуміздің қатар тұрғанымызды қашан саласың, айтшы?, – деді.
Ақырын сөйледі, сосын жауап күте бетіме қарады. Алдымда отырған келіншекке алғаш рет көз тоқтата тіктей қарадым. Қап-қара шашын иығына жеткізе қиған, аққұба өңді, қарақат көзді, қыр мұрынды, өте көрікті, сымбатты екен. Жазғы көйлегі тізесіне жетер-жетпес қысқа. Аяқтары әппақ, оқтаудай түзу, жұп-жұмыр. Кез келген еркектің есін алар сұлу аяқтар. Менің ашкөздене, белгісіз бір құмарлық сезімге беріле қарағанымнан қысылды ма:
– Дастан, неге сонша тесіле қарадың, танымадың ба, мен Ақботамын ғой. Әлгінде Қанатжанды сенің маңайыңнан көріп едім, қайда кетті, сусын берейін. Ол орнынан тұрды. Аузыма құм құйылғандай үнсіз отырмын.
– Анау жақта болар-ау, – ол менімен қоштаспай, тіпті көрмеген адамдай, әудем жерде ойнап жүрген бір топ балаларға қарай беттеді.
«Япыр-ай, Алла Тағала осынша сұлулықты бере отырып, екінші жағынан кемтар етіп, есін алатындай тақуалыққа барғаны несі? Думанды жастық шағын дүрілдетіп өткізудің орнына белгісіз (мен үшін, әрине) біреулерді іздеп, күнін өткізген не қылған жұмбақ келіншек, не сыр бар, білер ме еді». Темекіні қомағайлана бір сорып, тұқылын аяусыз аяғыммен ездім. Бұдан ары қолымның жүрмейтінін білдім. Жанымдағы өзге суретшілермен ертеңге дейін қош айтысып, бақтан шығатын жолға түсіп кете бардым.
Ақбота мені тағы екі-үш күн алыстан бақылаумен болды. Тек бірде ғана:
– Дастан, шөлдеген боларсың, іше отыр, – деп қолындағы сусынды ұсынды.
– Иә, шөлдедім, – дедім оған өте бір ризалық пішінмен қарап, – Мына күннің ыстығы шөлдетті.
Арада зымырап он шақты күн осылай өтті. Жазғы демалыс лагеріне кеткен ұлым үйге келді. Енді ауылдағы ата-апасына барып, біраз демалып қайтуым керек деп жүр. Оның да себебі бар. Шешесі, яғни әйелім осы Айбарды босану үстінде, қан қысымы түспей, содан қайтқан. Ұлымның көрер жарығы бар екен, дәрігерлер анасына араша түсе алмаса да осы ұлымды аман алып қалды. Қос қабат соққыдан зар илеп мен қалдым. Содан Айбарды шал-кемпір бауырына басқан-ды. Кешегі күнге дейін ауылда болды. Тек бесінші сыныпқа өткен жазда жаныма алғанмын. Онда да қала мектептерінің білімі тереңірек, әрі жан-жақты болып өссін деген ой еді. Сөйткен Айбар бесінші сыныпты тәп-тәуір бітіріп, өзге оқушылармен бірге Алатаудың қойнауындағы бір лагерде демалып келіп отыр.
– Бірер күн жұмыс істеп, біраз тиын-тебен жинап алайық. Ауылдағы ата-апаңа да базарлық апаруың керек. Құр қол барғаның ұят, – дегенмін. Ұлым басын изеді.
Саябаққа келген соң Айбардың қалтасына ақша салып, айналадағы аттракциондарға ойна деп жібердім де, суретіме кірістім. Байқап отырмын, әдеттегідей, сол баяғы орындыққа Ақбота келіп отырды. Жалғыз емес, бүгін жанында сіңлісі бар. Сіңлісі әлденелерді айтқан болады, бірақ Ақботада үн жоқ. Қолын жағына сүйеп, мұңайған күйі мен жаққа қарап отыр. Ойыннан шаршады ма, әлде қалтасындағы ақшасы таусылды ма, Айбар қасыма келіп отырды. Сол-ақ екен:
– Қанат, құлыным, сені де көретін күн бар екен ғой, – деп орнынан ұшып түрегелген Ақбота екі қолын жая Айбарға қарай ұмтылды. Неге екенін қайдам, дәл осындай бір оқыс оқиға болатынын алдын ала сезгендей едім. Өйткені Айбар өзімнен аумай қалған. Айбарды көргенде ұлы Қанаты есіне оралып, Ақбота да селсоқ отырмай, құшағын жая тұра ұмтылатыны белгілі еді.
– Қорықпа, балам, бұл шешеңнің туысы. Құшақтат, бетіңнен сүйгіз, өзің де сүй, – дегенді ұлыма айтып үлгердім. Өйткені Ақбота дауыс сала өзіне ұмтылғанда Айбар шошына маған жалт қараған еді. Ақбота аңырап келіп Айбарды бас сала кұшақтап, екі бетінен сүйіп, шашынан иіскеп, еміреніп жатыр. Тас қып құшақтап алған, жіберер емес.
Салып болған суретімді иесіне беріп, есептестім. Сосын:
– Жүріңдер, оңашарақ жерге барып сусын ішіп, әңгімелесейік, – деп оларды бақтың адам аяғы аздау тұсына бастадым.
– Жоқ, жүріңдер, біздің ауылға, Шиенге, үйге барамыз. – Ақбота желпіне сөйледі. Оның жанарында нұр ойнады. Өңі бал-бұл жанып тұр.
– Ата-апамнан сүйінші сұраймын. Дастан мен Қанатымды таптым деп. – Іле өңі кілт бұзылып: – Жоқ, онда бармаймыз, – деді.
– Онда Божбан бар, ол бізді… – қыстыға жылап жіберді. Онсызда ешнәрсені түсінбей келе жатқан Айбар маған жалтақтай қарайды.
– Қойшы, Ақбота, қайдағы бір Божбанды айтып, кәне, одан да біздің үйге жүріңдер, мына тұрған жер, Арасан моншасының жаны, – деп Салтанат алға бастады.
Біз үйге енгенде Салтанаттың күйеуі де үйде екен.
Өткенде ең алғаш Ақботамен кездескенде жанында жүрген жігіт еді ол. Жылышыраймен қарсы алды. Бізді залға кіргізіп, Салтанат пен күйеуі шай жабдықтап ас үйде жүр.
Айбарды жанына отырғызған Ақбота оның шашынан сипап өзіне тартып, әлсін-әлсін бетінен сүйіп: «Құлыным» деп еміреніп қояды. Айбар болса әлі ешнәрсенің мәнін түсінбей, Ақботаның көзін ала бере маған жалтақтайды. Ұлыма:
«Сыр берме, үндемей отыра бер», – деп иек қақтым.
– Шайға келіңіздер, – деді бір уақытта Салтанат. Үстел басында көп әңгіме айтыла қойған жоқ. Шай үнсіз ішілді. Ара-тұра Салтанат пен күйеуі оны-мұны сұраған болады. Мен де жауапты шолақтау қайырамын. Шай құйып отырған Салтанат бір уақытта Ақботаның кесесіне бір түйір дәріні тастап жіберіп, еселей құйып, Ақботаға ұсынды. Оны Ақбота байқаған жоқ. Шайдан кейін Салтанаттың күйеуі екеуміз балконға шығып, темекі тарттық.
– Сіз Дастанға қатты ұқсайды екенсіз. Тіпті қимыл-қозғалысыңыз, сөз мәнеріңіз, дауыс көтермей, жәй сөйлеуіңіз бәрі-бәрі сол Дастанға ұқсайды. Алғаш бақтың алдында сізді көргенде бір түрлі болдым. Дастан тіріліп келгендей еді, – деді Салтанаттың күйеуі. – Сіз айтпасаңыз да көкейіңізде тұрған заңды сұрақты жобалап тұрмын. Ақбота кім, жалпы бұлар не қылған адамдар деп ойлап дал болып жүрген шығарсыз? Әрине, бұл түсінікті де. Сондықтан, қысқаша өзіміз жайлы айтып берейін.
Мен Ақбота мен Дастанды Салтанат екеуміз үйленбей тұрып-ақ жақсы білетінмін. Салтанатқа келіп-кетіп жүріп өте жақсы араласып кеттім. Әрбір мерекені Салтанат екеуміз солардың үйінде бірге қарсы алып, тойлап жүруші едік. Өте бауырмал, аңқылдаған жандар. Орталарында жасы жеті-сегізге келіп қалған жалғыз ұлдары Қанат құлдыраңдап ойнап жүруші еді. Өте жарасқан отбасы еді, әттең, – Салтанаттың күйеуі темекі түтінін будақтата шығарып ауыр күрсінді. – Содан былтыр күзде ауылға барып қайтамыз деп бір сенбі күні жиналып шығып кеткен. Содан… жол апатына ұшырапты. Ауыл алыс емес, мына Ұзынағаштың ар жағындағы Шиен деген жер. Апта сайын болмаса да айына бір соғып, ауылдағы шал-кемпірге шәй-шалаңын, оны-мұнысын жеткізіп тұрушы еді. Содан… қатты келе жатқан машина аударылған. Дастан мен ұлы Қанат сол жерде тіл тартпай кетіпті. Ашылып кеткен есіктен Ақбота ұшып кетіп, бір айдай есін жия алмай ауруханада жатты. Тіпті күйеуі мен баласының қайтыс болғанын да білмеді. Денесі бүтін, аяқ-қолы сау болғанмен, басынан қатты соққы алып, миы шайқалған көрінеді. Содан бері есі кіресілі-шығасылы болып өмір сүріп жатыр. Күйеуі мен баласының дүниеден өткенін осы күнге дейін батып ешқайсымыз айтқан жоқпыз. Өйткені дәрігерлер «жағдайын тым ушықтырып аласыңдар, кейін бәрі реттеліп жатса, естіртерсіңдер, әзірге қажет емес» деген. Содан әлі күнге Дастан мен Қанат анда кетті, мында кетті, емделіп жатыр, әне келеді, міне, келеді деп алдаусыратып келеміз. Әрине, сау адам болса, баяғыда-ақ бар шындықты алдына жайып салуға болар еді. Амал қанша, оны айтуға болмайды. Қатты ауырады. Кейде сандырақтап, өз-өзінен жалаң аяқ жалаң бас жүгіріп: «Дастан, Қанат» деп айғайлап көшеге шығып кетеді. Әрең алып келеміз. Әйтеуір ауыр дозалы, тыныштандыратын дәрілер беріп, әрең ұстап отырмыз. Бұндай ауруды үйде ұстау, жанында болу қиынның қиыны. Кейде қатты қызғанда өзіміздің үрейіміз ұшады. Қыс бойы ауруханада жатып шықты. Одан жазылғаны шамалы. Ауыр дозалы дәрілерді еге бергеннен әбден жүнжітіп, әлсіретіп жіберіпті. Мұны көріп шыдай алмадық. Не де болса, бейнетін көтереміз деп үйге шығарып алдық.
Кейде дәрісін беріп, көшеге, демалыс орындарына серуендетіп алып шығамыз. Үнемі алаңдап, айналасына қарап: «Дастан мен Қанатты көріп қалар ма екенмін» деп жүргені. Кейде «Анау Дастан емес пе екен, ана бала Қанатқа ұқсайды, олар неге мені жалғыз тастап, келмей жүр, қатты сағындым» дейтін. Қыстығып жылайтын. Күйеуі мен баласының не өлі, не тірі екенін біле алмай, есі кіресілі-шығасылы болып жүрген әйелдің қасіретінен артық қайғы жоқ шығар өмірде.
Машинаны жүргізіп келе жатқан жігіт қатты жараланып, араға апта салып қайтыс болған. Сол жүргізуші жігіт бір есін жиғанда: «Бізді апатқа ұшыратқан Божбан» дегенді айтыпты. «Жолда қуып жетіп, апатты жағдай туғызды. Оған соқтығысып қалудан қашып, машинаны шетке бұрғанда рөлге ие бола алмай қалдым. Божбан болса бізді апатқа ұшыратып кете барды» деген көрінеді әлгі жігіт қайтыс боларының алдында. Тағы бір көргендер айтады: Дастан мен Ақбота Сайран автобекетіне келіп, таксиге отырыпты. Ауыл мен Алматының екі ортасына таксист болып адам тасып жүрген Божбан Ақботаға:
– Маған отырыңдар мен жеткізіп саламын, – деген көрінеді. Бірақ Ақбота оған отырмай, өзге таксиге отырған ғой.
– Олай болса жолда аяқтарыңды көктен келтіремін, – деп Божбан кіжініп қалған көрінеді. Оның олай айтанында бір гәп бар еді. Ақбота мектепті бітірген жылы әлгі Божбан әскерден келіп, сары дамбалдың буына пісіп жүріп, екі-үш бала бірігіп, бір туған күннен кейін Ақботаны зорлап алып қашып үйленбекші болады. Бұған көнген Ақбота ма, ақыры үлкен айғай-шу болып, сотқа дейін барып, соңы тынған. Содан Божбанда Ақботаға деген өшпенділік пайда болған-ды. Реті келсе, жоқ етіп жіберуге бар еді. Ақбота да Божбан десе үркіп, үрейленіп жүруші еді. Сол үрейі ақыры дұрыс келді ғой. Божбан Ақботаның түбіне жетті. Сотқа арыз жазып, тергеуге алғанымен, Божбан оңай құтылды. Өйткені оның ағайын туыстары Алматыда, Астанада майлы жіліктің басын ұстап отырған ықпалды, билігі бар жандар еді. Солардың арқасында Божбан сүттен ақ, судан таза болып шықты.
Өткенде алғаш сізді көргеннен бері Ақбота қатты өзгерді. Тынышталып, кәдімгі баяғы қалпына келіп қалды. Рас, қатты қуандық. Енді оңалып кететін шығар деген үмітіміз де жоқ емес, – осыны айтқан Салтанаттьң күйеуі маған сынай қарады:
– Егер үнемі сіздің жаныңызда болса, әлі-ақ баяғы қалпына келуі мүмкін-ау.
Екі иығымды көтердім. «Шындығында, осы келіншек біраздан бері жүрегімнің бір түкпірінен мықтап орын алғаны рас. Кейде келмей қалған күңдері елегізіп іздеп, сағынамын. Әттең-ай, он екі мүшесі сау болса, қол жеткізбес арудың бірі болар еді. Ал қазір жетім тайлақтай соңыма еріп жүргенде оны аялаудың орнына аяймын, мүсіркеймін. Екі жарты бір бүтін болайық деп қол созудың орнына ертең қатты көтеріліп ауырып қалса не істеймін, басыма бейнет етіп алмаймын ба?» деген күдікті ой да жоқ емес. Сондықтан болар, жаңа Салтанаттың күйеуі берген сауалға иығымды көтергенім.
Ішке ендік.
– Ұйқым келді, – деді Ақбота. Шамасы, әлгінде Салтанат шайға қосып берген тыныштандыратын дәрінің әсері-ау.
– Жүр, Дастан, ана бөлмеге барайықшы, – деп Ақбота мені келесі бөлмеге бастады. Өзі жатып демалатын бөлме екен. Төсегінің үстінде рамкаға салынға портрет тұр. Үш адам, үш бейне. Мынау ғажап дүниеге ғашық көзбен күлімдеп қарап қалған. Енді байқадым, анау Дастан атты жігіт өзімнен, Қанат атты бала менің Айбарымнан аумай қалыпты. Мұндай да ұқсастық болады екен-ау. Сол екен ғой, Ақботаның бізді өзінің сүйген жары мен тұла бойы тұңғышы, жалғыз жалқы баласына ұқсатып, дұрысы сол екеуі деген беймәлім елеске сеніп жүргені.
– Көзім жұмылып, ұйқым келіп барады, жаныма келші, – деді Ақбота төсегіне қисая беріп. Жанына отырдым.
– Жатшы жаныма, – ол наздана қарады. Қасына қисайған болдым. Құшақтады. Ыстық демімен өртей бетімнен сүйді.
– Қатты сағындым, – деді күбірлеп. Көзі жұмулы. Қырымнан жатқан күйі Ақботаны өзіме құшақтай тартып, қып-қызыл албыраған еріндерінен сүйдім. Құшырлана сүйдім. Ол көзін ашты. Жанары жасаурапты. Мөп-мөлдір екі-үш тал тамшы бетінен сырғанап барып жастыққа тамды. Жанарларынан өбіп, құшағыма қыстым.
– Жаным, – дедім. – Ақботам менің!..
Ең алғаш әрі ең соңғы рет бүкіл жан дүнием езіле отырып айтқан сөзім осы болар-ау. Сәлден соң ол қатты ұйықтап кетті. Орнымнан тұрып залға шықтым. Менің ұлымды орталарына алып, Салтанат пен күйеуі теледидар қарап отыр екен.
– Біз қайтайық, Ақбота ұйықтап қалды, – дедім.
Үйге келген соң түнімен отырып Ақботаның суретін салуға кірістім. Әбден шаршап ұйықтап бара жатқанымда да Ақботаның бейнесі көз алдымнан кетпеді.
Ертесінде ол баққа сәл ерте келді. Біраз суреттер салып тастадым. Ұлым Айбар да Ақботаға кешегідей үрке қарамайды, қайта үйренісіп, бауыр басып қалғандай. Акботаның жанында жүріп сусын ішті, балмұздақ жеді. Сырттан қараған адам бақытты ана мен бақытты баланың бейнесін көргендей еді. Бүгін ауылға жүреміз деп жиналған күніміз. Түнде телефон шалып, ауылдағыларға да «Ертең шығамыз» деп айтып қойғанбыз. Үржарға автобус кешкі ондарда «Сайран» автобекетінен жүреді. Соған отырмақшымыз. «Ауылға кетеміз» десек, Ақботаның бізден тіріде қалмасы белгілі. Сондықтан сәл қулыққа көштім.
– Ақбота, үйге ертерек қайта бер, Салтанатқа айт, жақсылап тамақ әзірлесін, біз Қанат екеуміз дүкендерге соғып, оны-мұны алып барамыз. Үйде күт, – дедім. Бұған Ақбота балаша алданды, қуанды.
– Тезірек келіңдер, күтіп қалмайық, –деді ол. Айбарды құшақтап, бетінен сүйді.
– Олай болса, мен кеттім. Ұзап бара жатқан Ақботаның соңынан қимай қарап, ұлымыз екеуміз қалдық.
– Папа, ауылдан келген соң Ақбота апайды біздің үйге көшіріп алайықшы, – деді ұлым маған қиыла қарап. – Апай маған қатты ұнады.
– Иә, – дедім күрсініп. – Алла жазса жанымызға көшіріп аларымыз анық.
Кешкілік автобусқа отырған соң да мазам болмады. Жан дүнием беймаза. Жүрегім қағып, тынысым тарылғандай. Өзімді торға түскен балықтай өте жаман сезіндім. Неге екенін қайдам, көзімді жұмсам, құжынаған адамдардың арасынан бізді іздеп жүгіріп жүрген Ақбота елестейді. Неге екенін қайдам, есеңгіреп отырып қалғып кетсем, «Дастан, Қанат» деп айғайлап, шаштарын жайып жіберіп, құжынаған жұрттың арасында еңіреп келе жатқан Ақбота енеді түсіме. Ауылға жеткенше беймаза күй кештім. Ауылда оншақты күн болдым. Қалаға оралғандағы алған хабарым осы ғой. «Ақбота машина апатынан қайтыс болды» деген.
Шиенге жеткен бойда Салтанат күйеуін ертіп, үшеуміз Ақботаның қабіріне бардық. Ошарлана орналасқан бейіттердің бір шетіне жерленіпті. «Анау Дастан мен Қанаттың зираты. Олардың қасында орын болмағандықтан, жеке қойдық. Бірақ жақын ғой арасы», – деді Салтанат көзінің жасын сүртіп жатып.
«Сол күні кешкілік Ақбота үйге қуанып келді. Түрі алабұртып, ұшып-қонып жүр. «Қазір Дастан мен Қанатым келеді. Жақсылап тамақ әзірлейік» деп қояды ара-арасында. Құдай-ау, есі дұрыс, он екі мүшесі сау адамның сөзі. Қатты қуандық. Бәрі орнына келді-ау, кұдай бар екен ғой дестік. Жүгіріп жүріп, үстел жасадық. Ары күттік, бері күттік, сіздер қелмедіңіздер. Сіздер кешіккен сайын Ақбота катты алаңдады. Өз-өзінен ашуланды, ренжіді, жылады. Тыныштандырайық деп шайға дәрі салып беріп едік, кесені қабырғаға бір ұрып, сындыра салды. «Олар адасып жүр-ау, мен қазір ертіп келе қояйын» деп бір уақытта жалаң аяқ есікті ашып, сыртқы жүгіре жөнелді. Үлгермедік, кешіктік. Көп қабатты үйден жүгіріп түсіп, ұстаймыз дегенше болмады, құйындай ұшқан ол «Дастан, Қанат» деп айғайлаған күйі ағылып жатқан машиналар легіне соғылды. Қан-қан болып өмірі үзіліп бара жатса да «Дастан, Қанатым, құлыным» деп жатты...»
Салтанат та, күйеуі де жылап тұр. Көз алдым тұманданып, Ақботаның қабірінің алдында бүк түсіп отырып қалдым. Тамағыма келіп қалған өксікті ұстай алмадым, еңкілдеп жылап жібердім. «Сенің өліміңе біз кінәлі болсақ кеш, жаным! Сол күні жол жүрмей, сені алдамай, қасыңда болсақ, мұндай қаза, қайғы болмас па еді? Сені мұндай қасіретке тап қылған адамдар ма, әлде жаратушы ием бе, білмеймін. Тірлікте есің кіресілі-шығасылы өмір сүріп, сүйген жарың мен балаңның елесін қуып өттің. Дүниенің жалғандығын байқатып кеттің. Егер қазаңа біз кінәлі болсақ, кеш бізді. Бұлай болар деп ойламаған едік қой. Бәлкім, алдағы өмірімізді қол ұстасып бірге өткіземіз бе деген ой да болып еді. Әттең! Қош, Ақбота, жаның жәннатта болсын!»
Ақботаның әке-шешесінің үйіне қарай жаяулатып келе жатырмыз. Музыкасын дүрілдетіп қатты қойған жеңіл көлік бізді қағып кете жаздайтындай екпіндей келіп шаңға көміп өте шықты.
– Божбан ғой, – деді Салтанат машинаның соңынан жақтырмай қарап. – Бұлар өстиді. Жолындағысын қағып-соғып жүре береді. Бұларға өлім жоқ, сот жоқ. Қасірет тартатын біздерміз ғой қашанда.
Ақботаның әке-шешесімен көрісіп, қош айтыстым. Алматыға қатынайтын таксиге отырып, ауылдан шыға бере артыма қарадым. Бүкіл жан дүнием босап қалғандай, бүкіл қызықты біреу осы ауылда ұрлап алып қалғандай көңілім құлазыды.
«Қош, Ақбота», – дедім ішімнен. «Қош, бейкүнә жан. Бұл өмірде қуып жете алмаған елесті о дүниеде қуып жетіп, бәлкім, шат-шадыман, бақытты ғұмыр кешерсіңдер. Ол жақта Божбандар жоқ қой. Ол жақта тек жаны таза, кіршіксіз адамдар өмір сүреді дейді ғой. Қош бол!»
Күн күркіреді. Аспанның әлдебір қиырынан найзағай ойнады да, жазғы нөсер құйып берді.
Желтоқсан, 2003 жыл.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР