Елжау (Елсау) би: жаңа деректер не дейді?

Талас ОМАРБЕКОВ

15.10.2020, 10:23

708

Көне тарихымызды оқығанда ежелгі үйсін мемлекетінің шаңырағын тіктеп, қабырғасын қатайтқан Елжау атты би қашанда алдымыздан шығады. Дүниежүзілік тарихта мойындалған бұл тарихи тұлға есімі ежелгі тарихымыздан ойып орын алған. Алайда соңғы жылдарға дейін ежелгі қытай жылнамаларынан басқа деректер қолымызға түспей, бұл тарихи тұлғаның тарихи тағдырын баяндағанда, тұсалған аттай кібіртіктей беретін едік. Бүгінде, XYI ғасырда өмір сүрген көнекөз Матай бидің жазбаларының қолымызға түсуі – бұл тарихи бейненің де қайраткерлік кескін келбетін айқындай түсті. Бұл маңызды дерек Елжаудың есімін Елсау деп атайды. Ал енді қытайдағы Үйсін ұлысы тарихын зерттеуге көп еңбектенген Сұлтан Жанболат бауырымыз: «Жылнамаларда Елжаудың аты Лиежяу деп жазылғанын» айта келе, «(ендеше Елжаудың) аты Елжау екеніне сену керек. Бәлкім, жау шапқанда туған, не жау шапқанда ат қойылған болған соң, солай аталған шығар», – дейді (Жанболат Сұлтан. Ежелгі ұлыс тарихы. Тарихи зерттеу. Алматы, 2012. 116 б.).  Дегенмен де, үйсіндердің белгілі тұлғасынан туған балаға осындай «елге жау» болсын деген мағынаны аңғартатын  ұнамсыз есімнің берілуі сенімсіздеу. Оның үстіне қытай жылнамасында да бұл баланың аты бұрмаланып, «Лиежяу» деп берілгенін көріп отырмыз.

 Қалай десек те, бұл тұлға есімі Елсау деп атауға сұранып-ақ тұр.  Сондықтан да осы мақаламызда деректерде әртүрлі аталатын осы екі есімді қатар пайдаланғанды жөн көрдік.

Елсау билік жасаған ежелгі Үйсін елінде б.з.б. ІІІ ғ. – б.з. алғашқы ғасырларына дейінгі аралықта мемлекеттің билігін күнбилер әулетінің 10 ұрпағы болғанын қытай деректерінен біліп отырмыз. Ол деректерді кезінде Қытайдағы зерттеушілер пайдаланған болатын. Алғашқы күнбилер әулетін атап көрсеткен кезде алдымен, ауызға Нәнді би түседі. Ол б.з.б. 177-жылдан бұрын билік жасаған екен. Одан кейін билікті Нәнді бидің баласы Елжау (Елсау-Т.О.) би алып, б.з.б. 177 – б.з.б. 104 жылдар шамасына дейін өз қолында ұстаған. Содан кейін билік басына Елжау бидің немерелері келген. Алғашқы немересі Жөнші би б.з.б.104 – б.з.б. 93-жылдар шамасына дейін билесе, одан кейін билікке келген екінші немере Дулының баласы Оңғай би б.з.б. 93 – б.з.б. 60-жылдар аралығында билікте болған екен. Осылайша үйсін тағын иемденуші күнбилер әулеті созылып кете береді. (Н.Мыңжанұлы Үйсін туралы жалпы шолу. // Ежелгі Үйсін елі. – Үрімжі, 2005. -31 б.).

Осы дерекке қосымша айтарымыз, Елсаудың (Елжаудың) біз әңгімелеп отырған Матай бидің шежіре дерегінде кімнен туғаны ғана емес, арғы 19 атасы да және оның қашан өмірге келгені де нақтыланған. Ол бойынша Елсау Нән деген кісінің емес, Дәудің ұлы. Алайда бұл екеуі бір мағынаны білдіретін екі сөз болғандықтан, бір адамның аты ғой.  Қазақ тілінде «нән» «зор, алып» яғни, «дәу»деген мағынаны аңғартады. Ескі шежіреде  мынадай жолдар бар: «бабамыздың аты Дәу болмаған, ол ірілігіне батыр тұлғалығына қарай аталған. Өз аты Азан болса керек. Бірақ оны олай ешкім атамаған. Жұртқа белгілі есімі Дәу» (Тауасарұлы Қазыбек бек. Түп-тұқианнан өзіме шейін. Алматы. 1993. 39-б.). Осы деректе Елсаудың «мұсылман жылдығынан тоғыз жүз жыл бұрын Шүлен деген жерде дүниеге» келгені айтылады. Бұл біздің жыл санауымыз бойынша, біздің заманымыздан бұрынғы 278 жыл. (Ескерту: мұсылман жыл санауы біздің қазіргі есеппен 622 жылы басталады).  Айтарымыз, жоғарыда айтылған Елсаудың қытай жылнамасында шамамен көрсетілген  туған жылы бұдан қашық емес. Дегенмен де, нақты айтылғандықтан, тарихи шындық ретінде осы, соңғы  жылды алғанымыз жөн деп ойлаймыз.                                                     

Ежелгі Қытай деректерінде дулат бірлестігін негіздеуге бастау болған Дулының үйсін күнбиі Елжау бидің баласы болып табылатындығы туралы деректер бар. Осы мәліметтерге сүйенген Н.Мыңжанұлы кезінде былай деп жазған болатын: «Үйсін күнбиі Елжау бидің он ұлы болған. Олардың ішінде Дулы (Датлұқ, Дұғлұ) деген ұлы қабілетті де, қайратты, соғыс өнеріне шебер қолбасы еді. Ол он мың аты әскермен өз алдына ауаша тұратын. Күнбидің тақ мұрагері ерте қайтыс болып кетіп, оның Жөнші (Күнсүй) би деген баласы жетім қалады. Күнбидің тақ мұрагері қайтыс боларда, әкесі Елжау биге: Жөнші биді тақ мұрагері етіп бекітуді өтінеді. Елжау би бұл өтінішке разылық білдіріп, Жөнші биді тақ мұрагері етіп бекітеді. Тақ мұрагері бола алмағанына наразы болған Дулы Жөнші биді өлтіруге сұқтанады. Бұл жағдайды байқаған күнби Елжау би Дулының өлтіріп тастауынан қауіптеніп, он мың әскермен Жөнші биді бөлек қояды. Елжау би он мың әскермен өзін қорғап ортада тұрады. Сонымен Үйсін елі өз ішінен үш ұлысқа бөлінеді, бірақ барлығы күнбиге бағынады».         Бұл мәліметтен байқайтынымыз, Дулы басқарған тайпалық бірлестік үйсін одағының ішінде о бастан-ақ автономиялық түрде өмір сүрген.                                               

Сонымен қатар Үйсін елінде дулы немесе дұғлы қызметі екінші дәрежелі болғанымен, мемлекетті қағаннан кейін басқаратын тұлғаның іс-әрекетін аңғартатын мансап болды. Жоғарыдағы деректен байқап отырғанымыз, кезінде үйсіндерді билеушілер арасында Елжаудан тараған Дулының ұрпақтары тұр яғни, Дулы деген кісінің Үйсін мемлекеті құрамындағы билеушілер әулетінің қатарына жатқаны күдік тудырмайтын тәрізді. Тегінде үйсіндер шығыстан Іле бойына қоныс аударған кезде осы үйсін Дулыдан тараған ұрпақ өзінің мемлекеттік биліктегі ықпалын және беделін сақтап қалған деп ойлауға болады. Нәтижесінде, жаңа қоныста үйсіндер сақтармен және ұлы иозілермен араласқан кезде, Дулының ұрпақтары жаңа тайпалар бірлестігін ұйымдастырған деуге негіз бар. Алайда өздері түрік қағандарын тағайындайтын ашына әулетінен шықпағандықтан, Дулы әулетінен шыққан байырғы күнбилердің ұрпақтары екінші қатардағы билеушілер ретінде Батыс түрік жерінде өздерінің тайпалық одағын құрды. Оның үстіне дулулар жоғарыда айтқанымыздай, ашына әулетінен шыққан қағандар тұқымымен ежелден-ақ олар үйсіндермен бірге көшіп-қонып жүргенде, аралас-құралас етжақын болды.

Қытайда өмір сүрген қандасымыз, профессор Н.Мыңжанұлы үйсіндер туралы қытай дерегін қазақ тілінде айналымға қосқан алғашқы зерттеушілеріміздің бірі. Ол өзінің аталмыш еңбегінде осыған байланысты мынадай пікір айтқан еді: «Үйсін тарихының ең алғашқы дерегі «Хәннама. Дад-уан баянында» кездеседі. Бұдан соң «Хәннама. Батыс өңір баянында» «Үйсін елі» деген арнаулы тарау енгізіліп, үйсіндердің тарихы баяндалған. Үйсіндер Іле өзені алқабына қоныс аударудан бұрын, Дұнхуаң мен Чилян (Келен, Шүлен) тауы аралығын (қазіргі Хыши дәлізін) мекен етіп, көшпелі өмір өткізген, бұл кезде олар «Ғұндардың батыс жағындағы шағын ел еді».

Профессор Н.Мыңжан кезінде былай деп жазған еді: «Кейінгі археологиялық және антропологиялық зерттеулер «үйсін антропологиялық типін» анықтады. Үйсін антропологиялық типі ежелгі үйсіндердің атамекені Тәңіртау қойнауынан Балқаш көліне дейінгі байтақ өңірге жайылған. «Бұған тән ерекшеліктер: бас сүйектері домалақтау, маңдайы сәл тікшелеу, көз ұялары биіктеу, қыр мұрынды, жақ сүйектері ірі, әрі шығыңқы». Бұл айтылғандар еліміздің ежелгі заман жазбаларындағы: «Үйсін адамдарының Батыс өңірдегі өзге жұрттан едәуір айырмашылықтары бар, олар қыр мұрынды, шүңірек көк көз, жирен сақалды келеді» деген деректеріне сай келеді.

 «Үйсін антропологиялық типінің морфологиялық құрылыстары нәсілдік жағынан сақ дәуірінде өмір сүрген тайпаларға өте жақын. Демек, үйсіндерді сақ тайпаларының тікелей ұрпақтары деп тұжырымдау өте орынды… Сақ антропологиялық типінде, сондай-ақ үйсін антропологиялық типінде көшпелі шығыс тайпаларының антропологиялық әсері де айқын сезіледі. Өйткені кейбір бас сүйектерінен, бет-пішін құрылыстарынан моңғолоидтік нәсілді тайпалардың нәсілдік элементтерінің әсерлері анық байқалады. Осы күнгі қазақ халқының антропологиялық құрамының негізін қалауға үйсін антропологиялық типінің үлкен әсері болған. Жетісу қазақтарының көптеген руы үйсін антропологиялық типі нәсілдері екені айқын».

 Н.Мыңжан осыған байланысты мынандай деректі келтіреді: «Б.з.б. 176-б.з.б.177 жылдарда Ғұн тәңірқұты Мөте бастаған Ғұн әскерлері ұлы йүзілерге шабуылдап, оларды ойрандады. Лаушаң тәңірқұт тұсында (б.з.б. 174-б.з.б.161 жылдарда билік жүргізген) Ғұн әскерлері ұлы йүзілерді талқандады. «Лаушаң тәңірқұт ұлы йүзі ханын өлтіріп, оның бас сүйегінен тостаған жасады». Ұлы йүзілер қазіргі Гансу өлкесінде Хыши дәлізінен Іле өзені алқабына ауып келді де, бұдан бұрын Іле өзені алқабын мекендеген сақ тайпаларын талқандады. «Хәннама. Жаң Чянның ғұмырнамасында» былай деді: «Ғұндардан жеңілген ұлы йүзілер батысқа ауып барып Сақ ханына шабуыл жасады. Сақтардың ханы оңтүстікке қашып кетті, ұлы йүзілер олардың жеріне орналасты». Бұл дерек «Хәннама. Батыс өңір баянында» да жазылған. Онда «ұлы йүзілер батысқа қарай ауып барып, Сақ ханын талқандады. Сақтардың ханы оңтүстікке қашып кетті. Ұлы йүзілер олардың жерін жаулап алды» делінген. Ата кегін қайтаруды есіне берік сақтаған Үйсін күнбиі Елжау би ұлы йүзілерге жорық жасауға бел байлайды. «Әкемнің кегін алуға аттансам деп Ғұн тәңірқұтына өтініш етіпті». Ол Ғұн тәңірқұты Лаушаңның қолдауымен самсыған қалың қолды бастап, батысқа шеру тартып, Іле өзені алқабындағы ұлы йүізлерді талқандады. Ұлы йүзілердің бір бөлігі батысқа ығысып, Бактрия жеріне қоныс аударды. Енді бір бөлігі өз орнында – Іле өзені алқабында қалып, Үйсін ұлысына қосылды. Бұлардың ішінде бұрыннан қалған жергілікті сақ тайпалары да бар еді. Ұлы йүзілерді жеңіп, Іле алқабы мен Ыстықкөл айналасындағы шұрайлы да құнарлы қонысты жаулап алудың және бұл өңірде қалған сақ тайпалары мен ұлы йүзі тайпаларын өзіне қосып алудың зор жеңісі Үйсін елінің күш-қуаты мен мемлекеттік беделін мейлінше арттырды». Б.з.б. ІІІ ғ. Бастап, тарихи деректерде «үйсін» (усун) этнонимі тарих сахнасына шықты. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, қытай деректері үйсіндер елінің бұрын сақтарға бағынғанын және үйсіндердің арасында сақтардың да кездесетінін сондықтан да атап айтады. «Үйсін» этнонимінің б.з.б. ІІІ ғ. пайда болуын зерттеушілер осы тайпалық одақтың әскери-экономикалық жағынан күшейіп, жеке Үйсін одағын құруымен түсіндіруде.

Елжау би туралы тарихи деректер жоғарыда баяндалған қытай жылнамаларында ғана сақталып отыр. Оларда айтылғандар тарихи шындықтан ауытқиды деп айтуға негіз жоқ деп ойлаймыз. Өйткені жоғарыда атап көрсеткенңмңздей, тәуелсіздік тұсында қазақ жерінде табылған Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» еңбегінде осы Елжау биге байланысты жаңа деректер мәлім болып отыр. Онда қытай жылнамаларында Нән деп аталатын үйсіндердің Дәу атты күнбиінің ұлы Елсаудың осы Елжау би екендігі айтылғанын айттық. Елжау онда Елсау деп берілген. Енді осы құнды деректің мазмұнын баяндайық. Оның әкесі Дәуді ағайын арасы араз болып, үйсін тұқымының бірі өлтіріпті. Әкесі өлген екі ұл Бөже деген кісінің қолында жасырынып, тәрбие алыпты.

Бұл жерде осы Елсау мен оның бауырына байланысты ел арасында аңыздар таралып кеткенін айтқан жөн. Алайда бұл аңыздар тасасында тарихи шындық жасырынып тұр деп ойлаймыз. Өйткені осы біз әңгімелегелі отырған аңыз қытай жылнамаларында да едәуір қысқартылып баяндалады. Алайда екі деректегі әңгіме мазмұны ұқсас. Соның бірі – «Елсауды  бөрі қасқыр емізді» деген әңгіме. Жетім қалған Елсау ағасы Жантай жеті жаста болса, ал Елсау бір жарым жаста екен. Бұларды асырап алған Бөже деген кісі екі баланы дұшпандардан тығып ұстайды. Олар тау бауырындағы өткен жылдан қалған бір мая шөпке тығылып жатады. Бөже оларға түнде ғана келіп тамақтандырып кетеді екен. Бір күні Жантай оған: «Елжауды қасқыр тістеп алып кетті» деп айтады. Енді деректің өз сөзімен осы оқиғаның себептерін баяндар болсақ, онда мынадай жолдар бар: «… Сөйтсе, Дәудің екі баласын іздеген дұшпандар таудың  қуыс-қуысын қоймай бірін іздеп жүріп, құздағы бір апаннан барыстың екі аланын(күшіктерін-Т.О.) көріп, әлгіні Дәудің екі ұлын тауып алғандай қуанып, ала жөнеледі. Екі аланның иісін білген ит атаулы осы үйдің төңірегінен шықпай, әбден шуылдап, Дәудә өлтіруге қатысқан Көрки деген жасауылдың үйінің жанын шу-шұрқан қылып тұрады. Оған бір-екі күн шыдаған Көрки үшінші күні ит шуынан құтылмақ болып, барыстың екі аланын далаға лақтырып тастайды. Екі аланды иттер сілкілеп, бірінен кейін бірі талап өлтіреді… Аланның ізімен (иісімен) іздеп келген таутан(барыс-Т.О.) сол ауылды жағалап бірер күн жүреді...».  

Оқырман байқап отырған болар, бұл дерек 18-ші ғасырға жататындықтан, онда кейінгі қазақ тілінде кездеспейтін «алан», «таутан» деген тәрізді сөздер бар. Осы айтылғандардан байқайтынымыз, бөлтіріктерінен (аландарынан) айырылған барыс жолындағы шөптің астында тығылып жатқан балаларды тауып алып, олардың өзінің бөлтірігіне үқсас кішісін яғни, Елсауды өзінің апанына алып кетіп емізген.

Мұнан хабарсыз Бөже енді жанталасып, Елсауды іздейді. Ол таудағы үңгір, апандарды қарап, ең болмаса, баланың сүйегін тауып алып, көмейін деп ойлап, жан-жақтың бәрін шарлайды. Сөйтіп жүргенде, бір үңгірден емшектері салпылдаған таутаң барыс шығып келе жатқанын көреді. Ол барысқа қарай айғайлап жүгіреді. Адамнан қорыққан болар, барыс тауды өрмелеп қашады. Бөже барыстың үңгіріне жақындағанда ол жақтан ыңырсыған дауысты естиді. Ақырындап апанға келсе, кішкентай бала, яғни Елсау бүк түсіп ұйықтап жатыр екен. Баланың ішін басып көрсе, қарны тоқ, таутаң барыс баланы апанына алып келген соң, емізген екен. Осылайша, Дәудің ұлы Елсау барыстың емшегін бес күн бойы еміпті.

Осыдан кейін ел арасында мынандай мақал тараған: «Алма апаннан алаңды, таутаң ұрлар балаңды». Бұл әрине, бұрынғы мақал. Сондықтан да  ол кейінгі қазақ мақал-мәтелдерінде кездеспейді.   Ал енді жабайы таутанның Елсауды емізуін ақиқат деп ойлайтын себебіміз, осыған байланысты XVIII  ғасыр адамы Қазыбек бек  Тауасарұлы былай деп жазады: «Аланын алғызған таутанның Алатау өңірінде бала ұрлап әкетіп, емізген кезі кейін де болған. Қазір де бар». Жоғарыда атап кеткеніміздей, бұл мәселе қытайдың «Хәннама. Үйсін баянында»      да баяндалған. Ол бойынша Елжаудың кейінгі тағдырының қалай болғаны да айтылады. Қысқаша айтсақ, бұл былай: «Жаңа туған нәресте күнбиді аталық Бөжей яғбу қалың шөптің арасына апарып жасырып қойыпты. Бөжей оған азық алып қайтып келсе, оны көк құртқа(бөрі қаншығы) емізіп жатыр екен, ет тістеген қарғалар оны төңіректей ұшып жүріпті. Ол мұны киенің құдіретіне жорыпты. Содан нәрестені көтеріп барып, Ғұнға бағыныпты. Тәңірқұт бұл баланы жақсы көріп, өз қамқорлығына алып ержеткізіпті.». Ия, екі түрлі деректерде де аталатын Бөжей өмірде болған адам екен.

Қытайдың басқа «Тарихи жазбалар. Дадуан» деп аталатын жылнамасында жоғарыдағы әңгіме жалғастырылады: «Ғұн тәңірқұты оны киелі бала деп біліп, өз жанына алып, асырап ержеткізеді. Ол есейіп, ержеткен соң шеру тартып, жорыққа аттанып, жеңістерге жетіп, ерлік көрсетіп, еңбек сіңіреді. Ақырында ғұн тәңірқұты оны әкесінің орнына күнби етіп, әкесінің елін жинап, билігін береді. Сонымен бірге, оған Батыс жақты қорғау міндетін тапсырады. Күн би өз елінің басын құрағаннан кейін, көршілес қалашықтарға шабуыл жасайды. Он мыңдап әскер ұстап, соғысқа әбден төселеді (Жанболат Сұлтан. Ежелгі ұлыс тарихы. Тарихи зерттеу. Алматы, 2012. 117 б.».

Бұл жерде Батыс аймақ деп айтылып отырған мекен әрине, Жетісу өңірі болып табылады. Ал енді Елсау бастаған үйсіндер шығыстан мұнда қашан келді? – деген сауалға жауап іздер болсақ,  қытай тарихшысы Чән Бочуан  кезінде «Үйсіндердің батысқа ауып, Іле жақтан ел шаңырағын көтеруі б.з.б. 141 жылдың айналасындағы іс болуы тиіс» деп жазған екен. Бұл – зерттеуші Жанболат Сұлтанның ойынша, Елжаудың 30-дан асып, 40-қа беттеген кезі. Үйсіндер осында қоныстанып, астаналары Шығуды белгілеп, нығайып алған соң, ғұндар билігін мойындаудан бас тартып, тәуелсіз елге айналды.

Міне осылайша, кезінде қасқырды немесе барысты емген Елсау бала кейіннен есейіп, өз елін тауып, билікті қолына алады. Алайда осы тұста, ел арасы ырың-жырың болып, ынтымақ береке кете бастапты. Сондықтан да өздерін б.з.б VI ғасырдан бастап, есімі күллі үйсінге жауынгерлік ұран болған «Бақтиярдың баласымыз» деп санайтындардың екі-үш елі Иран жаққа көшіп кетіпті. Оған басқалар да ілеседі. Оларды қайтарып алу үшін Елсау көп қолмен сақтарға шабуыл жасайды. Алайда алысқа кеткен олардың бәрін қайтару мүмкін болмапты. Яғни, олардың біразы бәрібір «Бақтияр» деген атпен парсы жерінде қалып қойыпты. Бұл кезде үйсіндер Іле өзеннің екі жағасын, Көк теңіздің, яғни Балқаштың батысы мен шығысын Лабастың (Алатаудың) бауырын жайлап жатады екен. Бұл тұста үйсіндер жақсы өркендеп, өсіп-өніп, дегенмен де жүз мың қол сарбаз шығара алатын болыпты. Қол астындағы халқы Елсауды ардақтап күнби деп атай бастайды. Яғни, «күнби» лауазымы осы Елсаудан басталған екен.

Бірақ Елсау билік құрған тұста, үйсіндердің күшейіп кетуі – қытайдың мазасын алды. Қытай патшалығы енді үйсіндерді жоюдың жолын іздестіріп олардың бір бөлігін «Ұлы жүздер» деп бөліп атаған. Тарихи әдебиетте бұларды Ұлы Йозы деп атаған. Бұлар шын мәнінде, қаңлылар болатын. Елсаудың бес әйелінен 23 бала тарапты. Оның үлкені Нулы екен. Біздің ойымызша, кейінгі Түргеш (Сарыүйсін) қағанатындағы Бес Нушеби (Нүшбе) атанып жүргендер осы Нулының ұрпақтарынан шыққан ел билеушілері. Ал енді Елсаудан тараған кейінгі тоғызының аты – Дулу, Ерте, Кек, Бер, Көнбіс, Шор, Қалыш, Дүр, Көлби екен. Бәрі ұл болғандықтан, осы он ұлдан кейінгі заманға бір рулы ел қалыпты. Бұлардың ішінде Қалыш кейіннен хан болған. Елсау биден тараған ұрпақ Майқыға дейін ел билепті. Бұл Майқы Мәннің баласы б.з. I ғасырында өмір сүрген алғашқы Майқы би болып табылады. Ел билегендердің ішіндегі көрнектісі Дулу болған екен. Оны аса жақсы көрген Нулы әкесі Елсаудың ұсынған көрші елдегі тағына отырудан өзі бас тартып, тете інісі Дулыны таққа отырғызыпты. Осыдан соң қалған сегіз ағайынды балалар Нулыға өкпелеп: «Басыңа келген бақты аяғыңмен тептің, үйтетінің бар неге ортамызға салмайсың» – деп әрқайсысы өзінің артына ерген біраз елді алып Алатауды жағалай, бытырай көшіп кетіпті. Ол кезде Күнбидің ордасы Барсығанның, яғни қазіргі Ыстықкөлдің шығыс жағында екен. Күнби жазда ылғи көл жағасын жайласа керек. Ал қоныс ескірсе, батыстағыҮш Алматы аймағына көшіп келеді екен. Таққа отырған Дулу ағасы Нулуды құрметтеп, әрқашан таңертең ағасына келіп сәлем беріп кетеді екен. Ал кешкісін ағасымен қоштаспай ұйықтамайдтын болған. Сондықтан жеңгелері әзілдеп, оны Есенбек деп атапты. Жужандарды талқандаған тарихқа мәлім Істеми қаған да (Естем) осы Дулудың ұрпағы. Оның ордасы – Барсығанның Құяс деген жерінде болған. Нулу мен Дулудың ұрпақтары кейіннен VII ғасырда өмір сүрген Бәйдібек бидің баласы Дулатпен араласып кетті. Сөйтіп, олар VIII ғасырдан кейін «Дулат» аталатын болды.

 Осы жерде аталған кітаптан сөзбе-сөз мынадай үзінді бергенді жөн көрдік: «Моғол жерін билеген дулаттар сол арғы дулы тұқымынан келеді. «Моғол» деген атауда Абыл ұрпағына берілген есім. Ал Мұхаммед Хайдар тауарихшы Дулати соңғы Дулат ұрпағынан.» Нулы әкесі Елсаудан бұрын жастай 22 жасында қайтыс болып кетіпті. Оның артында төрт ұлы – Абыл, Албан, Азық, Санжар (Жөңше нар) қалған екен. Таққа да, байлыққа да қызықпаған Нулыны халқы қатты құрметтеп, Үш Қарашқа қойыпты. Өз тарапымыздан ескертеріміз, бұл айтылғандар қазіргі Есік маңындағы алтын адам табылған қорымға сәйкес келеді. Осы өңірде сол заманда сақтардың ежелгі үйсіндерге бағынышты жағдайда өмір сүргендері, кейінірек сақтардың үлкен бөлігінің осы үйсіндерге бірігіп кеткендері қытай жылнамасында анық жазылған.

Ал енді жоғарыдағы сөзімізді жалғастырар болсақ, алайда Нулының қайғысы Елсаудың да денсаулығын бүлдіріпті. Елсау би осындайда 74 жасында Қытаймен жағдайды дұрыстау керектігін түсініп Қытайдың Жетісуға келген елшісіне қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы болуды ұсынған. Қытайдың сол кездегі Ұранфай деген патшасы мұны мақұлдап, қызы Шәйжанды осылайша, атамыз Елсауға ұзатыпты. Сексенге тақаған, өзінің бес әйелі бар шал адам, қызға үйленбей, Шәйжанды немересі Санжарға қосыпты. Алайда күнбидің өзіне тұрмысқа шығамын деп үміттеніп келген, бұған наразы болған қытай қызы қатты қайғырып, бес жылдан кейін қайтыс болып кетіпті.

Елсау би дүниеден қайтқаннан кейін оның орнына таққа отырған Жөнше нар тағы да бірнеше рет Қытайдан әйел алыпты. Мұның өзі – Үйсін мемлекетінің ыдырауына себеп болған. Қытай қыздарына билікті берген Жөңше нар қайтыс болғаннан соң таққа, енді Дулудың баласы Оңқай отырыпты. Сол кезде ағасы өліп, жесір қалған жеңгесін әмеңгерлік жолмен Оңқай алады. Қытай әйелінен Оңқай үш ұл, екі қыз көріпті. Олардың бәрі үйсін жерін аймақтарға бөліп алып, билеп тұрыпты. Міне, Елсау бидің және одан тараған ұрпақтың тағдыры осындай. Біз тәптіштеп баяндап отырған Елжау би және оның ұрпақтары туралы осы дерек, негізінен жоғарыда қытай жылнамасында айтылғандарды растайды. Бір өкініштісі, Қытаймен құдандалы жекжаттық қатынасты бастап берген Елсаудан бері қарайғы ұрпақ қытай қыздарына үйленуге құмар болып алды. Кейіннен түрік және түргеш қағандары да қытайдан әйел алуды әдетке айналдырды. Бұл – осы аталған мемлекеттердің іштен ыдырауына және сыртта отырған Қытайдың түркілер елінің ішінде не болып жатқанын анық біліп отыруларына қол жеткізді. Ал осының нәтижесінде, Ұлы Дала мен Орталық Азияда құрылған түркітілдес халықтың өмір сүру мерзімі қысқа болды. Өз кезегінде мынаны да айтқанымыз жөн. Қытай императорлары ешқашанда Түрік қағандарының қыздарына үйленуге қызыққан емес. Олардың мұндайда, түрік қағандарынан өзгешелігін  мұндай туыстық қатынастардың мәдениеті, болмысы бөлек жаратылған көрші мемлекеттермен берік дәнекерлік орната алмайтынын түсінгендерін айтпасқа болмайды.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 11:15
Оның жыры шырқалды – ГИМН болып!
Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 10:17
Дос туралы сыр
Айжан БҮРКІТБАЕВА 29.10.2020, 09:17
«Алтын қалам» жылдың ең үздік қаламгерін анықтады
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 17:54
Карикатушыларға арналған республикалық байқау жарияланды
Жабал ШОЙЫНБЕТ 27.10.2020, 11:01
Қазақты, Абайды қорлау – ұлттық құндылыққа шабуыл...
Тілекқабыл РАМАЗАНОВ 27.10.2020, 10:29
Азамат. Ғалым. Дос

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    29.10.2020, 11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04