Ер есімі лайықты орнын тапты

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ

06.05.2022, 16:30

3262

Оқ пен оттың ортасынан жеңіс жалауын желбіретіп, елге келісімен жүдеу жұрттың күйін жайлаған есіл ерлер ел аузында әрқашан есте қалмақ. Сондай абзал азаматтың бірі – Әбдәмит Қосқанов, 17 жасында ел қорғау үшін өз еркімен соғысқа аттанған ержүрек бозбала еді.

1924 жылы Қызылорда облысы Тереңөзек (қазіргі Сырдария) ауданы Шаған ауылында туған ол кәмелет жасқа жетпестен соғысқа аттанып кете барады. Тамбов қаласындағы екі айлық сержанттар курсынан өткен ол, кіші сержант атағымен №303 әскери бөлімінің атқыштар бөлімшесінің командирі атанады.

Соғыс демі оны тез есейтеді. Алғашқы қанды шайқас, қырғын-қиямет «Курск-Орелск» доғасында-ақ басталды. Бас көтертпейтін ысылдаған оқтар, қатарын қанша сиретсе де, рухы мен тәні мықты жауынгерлер күші басым жауға төтеп беріп, әлсін-әлсін шабуылға да шығып отырады. Жан беріскен шайқаста «Курск-Орелск» доғасын азат етіп, сол кездегі Польшаның Кенисберг қаласын жау қолынан босатады. Осы ерліктері үшін Әбдәмит Қосқанов «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Сұрапыл соғыс жылдарында Әбекең Украина мен Белоруссия майдандарындағы шешуші шайқастарда да жасындай жарқылдайды. Жау әскерінің қоршауында да қалып, қарша бораған оқтан құдайдың құдіретімен аман қалады. Сол соғыс жылдарында Кеңес Армиясының қолбасшылары Г.Жуков, К.Рокоссовский, Н.Ватутинді көзімен көрді. Олардың, «Сендердей жалынды жауынгерлер тұрғанда жауды жеңетінміз сөзсіз. Қорқыныш атаулыны мүлдем ұмытып, Жеңіс күнін жақындатуға тырысыңдар!», – деген қанатты сөздері солдаттарды жігерлендіріп, рухтандырып жіберетін, – деп естеліктер қалдырып еді.

Сұм соғыста төрт рет ауыр жараланса да Әбекең қайта-қайта өз өтінішімен майданға оралып, ұрыстарға қатысады. «Жеңіс күнін Берлин қаласынан 30 шақырым жерде қарсы алдық», – дейтін марқұм.

Өзі зерек әрі турашыл оны соғыс аяқталғаннан соң бас штабқа әскери қызметке қалдырады. 1946 жылдың қыркүйек айына дейін әскери қызметін мінсіз атқарып, туған жеріне оралады.

Елге келген соң бухгалтерлік курсты бітіріп, ауылда абыройлы қызмет атқарды. Шаруашылықта бас есепші, кадрлар бөлімінің инспекторы, партия ұйымының хатшысы қызметтерін барынша адал, жауапкершілікпен атқарды. Үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, ауылға сыйлы, қадірменді азамат бола білді. Туған жерді түлетуге, өркендетуге өлшеусіз үлес қосты. Ауыр кезеңде, тоқырау заманнан елді аман алып қалды.

1952 жылы Әбекең ағамыз жары Гүлсерік Әлқазықызымен отау құрып, өмірге Жадыра, Мажыра, Нұржамал есімді қыздарды және Саламат атты ұлды әкелді. Бүгінде балалары жоғары білімді, елге танымал азаматтар. Өз алдына отау құрғызып, немерелері мен шөберелерін көріп кетті. Қазір қыздары Жадыра мен Мажыра бір-бір шаңырақтың ардақты отаналары. Кіші қызы Нұржамал білікті адвокат, ал ұлы Саламат, немерелері Әкім, Адай облысқа танымал заң саласының қызметкерлері. Елін сүйген азамат 1998 жылдың күзінде дүниеден өтті.

Шаған ауылының халқы Әбдәмит Қосқановты әрқашанда құрмет тұтады. Оның елге сіңірген еңбектері әлі күнге дейін халық жадында. Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз» және «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің, сондай-ақ «Ерлігі үшін» медалінің, тағы да басқа марапаттардың иесі Әбдәмит Қосқановқа Шаған ауылында ескерткіші ашылып, көше атауы берілді. Осылайша халықтың тілегі арқылы, ер есімі лайықты орнын тапты.

«Жақсының аты өлмейді» деген халық даналығындай, Ұлы Отан соғысының батыры, Еңбек ардагері Әбдәмит Қосқановтың азаматтық, ағалық бейнесі шағандықтардың мәңгі жүрегінде қалады.

Тегтер: соғыс Ресей Украина Қырым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 14:08
Бақыт Әмірбек: «Ескі әндердің орны әрқашан бөлек»
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.05.2022, 10:40
Киелі жердегі мәдениет фестивалі
Айнұр ӘЛИ 17.05.2022, 11:25
Dаrknet: қараңғы әлем
Бекен КӨКІШҰЛЫ 17.05.2022, 08:57
Халықтың ұлы
Дос КӨШІМ 13.05.2022, 14:10
Түлкі мен тырна
М.СӘУЛЕБЕК 13.05.2022, 08:58
Мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын шалғайдағы ауыл халқы көріп отыр ма?

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56