Ербол Махмұтов: Әр жетістігімнің артында ӘКЕМ ТҰРАДЫ

Жарас КЕМЕЛЖАН

20.12.2022, 15:20

1105

Қазақстан ғылымының хәлі мүшкіл. Отыз жылдан бері әбден тұралаған. Сондықтан да ғылым және жоғары білім министрлігі өз алдына бөлек шаңырақ көтеріп, бөлініп шықты. Ғылымдағы проблемалар туралы әңгіме қозғар болсақ, бірер материалға сыймасы анық. Өйткені соңғы отыз жылда Қазақстан ғылымында жалған ғалымдар пайда болды. Тіпті өндіріске бір күн барып көрмеген академиктер қаншама? Тың игеру жылдарындағы Қазақстанның ауыл шаруашылығы туралы зерттеп, доктор болған тарихшыларға не айтасыз? Мұндай көзбояушылық ғылымның барлық саласында кездеседі. Ал біз ғылым мен өндірісте қатар қызмет еткен шынайы ғалымдардан сұхбат алсақ деген оймен кейіпкер іздедік. Табылды. Қазақстанға белгілі, әрі тәжірибелі ғалым, өндіріс саласында ұзақ жылдар еңбек еткен химикті ұсынды.

Сонымен, біздің бүгінгі қонағымыз – ғылым мен өндірістің адамы. Ербол Махмотов – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының шетелдік мүшесі.

Ол – Атырау облысының Құрманғазы ауданының бұрынғы Дәшін ауылы, қазіргі Хиуаз ауылында 1957 жылы дүниеге келген. Бір қызығы, қонағымыз көп сөйлегенді, өзі туралы айтқанды аса ұнатпайтын, әр сөзін ойланып-толғанып сөйлейтін, сабырлы, бірақ тік мінезді адам болып шықты. Біз ғылым туралы, ғылымдағы проблемалар хақында сөйлескіміз келген. Ол ғылымдағы жетістігінің артында әкесі мен анасы тұрғанын айтып, сол кісілер жайындағы естелікпен бастады әңгімесін...

– Менің мұнай саласының маманы болуымның басты себепкері – әкем – деп, бастады өз әңгімесін ғалым. – Ол кісінің айтқаны біз үшін заң: артық сұрақ қойылмайды, қайта талқыланбайды. Мектепте оқып жүргенде химия пәнін жақсы көрдім, жақсы оқыдым. Ұстазымыз жақсы болды. 10-сыныпты бітірген жылы әкей: «Сен ұл баласың. Сондықтан ер адамға тән мамандықты оқуың керек. Мұнайлы өлкеде туғандықтан, сен мұнай өңдеудің оқуына түс, түбінде сол саған темірқазық болады» – деді. «Түптің түбінде мұнайдың білімін алсаң, ғылым мен өндірісте еңбек етсең, ешкімнен кем болмайсың» дегені көрегендік емей немене?

Онда балалық шағыңыздағы ескірмейтін естеліктермен бастаңызшы.

– Балалық шақтан естелік десеңіз, айтайын. Бала кезімде еркелеу, бірақ мінезіме сай бұзықтау, бірбеткейлеу болып өстім. Бірақ сабақты жақсы оқыдым. Бойым сыныптастарымнан биік болғандықтан ба, ауылда өзімнен екі-үш сынып жоғары оқитын балалармен ойнайтынмын. Бірде тату, бірде қату. Кезекті бір «чемпионатта» өзіммен төбелескен ересектеу баланы қолға түскен қатты затпен ұрып қалғаным есімде. Жазғы каникул кезі. Күн ыстық, көшеде жан жоқ. «Қарсыласым» қызыл қан боп құлап қалды, қимылдамайды. Көмекке ешкімді шақырмадым. Қатты қорыққан болсам керек. Өлтіріп қойдым деген үрей бойымды билеп алған. Дір-дір етем. Құдай сақтап, бірер сағаттан кейін әлгі «қарсыласым» есін жиды-ау! Пәтшағар тірі екен. Қуанғаным-ай сондағы, бетінен қайта-қайта сүйе берем, сүйе берем. Содан кейін ешкіммен төбелескен емеспін. Ішкі «тежегішім» ұстайды да тұрады. Ер жеткен кезде, студент шақтарымда да ұрыс-керістен, төбелестен алшақ жүрдім. Ашу қысқан кезде, қолға ерік берер кезде де, шидиген біреулерді, тіпті өзімнен кішілерді де, балаларды да ұра алмаймын. Біреуге қол көтеруге болмайтынын ерте ұғындым. Ұрсам, өлтіріп алам ба деген қорқыныш өмір бойы өзіммен бірге келе жатыр. Оны кейбіреулер түсінбей жатады. Жалпы, төбелеспеу, аз сөйлеу, шатақты жерден алыс жүру – сол бала күннен қалған әдетім.

Бала күннен қалған тағы қандай әдет-қағидаларыңыз бар?

— Туған күнімді атап өтіп көрген жан емеспін. Мен әке-шешемнің дайын өнімімін, қазіргі тілмей айтқанда «жобасымын». Сондықтан ол күн менің емес, маған өмір сыйлаған адамдардың қуанышты күні. 17-сәуірде сол кісілерді құттықтап, сыйлық беруші едім. «Жобаның» авторлары өмірден өткен соң, ол күн енді әке-шешемді сағынып еске алатын дата болып қалды.

Одан басқа есте қалғаны, ешбір партияға мүше болып көрген адам емеспін. Тіпті коммунистер партиясына да. Шевченко (Ақтау) қаласындағы пластмасса өңдеу зауытында еңбек етіп жүргенімде, 1981 жылы партияға өту туралы ұсыныс болған. Әкейге хабарластым. Әкем сонда партияның күні батып бара жатқанын сол кездің өзінде тұспалдап айтып еді. Кейіннен, шынында да оның күлі көкке ұшты ғой. Бұл енді, көрегендік емей немене? Тәуелсіздік алғаннан кейін Абай айтқандай бас-басына би болған, өңкей қиқым партияларға жолаған емеспін.

Сенсеңіз де, сенбесеңіз де он жылдан асты, теледидар қарамаймын. Қазақтың дарынды жазушысы Рахымжан Отарбаевтың бір сөзінде айтылады ғой, сөзбен-сөз есімде жоқ, жалпы мағынасы былай: «Мені ешкім түсінбеді, менде түсінікті болуға аса тырыспадым». Теледидар екеумізді айтам, біз бір-бірімізді «түсінуге» аса тырыспадық. Жағымпаздыққа жаным қас! Қысқасы, осындай мінездік «букетпен» жақсы адамдар тізіміне ене алмай қалғанмын-ау, шамасы!.. Өмір бойы жасағандарын, айтқан сөздерін еске алып, ойлап отырсам, менің әкем болашақты дөп басып болжай алатын кемел  адам болған екен.

–Естеліктен нақты сұрақтарға ауыссақ. Мемлекеттік сыйлық дегенде, біздің көз алдымызға ақын-жазушылар мен өнер адамдары елестейді. Ғылымда бұл марапатқа бөленген адам аз сияқты. Сіз Мемсыйлықты қандай еңбегіңізге алдыңыз?

–Жауабым мынадай. Бұл университет ғалымдарымен бірлесіп жасалған ұжымдық жұмыс туралы осыдан үш-төрт жыл бұрын БАҚ пен ғылыми журналдарда жан-жақты толықтай  жазылды. Бәрін қайталап жатқым келмейді. Жалпы, көп сөйлеп, білгішсініп, теледидардан жылтыңдап шыға бергенді бұрыннан жаным сүймейді. Әсіресе өндірісте бір күнде жұмыс жасамаған кейбіреулердің, білгішсініп, алқалы жиындарда арқаланып сөйлегенін көрсем, күлкім келеді. Аяймын ондайларды.

Ғылымдағы мақсатым – Мемлекеттік сыйлық алу емес екенін достарым мен жақындарым жақсы біледі. Бірақ ұзақ жылғы еңбегіңнің нәтижесін көргеннен артық бақыт бар ма? Адамның өзіне-өзі есеп беретін кезі де болады. Мен бұл өмірде не жасадым, не жасауым керек деген сияқты сұрақтар болмай ма? Мемлекеттік сыйлық сол сұрақтардың жауабы деп білемін. Тақыр жерге тау тұрмайды. Менің өмірлік ғылымдағы ұстанымым – үштаған деп аталады. Үштаған деген не? Ол – білім, ғылым, өндіріс. Осы үш салада да еңбек еткен, іштей де, сырттай да зерттеп, көзбен көріп, қолмен ұстаған адаммын. Осы үштағанның біреуі болмаса, екіншісі мен үшіншісі де толық болмайды. Үштаған туралы авторлық қанатты сөзім де бар (Күлді). Білім – ғылым мен өндірістің алғашқы баспалдағы. Ғылым – білімнің жемісі, өндірістің жеңісі. Өндіріс – білім мен ғылымның өрісі.

Менің өндіріске келуіме де әкемнің ықпалы болды. «Оқыдың, енді ғылымға баруың үшін өндірісті көрген дұрыс» деп кеңес берді. Осы жасыма дейін еңбек еткен жерлерімде тек ғылыммен және оның өндіріспен тығыз байланыста дамуымен тікелей шұғылдандым. Әр салада, кез келген жерде қызмет еткенді жаным қаламайды.

Еске түскенде қыстыра кетейін, әкемнің ұшқарылау ойлайтын бір жиеніне айтқан әңгімесіне бала кезімде куә болып едім. Әлгі жиеніміз әкеме салмақ салып «Ана жұмысты да, мына жұмысты да жасай аламын. Қандай жұмыс берсеңіз де қатырамын» деп бөссе керек. Сонда әкем айтушы еді «Алдымен бір саланың толық мағынасындағы маманы болуың керек, шырағым! Анда-мында секіргеннен сенен жақсы маман иесі шықпайды. Ақырында маман емес,  космосқа ұшқан Белекең мен Стекең атанып қаласың» дейтін. Космосты игеру кезінде адам ұшудан бұрын, алдымен әуе кемесімен бірнеше итті: Лайка, Белка, Стрела деген мақұлықтарды ұшырды ғой. «Әуе кемесіне мініп көрді деп иттерді космонавтар деп атауға болмайды ғой» дейтін әкем.

Қысқаша айтқанда, мен мұнай химиясының маманымын, әрі мұнай тасымалдау саласының инженерімін. Біздің елімізде мұнайдың түрлері көп. Мұнайды негізінен үш түрлі жолмен тасымалдайды: қыздыру арқылы, жеңіл мұнайға қою мұнайды қосу арқылы және әртүрлі қосындарды (присадкалар) араластыру арқылы тасымалданады. Менің кандидаттық және докторлық ғылыми жұмыстарым тікелей өндіріске, оның ішінде мұнай химиясына байланысты. Соңғы жиырма бес жылдан астам уақыттағы ғылыми жұмысым мұнай дайындау, мұнай тасымалдауға қатысты болды. Көптеген ғылыми жұмыстар жасалды. Оны тереңдетіп зерттеу үшін заманауи ғылыми қондырғылар мен ғылыми еңбегіңнің нәтижесін сынамадан өткізу үшін сол  бағыттағы үлкен компаниялармен тығыз байланыста болу қажет болды. Содан «Қазмұнайгаздың» құрамындағы «ҚазТрансОйл» компаниясына жұмысқа шақырып, сол жерде жиырма жылдай еңбек еттім. Компанияның құрамында  «Ғылыми-техникалық орталықты»  құруға белсене араласып және оның дамуында шамамыз келгенше біраз үлесімізді қосқанбыз. Тұтқырлығы жоғары және жоғары парафинді мұнайларды қосым арқылы тасымалдау технологиясын жетілдіру үшін жүргізілетін ғылыми және инновациялық-технологиялық жұмыстарды ұйымдастырумен және оның өндіріспен байланыста дамуымен айналыстым. Сонымен қатар инновациялық ғылыми жобаны дамытып, іске асырумен де шұғылдандық.

        Бұл ұжымдық ғылыми жұмыс. Өзіңіз білесіз, Нобель сыйлығында бірнеше ғалым бірігіп, тіптен бірнеше мемлекеттің ғалымдары ұжымдасып еңбек етіп, жеңімпаз болып жатады. Біздің тұрақты авторлық ұжым жасаған SmartTran бағдарламалық жасақтамасы мұнай және мұнай қоспаларын тасымалдауды оңтайлы басқару және энергияны үнемдеудің ғылыми-техникалық негізін қарастыру бағытында 12 жылдан аса еңбектендік. Нәтижесінде мұнай құбыры бағыттары бойынша мұнай және мұнай қоспаларын тасымалдауда энергия үнемдеуді ғылыми-техникалық қамтамасыз ету атты ұжымдық жұмыс 2019 жылғы әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығына ие болды.

–12 жылдың жемісі ме?

— Әрине! 2015 жылға дейін Мемлекеттік сыйлықты үкімет беретін. Қазір Президент Жарлығымен беріледі және Мемлекет басшысының өзі тапсырады. Қоятын талаптары өзгерді. Жаңалығың болу керек, ғылыми шығармаларың жариялануы қажет, өндірістегі тиімділігі болуы шарт деген сияқты бірнеше түрлі талаптары бар. Одан бөлек, шетелдік мамандардың пікірі қажет, эксперттер көреді, халықаралық ғылыми конференцияларда айтылып, таныстырылуы керек. Көптеген қиындықтары да кездесті. Соның бәрін негіздеп, нақты зерттеу қорытындылары арқылы ғана қол жеткіздік. Ғылымдағы осы жетістігімді әкемнің көре алмағанына ғана өкінемін.

– Әр әңгімеңіздің әлқиссасына әкеңіз туралы қосып отырсыз. Ендігі сөздің ауанын туған үй, өскен ұяңызға бұрсақ...

— Әкем Сахит Махмұтұлы ауылда туғаны болмаса, жан-жақты білімді, алғыр жігіт болатын. Ол кісі тарихты да, әдебиетті де, өнер тақырыбын да, саясат пен әлеуметтік мәселелерді де терең түсініп, байыппен талдай отырып, тыңдаушысына жеткізе білетін. Әрі сөзге өте шешен, сөз саптауы ерекше адам еді. Сонымен қатар, ол кісінің аса бір ерекшелігі қазақ әдебиетінің ішінде прозамен бірге поэзияны да жан-тәнімен түсініп оқушы еді. Өзінің ешкімге көрсетпей, білдірмей, тек қана өзінің кейбір кездегі көңіл күйін сипаттайтын өлең жолдарын қағазға түсіріп жүретін-ді. Егерде әкеміз ауылда емес, қалада немесе қалаға жақын жерде дүниеге келген болса, сөз жоқ қазақтың дарынды да талантты азаматтарының бірі болар еді. Ұстамдылығы мен шыдамдылығы да бір басына жетерлік. Шектен шыққан кейбір пысықсымақтарды да дер шағында, бір сөзбен-ақ орнына қоятын кездеріне талай рет жерлестері куә болған еді. Ұнатпаған кісісіне, кейбіреулердің заңсыз қылықтарын көрсе, бетің-жүзің демей, әділін, ақиқатын айтатын турашыл азамат еді.

Өзінің нағыз білімге ұмтылатын балалық, жастық шағы ашаршылық қасіретіне, екінші дүниежүзілік соғысқа тап келіп, мүмкіндігі болмай, қапы қалған әкем балаларының бәрін шамасы келгенше жоғары білім алса деп армандады. Құдай қолдап, бар тілегі  қабыл болды!

Біз әке-шешемізден алты бала едік. Әкейдің туған жалғыз бауыры Райхан апасынан қалған екі ағайыммен сегіз бала бір үйде өстік. 1944 жылы туған Махсуден, 1946 жылғы Хайреден деген ағайларым туралы айтып отырмын. Алдымен сол екі ағайым туралы сөз қозғайын. Әкемнің інілері сияқты болды. Шешем Үздік Сапарқызы 1947 жылы қара шаңыраққа келін болып түскенде, Хайреден ағайым табалдырықтан асып түсе алмайтын еңбектеп жүрген бала екен. Анам ағайымызды «Торғай» деп атап кетіпті. Ес білгенімізше бәріміз «Торғай ағай» деп өстік. Сегіз балаға да әкеміз бас ие болды. Себебі, Райхан апамыздың күйеуі дүниеден ерте өтіп, әжеміз Ақкүріш екі жиен-немересін бауырына басып алады. Әкеміздің соңынан ерген інілеріндей болды. Негізгі тәрбие нағашы жұртынан болды. Әжем Ақкүріш те, атам Махмұт та пейілі кең, жаны жомарт жандар еді жарықтықтар.

Осы арада әулетімізге қатысты бір тарихи әңгімені қыстыра кетейін. Атам мен әжем 13 бала сүйіпті. Сол 13-тің 11-і шетінеп, әкем мен Райхан апам ғана қалған ғой. Қазақта көз тию, сөз тию деген ырым-тыйымдар бар. Шетінеген балалардың бәрі көзден, тілден кетіпті. Содан қатты қорқып қалған атам мен әжем Райхан апам мен әкемді қарақұлақтанғанша елге көрсетпей, жұрт көзінен таса өсіріпті. Ол кезде біздің үй Қамал деген ауылда отырған екен, қара шаңырақ сонда болған ғой. Атам 75 жасында, мен 1-сыныпқа барған 1964 жылы қайтыс болды. Әжем атамнан 13 жас кіші еді. Марқұм мен үйленгеннен кейін қайтты. Бүкіл ауыл қазір сол кісілер туралы тамсанып айтып отырады.

Атам мен әжемнің кеңдігі, әкем мен шешемнің жайлылығы болар, біздің үйде сегіз баладан бөлек, Көркемқыз, Қазима апаларым бар – қарайған қауым тұрдық. Оншақты жан. Әкем Көркемқыз апамызды сонау Қызылордадан тауып алып келді. Атамның жақын ағайларының қызы екен. Әкем іс сапарда жүріп, қарттар үйінен Қазына апасын іздеп барғанда Көркемқыз апамызды жолықтырған ғой. Қазына – Қазима апамның сіңлісі. Әкем жалғыз өзі жұмыс жасайды, тапқан табысының берекесі болды ма, бәрімізге жететін. Анам марқұм кейіп, шаршадым демей, топты бала-шағаны, кемпір-шалды жалғыз өзі күтімін жасап, қарады. Уақыт өз дегенін жасайды ғой, атам мен әжем, үш апасы да әкем мен шешемнің қолында қайтыс болды.

— Кез келген адам үшін ескірмейтін естеліктері болады. Әңгіме басында ғылым жолына түсуіңізге әкеңіздің себепкер болғанын айттыңыз. Ол уақыт ауылдағы қариялар химия деген ғылымды түсіне бермейтін кездер ғой.

–Дұрыс айтасыз. Қазірдің өзінде ауылдағылардың арасында химияның мұнайға қатысын түсінбейтін оқыған-тоқығандар көп. Әкемнің көрегендігіне тағы бір мысал айтайын. Інісі Махсуденнің теміржол инженері болуын жас кезінен есіне салып отыратын. Ол кісінің үлкен інісіне айтатын сөзі «Теңіз ауданының жалпы дамуы үшін болашақта аудан арқылы теміржол станциялары салынуы тиіс. Сен, сол теміржолды дамытатын, көркейтетін жергілікті маман болуың керек!» деп отыратын. Айтқаны келді. Әкеміздің ақыл-кеңесімен Махсуден Ташкент қаласындағы теміржол инженерлерін дайындайтын институтты бітіріп, Теңіз ауданындағы салынған Ганюшкино теміржол станциясының алғашқы басшыларының бірі болды, Маңғышлақ станциясында басшы болды. Қазір зейнеткер. Екінші інісі Хайреденге жалпы инженер мамандығын игеруге, болашақта ғылыммен айналысуға кеңес беріп отыратын. Хайреден ағайым, әкейдің айтуымен физика мамандығын оқыды, кейін аспирантураға түсті, оны да сәтті қорғады, ғылымды өндіріспен ұштастыра еңбек етті. Физика-математика ғылымының кандидаты, профессор деген атақтарын алды. Қоғамдық ғылым академиясының мүшесі. Негізгі мамандығы – жылу физикасы. Жылу физикасы болғанда, оның өндіріске байланысын, газ қоспаларының жылу сыйымдылығын зерттеді. Бір әттеген-ай дейтініміз, дайын тұрған докторлық диссертациясын қорғап үлгере алмады. Ауылдағы ел «Сахиттың қос қанаты – екі жиені» деп, Махсуден мен Хайреден ағайларымды айтып отыратын.

Қысқасы, бір үйден екі ғалымның шығуы тікелей әкейдің арқасы. Әкей бізге: «Ғылымға таза адамдар, еңбекқор адамдар баруы керек. Елге, жерге керекті білім алуларың керек. Өз жолың болғаны дұрыс. Атақ-даңқ, байлық ешкімге жолдас болмайды» дейтін. Бала-шағасына берген тәрбие осы. Өзі көкірегі ояу, көпті көріп, көп тоқыған адам ғой, бізді ғылым жолына бағыттады.

–Бір үйден екі ғалым дегенде – Хайреден ағайыңыз екеуіңізді айтып отырсыз ғой?

–Иә. Хайреден ағайымның фамилиясы – Сейітов. Біздің қолда өскенін айттым ғой. Анасы Райхан апам да, менің әкем де көрікті адамдар еді. Ағайым анасына тартты. Жігіттің көріктісі еді. Өмірден тым ертелеу кетті, әттең! Артында бір ұл, бір қызы қалды. Райхан апам да ерте қайтып еді. Өзімнің жалғыз нағашым Ораз Сапарұлы Астрахань жақта тұратын. Ол да өмірден ерте озды. Екі қызы бар еді, сол балапандары суға кетіп, соның күйігін көтере алмады. Өзімнің тете апам Ардақ Сахитқызы өте білімді, әкеміздің жолын қуған білгір экономист-бухгалтер болатын. Ол да өмірден ерте озды. Бірге туған жалғыз ағам Тілекқабыл Сахитұлы 33 жасында суға кетіп көз жұмды. Сол ұлдың қазасынан кейін жылай-жылай анамның көзі суалды, екі күнде әкейдің самайына ақ түсті. Артында үш ұл, үш қыз қалған. Сол балаларды әкем мен шешем өсірді. Осы күні соның бәрін ойлап отырсам, қабырғам қайысады. Кезінде естелік қылып жазбаған екенбіз, қазір бірі еске түссе, бірі ұмыт болған. Мұның бәрін қозғағандағы айтпақшы болған әңгімем – әкем мен шешем соншама ауыр қазаларды көтеріп жүріп, бізді ел қатарына қосқан ерліктерін еске алғым келіп еді.

Әкей өмірден өткен соң ағамның алты баласына бас-көз болу маған қалды. Ақтауда жиырма жыл жүргенде, сол балалардың төртеуін оқытып, тоқытып, қолымнан келгенінше жағдайларын жасап, жоғары білім алуларына, еңбекке араласуларына жәрдем бердім. Бәрі жақсы оқыды. Содан кейін ғана кіші екеуін алдыңғы төртеуіне табыстап, Ақтаудан Астанаға көштік. Ағамның ұрпағы – әкемнің аманаты, менің парызым.

–Ербол аға, әңгімелеріңіздің сарынынан ана алдында өтелмеген парыз, әке алдында кеудеңізде қалған бір өкініш бар сияқты?

–Әй, бауырым, көкейдегіні айтқызбай түсініп отырсың ғой. Сен тыңдасаң, мен айтайын. 1996 жылы Америкаға жолым түсті. 1 жылдық білім жетілдіру және іс-тәжірибеден өту үшін Бостан қаласына баратын болдым. Бала күннен бергі тәрбие – әке мен шешеден аспаймыз. Рұқсаттарын сұрадым. Сонда әкей «Бар. Ел аралап, жер көріп, біліміңді жетілдіріп қайт. Бір жылға қоянның терісі де шыдайды. Бұл жақтан алаңдама. Жолыңнан қалма!» – деді. Анам соншалық ықыласты болмады. Себебін кейін түсіндім ғой. Содан Америкаға кеттім. Ел аралап, жер көрдім. Өміріме азық боларлық білім мен тәжірибе жинадым. Бір жылдан кейін бір-ақ оралдым елге.

Келе салысымен әке-шешемді шипажайға демалдыруға жіберейін деп, дәрігерлік тексерулерден өткіздім. Не керек, әкейдің денсаулығынан кінәрат шықты. «Жаман ауруға» шалдығыпты. Сонда ғана түсіндім, анамның мені не үшін Америкаға жібергісі келмегенін. Әкем өз ауруын біліп тұрып, баласын ұзақ жолдан қалдырғысы келмеген екен ғой, жарықтық!

Америкадағы бір жылдық іс-тәжірибемнің ғылыми жұмысыма көп көмегі тиді. Оны жасырмаймын. Егер, әкем рұқсат бермей, мен сол сапарға бармай қалсам, ғылыми жұмысым аяқталар ма еді, аяқталмас пе еді, кім білсін? Менің әр жетістігімнің артында әкем тұрғанын кейін кеш түсіндім ғой. Жарты жыл өткенде әкемнен айырылып қалдым. Сол өкініш ойымнан әлі кетпейді. Ауырып жүргенін ерте білсем, дерті асқынбай тұрып емдетер ме едім деген ой күні бүгінге дейін мазалай береді. Амал қанша, баласы үшін жүрек қанын беріп, жан жарасын жасырып жүрген әкеме осыдан кейін қалай қарыздар болмаймын?!

Қазір өзімде ата болдым. Ұлдарым бар. Бірақ үлкендерден берілген тәрбие, балалардың қандай жетістікке жеткендерін жұртқа жариялағым келмейді. Сөз бар, көз бар дегендей. Біздің әулет қызыл тілден, сұқ көзден көп опық жеген. Осы уақытқа дейін ғалым ретінде «Мемлекеттік сыйлықтың иегерімін, химикпін» деп сұхбат бергім келмейді. Ертеректе, бір-екі рет тілшілердің өтініші бойынша телеарналарға пікір беріп едім, Ақтауда тұратын туған апам «Бетің былшиып теледидарға шыға берме!» деді. Болды. Шықпайтын болдым. Бірақ балаларым, немерелерім білсін, атасы мен әжесінің қандай адамдар болғанын, қандай әулеттен шыққандарын түсініп жүрсін деген оймен осы әңгіме-сұхбатқа келісім беріп отырмын. Бір жағынан биыл әкем Сахиттың 95 жылдығы, ағайым Хайреденнің 75 жылдығы. Өзім 65 жасқа толып отырмын. Осы дөңгелек даталар да маған ескірмейтін естеліктеріңді айтып, жаз дегендей ишара беретін сияқты.

Әкем мен шешемнің алдында мәңгі қарыздармын! Есі бар адамның бәрі солай деп ойлаймын. Өйткені ата-анаңның жақсылығын ешқашан өтей алмайсың. Өз басым қандай жетістікке жетсем де, қандай кітап жазсам да, әкем мен шешеме арнаймын. Кітаптың маңдайына «Әкем мен шешемнің рухына арнаймын» деп жазамын. Бұл сұхбатымды да сол қамқоршыларымның рухына арнадым!

– Ұрпаққа үлгі боларлық әдемі әңгімеңізге, ескірмейтін естеліктеріңізге рақмет!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 29.03.2023, 16:18
Тіл мәртебесі – ел мәртебесі
Б.НҰРМАХАН 29.03.2023, 09:00
Балаларға – жаңа кітап
Мұхтар МАҒАУИН 28.03.2023, 13:22
Мәлік аға Ғабдуллин
Сайт әкімшілігі 28.03.2023, 12:09
Танымал қазақстандық музыкант Николай Миклошич қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 28.03.2023, 06:13
Бөкенбай шоқысы. Батырларды шатастырмайық
Сайт әкімшілігі 27.03.2023, 06:03
Шахматшы Жансая Әбдімәлік өзін сынаған Бибісараға жауап қатты

Аңдатпа


  • Үкімет кетті, «Халық әртісі» мен Қошанов қайта оралды
    05:37
  • Айтыскер, блогер һәм тренер
    05:34
  • Кәсіптік білім. Диплом тарату – маман дайындау емес
    05:32
  • Жетісайдың «күрескер» әкімі Жыңғылмен күресіп жүр
    29.03.2023, 05:46
  • Нұртай Базарұлы, зейнеткер: Қарағұсованың заңына қарсылық білдіремін
    29.03.2023, 05:44