Ерте есейген мәрт мінез

Ақын, жазушы Ғабиден Құлахметов осы жылы 65-ке келер еді...

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

15.10.2020, 10:26

722

      Жә, оны араға тықпалаудың қажеті шамалы. Кіммен-кім бірге оқымай жатыр, кіммен-кім студенттік дәуренді бірге өткізбей жатыр. Сол бес жыл  ажырамастай болып бірге жүрген пенделердің кейін, өмір соқпақтарының қақпақыл иіріміне түскен сәтте жеке басымен қайғы боп, бұрын-соңды білмеген, көрмеген жат адамдай қара үзіп, хабарласпай қоятындары қаншама?! Ғабиден ол санатқа қосылмайтын, кеудесі сағынышқа толы, оқта-текте кездесе қалғанда кеудесінен жүрегін жұлып алғандай, саған қарай құшағын ашып, құстай ұшатын ақ көңіл, дарқан мінезді Азамат еді ғой жарықтық! Амалымыз қайсы, «азамат еді ғой» әлдебір өкінішпен сай-сүйегіміз сырқырап, тіліміз күрмеліп айтуға мәжбүрміз. Әйтпесе, дені дұрыс, басы дұрыс жұмыс істейтін адам Ғабиден секілді «қызыл бөріні» о дүниеге қия ала ма?! Дәл осы күндері таудан құлаған арналы өзендей арқырап-жарқырап, кез келгеннің пешенесіне жазыла бермейтін мол пішілген дене-бітімімен өзгелерден оқшау көрініп, күліп-ойнап  жанымызда Құлахметов жүрсе қандай жарасар еді; біреудің әлденеден көңілі түсіп жабырқағандығын көрсе, жамбасына әлдекім біз сұғып алғандай, тұла бойы дір ете қалып, танысын-танымасын әлгінің қасына жетіп барып, хал-ахуалын тәптіштеп сұрап білетін. Сол сәтінде қолынан келетін бар көмегін көрсетіп, тіпті қалтасындағы соңғы тиынына дейін санап беріп, ал өзі түк болмағандай кең кеудесін тік ұстап тарта беретін Құлахметов жанымызда жүрсе қандай жарасар еді! Бұл – негізі, орайы келгенде тіл ұшына оңай орала салатын сөз тіркесі емес, шындығына келгенде, иә, дәл осы күндері пейілі жомарт жандардың аралары сирексіп, қасыңнан баяғыдай қара көрсетпейтіндігін білген соң, өзіңді де дәп бір қалың орман ішінде адасып қалғандай сезінеді екенсің. Рас, қарының – тоқ, көйлегің – көк, айналаң аман-есен, ел қатарлы тырмысып тірлік кешіп жатырсың.  Бірақ неге екенін қайдам, қайран көңіл қас пен көздің арасында  қимас жанды жоғалтып  алғандай, ғайыптан тайып сен іздеген кісі көшенің ана басынан жайраңдап шыға келетіндей жан-жағыңа алақтап, алаңдайсың да жүресің.

Не айтары бар, қатар жүрген достардан айырылғанда, естен танғандай күй кешетіндігің анық. Жетпіске жетер-жетпесте  Бибігүл,  Марат, Арынғазы, Ербол, Ержұман, Әуез,  Әлімжан, Қайыпжан, Нарша, Омар, Оразхан, Рысбек, Сағидолла, Төрехан, Саттар, Мағауия, Ғабиден, Алпысбай,  Болат… секілді арыстай азаматтардың артында қалып, солар жайлы естелік жазу – мына дүниеде одан артық «азап» та бола қоймас. Бірге оқығандардың бас-аяғын түгендеп, біреулерінің немерелері дүниеге келсе, бәрімізден алдымен сүйінші сұрап, пенсияға шыққан күннің ертеңінде мәртебелі қызметімен қоштасып, «Егеменді» ұзақ жыл басқарған, ел газеті үшін «көзін де, өзін де аямаған» қайран менің Ер-ағам, Ержұман Смайыл! Ер-ағамның орны әркез ойсырайды да тұрады.  Күнде ертеңгілік, одан өзге тірлігі жоқтай «Жиенбаев, қалайсың, аманбысыңдар?» деп телефон соғатындығының өзі неге тұрады! Және мұны өмірі ұмытпайды. Жан-жаққа хабарласып, жақын-жуық ағайынды бір түгелдеп алған соң ғана жаны жай табатындай көрінеді де тұрады маған. Топырақтарың торқа, жандарың жәннатта  болсыннан басқа не айта аларсың! Оларға одан өзгенің қажеті де шамалы.

      Ғабиден жас жағынан  бірге оқығандардың бәрінен кіші еді. Кіші болса да санатқа ерте ілікті. Ұлы Абай  өмірген келген өңірде дүние есігін ашқан жас жігіттің қашан көрсең де екі көзі  шоқтай жанып, ылғи ішкі әлемінің тазалығынан хабар беріп тұратын. Оймақтай әдемі өлеңдерімен де ерте танылды. Киелі шаңырақ – Жазушылар одағының емен есігін әлденеден қорқасоқтағандай, еркін кіруден именіп, кегежеміз кейін тартып жүргенде, одақтың ерке баласындай ой-пікірін ашық айтудан тартынбайтын Ғабиден атақты қаламгерлермен де тонның ішкі бауындай танысып, бауырласып  үлгерген-ді.  Басқасын былай қойғанда, балаң жігіттің алғашқы аяқалысын дөп басып, шын ниетімен ағалық ақыл-кеңесін айтып, құшағына тартқан мүйізі қарағайдай әдебиет майталмандарының бірі – Тұрсынбек Кәкішев болса, біз сол кезде Ғабиденнің қалайша аспанға ұшып кетпей, аман-есен  жер басып жүргендігіне таңғалатынбыз.

 Өзі де гүрілдеп өлең оқуға құмар-ды. Оның барлық шығармашылығының басында үкі қаққан арудай сыланып-сипанып, Аягөздегі Шолпан ауылы тұрды. Дұрысында, сол аядай Шолпан ауылы Ғабиденнің арқасында ғана ел-жұртқа әйгілі болды білем. «Оу, көрінбей кеттің ғой, қайдасың?» десең, «Шолпанға» барып, аунап-қунап, бір жасарып қайттым» деп ақсия күліп тұратын. Қытайдың атақты жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Яньға салсаңыз: «сенің мықтылығың сонда, жазған дүниеңнен туған жеріңнің иісі, шөптің, көлдің,  не болмаса кейіпкерлеріңнің иісі аңқып  тұруға тиіс. Мен ылғи иісі бар шығарманы ұнатамын» дейді. Со секілді Ғабиденнің өлеңдерінен де Шолпан ауылы адамдарының иісі шығып тұратын.

Анау бір жылдары тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, елдің жүйкесі мен қалтасы жұқарған уақытта Ғабиденнің өзге шаруалардың бәрін былай жиып қойып, бизнеспен білек сыбана айналысқаны бар. Күнделікті кәкір-шүкір сауда-саттық емес, әрине. Құлашын кеңге сілтеді, Ресейдің бірді-екілі іскер азаматтарымен істес болды. Бәлкім, ұтылған, не ұтқан тұстары да аз болмас, бірақ бір анығы, өзге тұстастарына қарағана қашан болмасын, Ғабиден үйдегі жаюлы дастарқанына шақырып, жұрттың көңілін табуға бейім еді. Мейірамханадан күн сайын түстік ішу дегеніңіз де оған түкке тұрмайтын. Алматыда Құлахметовты іздейтіндер көп болатын. Ал Одаққа жолы түсіп бара қалған тұста, ашқұрсақ жүретін жас ақын-жазушылар Ғабиденді көргенде ауылдан артынып-тартынып, әкелері келгендей қуанып, бір жарылқап қалатын. Осындайда Маралтай інісінің мына бір өлең жолдары  еске түседі: «Қызыл қасқыр еді ол, қызыл бөрі – Бөлтірігі мен едім ізіндегі. Мәрт мінезін кетті ол маған беріп, Серт секілді семсердің жүзіндегі...»

 «Семсердің жүзіндегі» Құлахметов Шолпан ауылындағы жерлестерінен де ешнәрсесін аямады. Жоқ-жітіктерге жәрдемдесті, тіпті өз қаржысына мешіт салып бергендігінен де хабарымыз бар. «Күлшелі бала сүймекке жақсының» әсерімен емес, шын мағынасындағы жүректерінің қалауымен жерлестері де Ғабиденді алақандарына салып, құрметтеп, аспанға көтеретін. Қалай дегенде де Г.Маркестің Аракатакасы, Ә.Нұрпейісовтың Үшкөңі, Ә.Кекілбаевтың Оңдысы секілді Ғабиденнің Шолпаны да ұмытылмастай болып жұрттың жадында қалды. Ақын С.Ақсұңқарұлының «Шығыс жақта бір жер бар Шолпан деген...»  деп жырлайтыны да содан болар. Алматы жұртшылығы  со жылы жылап-сықтап,  қимай қоштасып, ақырында Ғабиденді ақырғы сапарға – Шолпанына қарай шығарып салған-ды...

Әңгіменің келе жағында мәрт мінезімен де, ойлы жыр жолдарымен де Құлахметов елге ертерек танылды дедік қой. Иә, оның шығармашылық әлеуеті алдымен, поэзияға айшықты өз  таңбасын қалдырды. «Көктем тынысы», «Көзімнің қарасы»,  «Ақ бастау» жыр жинақтары оның құлашы кең, тегеурінді, айтары мол, тау өзеніндей арқыраған адуынды ақын екендігін мойындатты. Ал  «Көл түбіне кеткел ел», «Ұрпағың үзілмесін», «Ердің сыны», «Серінің соңғы сәлемі» жинақтары мен «Үйірі жоқ  көкжал» романы прозадағы жазушылық жолын айқындады. Жұрт білетін жағдай-дағы баяғы, қазақ әдебиетіндегі классиктердің дені шығармалықты алдымен өлеңнен бастаған. Өлең – жүректің лүпілін, бойға біткен сезім-түйсікті, төңірегіндегі сан-мыңдаған құбылыстың арғы астарына түрен салатын және содан барынша пайдалы оралуға жол нұсқайтын алтын қақпа. Өлеңмен бастағандардың қарасөзге келгенде қамшы салдырмайтындығы тағы белгілі. «Үйірі жоқ көкжал» – мерзімді басылым беттерінде көп талқыланған, көп пікір айтылған, Құлахметовтың прозаға үлкен дайындықпен келгендігін дәлелдейтін мойны озық, біз өмір сүрген осы дәуірдің ішкі қырындысын молынан ақтарған тынысы мол  роман еді. Нарық заманындағы адамдардың психологиялық ахуалы, арбау мен алаяқтық, арамзалық, жемқорлардың жағымсыз әрекеттері шығармада барынша табиғи түрде шыншылдықпен ашылған, жан-жақты суреттелген. Суреттелген демекші, ақын Ғабиден жазушы Ғабиденді толыққанды түсінген, сұлу сөзбен сурет салу дегенді де осы тұста дәлелдеген. Бір жағынан бизнес әлемінде болып жататын тікбақай тірліктің бәрін  біздің досымыз да бір адамдай бастан кешкен-ді.

Шығарманың оқырман ойынан шығуының бір құпиясы осы, көпшілігіміздің миымызда тайға таңба басқандай сайрап жатса да, сол оқиғаны майдан қыл суырғандай қағаз бетіне түсіруге келгенде шорқақтық танытатынымыз жасырын емес-ті.

Ғабиден   Қазақ университетінің журналистика факультетін бітірген соң Мәскеудің М.Горький атындағы Әдебиет институтын тамамдады. Алғашқы жинақтарымен-ақ Мәскеудегі жас-ақын жазушылардың Бүкілодақтық кеңесіне қатысты. Шығармалары бірнеше  тілге аударылды. «Жалын» баспасының дәстүрлі әдеби байқауларының жүлдесін иемденді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары  болып та біраз жыл табандап, жемісті қызмет істеді. Жас әдебиетшілерге қамқор болды, кітаптарының шығуына көмектесті.

Ала-бөле екі қаламгердің жүріс-тұрысы естен кетпейді. Қысты күні Алматының ызғарлы да ызалы ауа райын елең етпестен, Бас поштаның төменгі жағындағы орталық саябақта Мұқаң, Мұқағали Мақатаев қолын оңды-солы сермеп, бір топ жасты жанына жинал алып,  бар ынта-шынтасымен  қызықты әңгімелер  айтқанда, малақайының асты буланып тұратын. Ғабиден де солай-ды, оның да төбесі  аязды күні ылғи терлеп, буланып жүретін. «Суреткердің жаны үнемі буланып тұрады» дейді  О.Бальзак. Ұқсастықты  қойсаңшы! Бастың булануы іштегі қуат-күштің әсері, бәлкім, жан-дүниенің мазасыздығы...

Ақын, жазушы, қоғам қайраткері Ғабиден Құлахметов жер басып аман жүргенде бүгінде алпыс бес жылдығын ақар-шақар той қылып, Шолпан мен Алматының арасын жалғап, достарының ортасында маңдайы жарқырап отырар еді-ау! Осы заманда 65 деген ауыз толтырып айтатын жас па, тәйірі?! Екінің бірі келіп жатқан өмір белесі. Ғабиденнің ошақ отын өшірмей, бала-шағасын, немерелерін үкілеп бағып отырған  сүйікті жары Светаға құдай қуат берсін дейміз ағымыздан жарылып. Ұл-қыздары аман болсын. Түйіндеп айтқанда осы, ардақты достың ұрпақтары өсіп-өніп, өркен жая бергей!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 11:15
Оның жыры шырқалды – ГИМН болып!
Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 10:17
Дос туралы сыр
Айжан БҮРКІТБАЕВА 29.10.2020, 09:17
«Алтын қалам» жылдың ең үздік қаламгерін анықтады
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 17:54
Карикатушыларға арналған республикалық байқау жарияланды
Жабал ШОЙЫНБЕТ 27.10.2020, 11:01
Қазақты, Абайды қорлау – ұлттық құндылыққа шабуыл...
Тілекқабыл РАМАЗАНОВ 27.10.2020, 10:29
Азамат. Ғалым. Дос

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    29.10.2020, 11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04