Есенғалиы жоқ, ей, дүние?!

Сайт әкімшілігі

20.04.2021, 17:59

850

Өзінен кейінгілерге аты – пір, өлеңі үлгі болған ақын дүниеден өткенде күллі дүние егіліп сала беретіні несі екен?! Өлеңімен өмір бойы қазағын ойландыру үшін ғұмыр кешкен ақын қазасымен де жалпақ жұртқа ой салып кетейін дегендей ме...

Алыптарды өлмейтіндей көретін ел сәуірдің таңымен жеткен қаралы хабар – «дүниеден Есенғали көшіптіні» естігенде айран-асыр отырып қалды. Дүние саңырау болып қалғандай, тіршілік тоқтап қалғандай… жұмыр жер жорғасынан жаңылғандай, адамзат атын ұмытқандай бір кеп. Аузына сөз түспей аңырып қалған ел есін жия беріп аңырап қоя берді.

Азалы сөз, өксікті естелік, жоқтау жыры...

Ақын атаулы Есенғалиша өмір сүріп, Есенғалиша өлу керек сияқты...

Әдетте бейуаз келетін ел де ақынын дәл Есенғалиды жоқтағандай аза тұту керек сияқты...

Алыптар дүниеден көшкенде жұмыр жер тегершігінен ауытқығандай сезілетіні несі екен...

Онсыз да сыздап тұрған жаныңды шыжғыра түсейін дегендей ақын біткен аза бойыңды қаза ғып азалы жыр жазатыны несі екен...

Терісіне тер сіңбей,

О да кетті мына жерді жерсінбей.

Біздің ел де қызық ел ғой, жүретін

Жетесізі – жетелісін теңсінбей!

Кетті ол...

Құсын талай қимай ұзатқан,

Қар жастанып, түскен не бір мұзарттан.

Жүре бермей көрінгенмен ұстасып,

(Жолы болғай!)

Кетіп қалды бұ жақтан.

Сонда отыр ғой, Алашыңның асылы.

Алшысынан түсіп күнде асығы.

Онда миын ашытатын ешкім жоқ,

Осында ғой дүниенің пасығы?

Сасығы...

Сыңғырлаған сиқырлы оның күй – іші,

Періште мен періштенің сүйісі!

Келмейді ғой, біздің мына мұрынға,

О жақтағы ұжмақтың иісі?

Көп ел бізде дәмелі сол ұжмақтан,

Мағжандарын өз қолымен ұзатқан?!.

Жүре бермей бір иісті иіскеп,

Меніңше, тез кету керек бұ жақтан.

Серік Ақсұңқарұлы

Жалғаннан Есенғали ағам көшті!

Ол-дағы нар құлжадай аран кешті!

Пір Бекет, Абай-аруақ ертіп келген

Жетектеп жүре берді тамам көшті.

Уа, көшті!

Көшті деймін Есен ағам,

Сумиып қала барды көсе-ғалам.

Не айта алам, Көкмойнақ-жыр түн ішінде,

Кісінеп: «Ием қайда?» – десе маған?

Светқали Нұржан

Ақ кемедей ақша бұлтқа шым батқан

Өтті Есағам, кетті Өлең...

Бүгін маған қара хабар тыңдатқан

Телефонды жек көрем!

Жек көремін,

Жағдайым жоқ ұғатын.

Аяп, көңіл айтқанды,

Ақындарға қазанама шығатын

Газеттер мен сайттарды.

«Көз жасыңды төге берме сен енді…»

Жұбатады кәрі іңір.

Жазбасыншы «ақын өлді» дегенді,

Оқымаймын бәрібір…

Өзімді алдап, өтірікпен достасып,

Мен отырмын түн ішіп.

Бір қызғалдақ бағбанымен қоштасып,

Жылап жатыр бүрісіп…

Өмір солай мәңгілікке бұрылмақ,

Қалғаны – тек бос ұран.

Құс атаулы қона алмай жүр шырылдап,

Айырылып досынан…

Гүлнәр Салықбай

Сәуір самғап енген шақта түстіктен,

Қызыл шоқтай жанып жатыр іш тіптен.

Мен аспанның аһ ұрарын білемін,

Жылағанын көрдім енді құс біткен.

Жеткен шайыр Мырзашөлдің төсінен –

Ей, ұлы жыр, артық туған несібең!

Есенғали деген дегдар қазақтың

Рязандық Есениннен несі кем?!

Жүрегінде жатқан жайлап жүз барыс,

Ойхой, қайдам..!

Ондай айбар бізге алыс.

Даңқыңа ешкім таласа алмас тіріде,

Өліміңнің өзі ақынға – қызғаныш.

Көшесінде сан қаралы сөз өріп,

Алматының жалын атар өзегі.

Неге үнсізсің?!

«Тілің ғана байланғыр!»

Жыла, жыла, шерлі Есентай өзені!

Бозда, бозда, сыңар өркеш кер үлек!

(Біз де сендей сордан өнген өмір ек...)

Бара жатыр Келінтөбе үстінде

Ай маңырап, жетім жұлдыз мөңіреп...

Сен де жыла,  бауыры тас қасірет,

Маңдайыма тамсын көзің жасы кеп.

Менің таңғы түсіме енер ме екенсің,

Уа, қара өлең! «… Басы жоқ».

Құмды сүйді, қанаттыны ұнатты,

Мың өксіді, мың булықты, мың ақты.

Бізді қойшы, ұмытшақтау пендеміз,

Жұбатамын құсын қалай жұмақтың?!

Мұрат Шаймаран

Ажалда қақпан да бар, құрық та бар,

Су емес, ойпаң жерде тұрып қалар.

Таң атпай ту-талақай тарап жатты,

Ес-ағам кетті деген суық хабар.

Сәуірдің сәукелелі ақ таңында,

Шынымен мәңгі ұйқыға батқаның ба?

Құстарың қона алмастан шырылдап жүр,

Азалы Алматының бақтарында.

Сәулесі солғын тартып жарықтың да,

Жаза алмай соңғы жырды жанықтың ба?

Ақсүйек Аманханың кеткеннен соң,

Жалғанның жармағынан жалықтың ба?

Теңселтіп текті жырдың тұнық көлін,

Сен кеттің, қалам қалды бүгіп белін.

Сұңқардай сыңарынан айырылған,

Өзіңді жоқтап жатыр Ұлықбегің.

Болғанда өрмегі сұм, өңі сайтан,

Күшейген мына дерттің көні қайқаң.

Қанаты қапелімде қайырылған,

Қайғырып, қара өлеңге көңіл айтам!

Әлібек Шегебай

Қайдан білейін,

ғұмырда бір сәт қуанды ма, әлде кейіді ме,

Қана алды ма елдің мейіріне?!

Ертемен айтып,

ебілде-дебіл еткенің немене біздерді,

Есенғалиы жоқ, ей, дүние?!

Біз жылағанда сен орамалыңды алып жетпеп пе ең,

Өткен түн қалай текке өткен?!

Ебілде-дебіл, ал, жыла енді,

ал, жыла,

Есенғалиы жоқ көктем!..

Есенғалиы жоқ Алматы!

Шула қайыңдар,

жыр тілеп,

Шулаңдар таулар, дүниенің жанын сілкілеп,

Қайсыңа барып көңіл айтайын,

беу, дүние-ай,

Өлеңнен бүгін құстар ұшады дүркіреп!

Өлеңнен бүгін құстар ұшады қаңқылдап,

Аспандайды олар даңқыңды ап,

…Қарайлауменен қалған да өмір өтеді-ау, көке,

енді бұл,

Қайсыбір тұстан шыға келер деп жарқылдап…

Ерлан Жүніс

Есағам да кетті өмірден,

Өмір, сенде не қалды?

Бізді қойшы, жұбанармыз, келген құсқа обал-ды.

Бір тақсірет түс екен бұл,

Дүниенің алдынан,

Алтын дәптер, күміс қалам жоғалды.

Құс біткеннің жоқтау әні – көк ала аспан,

Қара жер –

Қара жерде қаралы көш, қаралы ел.

Құстың пірі – Есенғали –

Құс секілді бейкүнә,

Құс секілді жаралы ер,

Қайда кеттің, құс біткенді сыңсытып,

Түс көріп ем, түсім менің шым-шытық.

Қайда кеттің, Маңқыстауды күрсінтіп,

Ыршығыңның ащы жасын ыршытып.

Құс тұмсықты қаламыңа тұнып қалды сия мұң,

Бозторғайы боздап қалды кеудемдегі ұяның.

Домбырамның шегі үзілген секілді,

Күмбірлеп кеп, кілт үзілді күй ағын.

Достарыңа көңіл айтам, құс көңілі қаралы,

Қазағыңа көңіл айтам, жаны да оның жаралы.

Құс біткенді аман-есен Алматыға қондырып,

Құстың пірі – Есенғали, көкке ұшып барады.

Жанат Жаңқашұлы

Қазір жаңбыр төгеді, қара да тұр,

Көз жасына малшынып дала да, қыр.

Әуенінен жаңылып құс біткен кеп,

Қиқу салып әр тұста қалады ақыр.

Тұр ғой, әзір түк сенбей, шерге езілмей,

Шын ақын-ды Алматы ол да өзіндей.

Сәлден кейін Алатау өксіп бастар,

Қос иығы селкілдеп еңгезердей.

Өкінішке сенбеді ол әл-әзір,

Қамсыз тұр-ау, қайран қап, қала қазір.

Сәлден кейін өкіріп қоя берер,

Жоқтау айтып,

Төгілтіп далаға жыр.

Сұрғылт бояп қаланы, тауды бір өң,

Сеңдей соғып, бауырымдап барлығымен,

Ақ жаңбырға малшынып,

Сенделерміз

Сәуірдің жаңбырымен,

Абай даңғылымен…

Асылан Тілеген

Жанымды жуындырып шықпен бақұл,

Қаралы қағаз болды күткен хатым.

Қолымнан ұшып түсті алтын кездік,

Қойнына қара жердің күмп берді ақын.

Қойнына қара жердің гүрс етті өлең,

Құламас жүз жыл деген жыр шөкті емен.

Келеді бекіткісі бізді жалған,

Қайғы деп тірі жанда кім шекпеген?

Мінілмей салтанатқа күйме қалды,

Тау қалды,

Өзен қалды,

Жиде қалды...

Молаға апармайды қыз баланы,

Өріктал өксіп-өксіп

үйде қалды...

Қарындас бұлт өксіді барып аулақ,

Өксіді аңызақ жел өңі жаурап.

Аңырап Маңқыстаудан бауыр кірді,

Басы жоқ құнан мінген омыраулап...

Алматы ару өксіп, Келінтөбе,

Дегенін қылды қатал өмір-төре.

Төгілді сөредегі кітап жас боп,

Сөгілді сом жебеден темір көбе.

Қайғымды мен де жеттім омбылай кеп,

Ақынға тек жар бола гөр Құдай деп!

Алдымнан шығатындай ағатайым:

«Аман ба, айналайын, ол былай» деп.

Мазарда шайыр қалып, шабыт қалып,

Көтеріп жұрт қайтты үйге табытты алып.

Қалыңнан жарыла ұшты жалғыз үйрек,

Қанатын батар күнге малып-малып.

Көнесің растығына бәріне іштей,

Сезесің бастағанын сағыныш жей.

Өксисің,

Өкінесің,

Өртенесің,

Зәмзәмді қалған жандай қанып ішпей...

Мирас Асан

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Амангелді СЕЙІТХАН 11:19
Сегізбаевтың сексені
Амангелді СЕЙІТХАН 12.05.2021, 08:27
Оныншы тур. Озған бар
Құрманбек ӘЛІМЖАН 07.05.2021, 08:41
Тәуелсіздік жолында ту көтерген хан Кененің қазасы
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 06.05.2021, 10:52
Қысқарған іс немесе отқа оранған «Икарус»
Бифат ЕЛТАЕВА 06.05.2021, 09:21
Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
Қымбат ӘБІЛДАҚЫЗЫ 04.05.2021, 16:02
«Айгөлектің» әкесіндей болдыңыз...

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06