Есімде, бәрі есімде

Кәкен ХАМЗИН

17.03.2023, 07:20

2486

 Бізді кешегі ауыл тәрбиеледі, біз көшелі, көшпенді ақсақалдар институтын көрдік. Сонымен қабат біздің ұрпақты кітап, газет-журнал, радио, кинофильм жетеледі. Өсірді, есейтті, өрге сүйреді. Радиобағдарламалар ашылардағы, таңғы алтылардағы «Біз, қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деген тарихи-өршіл гимн, эфир жабылардағы сағат түнгі он екідегі салтанаты шарықтаған әнұран әлі күнге дейін біздің жадымызда. Бүгінгідей қолымызды жүрегіміздің тұсына апармасақ та, Алматы барын, астанамыз барын, бас қаламыздан Әнуарбек Байжанбаев ағамыз күн сайын айнымай сөйлей беретініне қаршадайымыздан бек сенімді болатынбыз.

Күннің атуы мен батуындай. Мықты медеу екен бізге сол мезет. Керемет жігер мен мотивация екен сол жастық шақ. Қариялардың пошта маңайына, машина-трактор стансасы, астық қамбасы қасына жинала қалып, күздік пен жаздық егіс шығымын, мал азығын дайындау жағдайын сөз қылғанда, Алматың не дейді, күн райы қалай болар екен, Байжанбаевтан не хабар дегендерін талай құлағымыз шалған. Жас бала – біз ол кезде әуе райы, климат құбылысы дикторлардың да, синоптиктердің де, үкімет пен партияның райына қарамайтынын қайдан білейік. Үлкендерге сенеміз, ақсақалдардың аузы дуалы, баспасөз бен радионың сөзі – ақиқат. Ақиқат пен аңызды ажыратқымыз да келмейді. Ара-жігін ашып тастасақ, сырлы-сиқырлы дүниеден, ажарлы бір ертегіден айрылып қалатын сияқтанамыз. Елу-алпыс жыл бұрынғы балалық шағымыздағы тәтті ертегілерден әлі күнге дейін қол үзгіміз келмейді.

 Алматыдан бес жүз шақырымдай жердегі, күн шығыстағы ұядай ауылға анық пен ақиқат жетпесе де аңыз бен қауесет ағымы молынан келіп жататын. Жамбыл Жабаев, Сәбит Мұқанов, Бауыржан Момышұлы, Әнуарбек Байжанбаев туралы газет-журнал жарияланымынан табылмайтын, кітап беттерінен мүлде ұшыраспайтын дақпырты-аяңдар желдей есетін. «Бүйтіпті, сүйтіпті, бүй депті, сүй» дептінің айналасында. Сол уақыттың дереккөздері – астанаға барып қайтқан белсенділер, сырттай оқуға екі мезет барып қайтар ауыл мұғалімдері, Алматы жоғары оқу орындарында оқитын студенттер. Екі көзіміз бақырайып, құлақтарымыз қалқайып, ауыздарымыз ашылып біз отырамыз. Шіркін-ай, сол жылдары біздің елде алмасы шәугімдей әйбат шаһарды бір көрер ме еді деп армандамайтын бала жоқ шығар.

 Құлай тілесең, құлшына ұмтылсаң арман да саған елжірей, емірене қарайтыны расқа шығып жатады. Біздің ауылдың талай жеткіншегінің арман-тілегі орындалды. Мұраттарына жетті. Мен де біраз жерге барғандаймын. Әуелі Алматыдағы №9 қазақ орта мектеп-интернатын тәмамдадым, одан соң ұлтымыздың маңдайына біткен жалғыз университетіне оқуға түстім. Журналистика факультетіне. 1973 жылы бітіріп шығып, Алматыда қалдым. Жолдамамен Қазақ КСР Телевизия және радио хабары жөніндегі мемлекеттік комитеттің қарамағына жіберілдім.

 Бастапқыда көңіліме жақпаса да жұмыс тәуір, оп-оңай, оң жағымнан шыға келді, төбеден топ ете түсетін болдым деген менің лепірісім жәй әншейін көпірме бірдеңе боп шыға келді. Жыраудың жыры алда екен. Ең алдымен қала милициясындағы паспорт столынан тіркеуден өту міндеті бар. Онсыз басың алтын болса да еш жер маңына жолатпайды. Не істеу керек, не істеу керек? Жаным қысылды. Осындайда ауылдасыңа, жақын ағаларыңа иек артпағанда не істейсің. Басқа қайран жоқ. Дереу «Қазақфильм» киностудиясы дубляжының дыбыс режиссері Абдолла Қылышбаев ағамызға телефон-автоматтан хабарластым. Құдай оңдағанда, орнында екен. Ол кісі бір сағаттан кейін сөйлесейік, бір ретін табармыз деген сыңай танытты. «Сасқан үйрек құйрығымен сүңгиді» демекші, қалада басқа телефон-автомат құрып қалғандай әлгі жерді айналсоқтап жүріп алсамшы. Сағат тура үште және қоңыраулаттым.

  • Бір жөні болып қалатын түрі бар… Бала, сен осы университет бітірдім дейсің, Анна Островскийдің қай шығармасын танисың? – деп тұтқиылдан қойып қалды.

 Ішім қылп ете түсті. Консерватория не театр студиясы жатақханасына тығып жіберейін деп жүрген жоқ па осы ағамыз?

  • Қай Островскийдің? – деймін дауысым жер түбінен қыстыға шыққандай.
  • Әй, жарадың. Николай емес, Александр Островский. Әйгілі драматург. Сол мықтының «Орман» деген комедиясы бар. Сондағы Аркадий Счастливцевтің дәл осы жағдайға жарар бір репликасы бар...
  • Білем, білем… «Нам трактир дороже всего!»
  • Әй, азамат… Онда алтыға таман «Алматы» ресторанының қасына қазықтай қағыл. Қауқарың жетпей жатса, әлгі драматург айтпақшы, «свои люди сочтемся».

 Айтылған жерден дер кезінде табылар әдетіміз. Абдолла ағамыз орта бойлы, көзілдірік таққан қараторы қазақты: «Әнуарбек Байжанбаев деген ағаң осы кісі, танысып қой. Бір жағы ағаң, бір жағы жездең, бір жағы менің ініммен адаш», – деп маған қарады. «Адаш» біздің елдің ләмі, аттас дегенді білдіреді. Мен айран-асырмын. Аты аңызға айналған адамды мынадай жағдайда бетпе-бет көремін деп кім ойлаған. Үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Қырық бес-елулердің арасында-ау деп шамаладым. Еркін, емен-жарқын. Үстелге жайғаса бере:

  • Әлгі армян завзал Сантурян қайда жүр, жә, бұл жігітіміздің күй жағы қалай екен? – деп Абдолла Қылышбаевқа қарады. Іштей менің қаражатымды меңзеп отыр ма деп бүрісе түстім. Олай емес екен. Өздерінің ишарасы солайлау қалыптасқандай.
  • Қам жеме, «Ақбайды» да «Қызыл қайыңды» да бебеулетуге қайраты жетерлік. «Бірақ ағасы бардың – жағасы бар». Бүгін я банкую. Сыйақы да қаламақы да алғанмын, – деп Абдолла ағамыз бас бармағын қайқайтты. – Әне Тұраш пен менің адашым да келіп қалды.

 Айтып-айтпай не керек. Керемет, естен кетпес бір кеш болды. Талай әңгіменің тиегі ағытылды. Тұраш Ыбыраев ағамыз Ақыл Құланбаев құрдасының үйіне ит жетектеп барғанын, Абдолла Қылышбаев ағамыз Роза Бағланованың есігінің алдында ән салғанын, Абдолла Қарсақбаев ағамыз мына тұрған қырғыздардан жылқы алғанын, Әнуарбек Байжанбаев ағамыз абайламай Шымкент пойызына мініп кеткенін күлкіге көмкеріп, бәрімізді тамсантып отырды. Бұл ағаларымыз вальс-бостонның да, фокстроттың да, тангоның да түбін түсіргенін көзіміз көрді. Біздің сол шақтағы твист пен рок-н-ролл шаңына да ілесе алмас. Енді сол жылдардың дәстүрі мен сәніне айналған ішіп-жемді несіне көп сөз қылайын. Қазақтың маңдайына біткен марқасқалары Әнуарбек Байжанбаев, Абдолла Қарсақбаев, Тұраш Ыбыраевпен таныстым, білістім. Оның үстіне «пропискаға» тұратын болдым. Тұратын болдымы несі, тұрдым да. Ескі алаңның батыс жағындағы шпиль-инелі үйдегі Әнуарбек Байжанбаев ағамыздың пәтеріне. Өзім жеке пәтер алғанша, тоғыз жыл тіркеуде тұрдым. Иә, біздің ағалардың пейілі теңіздей терең, көлдей кең еді-ау.

 Өмір солай өтіп жатты. Әнекеңмен күнде болмаса да күнара ұшырасамын. Өйткені бір ғимаратта жұмыс істейміз. Төртінші қабатта – Телерадиокомитет басшылығы. Қазақ радиосының Абай Өтегенов, Қасымхан Ерсарин, Илья Жақанов, Құсман Игісінов, Руслана Құдайбергенова, Кемелбек Шаматаев, Баймұрат Жоламанов сияқты майталмандары – үшінші қабатта, екінші қабатта – режиссерлар, операторлар, дикторлар. Мен ойлайтынмын, Әнуарбек Байжанбаев сынды дара тұлғаларды мемлекет алақанына салып ұстайтын шығар деп. Олай емес демеске не? Бірақ әлеумет пен мемлекеттің танымы әрқалай екен. Көзіміз көрді, Қазақ радиосының барша дикторы эфирге аядай ғана құжырада дайындалатын, ешқайсының жеке басханасы жоқ. Қазақ КСР халық артисі, қазіргіше айтсақ, Қазақ радиосының бренді, символы Әнуарбек Байжанбаевқа жеке кабинет неге тимегенін осы күнге дейін түсінбеймін. Тіпті сол кезде бүкіл идеология құралдарын уысында ұстаған партия Орталық комитеті де, Министрлер кабинеті де электронды ақпарат құралдарының жай-күйіне, оның болашағына аса мән бермегендей ме, қалай?

 Әрине, өркениетті мектеп тікелей ұстаздық өнегемен, ғылыми жетекшілік етумен қалыптасады. Одан бөлек, жанама шығармашылық мектеп деген және бар. Қазақ радиосының дикторлар мектебінің өркендеуіне, шеберлігінің толысуына, әлбетте, Мина Сейітова, Әнуарбек Байжанбаевтардың зор ықпалы тигенін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ сол кеңестік кезеңде Қазақ радиосының жетекші дикторларын шеберлік сыныбын өткізуге не журналистика факультеті, не консерватория шақырғанын өз басым естіген емеспін. Байқаған да емеспін. Әр игілік өз кезеңінде дүрілдейді, әр кезең өз зәрулігімен қымбат. Біз сол қымбатымыздың рухани мұрасын дер кезінде толық сіңіріп алып қала алмағанымызға кім кінәлі?

 Әнуарбек ағамыздың үш ұлдың ортасында еркелеп өскен жалғыз қызы бар еді. Аты Гауһар. Ақ борықтай. Гауһар десе гауһар. Ай десе аузы, күн десе көзі. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі аппаратында жұмыс істейді. Ғайни әпкеміз де, Әнуарбек ағамыз да Гауһар десе, ішкен асын жерге қояды. Осы жерде кірістіре кетейін, ерлі-зайыпты екеуінің бір-біріне тіл қатар лебізі «достым» еді. Бір күні наурыз айының басында үйлеріне қыз-келіншектер мерекесімен құттықтай барғанымда, Ғайни әпкеміз:

  • Достым, сен Гауһардың үйін кіріп шықшы. Өзі іссапарда. Үйіндегі гүлдері

сусап қалған шығар, – дегені.

 Әнекең екеуміз М.Ю.Лермонтов атындағы орыс драма театры қасындағы қызғылтым үйге бет алдық. Күләш Байсейітова мен Құрманғазы көшесінің қиылысындағы бір бөлмелі пәтер. Жаяулатып тарттық. Ойымыз жол-жөнекей «Кооператор» дүкеніне соғып, керек-жарақты басып шығу. Аяңдап келе жатырмыз, қар қылаулап тұр. Бір уақытта Әнуарбек ағамыз менің жеңімнен тартып тұрып:

  • Сен өткендегі мына жердегі оқиғаны ешкімге сездірген жоқпысың? – дегені.
  • Жо-жо, Құдай сақтасын.
  • Жөн. Аузыңа берік бол. Журфак түлектері бір-біріне өмірі опасыздық жасамайды.

Тісіңнен шығарма. Менің белдікті шалбардың сыртынан тарта салатынымды көпшілік біледі, бірақ мына сым құрғырдың сусымасын...

 Опера және балет театрының қасынан өте бергенімізде ағамыз «ассалаумағалүйкүм» шыққан жаққа мойын бұрды. Мен де жалт қарадым. Шашын артына қайырған орта бойлы, қарасұр жігіт ағасы екен. Бетінде болар-болмас шешек дағы бар сияқты.

  • Оу, Кенжебек, жол болсын. Қайдан жүрсің? Менікі де оңбас сұрақ. Бұл маңайда сен жүрмегенде, кім жүреді. Кәкен, танып ал ағаңды, Кенжебек Күмісбеков деген атақты композитор, консерваторияның профессоры.

 Мен шәкірт баладай иіліп, бүгіліп, ізет білдіріп жатырмын. Іштей «Жастық шақ» сияқты классикалық вальсті тап осындай сырты суықтау қара шапан шалқытты дегенге сенгің де келмейді.

 Әнекеңнің елге мәлім ишарасына Кенжекең басын шайқап, оркестрмен жұмысым бар дегендей екі қолын ербеңдете дирижерлеп қала берді.

 Төртінші қабаттағы пәтерге көтеріліп келеміз. Төмен түсіп келе жатқан Гауһардың көршісі – Қазақ КСР халық артисі, опера әншісі Бақыт Әшімова ізетпен сәлемдесіп өте шықты.

 Әнекең екеуміз үй жинастырдық, терезе жақтауындағы гүлдерге су құйдық. Мен шәй қойып, жұмыртқа қуырып жүрмін.

  • Әй, әкелсеңші тезірек, соншама несін жуып-шайып кеттің кесені. Ішіне мысық

кәк етіп кеткен жоқ қой! – деп күркірегені ана жақтан. Кәнігі даяшыдай жетіп бардым. Терлеп-тепшіп ас-су іштік, маңдайымыз жіпсіді.

 Анадай жердегі диван үстінде қалыңдау, әдемілеу бір кітап жатыр екен. Тысына қарасам, Андре Моруаның Жорж Санд туралы өмірбаяндық романы. Мәскеудің «ЖЗЛ» сериясынан шыққан. Есіме аяқ астынан француз суретшісі, граф Альфред д’Орсэнің Жорж Сандқа: «Сіз керемет әйелсіз, оның үстіне біздің заманымыздың маңдайалды еркегісіз» деген жолдау хаты түсті. Өзім сырттай білетін Батыс әлемінің өнер қайраткерлері Шарль Огюст де Сент-Бёв, Фредерик Шопен, Альфред де Мюссе, Ференц Лист жайлы әдемі баяндар жалт етті де жоқ болды.

 Бұл арада менің соншалықты білгішсінейін, мардымсыйын деген ниетім жоқ, өзіме мәлім детальдарды ғана байыптап отырғаным болмаса. Кейде өзіміз секілді журналист, жазушы ағайындар осындай түкке тұрмас, жоқтан-өзге жай-жапсарды термелеп кетер осы тақылеттес жайсыз дағдысы бар....

 Күндердің күні, жаз айының жуан ортасы-ау деймін. Абдолла Қылышбаев ағамыз Әнуарбекке барып қайтайық, «Просвещенец» демалыс үйінде тынығып жатқан көрінеді дегені. Шай-суымызды тиеп алып, Медеуге қарай тартып кеттік. Оң қапталдағы тау басына шықтық. Біреулердің айтуына қарағанда, Әнекең үш-төрт жігітті ертіп төскейдегі тұмаға кетіпті, түске асқа қарай оралып қалар. Сонан әрі күттік, бері күттік. Сағат кешкі беске тарта таксиден ағамыз түсіп жатыр терлеп-тепшіп. Не болды дейміз де қосанжарлап. Оқиғаның мәнісі былай көрінеді. Ойда-жоқта Қызылорда жақтағы бір теміржол стансасының бастығы іздеп келіпті. Танымайтын адамы. Өмірі көрмеген. Бір айға білім жетілдіру курсына келген жігітіміз емтиханнан құлап қалыпты. Бұйымтайы – соған жәрдем етсеңіз.

 Әнекең қайтсін, елдің бәріне жайылып түсер баяғы мінезі. Қазақ темір жолының бастығына жеке жолығып, әлгі байғұстың бағасын түзеттіріп беріпті. Онысымен қоймай пойызға салып жіберіпті. Рас оқиға. Ол жігітті сол жылғы қыста Қазақ радиосының екінші қабатынан өзім де көрдім.

 Адам адамгершілігімен, өзгешелігімен, жан сарайының жарқырауымен есте қалады. Әнуарбек Нығметжанұлы Байжанбаев ағамыз айналасына, қазақ қоғамына, ұлттық мәдени-ақпараттық кеңістікке шуағын молынан шашқан ірі рухани қайраткер еді. Біздің тілге тиек еткеніміз – көрнекті тұлғаның адамға, пендеге тән кейбір қылықтары мен қызықтары ғана. Тек сол ғана.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қанат ТІЛЕУХАН 07.06.2023, 09:32
Данияр Базарқұлов, режиссер: Отанды сүю деген билікті сүю деген сөз емес
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ 06.06.2023, 12:33
Серік Сәпиев: Миньяңда жалғыз қолмен жеңіске жеттім
Жексен АЛПАРТЕГІ 06.06.2023, 11:34
Қожекенің оралуы
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ 06.06.2023, 10:17
Ораловтың барында...
Сайт әкімшілігі 02.06.2023, 17:18
Бейбіт САРЫБАЙ. Ерлан ағай мен Мәулен ағайдың сабақтары
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ 02.06.2023, 11:00
Букмекерлік кеңселер: ойыннан от шығады

Аңдатпа


  • 100 қойдан 180 қозы алу синдромы немесе Бейсембаев пен Жақыпов мектепке барады
    10:12
  • Жамбыл полициясынан досың болса, қалтаңда пышағың болсын
    09:37
  • «Көше сыпырғыш әкім» көшелі брифинг өткізе алмайды
    09:01
  • Біздің жауымыз – жалған статистика
    07.06.2023, 12:30
  • «Ескерткішті Назарбаевқа қойғанда, сен де депутат болар едің»
    07.06.2023, 11:00