Ескерусіз қалған ерлік

Бекболат ТАСБОЛАТҰЛЫ

22.10.2021, 15:44

1241

Биыл Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл толса да, тәуелсіздігіміз үшін күрескен батыр ұл-қыздарымыздың ерлігі толық бағаланбай тасада қалып қойғандай. Солардың бірі – Жанатбек Жақып. Ол Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар тізімінде де жоқ.Кешегі өрімдей жастардың алды бүгінде алпысты еңсеріп қалды. Жастарға патриоттық тәрбие беру үшін Жанатбек Жақып сынды желтоқсаншылардың ерлігін айтып-жеткізу – парыз. Сондықтан өзінің аузынан естігендерімді хатқа түсіріп, сіздерге жолдап отырмын.  

– Желтоқсан оқиғасы басталғанда мен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында қызмет істеп жүргенмін, – дейді әңгімесін бастаған ардагер аға. – 17 желтоқсан күні жұмысқа ертеңгісін келсем, қызметтестерімнің ортасында абыр-дабыр әңгіме. Сәлемдеспей жатып бәрі: «Жаңа алаңдағыларды көрдің бе?» – деп сұрақтың астына алды. Олар маған алаңға кісілердің көптеп жиналып жатқанын, түнгі пленумда Қонаевты орнынан алып тастағаны туралы ашу-ызамен жарыса жеткізді. Бұл күндегі әңгіме емес-тін. Жолдастарымның көздерінде – от. «Онда не тұрыс жігіттер, кеттік», – дедім. Апыл-ғұпыл қайтадан киіндік. Бастықтың кім келіп, кім кеткенін бақылауға әдейі ашып қойған есігінің алдынан екіден-үштен сағыздай созылып 10-15 минут аралығында баратын жүректі жігіттер төменге түстік. (Осы тұста кейінгілерге үлгі үшін бастығымыз марқұм Ізтөле Ізмағамбетова туралы бірер сөз айтқым келеді. Ол кісі жүрегінде елі үшін жаққан оты бар, отаншыл, түсінігі кең, бір мейірбан адам еді. Ашылған есіктен төмен қараған қалпы барлығын бақылап отырды, өз басына келер қатерге қарамастан, біздің кетуімізге еш қарсылық жасамады. Ол кезде басшы адамдардан мұндай өрлікті көру сирек жағдай еді).

Алаңдағыларға біз Фурманов пен Ленин көшелерінің арасында қосылдық. Оларды біз келгенге дейін ішкі әскер милициясы Ленин бетіне «сөйлесеміз» деген желеумен ығыстырып әкелген екен. Жаңа қосылған біздерге бір-бір агитатор пайда болды. Бәрі: «Қайтыңдар, сендердікі дұрыс емес, партияныкі дұрыс, оған қарсы шығуға болмайды», – деген жаттанды дүниені жарыса айтып жатты. Арамызда КГБ-ның жігіттері де бекер жүрген жоқ. Қолдарына қызыл байлаған мекемелерден жиналған «кезекшілер» толып жүр. Ашынған халық олардан еш сескенбеді. Іштегі айта алмай жүргендеріне ерік беруде. «Біз Пленумды», «Лениннің ұлттық идеясы» деп мәймөңкелеп жатпадық. «Біз – орыс империясының құлымыз. Құлдықтан құтыламыз және тәуелсіз ел боламыз», – дедік. Орыс империясының бізге істеген қиянаттарын жіпке тіздік. «Әдейі ашаршылық жасап 3 млн қазақты қырды. Орыс империясы қазақ халқын өсірмей аз қалыпта ұстап тұру үшін полигондарды жерімізге шахмат тәрізді етіп орналастырған. Оларға біздің жердің байлығы керек. Осылардың кесірінен туберкулез қазақ ауруы болып алды», – деген сарындағы жанайқайымызды жеткіздік. Алаң ашынған адамдар мен агитаторлардың дискуссия орталығына айналып кеткендей.

Бұл тұрыстың бекер тірлік екенін сезген халық: «Бізді жаңа алаңға не себепті жібермейді? Бізбен ешкім сөйлескісі келмей ме? Неге біз бостан-босқа тұра береміз?», – деп бәріміз әр жерден топталып бір-бірімізді қолымыздан сүйрей жаңа алаңның өзіне жылжыдық. Біздің алдымыздан милиция киімдегілер дереу «тірі шеп» қойды. Біз тоқтамадық. Милиция шептері үзіле берді. Дәрменсіз милиция киімдегілер жылдам жұгіріп барып Фурманов көшесінің Ленин бетін ала мықтап қатар-қатар шеп қойды. Милицияның артқы жағынан агитаторлар мен жансыздар қатарласты. Көтерілісшілердің алдыңғы қатарында жүрген, «Қазақфильмнен» келген 10 шақты адам етіміз тірі болды. Ұйымдастыру да, команда беру де үнемі бізден шығып жатты. Комсорг болып жүрген маған мұндайда кеткеншектеу жараспады. Тек алдында жүріп басқаруда болдым. Басынан үнемі мені аңдумен болған бір КГБ-ның орыс жігіті қолымды теріс айландырып (шамам жетпеді, жігіттің мықтырағы кездесті), алаңда трибуна маңында тұрған сары ППМ (көшпелі изолятор) машинасының ішіне дедектетіп апарып кіргізді. ППМ-нің ішіндегі майор (армян ұлты): «Кім ұйымдастырып жүр, не жетпейді сендерге?», – деген сарындағы сұрақтарын үдетіп жатыр.

Терезеден қарап отырған маған көтерілісшілер жақтан жанданғандық байқалды. Офицер сұрағына автобус сыртындағылар: «Аналар мынаны жіберсін деп жатыр», – деді. Майор болса: «Жоқ, бұл жігіт енді көпке отырады», – деп жауап қатты. Осы сөзден көп өткен жоқ, көтерілісшілер милиция шептерін анық бұза бастады. Шепті бұзып, Фурмановтың екінші бетіне өтті. Текетірес енді нағыз алаңның шетінде өтіп жатты. ППМ-ге артынша ұйымдастырушылар деп саналатын есепті адамдарды бір-бірден әкеле бастады. Қара тоны сөгісінен жыртылған Арыстанды әкелді. Артынан Қабдрахманды әкелді. Сөйтіп ППМ ішінде қамалған 8 адам болдық. Мен, Арыстан, Қабдрахман, Құсман, Алтынбек, Серік. Екі жігіттен басқасы «Қазақфильмдіктер» еді.

Жарты сағат уақыт шамасында көтерілісшілер мен милиция арасында уақытша келісім орнап, олар біздерді босататын болып, көтерілісшілер өз кезегінде өз позицияларында тұратын болыпты. Солай істелінді. Біз бостандық алып, өзіміздің топқа қосылдық. Біз келіп қайта қосылғанда көтерілісшілерді енді топ деп айтуға келмейтін еді. Себебі үсті-үстіне келіп жатқан адам есебінен кәдімгідей көбейген еді.

Біз, «Қазақфильмнің» қыз-жігіттері жиналып, ақылдастық. Ортақ ойымыз – бастығымызға сөз келтіріп алмас үшін жұмысқа бір көрініп алып, алаңға қайтып келу. Сөйтіп барлығымыз алаңды тастап жұмысқа оралдық.

Біз алаңға күндізгі төрттен кете қайта оралдық. Арамызда күндізгі көріністен соң жүрегі дауалап келе алмағандар да болды. Алаңды ертеңгі ішкі әскер ғана емес, қалқан дубинкалары бар каскалы солдаттар екі-үш қатар болып, қоршап тұр екен. Телевизордан көретін қорқынышты көріністер енді көз алдымызда. Алаңға жібергілері жоқ. Шеп бұзудан хабарымыз бар, жарып, ішке өттік. Алаңдағы қыз-жігіттер тәртіп сақтап, қарсысындағы қалқан мен шоқпар ұстаған солдаттардың алдында олар да шеп құрып тұр екен. Бізді олар қатарларына алды, бәріміз қол ұстасып тұрмыз. Алдымызда бір жігіт домбыра алып, қазіргі гимнді – Шәмші ағаның әнін сүйемелдеп, бізді басқаруда. Патриоттық әндердің бірнешеуі қатарынан шырқалды. Команда бойынша түгелдей жерге отырамыз, біресе түрегелеміз. Шерудің бейбіт мақсатта өтетінін, диалогқа келу мүмкіндігін білдіргіміз келеді. Арт жақтан Қазақстан, Тәуелсіздік туралы ұрандар естіледі. Ашынған өзекжарды дауыстар. Ұран соңында бәріміз айқайлап, қуаттайтынымызды білдіре дауыс қосамыз.

Біздің ұстанған тәртіпті шебіміз енді әр жерден үзіле бастады. Көтеріліс жақтан солдаттарға қарсы қар, мұз, мрамор сынықтарын лақтыра бастады. Бірнеше жігіт, соның ішінде мен де бар, топтың алдына жанұшыра жүгіріп шықтық. «Жігіттер тас лақтырмаңдар. Лақтырған жігіттерді ұстандар, олар – провокаторлар. Бейбіт шеруді олар әдейі басқа мақсатқа пайдаланбақ! Қарсыласу басталса, үкіметтегілермен ешқашан диалог болмайды», – деп жиналғандарды тәртіпке шақырдық. Қанша дауыс жырта, шеп жағалай жүгіріп, айқайлағанмен бассыздықты жүгендей алу мүмкін болмай кетті. Олар шынында үкімет тарапынан біздің арамызға кірген провокаторлар еді. Қырғынның біз жақта да (мінбенің Фурманов беті) басталатыны анық бола бастады. Біздер де, солдаттар да текетірестің болатынын анық сездік. Солдаттар арасына бір орыс старший лейтенант әр он солдат сайын жүгіріп, командасын ауызша тарата бастады. Солдаттар дегендеріміз де – 18-20 арасында өрімдей жас жігіттер еді. Естіген командасынан өздері де шошып тұрғандай. Біз енді жақсылықтың болмасын анық сездік. Үкімет көтерілісшілермен келісімге шықпайды.

Солдаттар каскаларынының әйнегін түсірді. Бір кезде қалқан дубинкаларын көтере «уралап» бізге қарсы шапты. Өз халқына өздері шапқан солдаттардың мына келбеті басымыздағы бұрынғы қалыптасқан «Қызыл Армия солдаты» туралы түсінікке келмеді. Солдаттардың да күндегі тірлігі емес. Көздерінде қорқыныш. «Уралап» бізге шауып келе жатыр демесең, әрең қорқақтап, шауып келеді. Біздің де аяғымыз мұзға жабысып қалғандай. Қатарымдағы біреу шегініп еді, менің де аяқтарым қорқақтап барып, бір-екі қадам артқа шегіне қалды. Оң жақ қолымызбен қолтықстасып тұрған «Қазақфильмнен» бірге келген Үміт маған қарап: «Шегінбе!» – деп жекіп қалды. Үміттің отты көздерінен бұрын байқамаған қайсарлықты байқадым. Бейшарылығыма ұялып, дереу өзімді қолға алдым. Шептің бірінші қатарында тұрған мен көршілерімнің қолдарын тастай сала солдаттарға ұран сала шаба жөнелдім. Артымнан қыз-жігіттер де қосылды. Біз – жалаң қол, олар – қарулы. Нағыз қырғын. Біресе солдаттар, біресе біздер шегінеміз. Бірінші осы тайталастан соң-ақ қолдарымыз қанжоса қан болды. Дубинкаға да үйрендік. Денелеріміз, қолдарымыз ауырмайтын сияқты. Бір кезде солдаттар команда алып, алғышқы позициясына қайтып оралды. Бізде тойтарылып, не болғанын шамалап тұрмыз. «Соғысуға болады екен. Егер үкімет бізбен сөйлесуге шықпаса, осылай болады енді». Дегенмен жұртшылық әлі үкімет адамдарының шығуын талап етті. Тіпті Колбиннің, ол кездегі Қазақстандағы екінші адам Назарбаев шықсын дедік. Олардан үмітті үзіп, Мұқашев, Камалиденов (бұл кісі кейін Москваға Қазақстандағы сенімсіз адамдардың тізімін жасады деп жүрді) шықсын дедік, Мирошхин дедік. Әйтеуір, біздің тілек-талабымыз ешкімге керек болмады. Аталғандардың да қолында еш биліктің жоқтығы бізге де белгілі еді.

Арамыздан бір қыз солдаттарға қарай атып шықты. Арақашықтық 15-20 метрдей жер. Қыздың артынан бір жігіт қоса барды. Қыз әбден ызаланған. Солдаттарға барып: «Неге сендер өз халқыңа қол жұмсайсыңдар?», – деп араласындағы қазақ солдаттарын жұлқылай бастады. Сол кезде солдат арасынан біреуі шығып қыздың дәл маңдайынан дубинкамен бір-ақ ұрды. Жанындағы жігіт құлаған қызды тосып алды. Бұл көріністі басынан бақылап тұрған мен «өзімді бақылауды» әбден жоғалттым.

«Шешелерінен» бір боқтадым да, солдаттарға жалаң қол тағы жүгірдім. Артымнан жігіттер қосылды. Армия адамдары мінбеден громкоговорительмен: «Поймайте в белом шарфе!» – деген айқайлы шұғыл команданы үсті-үстіне беріп жатыр. Менің мойнымда ұзын тізеге дейін созылған ақ шарфым болатын. Қаныбек деген бауырым сыйға кигізген. Оған оны орыстың көзі тірі атақты режиссері Андрон Михалков-Кончаловский берген-ді.

Солдаттардың енді бір көздері менде. Майдан қайта басталды. Осындай майдандар алаңның әр жерінде болып жатты. Біресе біз шегіндік, біресе олар. Алаң көк мұз. Әр жерде жығылып жатқан адамдар көрінеді. Біреулері дубинкалардан құласа, екіншілері мұздан тайғанақтап барып, жығылады. Солдаттар мен көтерілісшілердің бірін-бірі көтеріп, іліп әкетіп жатқаны бар, байқамай, бірін-бірі таптап жатқандары бар. Есінен танған қыз-жігіттерді солдаттар мен көтерілісшілердің үлгергені өз шептеріне сүйреп әкетуде. Ар жағымыздан үкіметтен үмітін үзбегендердің әр жерден әлі де болса Назарбаевты, Мұқашевты, Камалиденовты, Мирошхинді диалогқа шақырған ұрандары естіледі. Патриоттық әндер енді өз мәнінде шырқала басталды. Бүкіл алаң «Атамекен» өлеңін айтып тұрғандай. Жазып әкелген  транспоранттарымыз аяқ асты тапталып жатты.

Осылай төбелесіп жүргенімде жиырма шақты солдаттың арасында қалай қалып қойғанымды байқамай қалдым. Қолымда – кәдімгі мекеме ішіне орнатылатын өртке қарсы шланга.  Басы алюминий, дені шүберек ұзындығы 5-6 метр шланганы басымнан айландыра «боқтық-соқтық» айтып, ұран салып шабуылдап келемін. Громкоговорительден: «Поймайте в белом шарфе», а – дегенін естігенімде қақпанға бір-ақ түскенімді анық сездім. Бір кезде шланганың алюминий басы бір солдатқа тиді де дұрыс айналмай қалды. Екінші-үшінші солдатқа соқтыққанымда түкке жарамай қалды. Тастадым да жұдырыққа көштім. Шеңберлеп, солдаттар қысып келіп, дубинканың астына алды. Ойлары – мені есімнен тандыру. Менің бір байқағаным: дубинкалылардың ұрғанын шыбын сияқты. Басымда – түсіріліп байланған қара суыр тымақ. Еш жерім ауырмады. Әбден ызаланған олардың да аузынан көк көбік шашылады. Дубинкасы дәл қарақұсқа тиген біреуі мені сұлатты. Тымақ сыртынан тиген соққы есімнен алмаса да, буын-буынды алды. Аяғым өздігінен жібере салды. Ызаланған солдаттар құлаған денеден өршелене кектерін алуда. Есім бар, аяқ-қолым іске жарамайды. Олар әлі тепкілеп жатыр. Бір етік «кірш» еткізіп мұрнымды сындырды. Денемді жылы қан жайлап бара жатты. Тек көз алдымда – солдаттардың керзі етіктері. Ақыры есімнен тандым. Есім трибунаның бүйіріндегі мрамор баспалдақтың тұсында кіре басады. Екі солдат екі аяғымнан сүйреп барады екен. Сүйретілген басым мрамор баспалдаққа соғылып келеді. Олар мені сүйреп әкеліп трибунаның арт жағына тастады. Төрт солдат мені «бір-екі-үш» деп санай тербеп-тербеп лақтырып жіберді. Мен ұшып келіп, жұмсақ бірдеңелердің үстіне түстім. Байқасам: өзім сияқты естен танғандардың үстіне түсіппін. Астымда он бес шақты адамның денесі жатты. Кішкенеден соң үстіме бір адам лақтырылды. Сосын тағы біреу. Менің есім осында толық кірді. Үстіме түскендердің салмағынан демалу қиынға соқты. Тепкіленген қабырғалар өкпеме демалтпай жатқан. Екі шынтағымды өкпеме жеңіл тисін деп қимылдай кере бастап едім бір солдат: «Ананы қараңдар, жаны кіріп келеді», – деді. Олар мені аяғымнан сүйреп шығарды да, тұрғызып қойып біреуісі жұдырықтап ұрды. Құлап барып екіншісінің қолына түстім. Ол ұрып, үшіншісіне жібереді. Аяғым әлі дұрыс тұрмайды. Құлап жатсам да тұрғызып, шеңберге алып ұрып жатты.

Дүние көз алдымда айналып жатты. Жығылып жүріп, көзім қолдарын кері қайырған қыз-жігіттерге түсті. Оларды ППМ-ға (көшпелі изолятор) тиеп жатты. Қайткен жағдай болса да ойым – соңғы күшті жинап алып, шеңберді бұза ППМ-ға жету. Мен солай істедім де.

Жанұшыра қашып келемін. Артымда солдаттар. Бір ғасыр жүгірген сияқтымын. Әзер дегенде жете бергенімде, изолятордың тор есігі жабыла қалды. Екі қолыммен тор есікке жабысып қалдым. Солдаттар қанша тартқанымен ажырата алмады. Қолдарымды дубинкалармен ұрғылап жатыр. Сол жерде дубинканың қатты тигенінен, бір саусағым буынынан шығып кетіпті. Қазір де сол қалпы. Есімнен тандым. Кім, қалай кіргізгені есімде жоқ.  Изоляторға аямай, қыз-жігіттерді тиеген екен. Екі қолымды шынтағыммен қанат жасап, өкпемнің демалуына жағдай жасап келе жатқанымда есім қайта кірді.

Онсыз да әрең сыйып отырған біздердің үстімізге көшеден ұстаған адамдарды тиеп жатты. Біздерді осылай С.Сейфуллин мен М.Мәметова көшелерінің қиылысындағы РОВД-ның стационар изоляторына қолдарымызды қайырып, бір-бірлеп кіргізді. Алғашқы тәртіп бұзғандарды РОВД қызметкерлері бәрі тысқа шығып, екі жақтан коридор жасап қарсы алды. Олардың  көздерінен бізге деген жеккөрініш пен таңғалыстың аралас күйін сезген едік. Бұл уақыт кешкі 7-8-дер аралығы еді.

Қамалған күндерім мен тергеу, қудалау жағдайы бөлек әңгіме. Қазір бір инфарктім бар дәрігерлерге сенсек. «Көпшілік орындарда тәртіп бұзу» бабы бойынша сот болып, айып тағылған. Сот шешімі Алматы қаласы Алмалы ауданының сотында тіркеулі, – дейді  ерлігі ескерусіз қалған елорда тұрғыны Жанатбек Жақып.

Тегтер: желтоқсан оқиға пікір пайым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ 01.12.2021, 09:10
Қазақ философиясындағы дара тұлға
Индира БІРЖАНСАЛ 30.11.2021, 18:08
Жастармен бірге тыныстайтын басылым

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00