Ет бауыр

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

24.09.2020, 10:20

2148

28  қыркүйекисі  қазақтың  үш  алып  жазушысы  Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза  және  Оралхан  Бөкейдің   туған  күні. Қазақ  әдебиетін  жаңа  бір белеске,  әлемдік  деңгейге  көтерген  бұл  үш  жазушының да  қазақ  үшін  орны  бөлек. Төменде осы үш  заңғар  жазушының  туған  күні  қарсаңында олардың өміріне арналған  естеліктерді  беріп  отырмыз.

      Адамға адам ет бауырындай боп бауыр басып өмір сүруі мүмкін дегенге  кексе тартқан түйсік пен суық тартқан бауыр сендіре қоймас.  Бірақ оның тірі кезіндегі менің оған деген ессіз ықыласым сондай риясыз, алғаулы сезімге толы еді. Соның сартабы мен татынан, сол бір беймезгіл зауал таңда Несіпбек жарықшақ даусымен: «Ағаңнан айырылып қалыппыз», – деген шақтағы өтім жарылып кеткендей боп тұла бойымды жайлаған ащы уыттан жиырма жыл өткен соң да, арыла алмай, қаламды енді ғана қолыма алып отырмын. Мұндай суыт та суық естіртуді естігенде тыныс ала алмай, булығып қалдым. Бір кезде құрғақ ауа өксікпен қоса, парлаған жас  араласа сыртқа төгілді. Іле Қалихан (Ысқақов) ағаның: «Естідің ғой, тез одаққа кел. Мәйітті жөнелтудің қамына кірісуіміз керек», – деген абдыраған даусын естігенде барып есімді жидым. Сонда ғана барып оның бұл сапарға тосын әрі сүлесоқтау күйде  ықылассыз аттанғаны көз алдыма келді.

    Соңғы уақытта оның мінезінен оған  жат шарасыз салғырттық  аңғарылып қалатын. Өзін бұрынғыдан да оңаша, тұйық ұстады. Ұшыраса қалғанда кеудесін сәл шалқақ ұстап, көзін аспанға қадап, бейне бір суретке түсетін адамдай сұлық тұрып қалатын. Ешқандай жауапсыз үнсіздікпен сөзіңді тыңдап, бір сөзбен жауап беріп,  басын бір шайқап қойып жүріп кететін. Кейде одақта, театрда не қонақта болсын терезеден сыртқа ұзақ қарап, кілт бұрылып жүріп кететінін жиі байқап жүрдім. Біріне-бірі ұласқан, айналасы екі-үш жылдың ішінде әкеден, шешеден, апайдан, қарындастан, жарынан айырылып, жалғыз басы сопиып қалған, кеудесіне толған шерді төгіп алатындай өзін-өзі ауырлап, адымын ауырлап басқан зауалды шақта да  мұндай мінезі байқалмаған. Ол мұндай зауалды өзінің жалғыздығын көңіл аңсарына айналдырып алғанынан көріп: «Сен балаңнан да айырылып көрдің. Менде ол да жоқ. Мұңға әуейі болмау керек екен. Ол бұлт сияқты, мұңға мұң шақырады екен. Мен, міне, енді шын шерменде болдым», – деп, жұмыстағы жазу столының үстіндегі әйнегінің  астындағы Айманның суретіне мұңая қараған. Әйнектің қалтарыстау бір бұрышынан мінезі де, түрі де өзінен аумайтын, еркешора  қарындасы, марқұм Мәншүктің ауылда түсірілген шағын суретін байқап қалдым. Кеудені сазытқан ондай аянды сары мұңды дүниеге келген шикіөкпелер – Айхан мен Айжан сейілтетін шығар деп ойлағамын: «Зарығып көргендіктен шығар, күндіз-түні көз алдымнан кетпейді. Құмарым қанбай жылап тұрып иіскей беремін. Көз алдымда тұрмаса көз жазып қалатындай үрейленемін. Бұл сезімнен арылу керек шығар. Әзірше ұзақ күттім ғой, құмарымды баса тұрайын деп жүрмін», – дейтін ақталғандай боп. Оның санасына ұялаған мұндай табиғи қарама-қайшы ойлардың еш ерсілігі жоқ сияқты еді. Мен оны басқаға, яғни өзгерген ошақтың райына жорығамын. Соңғы жылдары тек жұмыста ғана тіл қатысып жүрдік. Бұрынғы елжіреп, өзімсініп тұратын жан жылуы салқын тартқандай еді.  

   … Жол жүретін күні кеңсесіне бардым. Кірімді-шығымды кісі боп,  тереңдеп кете алмадық. Екінтіге орай Делиге ұшуы керек. Барға барып кофе іштік. Түстікке үйіне бармай, қол жүгін жүргізушісі  Махмұдқа алдырды  да, иығына асып, жалғыз өзі әдеттегідей басын көтере ұстап көлікке беттеді. Ешкім шығарып салмады, оған өзінің де ықыласы болмаған сияқты. Аэровокзалдан Талғат (Кеңесбаев) күтіп алмақ көрінеді. Жазушылар одағы есігінің алдында тұрып көзіммен шығарып салдым. Әдетте бір-екі ауыз емеуріні болушы еді. Ол да жоқ.  Ұзын шашы иығын жапқан жотасын беріп, теріс қарап жүріп кетті. Қайтып оның беті бері қарағанын көру маған бұйырмапты.

     ...Қарашаның бір кешінде театрға бардым. Спектакльден соң Ор-ағаңды көріп қап, сәлем беріп ем, жанына сымбатты, аялы жанарлы, шашын түйген ажары ашық келіншек келіп, қолтығынан ала берді: «Мына сұлу келіншек – менің әйелім. Аты – Айман. Көзін қарашы, көрдің бе, қандай аялы, жуылған мойыл сияқты. Мұндай аялы көз Алматының келіншектерінде жоқ. Ал мынау – менің бауырым», – деді сондай бір масаттанып. Бірінші Алматыда, Сейфуллин көшесінің бойында пәтерде тұратын кезі. Аялдамаға шығарып салдым. Сөйтіп, аяулы Айман жеңешеммен де таныстым. Мұның өзі арамыздағы жылылықты бұрынғыдан да мейірлендіріп жібергендей болды.

        Желтоқсанның екінші жартысында университетте М.Әуезов үйірмесінің дәстүрлі әдеби кеші өтті. Бес жүз адамдық мәжіліс залында ине шаншыр орын жоқ. Мұқағали мен Тұманбайдан соң, жастарға кезек берілді. Кеңшілік өзінің әйгілі «Көк өгізін» оқыды. Бір уақытта Бекділда   шығып: «Арамызда шашы ұзын шала Шекспир, толмаған Толстой пайда болыпты. «Алтай қазақтарының тілі» деп, Сәбит Мұқанов айтқандай, қытай қазақтарының тілімен қайдағы бір қияли кейіпкерлерді суреттейді. Бурамен пойызды соғып, рельстен шығарғысы келеді. Көнені аңсап, қамшыгерді жазады. Мына дүниеауи құбылыстан хабарсыз, көл жағасында жалғыз мекендеген, өзінің абыройын төгіп алғанын сезінбейтін қызды суреттейді. Дафнис пен Хлояны, «Қорғансыздың күнін» жаңғыртқысы келеді», – деп өрекпи сөйледі. Ол кезде Бекділданың да бас асауы басылмаған шағы еді.

      Зал дуылдап кетті. Шешен мінбеден түсер-түспестен Ор-ағаң орнынан көтерілді. Сұлтанғали Садырбаев ағамыздың: «Оралхан! Ораш! Сабыр! Сабыр!» – дегеніне қарамастан, сұқ саусағын шошайтқан күйі мінбеге шықты да: «Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов: «Ит қапты деп, мен де қапсам, аузымда не қасиет қалады?» деген екен. Мен де аузымды былғағым келмейді», – деп мінбеден түсті де, басын шалқайта ұстап, қайқая адымдап сыртқа шығып кетті. Зал үнсіз тынып, Ор-ағаңның соңынан көзімен ұзатып салды. Ол сол мінезімен шешеннің де, кешті жүргізушінің де, тыңдаушылардың да мысын басты.  Бұл  әдеби ортадағы айтысты тұңғыш көруім еді, дымым шықпай қалды. Сөйтсем, ол өзі кәдімгі пікір алысудың қалыптасқан желісі сияқты үйреншікті жай екен.

     Қыс айларында «Ұйқым келмейді» атты ұзақ әңгімесі жарияланды. Кәнігі оқырмандар «Оралхан өзінің басындағы уайымын жазған» десті. Қандай уайым? Үй алды. Құттықтап барып ем: «Балам болғанда ғой, мен де үш бөлмелі пәтер алар едім», – дегені. Жүрегім шым ете қалды. Айман жеңешемнің аялы жанары мұңға толып тұратыны елестеді. Терезеге көзі жасаурай қарайды. Менің көзімнен де бір тамшы жас мөлт ете қалды. Орнымнан күбірлей қоштасып, сыртқа шыға бердім… Өмір кіл мұңнан тұрмайды ғой. Көңілді, күншуақ сәттер де көп болды. Алайда сондай шақтарда Ор-ағаңның даусын шығарып қарқылдап күлгенін естімеппін. Ақырын ғана мырс етіп, ішінен күледі екен.

     Жыл сайын «Жұлдыздың» жұлдыздары жаңа жылды «Алматы» қонақүйінің мейрамханасында қарсы алады. Бұл өзі бір жыл сайын аңсап күтетін күн еді. Үй ішілеріміз де араласып, бір-бірін танып, жақын араласуға негіз қалады. Сол күні Бекежан Тілегеновтен басқа, ән айтып, өнер көрсетпейтін адам болмайтын. Тек  Ғафакеңнің өзі ғана айтатын Қасымның «Дариға, сол қыз» әні қандай еді! Ор-ағаң «Алтайдың әні былай...» – деп, «Ахой, аха-хоуға» салатын.

       Ор-ағаңның «Біздің жақта қыс ұзақ» атты хикаялар жинағы шықты. Жыл қорытындысында жеңіл-желпі ғана аталды. Мемлекеттік сыйлыққа кезекті шығармалар ұсынылды. Ең соңында Ор-ағаң екпіндей мінбеге көтеріліп: «Жолдастар! Биыл Оралхан Бөкейдің «Біздің жақта қыс ұзақ» атты хикаяттар жинағы жарық көрді. Ұсынған шығармалардан бір артық-кемі жоқ. Қайта құрудың нақты тынысы бар. Мен сол дүниені ұсынамын. Ұсынысты хаттамаға қосып, дауысқа салуларыңызды өтінемін», – деді де, түсіп кетті. Сол жинақ хаттамаға кіргізілді, одақтағы талқылаудан өтті, Мемлекеттік сыйлық та алды. Міне, бұған ол кісінің актерлік қабілеті әсер еткені анық. Шығармалары Мәскеуде аударылып шыға бастады.  Осыдан кейін Ор-ағаңның өміріндегі жаппай сәтсіздік кезеңі басталды. 

      Мен Жазушылар одағынан Ғылым академиясына ауысқандықтан, кездесу де сиреген кез. Қырымға кеткенін білемін. Әлдебір жұмыспен Бірінші мамыр мерекесі қарсаңында одаққа кіріп бара жатқанымда қарсы алдымнан Айман жеңешем шыға келді. Қуана амандасып ем: «Мына кісі – менің папам. Соны дәрігерге қаратып жүрмін. Кіре кетейінші деп келіп ем...» – деді де, кенет үлкен жанары жасқа емес, сондай бір өкінішті мұңға толып кетті. Үлкен кісінің жағдайы үмітсіз болды ма екен деген оймен: «Жазылып кетеді. Алаңдамаңыз. Аға келген соң, бәрі де реттеледі», – дедім албырап. «Ағаңды енді көрмеймін… Қош», – деді де, әкесін қолтықтап сыртқа беттеді. Төбе құйқам шымырлап кетті. Әлібектен, Дидахметтен мардымды жауап ала алмадым. Тек Қуанышбай аға ғана: «Қиын боп тұрғаны рас. Оралхан ағаңның өзі демалысын бітірмей, мерекеден соң келеді. Соған дейін шыда...» – деді телефоннан. Шынымен ақсақал үмітсіз бе, әлде… Бір тікеннің жүрекке қадалғаны рас еді. Тағы да таңертең, тағы да сол дауыс: «Одаққа тез жет. Айман жеңешең оқыс қазаға ұшырапты», – деді. Қуанышбай ағаның: «Екі-үш күн болды, Айманның қасындамыз», – деген даусы қатты алаңдатып еді. Мерекеден соң, Айман жеңешем қызметке, ол кісі үйіне кеткен. Содан кейін Айман жеңешем пайғамбардың ақ жолынан адасып, ажал баспалдағын аттапты...

      Қалихан ағаның бөлмесіне кірсем, Қал-ағаң, Әлібек, Дидахмет, Несіпбек төртеуі үрпиісіп отыр: «Үйдің есігі берік. Сені күтіп отырмыз, інісі деп. Есігін ашайық», – деді Қал-ағаң. Несіпбек одақта қалды. Төртеумізді көршісі Сайымжан Еркебаев қарсы алды. Кілтті менің қолыма берді. Бөлме сол қалпы. Жүгіріп Ор-ағаңның жазу бөлмесіне бардым. Ашық ақ қағаздың бетіне: «Ораш! Қош бол, Ораш! Бақыт тілеймін. Мен саған толық бақыт сыйлай алмадым. Ораш! Не істедің? Рас па? Қош, Ораш. Енді мен саған жоқпын. Қош. Айман», – деген мазмұндағы жазуды оқыдым. Қал-ағаңды, Әлібекті, Дидахметті сол бөлмеге шақырып, оқып бердім де, хатты Қалихан ағаға ұсындым (ол хат кейін прокурордың тергеу ісіне тіркеліпті).

    Төртеуміз сол бетінде Ленинград көшесінің бойындағы №4 емхананың мәйітханасына бардық. Қайран аймаңдайлы Айман жеңеше! Кезекші хирургке жолығып едік: «Емханаға келгенде есі кірді. «Бәріне де өзім жазықтымын. Ешкімді кінәламаңдар», – депті. Аман алып қалудың мүмкіндігі болмапты. Ертеңінде еңіреп Оралхан ағаның өзі жетті. Мұны көріп, даусын естіген адам оны жеткізуге «ботадай боздады» деген сөздің аздық етерін мойындар еді. Содан бастап Ор-ағаң  қабақ көтеріп қана амандасып, жақын сырласуға бармай, мені шеттете бергендей болды. Бастапқыда түсінбедім. Соңынан естідім. Үйленіпті. Айхан келді дүниеге, Айжан келді дүниеге… Кеңсесіне барғанымда әйнектің астынан Айман жеңешемнің суретін көретінмін. Шығармашылық туралы айтсақ та, ашылып кетпей, тұйықталып жүрді. 

     Делиге ұшарда… көңілсіздеу күйде аттанып еді. Оралхан да өтті өмірден. Сол кезде  ет бауырындай жабысып үйренген  жалғыз мен ғана емес,  бүкіл қазақ даласы өксіп тұрғандай сезілді. Екінші өмірі ешкімге салмақ түсірместен тілеулестерінің арқасында мәңгілік жолға түсті. Шындығын айтсам, Оралханның балалары Айхан мен Айжан бізді жатырқап өседі-ау деген ой ешкімнің қаперіне кірмеп еді. Сағыныш пен мұңға аңсары басылмаған ғұмырдың іңкәрінің нысанасындай болып олар да ержетті. Ұзақ ғұмыр, толық бақыт берсін. Ғалия қарындасыммен жақын араласа бастағаннан кейін сол өксігім жеңілдегендей болды. Жиырма жыл бойы сан оқталып, жаза алмаған естелікті жаздырған да сол басылмаған өксік.

                                                                (Естелік  қысқартылып алынды)

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 11:15
Оның жыры шырқалды – ГИМН болып!
Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 10:17
Дос туралы сыр
Айжан БҮРКІТБАЕВА 29.10.2020, 09:17
«Алтын қалам» жылдың ең үздік қаламгерін анықтады
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 17:54
Карикатушыларға арналған республикалық байқау жарияланды
Жабал ШОЙЫНБЕТ 27.10.2020, 11:01
Қазақты, Абайды қорлау – ұлттық құндылыққа шабуыл...
Тілекқабыл РАМАЗАНОВ 27.10.2020, 10:29
Азамат. Ғалым. Дос

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    29.10.2020, 11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04